Онлайн қолма-қол несие алғанда "аннуитет" және "тең үлестер" деген таңдау берілетінін көрген боларсыз. Тек оның қандай айырмашылығы бар екенін білесіз бе?
Аннуитет VS тең үлестер. Несие алғанда қайсысын таңдаған дұрыс?
Ашық дереккөз
874
оқылды

Қазақстандық ірі банктердің бірінің кредиттік калькуляторында несиеге 12 айға 1 миллион теңгені алатын болсақ, екі төлем мөлшері көрсетіледі, деп жазады Aikyn.kz

Massaget.kz түсіндіргендей, егер:

аннуитеттік өтеуді таңдайтын болсаңыз, ай сайынғы төлем 92 635 теңге;

тең үлестермен өтеуді таңдайтын болсаңыз, ай сайынғы төлем 100 мың теңге.

Екеуінің айырмашылығы айтарлықтай сезіледі, сондықтан клиенттер әдетте аннуитетті таңдайды. 

Аннуитет - несиені тең төлемдермен өтеу тәсілі, яғни сіз ай сайын банкке бір соманы төлейсіз, бірақ ол соманың ішінде негізгі қарыз бен қарыздың қалдығына есептелген пайыз бар. Нәтижесінде, несие өтеу кезінде алғашқы айлардағы төлем пайызды жабады. Уақыт өте келе төлемдегі негізгі қарыздың үлесі артады, ал пайыз үлесі төмендейді. Сонымен, бастапқы уақытта ай сайынғы төлемнің көп үлесін пайыз алады, содан кейін негізгі қарыз есептеледі.

Ал тең үлестермен төлем мүлдем басқаша жұмыс істейді. Мұнда ай сайынғы төлем мөлшерінде негізгі қарыздың алатын үлесі сақталады. Сондықтан пайызға байланысты несиенің алғашқы айларындағы төлем сомасы жоғары болады. Яғни, ай сайынғы төлем біртіндеп азаяды, өйткені бұл жағдайда сіз негізгі қарызды тең үлеспен өтейсіз және негізгі қарыздың қалдығына есептелген пайызды төлейсіз. Осылайша, сіз ай сайын банкке негізгі қарыздың бірдей сомасын, сондай-ақ пайыздардың белгілі бір сомасын аударасыз, сонда пайыз сомасы ай сайын азаяды.

Ең қызығы, тең үлестермен алынған несиенің артық төлемі аннуитетке қарағанда төмен.

Ал банктер несиелек калькуляторда алғашқы ай сайынғы төлемді ешқандай түсініктемесіз көбейтіп қояды, салдарынан адамдар төлем мөлшерінен қорқып, тең үлестермен төлеу тиімсіз, ал аннуитет тиімді деп ойлайды.

Бірақ айта кетейік, несиені өтеу схемаларының әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Сондықтан клиенттің өзі жеке қажеттіліктерін ескеріп, салыстырып, несиені өтеудің тиімді тәсілін таңдауы керек.

Аннуитеттің ерекшеліктері:

Ай сайынғы төлем бірдей болады, бұл бюджетті жоспарлау тұрғысынан ыңғайлы;

Несиелеу мерзімінің басында ай сайынғы төлем тең үлестік несиеге қарағанда аз болады, егер несие сомасы үлкен болса және төлемді қалтаңыз көтермесе, бұл маңызды;

Аннуитет бойынша алынған несиеде артық төлем көбірек болады.

Тең үлестермен төлеудің ерекшеліктері:

Алғашқы айларда ай сайынғы төлем жоғары болады, бірақ ол біртіндеп азаяды. Сөйтіп, уақыт өте келе несие жүктемесі айтарлықтай төмендейді;

Артық төлемнің жалпы сомасы аннуитеттік өтеу тәсілімен алынған несиеге қарағанда төмен болады;

Қарыз тең үлестермен өтелетіндіктен және пайыз қарыздың қалған бөлігіне есептелетіндіктен, "кестеден тыс" кез келген төлем үнемдеуге мүмкіндік береді.