Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Ғажайып сыр иесі
160
оқылды

Бүркеншік аты: kipshakkyz

Ғажайып сыр иесі

(Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арнау)

 

Мейірімге ет жүрегі елжіреп,

Сусындаған сан ұрпағым келді деп,

Жауһардайын туындысын паш еткен

Балалардың шын атасы Бердібек!

 

Әдебиетті балаларға тең білеп,

Іңкәр болған бір ғылымға кең жүрек.

Балалыққа бәрімізді бойлатып

Қамсыз шаққа шақырушы Бердібек!

 

Ұмыта алсын балалықтың буын кім?

Кетер ме екен құлағыңнан шуы үннің?

Әр баланың қасиетін жинақтап,

Суреттеген шебер әрбір туындың!

 

Қажет болмай тірлігінде жай атақ,

Қарапайым кісілігін қой атап.

Бердібекпен бірге жүрміз әлі де

Сол балалық шаққа жасап саяхат.

 

Тайғақ жолдың тарлығына қарамай,

Пәк көңілі біздің дархан даладай.

Ішімізде жатыр мәңгі бір тентек

Менің атым Қожадағы баладай.

 

Айта алмаған сендегі һәм мендегі,

Көкейде бар өкініштің өрнегі.

Кедергісін Кеңестік күш келтіріп

Дер кезінде еленбеді-ау еңбегі.

 

Жан жүрегін, дүниесін, әуеннін,

Шығармамен берген бала әлемін.

Бердібектей сырбаз суреткердің біз

Заманында білмедік-ау жан-емін.

 

«Өзі жайлы жекпе-жекті» көргесін,

«Әпендінің айласы» – бұл ерге сын.

Айжан, Гаухар повестері білгендей

Өлгендердің енді қайтып келмесін.

 

«Бозтөбеде бір қыз бары» ерекше,

«Алыстағы ауылы» да бөлекше.

Он алты жасар чемпионын оқысақ

«Бақыт жолын» тапқандаймыз керекше.

 

Шығармалар фильм болып жаңғырып,

Оқырманның жас–кәрісін таң қылып.

Бала жастан ақындығы бар бала

Әр жүректе қалар сөзсіз мәңгілік!

 

Жасампаздық жалын атып бір үнге,

Жаңаруда дінім, ділім, тілім де.

Бердібектей классиктің ел болып

100 жылдығын тойлаудамыз бүгінде.

 

Қағаз, қалам, шалқар шабыт киесі

Ұшқыр ойлы образдардың жүйесі.

Мерейтойың құтты болсын, ардақты

Өзгеше өрнек, ғажайып сыр иесі!