Еуропа мен Азия арасын қосатын негізгі әуе дәліздері еліміздің ау­мағы арқылы өтеді. Бұл – Қазақстанның бәсекеге қабілетін артты­ра алар басымдығы.
Әуе жолындағы жаңа көкжиек
119
оқылды

Алайда Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын­да айтқандай, «осы артықшылығымыз әзірге қағаз бетіндегі әсерлі есеп күйінде ғана қалып отыр». Сондықтан «қыруар табыс уысы­мыз­дан шығып» кете бермеуі үшін Президент авиация саласын жаңа­ша дамытуды жүктеді. Бұл бағытта не іс тындырылды және алда не істелмек? 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жаңадан құрылып жатқан ұлт­тық авиакомпания – Air Cargo әуе тасымалдаушысына зор үміт артатынын мә­лімдеді. 

– Бұл компанияның қаржылық әлеуе­ті зор. Шетелдің үздік маман­да­ры­на жалақы төлеуге де мүмкіндігі мол. Дер­бес шешім қабылдай алады. Де­ген­мен әзірге қабылданған шешім де, нақ­­ты нәтиже де жоқ. Сіздерге зор се­нім ар­тылып отыр. Енді нәтиже күтеміз, – деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Әуежай әлеуеті жаңа белесте

Мемлекет басшысы жаңа кезең­де ел өңірлерінің басты «әуе қақ­паларын» дамыту міндетін де қой­ды. Қазір Қазақстанда бірнеше әуе­жай­дың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте, қатар салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалықтағы әуежай­ды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылмақ. Президент келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастауды тапсырды.

Белгілі болғандай, Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сай, Көлік ми­нистрлігі ел тарихында тұңғыш рет са­ланың ғасыр ортасына дейінгі стра­тегиясын дайындауға кірісіпті. Оның аясында Қазақстан 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған азаматтық авиацияны өркендетудің басымдықтарын айқын­дай­ды. Бұл туралы министрліктің Аза­маттық авиация комитетінің төрағасы Сал­танат Томпиева мәлімдеген еді.  

– Саланың алдағы кезеңге арналған мін­деттерін іске асырумен қатар, Ха­лық­аралық азаматтық авиация ұйы­мы­мен (ИКАО) бірлесіп, 2050 жылға дейін­гі мастер-жоспар жасалып жатыр. Құжат саланы ұзақмерзімді дамыту моделін ай­­қындауға бағытталған. Басым ба­ғыт­тардың қатарында жүк авиациясын дамыту да бар. Мемлекет отандық жүк тасымалдаушыларды жаңаша қолдау ша­раларын пысықтады. Оның қата­рын­да жүк ұшақтарының жекелеген са­нат­тарын жеңілдікпен әкелу және ха­лықаралық нарықтарға шығу мүм­кін­діктерін кеңейту де бар, – деді комитет бас­шысы.

Жалпы, 2026 жылдың 9 айында қа­зақстандық авиакомпаниялар 12,4 млн жолаушыны тасымалдады. Мысалы, со­­ның 1 миллиондайы – қытайлар екен. Мұның сыртында қазақстандық әуе­жайларда 136,5 мың тонна жүк өң­делді. Министрліктің дерегінше, Президент айтқан жаңа Alatau Air Cargo ұлттық жүк тасымалдаушы жақын уақытта ұшу­ды бастауға дайындалып жатыр.

Авиация нарығына қатысушылар да төл даму жоспарын әзірледі. Мәселен, Ас­тананың қолданыстағы әуежайы екін­ші ұшу-қону жолағын салады, жүк инф­рақұрылымын кеңейтеді және инф­рақұрылымын толық цифр­лан­дыру­ға тиіс. Қарағанды әуежайы QarGo Hub тұжырымдамасын дамытып жатыр. Ол биылғы жылы жүк ағыны 61 мың тон­­наға дейін өседі деп болжап отыр. Ақ­тауда 400-500 млн доллар көлемінде әлеуетті инвестиция тартуды көздейтін авиациялық-логистикалық хаб жобасы қолға алынған. 

SCAT авиакомпаниясы өз менші­гін­дегі Шымкент әуежайын авиациялық хаб ретінде дамытуға арналған бағ­дар­ла­масын жасады. Ол әуе кемелеріне тех­­никалық қызмет көрсету саласын да­мыту мен әуежай инфрақұрылымын кеңейтуді қоса алғанда, 12 инвес­тиция­лық жобаны қамтиды. 

Көлік вице-министрі Талғат Лас­таев­тың түсіндіруінше, Президент Жол­­­­дауына сай, Қазақстанда 2029 жыл­ға дейін әуежай инфрақұрылымын жаң­ғырту жөніндегі ауқымды жобалар іс­ке асырылады. Бұл да «Халықтық құ­ры­лыс» кең ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып, ел игілігіне айналмақ. 

Министр орынбасарының мә­лі­меті бойынша, әуежай инф­рақұрылымын дамытудың үш жылдық жос­пары аясында еліміздің 7 әуе­жайын­дағы ұшу-қону жолақтарын жаң­ғырту көзделген. Атап айтқанда, Ас­тана, Шымкент және Ақтөбе қала­ла­рында 3 жаңа ұшу-қону жолағын салу, сондай-ақ Алматы, Жезқазған, Тараз және Орал қалаларындағы қол­даныстағы 4 ұшу-қону жолағын ре­конструкциялау жоспарланыпты.

Сонымен қатар аталған жоспар шең­берінде Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Жезқазған, Семей, Павлодар және Үржар әуежайларында жолаушылар тер­миналдарын салу және реконструк­циялау жоспарда бар. Бұл ретте Көлік министрлігі жаңа нысандардың жоба­лау-сметалық құжаттамасын уақытылы әзірлеуге, қаржыландыру көздерін ай­қындауға және жобаларды іске асы­ру­дың белгіленген мерзімдерін сақтау мә­селелеріне ерекше назар аудармақ.

НЕГІЗГІ БАҒЫТТАР КЕҢЕЙДІ

Жалпы, қазақстандық және шетел­дік авиакомпаниялар биыл 24 жаңа әуе бағытын ашты. Арасында Түркия, Сауд Арабиясы, Иордания, Израиль, Жапо­ния, Кипр, Қытай, Моңғолия, Еуропа мен Орталық Азия елдерінің түрлі қа­ла­сы бар. Соның нәтижесінде, бүгінде ха­лықаралық авиамаршрут желісі 31 ел мен 137 бағытты қамтиды. Яғни, Қазақ­стан­нан жаһандағы осынша мемлекетке ті­келей сапарлауға жол ашық. Бұл іс осы­мен тынбайды, белсенді алға ұла­су­ға тиіс.

Көлік министрлігінің мәлім­деуін­­­ше, Қазақстан халықара­лық әуе қатынасын кезең-кезеңімен да­мытуды жалғастырады. Азия, Таяу Шы­ғыс және Еуропа елдерін қамтиын бірқатар жаңа бағыттарды ашу және қайта жандандыру жоспарланып отыр. Ұшу кеңістігін кеңейту ел қазынасына сал­мағын салмауға тиіс: ол отандық әуе­компаниялар мен шетелдік тасы­мал­­даушылар есебінен қамтамасыз еті­летін болады.

Айталық, 2026 жылғы 11 желтоқ­сан­нан Air Astana Астана – Бангкок (Таи­ланд) бағыты бойынша тікелей рейс ашпақ. Сапарлар аптасына екі рет Airbus A321LR әуе кемелерімен орын­да­лады. Жаңа әуе бағыты іске қосыл­ған­да Қазақстан мен Таиланд арасында­ғы рейстердің жалпы саны 4 бағыт бойын­ша аптасына 20 рейске дейін ұл­ғая­ды.

Ал 25 желтоқсаннан бастап Air Astana Алматы – Лангкави (Малайзия) бағыты бойынша тікелей маусымдық рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына үш рет жүзеге асырылады. Со­­­­нымен қатар Air Astana Оманға 2 жаңа бағытта тұрақты рейс бастайды: 23 қазанда Алматы – Салала бағытында аптасына 1 рет, ал 24 қазанда Астана – Салала бағыты бойынша аптасына 1 рет ұшады.

Бұдан бөлек, өткен аптада Қазақ­стан мен Қытай әуе қатынасын одан әрі кеңейту туралы уағдаласты. 5 қара­ша­дағы жаңа келісімге сәйкес, қос көрші ара­сындағы аптасына рұқсат етілген әуе рейстерінің санын 150-ден 180-ге дейін арттыру, сондай-ақ авиамаршрут желі­сіне Қытайдың тағы екі қаласы – Чэнду мен Қашғарды қосу туралы мәмілеге қол жеткізілді.

– Елдеріміз арасындағы рейстер са­ны 2025 жылдан бері 52%-ға артты. 2026 жылдың басынан бұл елдің 1 мил­лионнан астам жолаушысы тасы­мал­данды. Маршрут желісін одан әрі кеңей­тіп, екі ел арасындағы бағыттар­дың жал­пы санын 30-ға дейін жеткізу – ми­нистрліктің жоспарында, – деді Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Жаңа маршруттар сауда-эко­но­ми­ка­лық, туристік және мәдени байла­ныс­тарды нығайтуға, сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстанның жаһандық көлік жүйесіне ықпалдасуына әсерін тигізуге тиіс. Маршруттық желіні кеңейту көлік бай­ланысын арттыруға және Қазақ­стан­ның өңірлік авиациялық хаб ретін­дегі позициясын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі сана­лады.

Айхан ШӘРІП