19 қазан – Құтқарушылар күні. Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл мереке 1995 жылдан бері аталып келе жатыр. Алдында қауіп төнсе де, өзін ажал құшуын ойламайтын, торықпайтын құтқарушымыз өте көп. Бүгінде ерлігімен көзге түскен азаматтарды елге көрсетпек болдық. Халықтың тыныш өмірін қадағалап, қиындықта қол ұшын созатын – құтқарушылар.
Өрт сөндіруші, құтқарушы мамандар – жебеуші бір періштеге балаңдар...
323
оқылды

19 қазан – Құтқарушылар күні. Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл мереке 1995 жылдан бері аталып келе жатыр. Алдында қауіп төнсе де, өзін ажал құшуын ойламайтын, торықпайтын құтқарушымыз өте көп. Бүгінде ерлігімен көзге түскен азаматтарды елге көрсетпек болдық. Халықтың тыныш өмірін қадағалап, қиындықта қол ұшын созатын – құтқарушылар. 

Соның бірі – өрт сөндіруші Евгений Ефремов. Көкшетау қаласындағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істегеніне 13 жыл болған. Қазір ол – бөлімше командирі. Өзі өрт сөндірушіліктен басқа, жаттықтырушылықпен айналысады. Оның үстіне спорттық туризм бойынша спорт шебері.

– Марапат үшін емес, адамдардың өмірі үшін жұмыс істеймін. Біреуге жәрдемдесу – өзімнің борышым. Кәсібімді жұмыс ретінде қарамаймын. Өзіме ұнағандықтан, осыған бойымыз да үйреніп, бейімделіп те кеттік. Қол қусырып, бос отыра алмаймыз. Сондықтан әрбір әріптесім өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді, – дейді Евгений Ефремов.

Евгенийдің әріптестері оның істегенін айтып, мақтанғанды ұната бермейтінін сөз етті. Олардың айтуынша, ол ондаған жанның өміріне арашалап алған. Тіпті, Евгений Түркияда жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан қазақстандық миссияның құрамында болған. Кейіпкеріміз өмірінде мұндай сәттің көп болғанын еске алғанымен, "Бұл –  біздің жұмысымыз" деп қана қойды. 

Абай облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы Семей қаласы құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Әлішер Сейтқазы азаматтық қорғау органдарында 2023 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істейді. Қазір ол – 3-санаттағы сүңгуір-құтқарушы. «Қазқұтқару-2024» халықаралық байқауына қатысып, күш-жігері мен ептілігі көрсете отырып, сайыста берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған. Жұмыс барысында ол төтенше жағдайларды жоюға, зардап шеккендерді іздеуге белсене қатысып, іздестіру-құтқару, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуде атсалысып, жақсы жағынан көрсеткен. 

 40 жастағы қызылордалық Қанат Тұрғанбай – Қызылорда облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы кинология тобының бас құтқарушы-кинологы. Өзі жоғары білімді заңгер. Семей қаласындағы №5511 әскери бөлімде Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүргенде кинологияға деген қызығушылығы артып, осы салада машықтана бастаған. Туған жеріне оралған соң хоббиі қызметіне айналған.

Оның айтуынша, 16 жылдық тәжірибесінде ол голден-ретривер, неміс овчаркасы және белгиялық овчарка тұқымдас 4 итті авариялық-құтқару ісіне дайындаған. 

 – Құтқарушы иттер сөйлей алмайтыны болмаса, бәрін ұғады, – дейді кинолог Қанат.  

Құтқарушы Қуаныш Қайыржан суға батып бара жатқан қыз бен жігітті құтқарып қалған. Оқиға Қапшағай су қоймасында болған. Екеуі суда шомылып жүргенінде аяқасты қыз суға тұншығып, бата бастайды. 25 жастағы жігіт оны құтқарып жатқанын су қоймасының жағалауын моторлы қайықпен патрульдеп жүрген құтқарушы Қуаныш байқап, бірден суға секіріп, жастарды құтқарған. Осы әрекеті үшін 2022 жылғы 19 қазанда Қуанышты Қазақстан Республикасының Президенті «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Қазір ол – Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы.

–  Суда батып бара жатқан адамды құтқарудың белгілі бір дағдылары мен тәсілдері бар. Оны толыққанды білмей, өзгені құтқарамын деп өзі де суға кетуі ықтимал. Бұл оқиға дәл солай болды. Жігіт пен қыз тыйым салынған жерде шомылған. Өздеріңіз білетіндей, Қапшағай су қоймасының түбі біркелкі емес. Кейбір жерлер тым терең немесе шұңқырлы. Соның салдарынан суға кетіп жатады. Суда жақсы жүзе алатындардың өзі жазатайым жағдайдан сақтандырылмаған», – деді құтқарушы Қуаныш Қайыржанұлы.

Оның айтуынша, екі жыл ішінде ол көптеген құтқару жұмыстарына қатысқан. Тіпті, суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп, өзі де суға кетіп қала жаздаған.

– Шомылу маусымында Қапшағай су қоймасында жеті бірдей жағажайды күзетеміз. Өкінішке қарай, олар көбіне жағадан алыс кетіп жатады. Мысалы, бір күнде біз 3-4 адамды құтқарамыз. Адамдарға қауіп туралы үнемі ескертеміз, тыйым салатын қалқымалардан асып жүзбеуді сұраймыз, бірақ көпшілігі сөзімізге құлақ аспайды, – дейді ол. 

Астана қаласының № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Айдын Бимуханов туралы сөз қозғалмақ. Айдын азаматтық қорғау органдарында 2022 жылдан бастап істейді. Екі жылдық тәжірибесінде бірнеше рет күрделі өрттерді сөндіруге және төтенше жағдайларды жоюға қатысып, жоғары кәсібилік пен жанқиярлық көрсеткен. Атап айтар болсақ, осы жылдың маусым айында Тұран көшесіндегі өртте Айдын 4 жасар бала мен екі адамды құтқарды. 

Андрей Катасонов cүңгуір-құтқарушы болып 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта ол – Ұлытау облысының Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы. 

– Бала күнімнен сүңгуір болуды армандадым. Жезқазғанда Кеңгір су қоймасы бар. Әскерден кейін бірден құтқарушылар жасағының қатарына қосылдым. Құтқарушы болу үшін жүрек, табандылық керек. Осы салада жүргеніме жеті жылдың жүзі болыпты. Бірде-бір рет осы істі қоюым керек деген ой келмепті. Меніңше, бұл – нағыз ер адамның ісі. Адамдарды құтқаруға септігімді тигізіп жатқаныма қуанамын, – деді құтқарушы.

Андрей – Петропавл қаласының су тасқыны салдарын жоюға белсенділік танытқан жанның бірі. 

Естеріңізде болса, биыл Ақтау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде электр қалқанының ток сымдарының қысқаша тұйықталуы орын алып, тұрғын үй толық қара түтінге оранған болатын. Сол кезде 22 жастағы өрт сөндіруші өзінің кәсібилігін көрсеткен.

Ол көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарын эвакуациялау кезінде ішкі түйсігіне сүйеніп, ғимараттың ішіндегі әрбір есіктің артын қарап шықпақ болады. Сөйтіп түтінге тұншыққан, пәтерінде ұйықтап қалған жасөспірімнің есікке жақындағанын байқап қалады. Тез арада өзінің тыныс алу маскасын шешіп, оны жасөспірімге кигізіп, сыртқа алып шығады. Оқиғаға куә болған тұрғындардың алғысына бөленген құтқарушымыздың есімі – Абдухалық Жалғас, аға өрт сөндіруші-құтқарушы. Ол Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 2022 жылдан бері жұмыс істейді.

– Әрбір құтқарылған адам – өртке қарсы қызметтің қызметкерлері үшін үлкен қуаныш пен сәттілік, – дейді ол.

Кәсіби қызығушылық пен адамдарға көмек көрсетуге деген ұмтылысы Андрейді құтқарушылықтан алыстатпады. Қазір ол – «Су астындағы» жұмыстың ерекшелігі туралы Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының 1-санатты құтқарушысы. Төтенше жағдайлар қызметінде жүргеніне 14 жылдан асты. Сол аралықта ол 110-нан астам авариялық-құтқару жұмысына қатысып, 20-ға жуық азаматқа көмектескен.  

Оның айтуынша, құтқарушылық жеңіл-желпі жұмыс емес, өз ауыртпалығы, өзінің артар жүгі бар. Осыған келу үшін алдымен, қатаң іріктеуден өтіп, сыналу керек. 

– Қауіпсіздік мақсатында біз әрқашан командада жұмыс істейміз, кем дегенде үш адам.  Біріншісі су астында, екіншісі құрлықта сақтандырады. Оның міндеті – дереу көмекке келу. Үшіншісі сүңгуірге су астындағы сүңгуірдің тереңдігі мен оттегінің берілуін көрсететін манометрдің көрсеткіштерін бақылайды. Құрлық пен сүңгуірлер «су астындағы телефон» арқылы үнемі байланыста болады.  Бұл – сүңгуір дулығасына қосылған сым. Сүңгуірлер бір-бірімен ым арқылы байланысады. Мысалы, жоғары көтерілген саусақ «көтерілеміз» дегенді білдірсе, жұдырық қауіпті білдіреді. Кейде кабель қолданылады: егер сүңгуірдің кабелі құрлықта үш рет тартылса, онда оның су бетіне шығатын уақыты келді дегенді білдіреді, – дейді Андрей Вебер.

Су астында қауіпсіз жұмыс істеу үшін сүңгуірлерде арнайы жабдық бар. Андрейдің айтуынша, сүңгуір костюміне ерекше күтім қажет. Өзгермейтін ереже бар: сүңгуір сүңгу алдында барлық жабдықты жеке тексеруі керек. Әдетте, ол тексеріс ешкімге сеніп тапсырылмайды.

 – Құтқарушылардың костюмдері әртүрлі. Біз «құрғақ» және «дымқыл» типтегі костюмдерде жұмыс істейміз. «Дымқыл» костюм ылғалданады, ылғал костюмге түседі, бірақ одан шықпайды. Мұндай костюм жылуды жақсы ұстайды. Ол неғұрлым қалың болса, яғни 3, 5, 7 мм – соғұрлым жылы болады. Киімді шешкенде денесі жып-жылы болады. «Құрғақ типтегі» костюм тым серпімді емес, бірақ оған су кірмейді. Суық суда қатып қалмас үшін костюмнің астына сүңгуір ішкиім киеді. Сүңгуір құтқарушылар өз жұмысында дененің күштілігі ғана емес, рухының да мықтылығы сыналады. Бастысы адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс болуы керек. Оған қоса, командада жұмыс істей алуы тиіс. Әйтпесе зардап шегушілерге ғана емес, құтқарушылардың да өмірі қауіп төндіреміз, – деді бірінші дәрежелі құтқарушы.

Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бекжан Уркинбаев азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің еңбек жолын Шымкент қаласындағы №1 мамандандырылған жасақта өрт сөндіруші қызметінен бастаған. Қызмет барысында ол өзін сауатты, бастамашыл, жауапты және тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті. Қиын жағдайларда бірнеше рет ерлік танытқан ол. Оның бірі – 2024 жылдың 2 қазанында Шымкент қаласының «Нұрсат-2» шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің 6-қабатындағы пәтерде болған өрт. Ол әріптестерімен бірге өртті уақытында сөндіріп, оның одан әрі таралуына жол бермеді. Сол күні 31 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды, 6 бала құтқарылды. Бекжан батылдығын көрсетіп, баланы құтқарып, өз кәсіби шеберлігін тағы да дәлелдеді.

Қазірде ол жас қызметкерлерге өрт сөндірудің негізгі дағдыларын үйретіп, өзінің мол тәжірибесімен бөліседі. Қарамағындағы қызметкерлер оның кәсібилігін және адамгершілігін бағалап, әрдайым қолдау көрсетеді.Өзінің ерен еңбегіне Бекжан «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жыл» және «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 15 жыл» медальдарымен марапатталған, сондай-ақ «Гарнизонның үздік командирі» атағына ие болған. Сонымен қатар әскери қызмет кезінде де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 2007-2008 жылдары «Үздік радиотелефонист» атағын алған.