Бейсенбі күні (10 қазан) кешке Tesla өзінің Cybercab прототипін көрсетті. Ол өздігінен жүретін автономды көлік, рөлі де, басқыштары да жоқ.
Жүргізушісі болмайтын Tesla Cybercab робот-таксиімен танысыңыз
Болашақтың көлігі – Robovan-ның интерьері. Фото Tesla сайтынан алынды Фото Tesla сайтынан алынды
512
оқылды

Көлік индустриясында көптен күткен оқиға туралы жазған Quartz сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz Илон Маск жасаған роботаксимен таныстырады.

Cybercab робот-көлігінің таныстырылымы «Біз, робот» (We, Robot) тақырыбымен өтті. Фото Tesla сайтынан алынды

Көптеген жылдар бойы Tesla-ның күшті жағы – сөзін іспен растауға дайын компания екенін дәлелдеп келді. Бейсенбі күні (10 қазан) кешке қарай Техас штатындағы Остин қаласында компания Tesla өзінің Cybercab робот-көлігімен таныстырды. Көпшілікті таңғалдырған көлік инвесторлардың үлкен үміттерін ақтай алмағандай болды. Tesla акциялары жұма күні (11 қазан) таңертеңгі саудада шамамен 8%-ға төмендеді.

Остиндегі таныстырылым Маск сәуір айында алғаш рет жариялағандай «Біз, робот» (We, Robot) тақырыбымен өтті. Бұл таныстырылым арқылы Tesla өзін тек электромобиль шығарушы емес, жасанды интеллект компаниясы ретіндегі болашағын көрсеткісі келді.

X әлеуметтік желісінде жарияланған мына сілтемедегі видеодадан таныстырылым атмосферасын сезінуге болады.

Ауқымды шоу түрінде өткен оқиға кейбір инвесторлар үшін күтілген әсер қалдырмаған сияқты. Deutsche Bank сарапшылары жұма күні таңертең: «Қазіргі уақыттағы инвесторлардың көпшілігінен айырмашылығы, бұл үлкен сауық кешіне жалғасқан шоу болды. Біз, әрине, Tesla-ның автономды және гуманоидты робототехника салаларындағы жетістігіне сенсек те, жаңа роботаксидің сипаттары толық ашылмағаны және Cybercab демо-рейсінің қысқа ғана болғаны көңілімізді қалдырды», – деп жазды.

Tesla алғаш рет өзінің Cybercab-ын (киберкабинасын) көрсетті, оның есіктері көбелек қанатына ұқсайды, рөл дөңгелегі немесе басқыштары мүлдем жоқ. Фото Tesla сайтынан алынды

RBC Capital Markets сарапшылары Калифорниядағы Warner Bros. Discovery студиясы қатысқан бұл таныстырылымда нақты техникалық сипаттар мен цифрлардың айтылмауы инвесторлардың «көңіл қалдырғанын» айтқан. Нарықтың бұлай көңілсіз бағалары Tesla-ның акцияларына болашақта қалай әсер ететінін де түсініксіз етті.

Не болса да, бұл іс-шарада Tesla инвесторларға алғаш рет өзінің Cybercab-ын (киберкабинасын) көрсетті, оның есіктері көбелек қанатына ұқсайды, рөл дөңгелегі немесе басқыштары мүлдем жоқ. Модель екі адамға ыңғайлы етіп жасалған, бұл оның бәсекелестерінің қасында кең таралуын шектеуі де мүмкін.

Бұл – болашақтың көлігі Robovan. Tesla 20 адам тасымалдайтын көліктің құны, шығарылатын уақытын айтпады. Фото Tesla сайтынан алынды

Бас директор бұрын робототакси желісіне қатысты көзқарасын «Airbnb және Uber қосындысы» деп атаған еді. Бұндай көліктің иелеріне роботаксиін ертең ерте үйінен шығарып жіберіп, кешке қарай оның тапқан табысын санап алу ғана қалады. Яғни, көлік иесі ұйықтап жатқанда оның көлігі адам тасып ақша табады. 

Масктың айтуынша, Tesla Cybercab тұтынушыларға 30 000 доллардан төмен бағамен сатылымға шығады. Бірақ ол «2027 жылға дейін» жаппай өндіріске енгізілмейді. Сондай-ақ компания 20 адам тасымалдайтын Robovan-ды таныстырды. Бұл көлік туралы Tesla оның құны, көліктің шығарылу күні немесе қосымша техникалық сипаттамалар туралы ешқандай ақпарат бермеген.

Tesla-ның бүгінгі стратегиясы – автономды және роботтандырылған, жасанды интеллект жүйелері енгізілген болашақ бағытында даму. Фото Tesla сайтынан алынды

Компанияның акцияларының төмендеуіне және жалпы сынға қарамастан, Tesla-ның танымал инвесторлары жаңа көлікке риза болған. Tesla-ны жақтаушы сарапшылар бұл оқиғаға көңілі толмағандарға қарсы шығып, оларды Cybercab «қазір тек әңгіме емес, шындық» екенін мойындауға шақырған.

Біздің ойымызша, Tesla-ның бүгінгі стратегиясы – автономды және роботтандырылған, жасанды интеллект жүйелері енгізілген болашақ бағытында даму. Техаста өткен таныстырылым оқиғасы он жыл бойы жасалып келген, ЖИ-ге негізделген стратегияның шымылдығын ашты. Көлік индустриясының болашағын көрсететін оқиғаны біз осылай бағалаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.