Түзетулер биыл 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
«Жұбайының келісімінсіз несие берілмейді»: жаңа ереже жақында күшіне енеді
1,767
оқылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаларға банктік қарыз немесе микрокредит беру үшін жұбайының келісімін алу ережелерін бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын, жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту туралы» агенттік басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы №55 қаулысын қабылдады.

Құжат 2024 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру үшін қабылданды.

Аталған қаулы негізінде жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) бекітілді.

Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің (ерлі-зайыптылығының) болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер несие мөлшері 1000 AEK-тен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті.

Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз тасымалдағышта немесе электронды нысанда ресімделеді. Егер қарыз алушының жұбайы (зайыбы) кредитордың клиенті болса, келісімді кредитордың мобильдік қосымшасы арқылы, ал басқа жағдайларда клиенттің жұбайы (зайыбы) биометриялық идентификаттаудан өткен болса, «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы ресімдеуге болады.

– Түзету ерлі-зайыптының біреуінің келісілмеген несие алуына жол бермеуге бағытталған. Себебі, мұндай жағдай болашақта отбасының жалпы бюджетіне теріс әсер етуі мүмкін, – дейді агенттік өкілдері. 

Сондай-ақ заңда қарыз алушының жұбайының (зайыбының) келісімінсіз берілген қарызды кредит берушінің есептен шығару міндеті көзделеді.

Түзетулер биыл 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.