Миллионға жуық компьютердегі Kaspersky антивирусы пайдаланушының келісімінсіз UltraAV антивирусымен ауыстырылған. Бұны Kaspersky зертханасы пайдаланушылардан сұрамай мәжбүрлі түрде жасаған. Өйткені зертхана үкіметтің бұйрығын орындаған.
Үкіметтің тыйымына қарамастан Kaspersky антивирусынан бас тартпаған
Kaspersky антивирусы пайдаланушының келісімінсіз UltraAV антивирусымен ауыстырылған. Фото BBC сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
1,413
оқылды

Құрама штаттар азаматтарының барлығы бірдей ресейлік антивирустан бас тартпағанын TechCrunch хабарлады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz үкіметтің тыйымын америкалықтар қалай айналып өтетінін түсіндіреді.

Kaspersky зертханасының бас директоры Евгений Касперский де АҚШ үкіметінің шешімін түсінбей таңғалуда. Фото TechCrunch сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Sean Gallup

Алпауыт елдердің арасындағы алауыздық тек үлкен саясат пен экономика ғана емес, адамдардың жеке өміріне де, олардың көліктері мен компьютерлері, смартфондарына да әсер етеді. Бұған мысал, қытайлық электр көліктердің, смартфондардың АҚШ-та сатылуына тыйым салу, TikTok желісінің жұмысына қойылған шектеулерді айтуға болады.

Қыркүйектің соңында мыңдаған америкалықтар өздерінің компьютерлеріне орнатылған Kaspersky-дің орнына белгісіз UltraAV антивирустық бағдарламасы орнатылғанын байқайды. Олар бұндай өзгертуге келісім бермегенін айтып, таңғалады. Бұл оқиға АҚШ үкіметінің Kaspersky бағдарламалық жасақтамасын сатуға тыйым салуынан кейін болған.

«Оянсам, компьютерімдегі Kasperky [sic] бағдарламасы мүлде жойылып, оның орнына Ultra AV және Ultra VPN орнатылған (мен емес, мен ұйықтап жатқанда автоматты түрде)», – деген жазбалар Reddit желісінде жиі кездеседі. 

Бірақ АҚШ-тың барлық тұрғындары ресейлік антивирустан бас тартқан жоқ. Кейбір америкалықтар шектеулерді айналып өтіп, Kaspersky антивирусын пайдалануды жалғастырудың жолдарын тапқан.

Америкалықтар Kaspersky антивирусы басқа бәсекелестермен салыстырғанда көп артықшылықтарға ие екенін жазады. Фото TechCrunch сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Pavel Golovkin

АҚШ-та тұратын бірнеше адам Reddit сайтында Kaspersky тұтынушылары ретінде бұл антивирусты қолданып жатқанын жариялаған. Олар үкіметтің тыйым салу себептеріне сенбейтіндерін, оған үлкен күмәнмен қарайтындарын және өнімді ұзақ уақыт қолдануға төлем жасап қойғандарын айтады. Сонымен бірге америкалықтар Kaspersky антивирусы басқа бәсекелестермен салыстырғанда көп артықшылықтарға ие екенін жазады.

«Ол әлемдегі ең жақсы [антивирус] ретінде белгілі және ұзақ тарихы бар. Бұл «шпиондық бағдарлама» екеніне нақты дәлел жоқ және мен дәлелі жоқ нәрсеге соқыр сезімге беріліп сенгім келмейді», – дейді Blippyz деп аталатын америкалық Reddit пайдаланушысы.

Нью-Йоркте орналасқан Kaspersky Antivirus бағдарламасын пайдалануды жалғастыратын Reddit-тің тағы бір YouKnowWho_13 есімді пайдаланушысы Kaspersky құпия деректерді Ресей үкіметіне жіберу үшін кейбір америкалықтардың компьютерлеріне кіру құқығын теріс пайдаланды деген айыптауларға сенбейтінін айтады.

«Ей, мен жай кассирмін. [Мен] оны 10 жыл бойы қолдандым. Бұл әдетке айналды, ха-ха. Бұл жақсы өнім», – деп өздері кибершпиондарды қызықтырмайтынын білдіріп, Kaspersky-ді сатуға тыйым салудың «тым қатал» әрі қажетсіз екенін айтқандар да бар.

Бұндай пайдаланушылардың антивирусқа салынған тыйымды айналып өтудің екі жолы бар. Біріншіден, олар тыйым салынғанға дейін лицензияны немесе кілтті сатып алған. Яғни, мәскеулік киберқауіпсіздік компаниясынан антивирусты бұрынырақ сатып алып, тыйым салу мен санкцияларды бұзған жоқ. Екіншіден, олар VPN-ді пайдаланады немесе жаңарту серверлерінің тізіміне америкалық емес серверді қолмен қосады. Сонда Kaspersky үшін олар АҚШ пайдаланушылары деп көрінбейді.

Антивирусқа салынған тыйымды айналып өтудің екі жолы бар. Иллюстрация wareham.theweektoday.com сайтынан алынды

Бруклинде (Нью-Йорк) тұратын бұрыннан келе жатқан Kaspersky пайдаланушысы Ави Флейшер бағдарламалық жасақтаманы әлі де үй компьютерінде қолданатынын айтады. Флейшер тыйым күшіне енгеннен кейін күрделі жаһандық киберқауіп деректерін қабылдауға және өңдеуге арналған Kaspersky Security Network қызметінің қолжетімсіз болып қалғанын, бірақ ол сервер жаңартуларында АҚШ-тан тыс орналасқан серверді көрсету арқылы әлі де антивирус жаңартуларын алып жатқанын түсіндірді. 

«Ал енді ол (компьютер) вирус анықтамаларын автоматты түрде жаңарта алады», – дейді Флейшер VPN қолданбайтынын ескертіп.

YouKnowWho_13 болса халықаралық лицензия кілтін eBay арқылы сатып алғанын айтады. Басқалар сияқты, ол да қауіпсіздік жаңартуларын алуды жалғастыру үшін Kaspersky қолданбасына АҚШ-тан тыс орналасқан жаңарту серверін қосқан. YouKnowWho_13 лицензия кілтінің мерзімі аяқталғаннан кейін олар бәсекелес ESET немесе Bitdefender антивирустарына ауысатынын мәлімдеген.

Reddit-тің тағы бір пайдаланушысы Das1996 антивирус бағдарламасының жаңартуларын алу үшін VPN қолданатынын және мерзімі шамамен үш-төрт айда бітетін лицензия кілті бар екенін айтқан.

«Егер VPN опциясы жақсы жұмыс істесе, мен оны пайдалануды жалғастырамын», – дейді Das1996.

Domingogamer есімді Reddit қолданушысы Kaspersky бағдарламалық құралын жаңарта алмаған кезде сайттан көмек сұраған, оның әлі 10 құрылғыға екі жыл қалған үш жылдық лицензиясы бар екенін айтады. Олар үшін Kaspersky-ден кету «тыйым салуға байланысты орын алған үлкен шығын» әкелген. Бұл пайдаланушылар тіпті VPN пайдаланбай-ақ жаңартуларды алу үшін жаңа серверлерді қосып, Kaspersky-ді бұрынғыдай «жай ғана қызмет» сияқты қолдануға болатынын айтады.

Қысқаша анықтама

Америка билігі 45-ші президент Дональд Трамптың тұсында Kaspersky зертханасын АҚШ-тан шығару үшін қысым жасай бастады. Ішкі қауіпсіздік министрлігі барлық федералды органдарда Kaspersky антивирусын пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Көрсетілген себеп – АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне алаңдаушылық болды. Америкалық шенеуніктер Kaspersky зертханасын ресейлік барлау қызметтерімен байланысы бар деп күдіктенген.

2022 жылдың наурыз айында АҚШ билігі Kaspersky зертханасының өнімдерін мұқият тексере бастайды. АҚШ Федералдық байланыс комиссиясының (FCC) шешіміне сәйкес ол АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін компаниялардың тізіміне енгізіледі.

2024 жылдың шілде айының ортасында ресейлік Kaspersky зертханасы АҚШ-тағы бизнесін тоқтатып, америкалық қызметкерлерді қысқарту туралы шешім қабылдаған.

АҚШ-тың бұл компанияның өнімдеріне тыйым салатыны алғаш рет 2024 жылдың сәуірінде жарияланды. Канада билігі де ресейлік компанияға қарсы шешімдер қабылдауды жоспарлаған.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.