Қазір әлеуметтік желіде «Қазақ балалары кітап оқы­майды» деген пікір көп­шіліктің назарын аударып, қызу талқыға түсті.
Балалар кітап оқи ма?
500
оқылды

Біреулер балалар кітап оқу­ды қойып, кітапханаға бармайды десе, екінші жақ қазір балалар кітап оқу­ға әлдеқайда бет бұр­ғанын айтады. Шын мә­нінде қалай? Қазіргі балалар кітапты серік етіп жүр ме? Балалар жазушылары жас оқырманның қа­лауын қанағаттандыра ала ма? Осыған қатысты мамандардың пікірін білген едік.

Гүлкен СҰҢҚАРБЕКҚЫЗЫ, 

№1 балалар кітапханасының басшысы: 

Баланы кітапқа ата-ана баулиды

Кітапхана – қай дәуірде де қоғамның мә­дени өмі­­­рі­­нің бірден-бір көр­сеткіші, өт­кен тарихы­мыз­ды өшір­­­­мей, ұлт жадын мәңгілік сақ­тайтын мекен. Осы қасиетті істі жалғастыру үшін кітапхана ісі мен кітапханашылар заман талабы­на сай бейімделіп, үнемі жетіліп отыруы керек.

Қазіргі ұрпақты желіге тәуелді деп жиі айтады. Балалар интернет пен әлеуметтік желі арқылы қалаған дү­ние­сіне оңай қол жеткізе алады. Десек те, мектеп жасындағы, оның ішінде бас­тауыш сынып оқитын балалар кітап оқуға бет бұрып келе жатыр. Байқауымша, қазір кітапханаға келетін бала көбейген. Оны бірқатар мысалмен айта аламын. №1 ба­лалар кітапханасы ашылғалы бері бала­сын жетектеп келетін ата-ана көбейген. Оның үстіне, қазір оқу жылы баста­лы­сымен сабақ жоспарларына сәйкес, оқушыларға ұсынылатын қо­сымша әде­биеттерді осы жерден тауып, оқып жүр. Ал қазақ сыныбындағы ба­лалар кітап оқымайды деген пікірге мүлде келіс­пей­мін. Неге десеңіз, балалар кітап оқымайды деп бәріне топырақ шашып айтуға болмайды. Кітапқұмар бала көбейгеніне қуана білуіміз керек.

Бірақ жазда оқырманымыз сәл азая­ды. Себебі мектептегілер демалысқа шы­ғады. Дегенмен жазда мектеп мұға­лім­дерінен тапсырыс көп келгендіктен, ба­лаларға кітап оқытуға барынша тыры­самыз. Мектеп мұғалімдеріне әркез «Оқу­шыларға тапсырма беріңіздер, әдебиеттер тізімін ұсыныңыздар» дейміз. Тіпті, кі­тап­тар тізімін айтпаса да, «Кітапханаға жі­беріңіздерші» деп сұраймыз. Бала кі­тап­ханаға келсе, оған оқитын кітапты өзі­міз де қарастырамыз. Мектеп мұға­лімдері оқушыларға жылда жазда оқитын кітаптар тізімін береді. Сондықтан биыл жазда мектеп оқушыларынан сұраныс жоғары болды. Осы жерде бір айта ке­тетіні – бұған дейін қазақ мектептерінен онша сұраныс болмаған еді. Кейінгі уақытта артты. Яғни, баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін біздің кітапханалар желісі жаз мез­гілінде «Жазғы оқу» шарасын өткіземіз. 

Баланы кітап оқуға баулуда үлкен рөл атқаратын – ата-ана. Бала мектепке бар­мас бұрын кітапты сыйлық ретінде ұсы­нып бастау керек. Егер ата-ана балаға кітап оқуға арнайы уақыт табатын болса, онда баланың бойында міндетті түрде кітапқа деген сүйіспеншілік қалыптасады. Осыған қатысты кітапханамызда қазір «Отбасылық оқу» атты жоба жүзеге асы­рылуда. Оның да мақсаты осы – баланы кітапқұмар етіп тәрбиелеуде отбасының рөлін асыру. 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, 

«Ақ желкен» журналының бас редакторы:

Кітапқұмар ұрпақ өсіру үшін науқаншылықтан қашу керек

Балалар­­­дың кітапқа қы­­зығу­­­шы­лы­ғы аударма­лар­ға ауып кеткен сияқты. Қоғам мүлде кітап оқы­майды, сон­дықтан ба­­­ла­­лар­дың кітап оқу жас айыр­ма­шылығы мүл­де жіктеліп жатқан жоқ. Ал өзіміздің көркем әдебиетті балалар аз емес, тәуір оқиды. Әдеби процестен бүкіл құрам хабардар болмағандықтан, өзі­міздің көркем әдебиет аз оқылатын сияқты. «Дарабоз» бәйгесінде шыққан шығар­маның түгелі республиканың барлық жерінде насихатталады. 2010 жылдары жүлдегер атанған «Мынау ғазиз дүние» повесі әлі күнге дейін талданады. Жақсы дүниелер шығару үшін мек­тептерге барып, балалармен байланыс құ­руымыз керек. Аудармаға келетін бол­сақ, ол тілді байытып жатыр деп ой­лай­мын. Мысалы, «Мазмұндама» баспасы­нан шығып жат­қан кітаптарды ба­­­­­ла­ла­­рыма оқы­тамын. Олар кітапқа қызығып, бірден бітіріп тас­тайды. Сон­дықтан аударманың көбей­гені, оның ішінде қазақ тілінде көбейгені өте дұрыс.

Қоғамның балалар әдебиетіне көзқа­расы жақсы. Сол себепті де балалар әде­биеті дамып жатыр. Елімізде осы бағытта еңбектеніп жатқан қаламгерлер жеткі­лікті. Аслан Тілеген, Серікбол Хасан сияқ­ты азаматтардың жазғандары қазір жеке-жеке кітап болып, қоғамда жақсы қабылданып жатыр. Менің ойымша қазір қаламмен жазатын жазушылар өте сиреп бара жатыр. Әлемдегі даму тенденцияла­ры біздің жазушыларымызда бар деп санаймын.

Баланы кітапқа қызықтырып өсіру үшін біріншіден, науқаншылықтан қашу керек. Қоғамның өмірі түзелсе, адамның өзі руханиятқа бой ұрады. Бізде қалай? Тіршіліктен көз ашпайды. Бұл жерде нағыз кітапқұмар баланы өсіру отбасынан басталатынын түсіну керек. Біз жақында бірқатар колледж бен мектептегі кезде­сулерге бардық. Сонда алдымызда отыр­ған 70-тей баланың шамамен 10 баланың ата-анасы кітап оқиды. Ондай жағдайда балада қайдан кітапқа сүйіспеншілік пайда болады. Мектептегі білім беру бағ­дарламасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні өте әлсіз. Мәселен, Несіпбек Айт­ұлы­­ның «Арқатірек» поэмасы 12 сағат оқытылады деген сұмдық қой. Оған 2-3 сағат уақыт берілуге болады. Осындай олқылықтар кездеседі. Баланы кітапқа қызықтырып тәрбиелеуде қазіргі «Оқуға құштар мектеп», «Оқуға құштар сынып», «Бір ел – бір кітап» акциясы, мұның бәрі жеткілікті. Біз өзі санымыз аз ұлтпыз, соның 300 мыңдайы кітап оқитын адам болғанымен, бұл аз көрсеткіш. Мұндай­да кітапқұмар ел емес екенімізді мо­йын­даймыз. 

Қазіргі бүлдіршіндер балалар жур­налына өз шығармашылығын жолдауға асықпайды. Технологиялар заманында біз таңсық көруші, яғни таңданушы қоғам болғандықтан баланы YouTube, TikTok-тан ажырата алғанымыз жоқ. Жақсы мағынасында баланы соларға тесілген уақытын кітапқа тесілуге ар­­найтындай жазалау керек. Шынымен, қазір балалар журналдары «Ақ желкен», «Балдырған», «Ұлан» газетінің ти­раж­дары 3 мың мен 12 мың арасында ғана. Бұл біздің қоғам үшін өте аз. Сонымен біз балаларды қызықтыру үшін түрлі викторина, сауалнама ұйым­дастырып тұрамыз. Бірақ балалардың қатысуы бел­сенді емес. Өйткені мектебі, ата-анасы және ортасы білмейді. Менің­ше, бұл өзінен-өзі тасада қалатын сияқты. 

Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ, 

балалар жазушысы:

Кітаптар балалар тілінде сөйлеуі керек

Балалар әде­­биетінің да­­­­­муынд­­а кем­шіліктер бар екені рас. Бұл, ең алдымен, кейбір шы­ғар­ма­лардың за­ман талабына сай жазыл­ма­уы­нан, яғни бүгінгі бала­ның ойлау жү­йесі мен тіліне сәйкес келмеуінен туындайды. Техно­логия дәуірінде өскен балалардың қы­зығушылығы басқа, оларға динамикалық, қызықты сюжеттер, көзтартар кейіп­керлер қажет. Сонымен қатар кей жазу­шылардың бала психо­логиясын жеткі­лікті деңгейде меңгермеуі де осы мәселеге әсер етеді. Тілі шұбар, сюжеті қарапайым кітаптар балаларды қызықтырмайды. Қазіргі балалар ви­зуал­ды ақпаратты жақсы қабылдайды. Сон­дықтан кітап­тардың безендірілуіне, иллюстрация­ларына да көңіл бөлу керек. 

Аударма кітаптардың тартымдылығы жоғары екенін мойындау керек, де­ген­мен бұл қазақ әдебиеті оқылмайды деген сөз емес. «Менің атым Қожа», «Көк­серек» сияқты классикалық шығармалар әлі де сүйікті. Дегенмен жаңа, заманауи туын­дыларды көбірек жазу керек. Ба­ланы кітапқа баулу үшін арнайы жоба­лардың қажеті жоқ. Ең бастысы – отба­сында кітап оқу дәстүрін қалыптастыру. Ата-аналар балаларына кітап оқып ­бе­руі, бірге талқылауы, кітапханаларға апарып, кі­тапқа деген сүйіспеншілікті оятуы ке­рек. Қазіргі қазақ балалар әдебиетінде жақсы шығармалар бар­шылық. Мысалы, «Шоко әлем», «Тау баласы» және тағы басқалар. Дегенмен сапалы туындылар санын арт­тыру керек. Жалпы, балалар әдебиеті – болашақ ұрпақтың санасын қалыптас­тыратын маңызды сала. Сондықтан оған ерекше көңіл бөлуіміз керек. 

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің басты мәселесі – оның бүгінгі баланың талап-тілегіне сай болмауы. Заман өзгер­ді, ба­лалар да өзгерді. Олар интернет, гаджеттер әлемінде өсіп келеді, ой-өрісі кең, ақпаратты тез қабылдайды. Ал біздің кейбір жазушыларымыз әлі күнге дейін ескі қалыптан шыға алмай, Кеңестік дәуірдің идеологиясымен жазып жүр. Мысалы, батырлар туралы ертегілерді алайық. Бұрынғы ертегілерде батыр мін­детті түрде күшті, қайсар болуы керек еді. Ал қазіргі балаларға ақылды, тапқыр, білімді ба­тырлар қызықты. «Гарри Пот­тер», «Перси Джексон» сияқты шетелдік шығармалардың танымал болуының бір себебі – ке­йіпкерлердің осындай қа­сиеттерінде. Біздің жазушылар да батыр­лар бейнесін заман талабына сай жаңар­туы керек.

Тағы бір мәселе – тіл. Қазіргі бала­лардың тілі басқа. Олар сленг сөздерді көп қолданады, ойлау жүйесі де басқа. Жазушылар балалардың тілінде жазуды үйренуі керек. Аударма кі­таптарға келетін болсақ, олардың сапа­сы әртүрлі. Жақсы аудармалар балалардың ой-өрісін дамытуға көмектеседі. Бірақ аударманың сапасына мән беру керек. 

Дайындаған

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ