Экс-президенттің телефонын бұзуға әрекет жасалғаны туралы ақпарат таралды. Тергеу органдары бұл ақпаратты тексеруге кіріскен.
Экс-президенттің телефонына хакерлік шабуыл жасалды
Қытайлық хакерлер Трамп пен Вэнстің телефон деректерін ұрлауға әрекеттенгені туралы хабар таралды. Фото lovepik.com сайтынан алынды
1,241
оқылды

Қытайлық хакерлер америкалық телекоммуникациялар желісіне кіріп, президенттікке үміткердің телефонын бұзуға оқталғаны туралы Financial Times жазды. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, бұл оқиғаның шындыққа қаншалықты жақын екенін талдайды.Ақ үй әкімшілігі Республикалық партияның президенттікке үміткері Дональд Трамп пен вице-президент лауазымына ұсынылған Джэй Ди Вэнстің телефондарына шабуыл жасалды деген ақпараттан кейін өзінің тергеуін бастағаны хабарланды. Федералды тергеу бюросы (ФТБ) мен Киберқауіпсіздік пен инфрақұрылым қауіпсіздігі агенттігі (CISA) «Қытай Халық Республикасымен байланысты тұлғалардың коммерциялық телекоммуникациялық инфрақұрылымға заңсыз кіруін» тексеріп жатқанын жариялаған.

Бұл мәлімдеме New York Times газетінің қытайлық хакерлердің америкалық телекоммуникациялық желілерге кіріп, Трамп пен Вэнстің телефон деректерін ұрлауға әрекеттенгені туралы хабарынан кейін жасалды. ФТБ хакерлердің нақты екеуінің телефондарын нысанаға алып бұзғысы келгендерін айтудан бас тартқан.

Трамптың сайлауалды командасының өкілі Стивен Чунг болжамды шабуыл үшін қазіргі АҚШ вице-президенті және Демократиялық партиядан президенттікке үміткер Камала Харристі айыптаған. Бірақ ол АҚШ билігі сайлау науқанына хакерлік шабуыл жасалғаны туралы айтқан-айтпағанын жария етуден бас тартқан.

Стивен Чунг: «Бұл Камала Харрис пен демократтардың сайлауға араласуының жалғасы. Президент Трамптың Ақ үйге оралуына жол бермеу үшін олар еш нәрсеге тоқтамайды. Тіпті, Қытай мен Иранды Американың маңызды инфрақұрылымына шабуыл жасауға шақыруда. Олардың қауіпті және зорлық-зомбылық риторикасы президент Трампқа зиян тигізгісі келетіндерді ынталандыруда».

New York Times газеті Трамптың телефонын шетелдік барлау қызметтері тыңдайтыны туралы 2018 жылы да жазған болатын. Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарған. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Leah Millis

Бұл оқиға АҚШ Әділет министрлігі Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының мүшелерін Трамптың президенттік науқанына шабуыл жасады деген айыптаудан бір ай өткен соң болып отыр. Тегеран болса айыптауларды жоққа шығарды.

The New York Times хабарлағандай, хакерлер Verizon телефон желілеріне заңсыз кіру арқылы Трамп пен Вэнсті, сондай-ақ үкімет шенеуніктерін және басқа да объектілерден ақпарат жинамақшы болған. Қаскөйлердің нысанасында заң шығарушылар мен Харристің президенттік науқанының мүшелері де болуы мүмкін делінген.

Соңғы айларда АҚШ мемлекеттік мекемелері АҚШ қарсыластарының, соның ішінде Иран мен Ресейдің қарашадағы президенттік сайлауға араласуына тосқауыл қою әрекеттерін күшейтті. Жұма күні ФТБ мен CISA телекоммуникация саласына бағытталған «арнайы зиянды әрекетті» анықтап, байланыс компанияларын хабардар еткен:

«Тергеу жалғасуда және біз құрбан болуы мүмкін деп есептейтін кез келген ұйымды жергілікті ФТБ немесе CISA кеңсесіне хабарласуға шақырамыз».

АҚШ-тағы Қытай елшілігі нақты жағдай туралы «хабарсыз» болғандықтан, бұл мәлімдемелерге түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеген. Бірақ елшілік АҚШ-ты «Қытай туралы «зиянды» алыпсатарлық пен жалған ақпарат таратты» деп айыптаған.

«Президенттік сайлау Америка Құрама Штаттарының ішкі мәселесі. Қытай АҚШ сайлауына араласуды ойламайды және араласпайды. АҚШ тарапы Қытайға қарсы айыптауларды болдырмайды деп үміттенеміз», – дейді елшілік өкілі Лю Пэнгю.

Құрама штаттарда 5 қарашада болатын президенттік сайлау жақындаған сайын америкалық қоғамда саяси тартыс шиеленісе бастады. Үміткерлер бірін-бірі айыптау мақсатында ішкі және сыртқы саясаттағы барлық оқиғаларды қолданғысы келеді. Сондықтан сырттан жау іздеу де президенттікке үміткерлердің сайлау стратегиясы болуы әбден мүмкін.

ФТБ мен CISA телекоммуникация саласына бағытталған «арнайы зиянды әрекетті» анықтап, байланыс компанияларын хабардар еткен. Фото tvc.ru сайтынан алынды

Трамптың қанша телефоны бар?

New York Times газеті Трамптың телефонын шетелдік барлау қызметтері тыңдайтыны туралы бұдан бұрын да жазған болатын. 2018 жылы 25 қазанында бұған АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп:

«New York Times газеті орыстар мен қытайлар (қазір қытайлар туралы айтып жатқанына қуаныштымын) менің ұялы телефондарымның барлығын тыңдайтын жаңа жалған әңгіме таратты. Бірақ мен ұялы телефонымды сирек қолданамын. Егер қолдансам тек үкімет рұқсат берген телефонды ғана пайдаланамын. Мен қауіпсіз байланыстарды таңдаймын», – деп жауап берген еді.

Америкалық президент қауіпсіздікті назардан тыс қалдырмайтынын, өзі үш емес, бір ғана iPhone пайдаланатынын айтқан. 

«Мен тек мемлекеттік телефондарды пайдаланамын және менде бір ғана мемлекеттік ұялы телефон бар. Бұл әңгіме мүлдем шындыққа жанаспайды!» – деп жазды ол Twittter-де.

Бұдан алты жыл бұрын New York Times таратқан ақпарат туралы сол кездегі Ақ үйдің баспасөз хатшысы Хоган Гидли де «Трамп бір ғана үкіметтік iPhone-ды пайдаланатынын, телефонның деректері ең заманауи технологиялармен қорғалғанын» мәлімдеген еді:

«Бұл телефонның қауіпсіздігі ең озық технологиялармен қорғалған және оны арнайы органдар толығымен қадағалайды».

Ал New York Times газеті АҚШ президентінің iPhone маркалы 3 ұялы телефоны бар екенін: біреуі қолданбаларға арналған, екіншісі дауысты қоңыраулар үшін, үшіншісі оның ескі контактілері сақталған жеке телефон екенін жазды. Осы үшінші телефонды Трамп Ақ үй бақылай алмайтын қоңыраулар жасау үшін пайдаланады деген болжам жасаған болатын. Сонымен қатар газет Трамптың ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынын және телефондарын жиі ауыстырмайтынын, сол себепті ресейлік және қытайлық тыңшылар мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алатынын жазған болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.