Несие тарихына сүйеніп, банктер тәуекел деңгейін бағалайды.
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады?
1,149
оқылды

Несие тарихы – бұл қарыз алушының қарыздық міндеттемелері туралы ақпарат. Оның маңыздылығына қарамастан, кейбір азаматтар оған үлкен мән бермейді, тек несие рәсімдегенде банк немесе МҚҰ-нан бас тартқанға дейін қарамайды. Егер несие тарихы бұзылған болса, онда жағдайды түзеуге тырысқан жөн. Мұндай жағдайда ешбір делдалдың қызметіне жүгінбеу керек. Жеке кредиттік есепке қатысты әрқашан есте сақталуы тиіс маңызды нюанстарды осы материалдан оқып біле аласыздар, деп хабарлайды Aikyn.kz Fingramota.kz-ке сілтеме жасап. 

Несие тарихы дегеніміз не? 

Сізге түсінікті болу үшін мысалмен түсіндіріп көрейік: мысалы, сіз – банксіз және сізден несие алғысы келетін адам туралы ештеңе білмейсіз. Ол сізге құжатпен келеді, ал ол кофе төгілген немесе жыртылған болуы мүмкін. Мұндай қарыз алушыға сенесіз бе? Әрине, жоқ. Екінші қарыз алушы мінсіз құжатпен келеді, онда ол бұрын қандай несиелер алғаны көрсетілген, оларды уақытында жапқаны, несие бойынша мерзімінен кешіктірмегені, сот істеріне қатыспағаны және банкроттық процедурасын қолданбағаны туралы ақпарат бар. Бұл құжат – жеке несиелік есеп, яғни несиелік тарих – барлық қарыз алушыларда болатын өзіндік қаржылық құжаттама.  

Несие тарихына сүйеніп, банктер тәуекел деңгейін бағалайды – сіздің қаржылық жауапкершілігіңізді және сенімділігіңізді анықтайды. Мысалы, сіз бұған дейін белгілі бір сомаға банк қарызын рәсімдегенсіз немесе техника алғансыз  және ай сайынғы төлемді уақытында төлеп, несиені мерзімінен бұрын жапқансыз, бұл ақпарат сіздің несиелік тарихыңызға түседі және сіз банктер үшін жауапты қарыз алушы боласыз. Біраз уақыттан кейін басқа банкте тағы бір несие алуға шешім қабылдадыңыз, ол сіздің несие тарихыңызды талдайды және үлкенірек сомаға несие беруді мақұлдайды.  

Айта кетейік, несие ұзартылғанда, пролонгация да кредиттік тарихқа әсер етеді. Биыл қыркүйектен бастап несие тарихына банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу туралы мәліметтер де енгізілді (соңғы төлем, сома және т.б.). 

Кредиттік тарихты қайдан алуға болады? 

Несие тарихын Қазақстанның Мемлекеттік кредиттік бюросынан немесе Бірінші кредиттік бюродан алуға болады, онда қазақстандықтардың жеке кредиттік есептері сақталады, сондай-ақ электронды  үкімет порталынан (eGov.kz) алуға болады. Ол үшін өтініш толтырып, оны ЭЦҚ арқылы қол қою керек. Нәтиже сіздің «Жеке кабинетіңізде» пайда болады. 

Кредиттік есепті «Қазпошта» бөлімшелерінде өтініш жазып, алуға болады  

Айта кетейік, банктер мен МҚҰ клиенттердің несие шартына өтініштері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде несиелік бюроға беруге міндетті. Мәліметтерде қарыз алушының ЖСН, банктік қарыздың немесе микронесиенің сомасы мен мақсаты көрсетіледі. Бұл қаржылық реттеуші қабылдаған жаңашылдықтардың бірі, ол кредиторларға азаматтардың әртүрлі банктер мен МҚҰ-ға бір уақытта өтініш бергені туралы ақпаратты алуға мүмкіндік береді.

Кредиттік тарихты жоюға бола ма? 

Қазақстан Республикасындағы «Кредиттік бюролар және кредиттік тарихтарды қалыптастыру туралы» заңына сәйкес, кредиттік бюро азаматтың кредиттік тарихы туралы ақпаратты оны алған күннен бастап бес жыл бойы сақтауға кепілдік береді және қамтамасыз етеді. Бұл ретте қарыз алушылардың несиелік тарихын жоюға болмайды. Демек, несиелік есептегі кешіктірулер туралы ақпаратты жою мүмкін емес, тек несиелік тарихтағы техникалық қателерді түзетуге болады. 

Бұл қалай жасалады? 

Тіпті,  XXI ғасырда да техникалық қателерден ешкім қорғалмаған,  кез келген жүйеде сәтсіздік  болуы мүмкін. Қалай болғанда да, сирек болса да, кейде кредиттік есепте қате ақпарат пайда болады. Мысалы, төленген төлем бойынша ағымдағы кешіктіру немесе жабық келісімшарт бойынша берешек туралы жазба пайда болуы мүмкін. Немесе егер сіздің келісімшартыңыз «реабилитацияланған» мәртебесіне жататын болса, несиелік тарихта бұл мәртебе берілмеуі мүмкін, т.с.с. 

Егер сізде қате ақпарат шығып тұрса, оны дереу банкке немесе МҚҰ-ға хабарлаңыз және растайтын құжаттарды қоса беріңіз.