Әсем әуен әуелеп, күй шалқыған, жастардың жарқын бастамалары көпшілікке таныстырылып, құрбы-құрдастарының алдынан көрінген дарындылар дара шыққан мерекелік шарада облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы–2024» жастар сыйлығының иегерлері марапатталып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпаздарына гранттар тапсырылды. Ізденістерімен танылған 10 жастың жаңа бизнес-идеялары грант түрінде қолдау тапты. «Жастар» саябағында өткен мерекелік іс-шара өңірдің түкпір-түкпірінен өздерін түрлі салада танытып жүрген дарынды және креативті жастардың басын қосты.
Кездесуде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жеңімпаздарды облыс әкімінің атынан құттықтап, өңірдегі жастарды қолдау шараларына тоқталды. Осы қолдаулар ішінде жаңа бизнес-идеялар мен бастамаларды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын ерекше атап өтуге болады. Оны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен жыл сайын әр жобаға 3 млн теңгеден, жалпы сомасы 30 млн теңге бөлінеді. Биыл да жастардың арасынан өздерінің бизнес-бастамаларын мойындата алған 10 адам грантқа ие болды. Солардың бірі Қуаныш Жақпаев:
– Биыл екінші жыл қатысып отырмын, осы жолы прототиптер жасап, «Бизнес» номинациясы бойынша грант ұтып алдық. Мемлекеттен алған 3 миллион теңгеге әріптестеріммен бірге жобамызды жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып аламыз. Бұл – аса маңызды қадам. Содан кейін біз электр мотоцикльдері мен электр велосипедтерін шығаратын жобамызды одан әрі дамытамыз, – дейді.
Жоба авторы Қ.Жақпаев – І.Жансүгіров атындағы ЖМУ Физика-математика кафедрасының жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің физика пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ Қуаныштың замандастары Айнұр Какеева Балаларды түзету және дамыту орталығы, Мейрамбек Омархан SIK ROUTE шунгит өнімдері, Зарина Саудабаева «Балақай» балабақшасы, Айым Сайлаубекова «Инклюзивті білім беру орталығы» жобалары бойынша гранттарды иеленді. Ал мәдениет бағытындағы биылғы грант Назым Уакышоваға берілді. Ол – Learn house атты балаларды дамытуға арналған жобасын ұсынған екен. Ғылым бағытында «Гидропонды әдіс көмегімен топырақсыз дәнді – дақылдарды 7 күннің ішінде өсіру» жобасын ұсынған Мағжан Ысқақов жеңіске жетті. Ақпараттық технологиялар бойынша Future-IT робототехника шеберханасы жобасымен Дамир Нұркежанов грант ұтты. Сондай-ақ медиа бағытында Батырбек Қайыпбай Жетісу облысының аудан орталықтарына 7Facts әлеуметтік (телевизиялық) саяхат жобасын қолға алса, Мерлен Мұхамедияров «Қабырға принтері – қабырғаларды бояуға арналған жабдық» жобасын жүзеге асыратын болды.
Облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегерлері биыл 15 аталым бойынша марапатталды. Олардың ішінде үздік кәсіпкер, оқушы, студент, спортшы, журналист, қоғам қайраткері, мемлекеттік қызметші, мәдениет, білім және ғылым, медицина, ауыл шаруашылығы салаларындағы жас көшбасшылар бар.
Солардың қатарында Жазира Ілиястың Талдықорған қаласындағы Yerkin өнер академиясы облыстың ең үздік жастар ұйымы болып танылса, Ақсу ауданында тұратын үлгілі отбасы, төрт бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар Диас пен Назым Билаловтар үздік отбасы атанды. «Жетісудың Көшбасшысы–2024» аталымы бойынша облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы, ерікті әрі мемлекеттік тілді қорғаушы Ғазиз Аманжолов, ал «Үздік жас патриот» аталымында Ақсу ауданы Қаракөз ауылындағы Б.Садырбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұржан Жұмағали жеңімпаз атанды. Үлкен батылдық танытқан Нұржан суға батып бара жатқан екі баланы құтқарып қалған.
Жеңімпаздардың бәрі статуэткалар, дипломдар мен ақшалай сертификаттармен марапатталды. Көшбасшылар атынан сөз алған Қаратал орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, «Медицина саласындағы үздік жас көшбасшы» номинациясының иегері Арман Әбділдинов өздеріне көрсетілген қолдау үшін алғыс айта келе:
– Қазір білім алған жастар үлкен қалалардан жұмыс табуға тырысады. Бірақ жас мамандар шалғай ауылдар мен аудандарға өте қажет екенін сезінгені жөн. Мен өзім Семейде білім алып, Оңтүстік Кореяда лапароскопиялық хирургия бойынша 4 айлық курсты бітіріп, сонда қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік алғандықтан, бар жинаған білімім мен тәжірибемді туған өлке тұрғындарының игілігіне жұмсауды жөн көрдім. Қаратал ауданында хирург болып жұмыс істеп жатқаныма 7 жыл болды. Қолымнан келгенді аянбаймын, ем жасаймын, үнемі біліктілігімді арттырып отырамын. Бүгінгі марапат мен үшін тосын сый болды, – деді ол.
Биылғы конкурсқа облыс жастарынан 172 өтініш келіп түсіпті. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен олардың 15-і өз саласында үздік деп танылды.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы