Бүркеншік аты: Shieli_shinari
Үзілмеген үміт
Тым-тырыс ұйып жатқан дала тыныштығын шыңғырған ащы бала дауысы бұзып жіберді. Кенеттен қара бұлт торлап, көк аспанды найзағай тіліп түсті. Шырылдаған дауысты ести салысымен көрші қолаңдағы ауыл адамдары апыр-топыр дауыс шыққан жаққа жүгірді. Кешегі катты дауылдан құлаған электр бағанасының жанында ес-түссіз алты жасар Азамат жатыр.
Әп-сәтте абыр-сабыр күй кешкен ауыл тұрғындарының арасын қақ жарып, жығылғанына қарамай дізерлеп еңбектей жүгірген Ырысалды ана келеді.
– Құдайым-ау, не болып жатыр? О, Жасаған не жаздым, саған?
Байғұс ана еңірей жылап, зарына басты. Жаңақорғанның шаңды желі де демін ішіне тарта тынши калып, бағанағы у-шу, сыбыр-гүбірдің бәрі бір сәтте тиылып, тек ананың зарлы үні ғана естілді. Ойбайға басқан ана даусына, жедел жәрдем дабылы қосылғанда жаны түршікпеген адам қалмады. Естіген жан естен таңардай күй кешті. Жылай-жылай жанары кеуіп, жағы талған қайран ана не істеп, не қойғанын білместен көлікке жармасып, мінгесе кетті.
Жаңағорғанның адыр-бұдыр көшелерімен жүйіткіп келе жатқан жедел жәрдем көлігінің ішінде селкілдеп жатқан баласының сұлбасына қарауға батылы бармады. Екі көзін тарс жауып, бір Аладан ұлының амандығын тілеген ана кезерген еріндерін жыбырлатып, ұзақ сыйынумен болды:
– Аллам-ау, ананы баламен сынамашы. Кішкентайымның жүрегі тоқтамасыншы. Періштеме ғұмыр бере көр...
Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан бала жанын алып қалу үшін көлік те жылдамдығын барынша қосып келеді. «Тек сәтін салғай, көрер жарығы таусылмасын!». Бұл жедел жәрдем ішіндегілердің ойы еді. Көлік діттеген жеріне келгенде кілт тоқтады. Алдын-ала хабардар болып, күтіп тұрған дәрігерлер бөгелместен Азаматты ауруханаға алып кете барды.
Бетін көз жасымен жуған анасы мен туыстары Алладан медет сұрап аурухана алдында еңіреп калды. Есік ашылған сайын елеңдеп, тағатсыздана дәрігерді тосқандарымен көңіл көншітер хабардың ауылы асылтап-ақ тұр. Ота 4 сағатқа созылды. Бейне бір 4 сағат 4 жылға ұласқандай. Ырысалды ананың өкпесі қысылып, дем жетер емес. Тырсылдаған сағаттың әр секунды сағатша созылды. Бір сәтте дәрігердің сұлбасы көрінді. Жанұшыра орнынан ұшып тұрған Ырысалды ана жүгіре жөнелді.
– Дәрігер балам қалай? Ол аман-есен бе? Азаматымды көрсем бола ма?
Сан сауалды қарша боратқан ананың жүзіне тіке қарауға дәті шыдамағандай дәрігер де жанарын төмен салды.
– Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Алайда баланың бойына ұрған ток күші тым қуатты. Жағдайы тым ауыр. Тек сабыр сақтаңыз. Үміт үзбеңіз...
Жайсыз хабарды естіген ана сұлқ етіп жерге құлап түсті. Көзі қарауытып еш нәрсені көрер емес. Құлағы тарс керең адамдай ешбір дыбысты естімейді. Өнебойы мұздай болып, суық тер бұрқ ете қалды. Жан-жағын қаумалаған ағайынның да басу сөзін естіген жоқ.
Сәлден соң есін жиды. Аурухана ішіндегі бір палатада жатыр. Жан-жағына сұраулы жанарын қадап, «не үшін?» «қайда?», «қашан?» келгенін білмейтіндей ұзақ ойланды. Бір сәтте «Аза-м-а-а-т» деп айғайға салды.
– Менің балам қайда? Азаматыма не істедіңдер?
Ырысалды ана аласұра айқайға басып баласын іздеуге көшті. Әр палатаның есігін ашып, құлынын таба алмады. Туған-туысы басу айтып, құшағына қысып, ана көңілін басқандай болды. Болған жайды ой елегінен өткізген ана енді есін жиып, баласының жанына баруға батылдық жинады. Бойына ұрған электр тоғынан кірпіктерін көтеруге шамасы келмей ыңырсып жатқан баласының бейнесіне қарап, не жыларан, не амандығына қуанарын білмей, үнсіз көздің жасына ерік беріп, жылай берді, жылай берді. Араға күндер салғанымен жұдырықтай бала жүрегінің күресуге қауқары келер емес. Соқпаған жері, қақпаған есігі қалмаған ананың бар сенімі ендігі жереде үлкен қаладағы үлкен емханада еді...
Көз алдында жұдырықтай жүрегі соғып жатқан бүлдіршінін сұм ажалдың тырнағына бермеуге шешім қабылдаған ана Азаматты Алматы қаласындағы емханалардың біріне алып кетті. Жұрттың бәрі күдерін үзіп, адам болмас дегенде, тек үзілмеген ананың үміті мен Азаматтың жүрек лүпілі болатын.
Қажырлы, өжет ана дәрігерлер көмегімен баласына екінші рет тіршілік табалдырығынан аттауға көмек көрсетті. Өмірге деген ғашықтық, өмір сүруге деген талпыныс Азаматты дүниеге қайта алып келді. Бірақ екі қолсыз... Күрделі ота сәтті өтіп, Азамат аман қалды. Десе де, денеге түскен тыртықтардан сау жері көрінбейді. Екі қолының бірі шынтақтан жоғары, екіншісі төмен кесілген. Бір тәуліктен сон Азамат есін жиып, қолының жоқтығын сезе бастады.
– Мама, мама-ау, мамашым, – деп айқайлап жылаған баласына
басу айтуға шамасы да келмей қалжырап анасы отыр. Азаматтың:
– Қолсыз қалай өмір сүремін? Қалай ас ішіп, қасық ұстаймын? – деген сансыз сауалдары ана жүрегін қақ айырып, зар жылатты. Баласын зорға жұбатып, түрлі ақыл- амалын айтты.
– Сен білесің бе, балам? Австралияда 2 қолы мен аяғы жоқ бала өмір сүреді. Ол дүниеге солай келген. Бірақ, ешқашанда өзін кем санамайды екен. Керісінше дені сау адамдар жасай алмайтын спорт түрлеріне қатысады. Скейтборд теуіп, гольф ойнауды үйреніпті. Ал сен оның қасында қауқарлысың. Өз аяғыңмен жүресің. Мен сенің көмекшің боламын. Саған барлығын да үйретемін. Біз бұл қиындықты бірге жеңеміз!
Бұл анасының Азаматқа сыйлаған серпілісі еді. Кеш қарайғанша түрлі оқиғаларды сөз етті. Өзі сынды балалардың жетістіктерін айтып, оны аяқтан тік тұруға құлшындыра түсті. Тәтті ұйқыға кеткен баласына тамсана қарап отырды. Түнімен жылап, өксіген анасының қиналғанын білген Азамат ертеңгі күні жанарына жас алмады. Қасында отырған анасына қарап:
– Мама, мен енді жыламаймын, сізде жыламаңыз. Сіздің көз жасынызды қолыммен сүрте алмаймын, сондықтан жылатпаймын. Мен қолы бар адамдардан артық өмір сүремін. Сізді әлі бақытты етемін...
Ырысалды ана жанарына тығылған жасты іркіп қалды. Сол күннен бері Азамат анасының алдында көз жасын көрсетпеуге тырысып, өмірге ерекше құштарлықпен қарады. Оның осы серпілісі аяқтан тұрып кетуіне үлкен септігін тигізді. Алғашқыда анасының жәрдемінсіз ешнәрсені істей алмайтын. Киімін кию, тамақ ішу қиындық тудырды. Алайда Азаматты уақытша келген сынақ сындыра алмады. Суға жүзу, теннис ойнау сынды спорттық үйірмелерге қатыса бастады. Өз бетінше киімін ауыстырып, ауызбен қалам ұстауды меңгерді. Қатарындағы достарының ешбірінен кем түспеді.
Қатал тағдыр илеуі өз дегенін болдырмай қоймады. Қалада тұрар жайлы баспана болмай, көшіп-қонып жүру де әбден кажытты. Әкесі Асқар қиын-қыстау мезетте отбасын тастап, басқа әйелмен көңіл жарастырып кетті. Бұл соққы баласы үшін тілімделген Ырысалды ананың жүрегін мүлде солдырып тастағандай. Бар ауыртпалық жалғыз басты ананың мойынына артылды. Күні-түні тынбай екі ауысымда жұмыс істеу нәзік жанды әйелдің болмысын темір адамға айналдырып жіберді. Бастысы балаларының көңілі тоқ, көйлегі көк болуы керек. Отбасында болып жатқан қолайсыз жағдайлар, қолдың қысқалығы, қаражаттың жетіспеушілігі үйдің үлкені Азаматты да ойландырмай қоймады. Алайда, сабақтан соң ақша табудың амалын іздеп бірнеше орынға соққанымен оның қос қолының жоқтығын алға тартып, ешбір жан жұмысқа алғысы келмеді.
Салы суға кеткен ол көше бойында қайыр сұрап отырған адамдарды байқады. Өзі де сол қатарға жайғасып, тіленшінің күйіне түсті. Алайда әрбір өткен адам мүсіркей қарап, аяушылық сезім танытқандарына шыдай алмады. Өзін қаңғыбас көше кезіп жүрген қайыршыдай сезінді. «Мен не істеп отырмын?», «Менің шыныменде қайыр сұраудан басқаға қауқарым келмейді ме?» деген сауалдар оның жанын жегідей жеп барады. Жанары жасқа толып, жан баласы жоқ жерде айқайлап жылай бастады. Жалғыз өзі 3 баланы жетілдірсем деп бәйек болған анасына қолғабыс қылуды ойлаған бала Азаматтың бұл сынағы бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болатын. Шарасыздықтан шаршаған Азамат күнделікті сабақтан соң қайыр сұрауды жалғастыра берді. Бірде анасы жұмыстан шығып, жаяулатып үйіне қайтты. Сонда баласының көшеде алақан жайып отырғанын көріп, қатты ызаланды. Азаматтың жанына келіп:
– Балам-ау мұның не? Сен қайыр сұрап көшеде жүру үшін мен тынбай еңбек етіп жүрмін бе? – деді, көзі жасқа толып.
– Жоқ, анашым. Мен сізге көмектескім келеді. Алайда қанша жұмыс іздесем де таппадым. Барлығы да кемсітеді. Қос қолы жоқ адам қандай жұмыс істейді, айтыңызшы анашым, – деп тамағы өксікке тығылған Азаматты анасы құшақтап алды.
– Сен оған жасыма. Керісінше, сенің қолыңнан барлығы келетінін дәлелдеуге тырыс. Саған бір мысал айтайын, жақсылап тыңдап ал балам, – деп сол маңдағы орындыққа жайғасты.
– Балам білесің бе? Бұрын Мәдине қаласында бір соқыр яхуди(еврей) күн сайын базарда тұрып алып: «Мұхамедке ермеңдер! Ол өтірікші, сиқыршы, жаман адам» деп айқайлайды екен. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзін жамандаған соқыр яхудиге күнде тамақ алып барып, өз қолымен тамақтандырып тұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл қайырымдылығын өмірінің соңына дейін жалғастырады. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеден озады. Әлгі яхуди Пайғамбарымызды (с.ғ.с) жамандауын тоқтатпай, әрі өзін үнемі тамақтандырған адамды күтеді. Содан бір күні Әбу Бәкір (р.а) өзінің қызы Айшаға (р.а.) келіп: «Ей, Айша! Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінің соңғы күндерінде не істеді, қандай сүннет қалдырды? Мен де соны жасайын», – дейді. Сонда қызы «Ол базарға барып бір соқыр яхудиді үнемі өз қолымен тамақтандыратын», – деп жауап қатады. Бұны естіген Әбу Бәкір (р.а.) тамақ алып базарға барып, әлгі яхудиді тамақтандырмақ болады. Сонда соқыр яхуди: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Әбу Бәкір (р.а): «Сені үнемі тамақтандырып жүрген адаммын» – дегенде, яхуди «Өтірік айтпа, ол сен емессің» – дейді. «Неге олай ойлайсың?» – деп сұраған Әбу Бәкірге (р.а) соқыр: «Ол мені өз қолымен тамақтандырғанда оның қолынан сондай жылылықты, мейірімді сезінетін едім» деп жауап қайырады. Сонда Әбу Бәкір (р.а) «Ол Алланың елшісі Мұхаммед еді ғой» деп көз жасына ерік береді. Әлгі еврей «Мұхаммед дейсің бе?» – деп екі-үш қайтара сенбей сұрайды. «Мен оны осы күнге дейін жамандадым, ауыр сөздер айттым, ол болса сөкпеді, қой деп те айтпады» – деп жылайды. Кейін соқыр: «Сен кімсің?», – деп сұрайды. Сонда Әбу Бәкір: «Мұсылмандардың бірінші халифасымын», – деп жауап қайырады. Яхуди сол жерде: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін», – деп мұсылман болған екен. Көрдің бе, балам? Біреу сені кемсітіп, ғайбаттап, жамандаса да сен өзіңнің тура жолыңнан тайма. Алға қойған мақсаттарыңа қарай ұмтыл. Адал еңбекпен, адал табыс тапсаң ғана берекесі болады. Қиындық келсе уақытша сынақ деп қабылда да, жеңіп шығар амал жаса!, – деп басынан сипады.
Анасы айтқан әңгіме Азаматқа өмірлік сабақ болды. Ән айтуға құштар көңілі оны жаңа өмірге жетелей жөнелді. Көргенін ұмытпай, естігенін қағып алып жатқа айтатын зеректігі тағы бар. Мектеп қабырғасында ән айтып, түрлі шараларда белсенділік танытты. Үздік оқушы. Параолимпиаданың жүзуден, теннистен жеңімпазы атана бастады. Әуелі той-думандарда ән айтып, азын-аулақ қаржы табуға талпынған қаршадай баланы халық тани бастады. Эстрада жұлдыздары талантты баланың талабын байқап, қолдау білдірді. Азаматтың әнге деген құлшынысы, оны сахна төріне алып келді. Бір кездері адам болмас деп күдерін үзген туған жері Жаңақорған ауданына келіп, алғашқы шығармашылық ән-кешін өткізді. Күңірентіп салған қоңыр әні жерлестерінің жүрегін жібітіп, жанарларын жасқа толтырды. Сол кеште жүрегі дархан, рухы биік Азаматтың азаматтығына таң қалмаған қазақ қалмады.
Мүгедектігіне қарамай спортты жанына серік етіп, суға жүзуден, теннис ойнаудан алдына жан салмайтын оның бойында бірнеше адамға тән қасиет бар. «Алланың әр ісінде, бір қайыр бар» дегені осы болар. Бұралаңы көп өмірді, бір арнаға бағындырған Азамат өнерде де, өмірде де, спортта да жеңімпаз. Ініге-аға, қарындасқа-пана болып жүрген кешегі бозбала, бүгін нағыз азамат атанды.
Жастық шақ. Дос-жаранмен өткен күндер. Сұлу көрсе жүрегі шым ете түсер сәт. Бұрын соңды ғашықтық туралы жыр жазбайтын Азамат махаббат жайлы мұңды әуендерге құмартып алды. Бір көргеннен Ажардың ақжарқын мінезіне ғашық болған жас жігіт жүрек түкпіріндегі сезімді сездіруге сескеніп жүр. Қыз да қылықты. Көп уақытты бірге өткізеді. Әліпті бақсақ қыздың да көңілінде бір ұшқын бар секілді. Алайда назданған қыз сырын алғаш болып ақтара қоймасы белгілі. Ал Азаматтың ойында «Мені қос қолсыз қабылдай қоймайтыны анық» деген жағымсыз пікір жаңғырып тұр.
Күндер зулап өте берді. Сырғыған уақыт әр кезде бір сынақпен келеді. Оған Азаматта үйренген сыңайлы. Сабырлы қалпынан таңбайды. Ажарға арнап жазған жырын оқып беру үшін көп уақытты жұмсады. Бастысы текке кетпеді. Ажар да Азаматтың сезімін біліп, ажарлана түсті. Қос жүрек тіл табысып, шығармашылыққа бет бұрды. Алайда қос ғашықтың тәтті сәттері ұзаққа бармады. Ажардың отбасы Азаматты қабылдамады. Қызының қолын сұрағанда кемсітіп, қос қолының жоқтығын қайта-қайта еске салды. Ол адамдар қолмен істейтін жұмыстың бәрін де істей алады. Дене мүшесі толыққанды адам екеніне өзі де, отбасы да сенімді. Алайда сырт көз оны олай бағаламады. Ажардың ата-анасы айтқан әрбір сөз оған қайтадан алты жасында отадан шыққандағы ауырлықты сездірді.
Ажар өте ақылды қыз. Ата-анасына қарсы келмеді. Тек жылап тұрып, «Өмір бәрімізге күліп қарамайды. Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббаты бұйырған шығар бізге. Бірақ сен мен үшін өмір деген күресте еш жеңілмеген қаһармансың» деп жігіттің жасыған көңілін жылы сөзімен жұбатып қойды. Күн артынан күн өтті. Уақыт аламаны тоқтаусыз алға жылжыпөте берді. Ажардың сәт сайын жанары солғын тартып, көңілінің жабыққанын көрген ата-анасы бір жылдан соң Азаматқа өздері хабарласты. Қос ғашыққа ақ батасын беріп, шаңырақ көтеруіне рұқсат етті. Азамат пен Ажар жаңа өмір бастап, бірге ән шырқап, жарқын күндердің жаңа парағын ашты. Сәби сүйді. Бастарына жаңа баспана бұйырды. «Аллаға шүкір» деді!
Азамат балалық шақтың базары ерте тарқағанымен, баянды бақытты өз еңбегімен бағындырды. Өмір сүруге күш-қуат керек болса, тірлікті тіреп тұрған сәулелі үміт. Өмірге ғашық көзбен қарасаң, өмірде саған жылы қабақ танытады екен. Сондықтан да, ол – өмірге ғашық...