Елордада өтетін ауқымды спорттық жарыс V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына үш аптаға жетер-жетпес уақыт қалды. Осы уақыт ішінде дүбірлі додаға дайындық қыза түскен.
Аяз Жылқыбаев,  Көкпар федерациясының атқарушы директоры: Ұлттық құраманың рухы мықты
821
оқылды

Өйткені Орталық Азиядағы көшпенді халықтың дәстүрлеріне негізделген этникалық спорт түрлерін айшықтайтын бірегей халықаралық спорттық шарада бас бәйгені жұлып алуға әркімнің-ақ таласы бар. Халықаралық сипатта өтетін бұл ойын этноспорт пен этномәдениеттің дамуына ықпал етіп, ұлттық ойындардың таныла түсуіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Халықаралық спорттық сайысқа қазақстандық спортшылардың дайындығы қалай өтіп жатқаны туралы  Көкпар федерациясының атқарушы директоры Аяз Жылқыбаймен сұхбаттасқан едік. 

– Көшпенділер ойынына аз күн қалды. Дайындық барысы қалай жүріп жатыр? Қазақстаннан қанша спортшы қатысады? 

– Қазір бүкіл түркі елі көз тігіп, күтіп жүрген Көшпенділер ойынына қазақстандық спортшылардың дайындығы өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы екі командалық ойынға қызу дайындық үстінде десем болады. Біріншісі – көкпар, оған 12 ойыншы қатысады. Ал екіншісі көк бөрі деп аталады. Бұл ойынға да 12 ойыншы қатысып, жалпы додада 24 ойыншы өзге елдермен бәсекеге түсеміз. Аталған осы екі ойында да үздік нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Өйткені дәл осы көкпар мен көк бөрі ойындарына деген дайындығымыз ерекше өтуде. Осы тұста барлық мәселе шешімін толық тапты десем де болады: аттарды жабдықтау және ат үстінде жүретін азаматтар да. Әлемдік деңгейде өтетін шараға көкпар бойынша 9 ел, көк бөрі ойынына 6 ел қатысады. 

– Көбіне қай ойындарға басымдық берілген? Ойын бағдарламасына алғаш рет қосылған ойындарға қатысушылар қалай іріктеп алынды?

– Көшпенділер ойыны төрт жылда бір рет өткізіледі. Оған дейін ел ішінде аумақтық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі түрлі жарыс пен фестиваль өтеді. Міне, осындай ірі жарыстан оза шыққан жеңімпаздардың ойындағы қорытынды нәтижелеріне қарап іріктеп алынады. Олар мейлі командалық есеп бойынша, мейлі жеке есеп көрсеткіші бойынша болсын іріктеу кезеңінен өтеді. Елімізде осындай жарыстардан үздік нәтиже көрсеткен спортшыларымызды жинап, қазір бір командаға топтастырып алдық. Міне, жуырда болатын Көшпенділер ойынына осылай жиналған тізімдегі қазақстандық қыз-жігіттеріміз қатысады. 

Елордада өтетін Көшпенділер ойынына 86 мемлекет келеді деп күтіп отырмыз. Ойын бағдарламасы бойынша 20-ға жуық спорт түрінен сайыс өтеді. Осының ішінде көпшіліктің басым назар аударып отырғаны – көкпар. Бәріміз білетіндей, көкпар – атадан ұрпаққа мирас болып қалған көне командалық ойындарымыздың бірі. Алыстан қарағанның өзінде әр адамды рухтандыратын ойындардың бірі. Көкпар Көшпенділер ойынында да, қазақ халқының тұрмыстық өмірінде маңызды қатарда тұр. Сондықтан қазақтардың ғана емес, басқа көшпелі халықтың да назары ауып, басымдық беріп отыр.

– Бұдан бұрын өткен ойындарға қарағанда биылғы жылдың мүмкіндіктері қандай деп ойлайсыз?

– Байқайтыным, елімізде жыл сайын көкпар ойыны қарқынды түрде дамып келе жатыр. Көкпаршылардың арасында ғана емес, халқымыздың басым бөлігінің атқа деген қызығушылығы, ат үстінде шабуға құлшынысы әлдеқайда артқан. Тек бұл ғана емес, басқа да ұлттық ойындарымыздың дамуына мүмкіндігінше көңіл бөлініп жатыр. Оның үстіне, биылғы дайындық былтырғыдан да айрықша екенін атап өткім келеді. Сондықтан жоғары деңгейдегі бәсекеміз көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын.

– Көшпенділер ойынында командалық, жеке есеп бойынша сынға түсетін қатысушылар бар ғой. Жүлде қоры барлық спорт түріне бірдей белгіленген бе? 

– Көшпенділер ойынында жеңімпаз атанғандар үшін арнайы дайындаған ресми жүлде қорымыз бар. Бірінші орынға 10 млн теңге беріледі деп жоспарланған. Бірақ айта кетерлігі, дүбірлі додаға қолдау көрсетіп отырған демеушілер де бар. Әр ойынның қорытынды нәтижесі бойынша демеушілер аямай қолдауын білдіреді деген сенімдемін. Демеуші ретінде олардың жеке сыйақылары да бар. Өздерінің жүлде қоры белгіленген, бірақ нақты қандай көлемде екені, не болатыны белгісіз. Дегенмен алдағы уақытта, Көшпенділер ойыны қарсаңында баспасөз конференциялары, жиындар өтеді. Бұл сондай жиын кезінде ақылдасып белгіленетін шаруа деп ойлаймын. Қазірдің өзінде демеушілеріміз қолдау көрсетіп жатыр. Сондай-ақ жақсы жетістіктерге, жоғары нәтижелерге жеткен әр ойыншыға үлкен жүлде қоры қарастырылуда. Оны уақыты келгенде хабарлаймыз. 

– Ойын аясында этноауыл құрылатын еді. Бұл үшін қай жер көзделген? Ол қандай «ауыл»? 

– Иә, бұл қазақ халқының әдет-ғұрпының, тұрмыс-тіршілігінің иісі аңқып тұратын ауыл. Этноауыл Астана қаласының ипподромында құрылады. Шетелдіктерді қоса есептегенде, шамамен барлығы 2 мыңнан астам қатысушы келеді, одан бөлек өздерімен бірге жанкүйерлері де келуі айқын дүние. Сондықтан олар қазақтың иісі аңқып тұрған ауылда халқымыздың байырғыдан келе жатқан дәстүрлерімен, мәдениетімен толықтай таныса алады. Айта кетейін, бұл жерге еліміздің әр өңірінен киіз үйлер алынып, тігіліп жатыр. Үй маңында түрлі ұлттық әшекей бұйымдар, кәдесыйлар сататын орын да жасалады. Яғни, шетелдік қонақтар материалдық мәдениетіміздің түрлерін естелік ретінде өздерімен бірге алып кете алады. 

– Көкпар мен көк бөрі ойындарына аса басымдық беріліп жатыр дедіңіз ғой. Ал осы ойындарда Қазақстан құрамасы үшін басты қарсылас ретінде қай елдерді айтар едіңіз?

– Жаңа айқанымдай, биылғы ойында көкпар мен көк бөріге қатты назар аударылып отыр ғой. Ал бұл ойын –  қазаққа ғана тән емес, бүкіл көшпелілердің ұлттық ойыны. Солардың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан халқында көкпар ерекше сақталып, тарихи мәнін жоғалтпаған. Сондықтан осы екі ел Қазақстан үшін басты қарсыластың бірі деп айтар едім. Менің сөзіммен көбі келіседі деп те ойлаймын. Көкпар және көк бөрі ойыны бойынша сайысқа қатысатын спортшылар оқу-жаттығу жиындарын Алматы қаласында өткізді. Біздің көкпардан күтетін жеңісімізге сенімділік қандай болса, көк бөріден де сондай болуы керек. Өйткені екі ойынға да дайындық бірдей деңгейде өтіп жатыр. Көкпар халық арасында жиі ойналатын ойынның қатарында, ал көк бөріден көптен бері жарыстар ұйымдастырылып, ойналған жоқ. Не де болса, жеңіс үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті пайдаланамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ