Өйткені энергия бізге тек көктен бір тылсым күш бере салатын «зат» емес, оны да табу, сақтау, қорғау керегі анық. Иә, жаһандану кезеңінде әр ел өзінің энергетикалық саладағы бағытын айқындап, саясатын заңмен шегелеп, тұжырымдамасын бекітіп жатыр. Себебі ол болмаса, мемлекеттің күні қараң. Яғни, жоспарсыз саясат жарға жығады. Мәселен, АҚШ-тағы энергетикалық саясатқа қатысты Заң энергетикалық тиімділік, ядролық сұрақтар мен қауіпсіздік, гидроэнергетика мен геотермал энергетика, жаңартылатын энергия көзін табу сияқты түрлі мәселені қаузайды. Әрине, кештеу қимылдағанымызбен, Қазақстан да осы бір үлгіден қалыс қалмады. Былтыр ғана ел Үкіметі 28 наурызда «Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.
Аталмыш тұжырымдама – елдің энергетикалық жүйесін жаңғыртудың кешенді құжаты. «Кешенді» дейтініміз сол, тұжырымдама энергетика саласындағы басты, өзекті, өміршең міндеттерді шешуге бағытталған. Сонымен қатар тұрақты даму мен экологиялық таза энергия көзін енгізуді де көздейді. Бұдан өзге құжаттың негізінде Қазақстанның энергетика саласында алға қойған мақсаты, жоспары нақтыланған. Ендеше мақалада оқырман қауымға ұғынықты болуы үшін мұндағы негізгі тезистер мен энергетикалық дамуға арналған мақсаттарды түсіндіреміз. Былайша айтқанда, мәселені жан-жақты талдап, шолу жасаймыз.
Энергетикалық саланың қазіргі жай-күйі қалай?
Қазақстан – шын мәнінде, энергетикалық ресурстарға бай мемлекет. Елде көмір, мұнай, газдың ірі қоры бар. Бұл – біздегі электр энергиясын өндіруге айтарлықтай ықпал ететін фактор. Қазіргі уақытта Қазақстанның электр энергиясының 70%-ға жуығы көмір стансаларынан өндіріледі. Ал көмірден бөлінетін зиянды қалдық – елдегі ең басты экологиялық мәселе. Сондықтан Қазақстан келешекте энергетикалық саланы дамыту үшін «жасыл энергетикаға» көшу бағытын таңдап отыр. Міне, тұжырымдаманың басты мақсаты да – сол.
Сөз жоқ, ашығын айту қажет, елдегі энергетикалық секторда бірнеше мәселе бар. Соның ішінде ең өзекті мәселелер – ескірген инфрақұрылым жүйесі, көптеген нысанның экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ энергия тиімділігінің төмен деңгейде болуы. Бұны шешуде Қазақстан тұрақты даму стратегиясын өзіне қолайлы көріп отыр. Тұрақты даму жобасы экономиканың түрлі салаларына, соның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы секторына едәуір ықпал етеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде әлі де электр энергиясын өндіруде негізінен көмірді пайдаланады. Ол жалпы өндірістің шамамен 69%-ын құрайды. Демек, аталмыш саланың экологиялық зияны да соншалық болуы ықтимал. Себебі көмір электр стансаларының қалдығы өте жоғары. Ал энергияның қалған бөлігі газ, су мен жаңартылатын энергия көзінен алынады. Мәселен, газ стансалары елдегі электр энергиясының шамамен 20%-ын өндіреді. Гидроэлектр стансалары (ГЭС) жалпы өндірістің 9%-ын қамтамасыз етеді. Жаңартылатын энергия көздері (күн, жел, биоэнергия) болса, 2022 жылы 3%-ға жуық болды, ал 2023 жылға қарай 4,5%-ға дейін өсті.
Енді тұжырымдаманың негізгі мақсатына тоқтала кетейік. Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты – энергетикалық жүйеге деген сенімді арттыру. Ал ол сенім энергетикалық ресурс тұрақты әрі экологиялық таза болғанда ғана артады. Ол үшін аталмыш тұжырымдамада бірнеше бағыт қарастырылған. Олар: энергетикалық қауіпсіздік, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көзін дамыту, экологиялық талаптарға сәйкес болу.
Жаңартылатын энергия көзін дамыту бізге не береді?
Басқасын айтпағанда, тұжырымдаманың маңызды бағытының бірі – жаңартылатын энергия көзін (ЖЭК) тұрақты дамыту. Қазақстанда жаңартылатын энергия көзін дамытуға қажетті табиғи ресурстар жеткілікті. Соның ішінде жел энергиясы үшін қолайлы аймақтар мен күн энергиясын пайдалану мүмкіндігі жоғары. Бұл іс бізге көмірге тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық жүйесін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
2023-2029 жылдары елдегі ЖЭК үлесін 15%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бұл – әзірге жоспарда бар максимал шкала. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін тұжырымдамада бірнеше маңызды жоба көрсетілген. Соның ішінде жел мен күн электр стансаларын салу, шағын гидроэлектр стансаларын дамыту, сонымен қатар энергия сақтау жүйесін енгізу. Осылайша жоспар бойынша, энергия жүйесіне деген сенімділік артып, мемлекетті электрмен қамтудың үздіксіз қызметі қамтамасыз етілмек.
Тұжырымдамаға сай, 2025 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесі кемінде 10%-ға жетеді. 2029 жылға қарай күн және жел энергиясы арқылы қуат өндіру көлемі бірнеше есе артады. Осыдан бірер жыл бұрын, яғни, 2022 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көзінен 4,5 миллиард кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Бұл жалпы өндірістің 4,5%-ын құрады. Ендеше, жыл өткен сайын ЖЭК-тің үлес салмағы арта берсе, энергетикалық саладағы перспектива да еселенеді.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту
Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымы әбден ескіріп, тозығы жеткен. Мұны сөз басында да айттық. Осындай мәселенің әлі күнге дейін өзекті болуы энергия тиімділігі мен елді электрмен қамтудың сенімділігіне кері ықпал етеді. Тұжырымдамада инфрақұрылымды жаңғырту және оны заманауи стандарттарға сай етудің қажет екені нақты айтылған.
Бұл бағытта іске асырылатын шаралар мынау: электр желілерін жаңарту мен цифрландыру, энергетикалық жүйелерге интеллектуал басқаруды енгізу, тасымалдау мен тарату жүйелеріндегі шығынды азайту. Цифрландыру аясында жүзеге асатын интеллектуал есептеу жүйелерін енгізу, желілік инфрақұрылымды қадағалау мен тиімді басқару да маңызды саналады. Өйткені мұндай мүмкіндік жүйедегі ақауды лезде анықтап, оны жоюға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманың мәні сол, инфрақұрылымды цифрландыру тек электр желілерін басқару үшін интеллектуал жүйені енгізіп қоймайды, апаттық жағдайды 20%-ға азайтады. 2023 жылға қарай Қазақстанның электр желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 470 000 шақырымды құрады. Ал 2029 жылға дейін бұл желілердің 30%-ын жаңарту жоспарланып отыр.
Экологиялық тұрақтылық
Энергетика секторының ықпалынан туындап отырған экологиялық жағымсыз құбылыстарды азайту – Қазақстанның энергетикалық саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Бұл мақсатқа жету үшін төмен көміртекті технологияларды пайдалану енгізіледі. Атап айтқанда, енді көмір электр стансаларының эмиссиясы азая бастайды. Мәселені біртіндеп болса да шешу үшін жаңадан тазарту технологиялары мен газға ауысу бағдарламасы қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспарын алға қойып отыр. Бұл бағыттағы шаралар «Париж келісімінің» талабына сай келеді. Демек, бұл – дамыған әрбір мемлекет айқындаған жаһандық климаттық өзгерістерді тежеуге бағытталған шара.
Энергетикаға қаржы құю
Энергетикалық секторды жаңғырту үшін елеулі қаржылық қолдау қажет. Қазақстанда 2023-2029 жылдар аралығында энергетикалық жобаларға шамамен 5,5 триллион теңге (шамамен 12,4 миллиард АҚШ доллары) инвестиция салынады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде жаңартылатын энергия көзін дамытуға шамамен 1,5 триллион теңге бөлінеді, электр желілерін жаңғыртуға 2 триллион теңге бөлінеді. Ал энергия тиімділігін арттыру жобаларына 500 миллиард теңге инвестиция қарастырылған. Бұл инвестициялар мемлекеттік және жеке сектордың серіктестігі негізінде жүзеге асады. Сонымен қатар Халықаралық қаржы институттары мен Даму банктері жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отыр.
Жалпы, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы – елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, ел энергиясын экологиялық талаптарға сай қылуға, жаңартылатын энергия көзін дамытуға бағытталған маңызды құжат. Бұл құжат Қазақстанның энергетикалық жүйесін жаңғыртып, оны тиімді, тұрақты, экологиялық таза етуге арналған стратегиялық қадамдардың негізін қалап отыр. Сонымен, біз баяндаған құжаттың мақсаты да, мәні де – осы.