Қыз баланы көшеде бөтен ит қуған, содан қашқан ол абайсызда жол ортасына жүгіріп шыққан. Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген.
Оқушыны қағып өлтірген имамға қатысты тың дерек шықты
1,716
оқылды

Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов Үржарда 11 жастағы баланы қағып өлтірген ауыл мешітінің молдасына қатысты оқиғаны айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ҚМДБ-ға сілтеме жасап.

«Оқыс оқиға 14 қазан күні сағат 11:50-де болған. Абай облысы Үржар ауданы Үржар ауылдық мешітінің имамы Ақжігітов Қайырбек Қалибекұлы ауылдың ішінде жеке көлігімен келе жатқанда 5-сынып оқушысы Нұрай Сымбатқызы атты жеткіншекті абайсызда қағып кетеді», – дейді облыстың бас имамы.

Облыстың бас имамының сөзінше, ауыл имамы Қайырбек Ақжігітов ақырын келе жатқанын айтқан.

«Қайырбек Ақжігітовтің өзі және куәгерлердің айтуынша, ол көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырмаған. Қыз баланы көшеде бөтен ит қуған, сонда қыз бала абайсызда жол ортасына жүгіріп шыққан. Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген. Жол апатынан кейін Қайырбек Қалибекұлы баланы дереу ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай, оқушы қыз ауыр жарақаттан ота үстінде көз жұмды. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр», – дейді Асқар Мұқанов.

Ал  Абай облысының бас имамы Қайырбек имам 10 жылдан аса уақыттан бері Үржар ауылдық мешітінде абыроймен қызмет істеп келе жатқан дін маманы екен айтады.

«Қызмет барысында қандай да бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлар болған жоқ. Мұндай оқыс жағдай бірінші рет орын алып отырғанын мәлімдеймін», – дейді А. Мұқанов.