Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Ғажайып роботтың оқиғасы
222
оқылды

Бүркеншік аты: Алтынсақа

 

ҚАЙСАР: ҒАЖАЙЫП РОБОТТЫҢ ОҚИҒАСЫ

 

Аспанда күн шашырай сәулесін шашып тұрған, бірақ күздің суық лебі баяу сезіліп тұрды. Алдияр мектептен қайтып келе жатып, жол бойындағы сары түске боялған ағаштарды тамашалады. Ауасы салқын болғанымен, Алдиярдың жүрегінде бір жылылық бар еді. Себебі, оның арманға толы жүрегі әркез болашақ туралы ойланатын.

Ол өзіне таныс дүкеннің терезесіне тоқтады. Дүкен ішінде еліміздің жаңалықтарын көрсетіп жатқан ескі теледидар қосулы еді.

Теледидардан диктордың дауысы естілді:

— «Қазақстандық ғалымдар экологияны сақтап қалу үшін жаңа технологиялық жобаларды іске қосуда. Алдағы уақытта жасыл энергияның үлесі артады деген болжам бар.»

Алдияр терезеге жақындап, құлағын түрді. Жаңалық оның жүрегіне жақын тиді. «Жасыл энергия, экология... Болашақта еліміз қандай болады екен? деп ойланды.

Ол осы ойдың жетегінде жүріп үйіне келді.

— Анашым! — деп үйге кіре салысымен дауыстады Алдияр. Анасы пештің жанында қазан-ошақ басында жүр еді.

— Не болды, балам? — деп анасы бұрылып, Алдиярдың қолындағы сөмкесін алды.

— Мен ғарышкер болғым келеді! Білесіз бе, бүгін теледидардан Қазақстанның болашағы туралы айтылып жатты. Мен ғарышкер болсам, еліміздің атын ғарышта әлемге танытсам ғой! — деп Алдияр жарқырай сөйледі.

Анасы күлімсіреп, баласының басынан сипады.

— Жақсы арман екен, балам. Бірақ, ғарышқа ұшу оңай емес. Ол үшін мықты білім керек, ең алдымен өзіңді дамыту керек. Әрине, үздіксіз білім ала білсең және еңбекқор болсаң бұл арманға жетесің" — деді.

Алдияр анасының айтқанын ойлана бастады. Ол білімсіз үлкен арманға жету қиын екенін түсінді. Бірақ бұл оның көңілін түсірмеген сияқты, керісінше, оны шабыттандырып жіберді.

— Мен көп оқимын, анашым! Қазақстанды әлемге танытатын боламын! — деп жігерлене жауап берді.

Алдияр сол күннен бастап өзінің арманына жету үшін үлкен күшпен дайындықты бастау керек екенін түсінді.

Ертеңгілік мектепке асыққан Алдияр сабаққа барған сайын әртүрлі тақырыптар бойынша достарымен әңгімелесетін. Сол күні олар қазақ тілінің болашағы туралы пікір таласты.

— Біз қазақ тілін дамытуымыз керек. Оған қандай жаңа технологиялар көмектесуі мүмкін? — деп сұрады мұғалім сабақтың басында.

Көп балалар ойланып қалды. Оқушылардың кейбіреуі жауап беруге тырысты, бірақ Алдияр үшін бұл сұрақ ерекше маңызды болды. Ол қазақ тілінің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарады. Сынып ішінде Аружан бірінші болып сөз алып:

— Меніңше, қазақ тілін жаңа бағдарламалар мен роботтар арқылы үйренуге болады. Роботтар қазақ тілінде сөйлесе, барлық адам оны түсінуге мүмкіндік алады, — деді.

Алдияр қолын көтеріп, өз ойын қосуға асықты:

— Меніңше, жасанды интеллект арқылы қазақ тілін әлемдік деңгейге шығаруға болады. Біз қазақ тілін тек Қазақстанда ғана емес, ғарышта да сөйлетуіміз керек! Ғарышқа ұшқанда, роботтар мен ғарышкерлер қазақша сөйлеп жатса, бұл әлемге үлгі болар еді,— деді.

Оның сөздері бүкіл сыныпқа әсер етті. Мұғалім оның идеясына таңдана қарап:

— Бұл өте қызықты ой, Алдияр. Тілдің дамуы технологиямен тығыз байланысты және сен сияқты арманшыл жастар еліміздің болашағына үлес қосуы керек. Қазақ тілі мен ғылымды біріктіру — тамаша идея! — деді.

Сабақ аяқталған соң, Алдияр досы Асылбекпен мектеп ауласында әңгімелесіп жүрді.

— Алдияр, сенің айтқандарың маған ұнады. Шынымен де, қазақ тілі жаңа технологиялармен бірге дамуы керек қой. Біз ғарышкер болмасақ та, тілдің дамуына көмектесе аламыз, — деді Асылбек.

— Иә, Асылбек. Біз қазірден бастап әрекет етуіміз керек. Мысалы, жасыл энергия, робот техникасы сияқты жобаларды қолға алайық. Сол арқылы қазақ тілін де дамытамыз, — деп Алдияр өз ойын бөлісті.

Осы әңгімеден кейін Алдияр мен достары технология мен тілдің дамуы жөнінде жобалар жасауды қолға алды. Олар енді алдағы жарыстарға қатысу үшін зерттеулерін бастауды шешті.

Алдияр мен достарының жаңа идеялары оларды ерекше ынталандыра бастады. Мектептен кейінгі уақытта олар жиі жиналып, болашақта қандай жобалар жасағысы келетінін талқылады. Бір күні олар мектеп кітапханасында отырғанда, Алдияр қолына ғылыми журналды алып, достарына оқыды.

— Міне, қараңдаршы! Қазақстанда жасыл энергия көздері бойынша жобалар іске қосылып жатыр екен. Біз де жел немесе күн энергиясын пайдалануды зерттей аламыз, — деді.

Асылбек Алдиярдың жанында отырып, журналдағы суреттерге қарап:

—Керемет идея! Біз кең далада тұрамыз, жел де, күн де жетерлік. Бізге тек техника мен жоспар керек. Мектептегі физика мұғалімінен көмек сұрайық, — деп ұсынды.

Олардың жобаларына деген қызығушылығы артып, достары жоспар құра бастады. Күннен-күнге ғылыми жобаларын нақтылай түсті. Олар табиғатқа пайда әкелетін энергия көздерін зерттеуді мақсат етті.

— Ең алдымен, біз жел турбинасын қалай жасайтынымызды білуіміз керек. Желдің күшін қалай есептеуге болатынын физика мұғалімінен сұрайық, — деді Алдияр.

— Ал күн батареялары туралы не айтасыңдар?" — деп Аружан қолын көтеріп, сөз қосты. — Күн энергиясы да тиімді. Біз ауылымызда күн батареяларын орнатуды ойлап көрейік!

Барлық балалардың көздері жарқырап тұрды. Олар өздерін Қазақстанның экологиясын жақсарту жолында үлес қосуға бел буғандай сезінді. Ғылыми жобалары елдің болашағы үшін маңызды екенін біліп, Алдияр мен достары бұдан да көп ізденіс жасау керектігін түсінді.

Келесі күні олар мектептегі физика мұғалімі Жанар апайға барып, өз жобалары туралы айтты. Мұғалім олардың ынтасына риза болған күйі:

— Балалар, сендердің идеяларың өте қызықты. Жел турбинасы мен күн батареялары – қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарының бірі. Бірақ мұндай жобалар үшін математикалық есептеулер мен физика заңдарын терең түсіну қажет. Мен сендерге есептер мен сызбаларды жасауға көмектесемін, — деді.

Алдияр мен достарының жүздерінде қуаныш пайда болды. Олар зерттеулерін бастап кетті. Жанар апай оларға қажетті құралдар мен кітаптарды көрсетіп, есептеулерді қалай жасау керектігін түсіндірді. Бірнеше апта бойы олар күн сайын жоба үстінде жұмыс істеді.

— Міне, біз алғашқы нәтижелерге қол жеткіздік, — деді Алдияр бір күні есептерді көрсетіп.

— Енді біз дайынбыз! — деді Асылбек жігерленіп. — Бұл жобаны республикалық ғылыми жарысқа ұсынайық!

Барлық достары бұл ұсынысты қолдады. Олар жарысқа қатысу үшін тіркеліп, жобаларын дайындап, соңғы сәттерге дейін мұқият жұмыс істеді. Балалар арасында өзара түсіністік, бірлік пен ынтымақтастық одан әрі нығая түсті.

Жарыс күні жақындап келе жатты. Алдияр мен достары жобаларын аяқтауға жақындады, бірақ жарысқа аз уақыт қалғанда күтпеген қиындықтар пайда болды. Жобаны соңғы рет тексергенде, кейбір есептер сәйкес келмейтінін байқады.

— Мына жерде қате бар сияқты, — деді Аружан алаңдап, жел турбинасының есептерін қарап отырып. — Желдің жылдамдығы мен турбина көлемі сәйкес келмейді.

Алдияр басын шайқап:

— Біз бәрін дұрыс жасадық, бірақ есептеулерде бір нәрсе жетіспей жатқан сияқты, — деді.

Олар қатені түзетуге тырысып, қосымша уақыт бөлді. Жарыс күні жақындап келе жатқаны оларды қатты уайымдатты. Уақыт өте тығыз, ал достар арасында шиеленіс күшейе түсті.

— Біз неге осынша көп уақыт жұмсадық та, әлі де дайын емеспіз? — деп ренжіді Асылбек. — Бұл жобаны бастапқыда дұрыс ұйымдастырған жоқпыз!

— Асылбек, ренжіме. Біз бәрін жасап жатырмыз, тек уақыт жетпей жатыр, — деп жауап берді Алдияр сабырлы түрде.

— Уақыт таяп қалды! Жобаны өткізіп үлгермесек, еңбегіміз зая кетеді! — деді Асылбек ашуланып.

Алдияр оған түсіністікпен қарады, бірақ бас тартпау керектігін сезді. Ол достарына қарап:

— Достар, мен сендерге сенемін. Біз осынша еңбек еттік, енді соңына дейін баруымыз керек. Бірігіп істесек, бәрін дұрыстап үлгереміз, — деді.

Достары оның сөзіне құлақ асып, соңғы күштерін жинап, жобаны қайта қарап шықты. Олардың бірлігі, сабырлығы, және еңбексүйгіштігі жобаны аяқтауға мүмкіндік берді. Ақыры, олар бәрін түзетіп, дайын күйде жарысқа жолдады.

Жарыс күні келді. Алдияр мен достарының жобасы республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Қазылар алқасы балалардың табиғатты қорғауға, жасыл энергияны пайдалануға деген талпыныстарын ерекше атап өтті.

— Бұл жоба экология мен ғылымның тоғысында ерекше орын алады. Алдияр мен оның командасы болашақта еліміз үшін маңызды жаңалықтар ашатын ғалымдар болатынына сенімдіміз, — деп қазылар алқасының төрағасы қорытындылады.

Алдияр мен достары жеңіске жеткендерін естігенде, қуаныштарында шек болмады. Олар бір-біріне қарап, еңбектерінің жемісін көрді. Бұл жеңіс оларға болашаққа деген сенімділікті арттырды.

— Достар, біз Қазақстанның болашағына үлес қосып жатырмыз. Бұл біздің алғашқы қадамымыз ғана, алда әлі талай мүмкіндіктер бар, — деді Алдияр.

— Иә, біз ғылым арқылы елімізді дамытамыз! — деді Асылбек.

— Ал қазақ тілі осы жобалардың бір бөлігі болуы керек, — деп қосты Аружан. — Біз қазақ тілін де ғылыммен бірге дамытамыз.

Алдиярдың жүрегінде үміт пен мақтаныш сезімі пайда болды. Ол достарымен бірге жарқын болашаққа сеніммен қарап, жаңа жобаларға дайын екендіктерін сезінді.

Алдияр мен достары республикалық жарыстан жеңіспен оралған соң, олардың мектебінде үлкен өзгерістер орын алды. Жасыл энергия және қазақ тілін технологиямен ұштастыруға арналған жобалары бүкіл мектепте, тіпті ауылда танымал болды. Мұғалімдер мен оқушылар оларды мақтан тұтып, болашақта да осындай ірі жобалар жасауға ынталандыруды көздеді.

Жарыстан кейін көп ұзамай, мектеп директорынан бір маңызды жаңалық естіді:

— Балалар, сіздердің жетістіктеріңіз бізге өте үлкен қуаныш әкелді. Біз осы жетістіктерді пайдалана отырып, жаңа ғылыми орталық ашуды көздеп отырмыз. Ол жерде мектеп оқушылары әртүрлі технологиялық жобалар жасап, өздерің сияқты болашақ ғалымдар болып жетіледі, — деді мақтанышпен.

Бұл жаңалық Алдиярды және оның достарын қуантты. Олар үшін бұл орталықта жұмыс істеу — жаңа мүмкіндіктерге жол ашу деген сөз еді.

— Бұл орталықта біз көптеген жаңа жобалар жасай аламыз! Тек жасыл энергиямен шектелмей, басқа да технологияларды зерттейміз, — деді Алдияр.

— Иә, мысалы, робототехника! Мен көптен бері роботтарды зерттегім келіп жүр, — деп қосты Асылбек.

— Біздің жобамыз қазақ тілін дамытатын роботтар болса ше? — деді Аружан күлімсіреп. — Сендер ғарыш туралы армандайсыңдар ғой, ал біз қазақ тілін ғарышқа жеткізетін робот жасайық!

Алдиярдың көзі жанып кетті:

— Тамаша идея! Біз роботты жасап, оны қазақ тілінде сөйлетеміз. Бұл тек технологиялық жоба ғана емес, тілдік жобаның да үлгісі болар еді.

Осылайша, олар жаңа идеяға құлшыныспен кірісті. Орталықтың ашылуымен олардың қолына жаңа құралдар мен технологиялар қолжетімді болды. Робототехникадан бастап, жасанды интеллектке дейін әртүрлі салаларда ізденіс жасап, өз жобаларын дамытуды жалғастырды.

Ғылыми орталық ашылғаннан кейін бірнеше ай өтті. Алдияр мен достары қазақ тілінде сөйлейтін робот жасау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, жұмысқа белсене кірісті. Олар орталықтағы жаңа компьютерлерді, бағдарламалау құралдарын және 3D принтерлерді қолдана отырып, роботтың алғашқы нұсқасын жасап шығарды.

Роботты «Қайсар» деп атады, себебі ол болашақта қазақ тілі мен мәдениетін әлемге танытуда қайсарлықтың үлгісі болуы керек еді.

— Қайсардың алғашқы сөздері қандай болады? — деп сұрады Асылбек, роботты іске қосуға дайындалып жатып.

Алдияр роботқа бағдарламалау кодтарын енгізіп:

— Оның алғашқы сөздері біздің ұлттың рухын көрсететін, мақтаныш тудыратын сөздер болуы керек, — деді. — Мысалы, қазақтың мақал-мәтелдері.

Робот іске қосылды, экранда жарық жанып, оның алғашқы сөздері естілді:

— Бірлік бар жерде — тірлік бар.

Балалардың көздері қуанышпен жарқырады. Қайсар қазақ тілінде сөйлей бастады! Роботтың дауысы таза әрі анық шықты.

— Керемет! Ол сөйлеп тұр! — деп Аружан қол соқты.

— Бұл тек басы ғана, — деді Алдияр мақтанышпен. — Енді Қайсарды дамытып, оның қазақ тілінде сөйлесетін мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Ол балаларға тілді үйрететін тамаша құрал болады.

Олар Қайсарды тек сөйлеуге ғана емес, қазақша мәтіндерді аударып, ғылыми ақпараттарды да түсіндіре алатындай етіп жасады. Робот тек тіл үйретумен ғана шектелмей, қазақтың мәдениеті мен тарихын да балаларға таныстыруды көздеді.

Қайсардың дамуы мен оның қазақ тіліне қосқан үлесі туралы жаңалықтар тез тарады. Алдияр мен оның достарының жобасы Қазақстанның түрлі мектептерінде қолдана бастады. Робот оқушыларға қазақ тілін үйретуде ерекше көмекші құралға айналды. Бұл Алдиярдың арманының бір қадамы ғана еді, бірақ ол осы жолда үлкен нәтижелерге жетті.

— Алдияр, сен керемет іс жасадың, — деді бір күні Жанар апай. — Сенің тілің мен ғылымды біріктіру жөніндегі идеяң біздің болашаққа жасаған үлкен қадамымыз деп білемін.

— Бұл біздің ортақ еңбегіміз, апай, — деп жауап берді Алдияр күлімсіреп. — Біз қазақ тілін тек Қазақстанда ғана емес, әлемде таныта аламыз.

Олардың жобасы Қазақстанның болашағына үміт отын жақты. Қайсар енді елдегі білім беру жүйесіне енгізіліп, қазақ тілінің жаңа заманауи құралдар арқылы дамуына үлкен серпіліс әкелді. Ғылым мен технология қазақ тілінің кеңеюіне себепкер болды.

— Біз тек бір робот жасап қоймадық, біз болашақтың іргетасын қаладық, — деді Алдияр бір күні достарымен әңгімелесіп отырғанда. — Бұл біздің соңғы жобамыз емес, алда әлі талай жаңалықтар бар.

Қайсар жобасынан кейін Алдияр мен достары жаңа мақсаттарға ұмтыла бастады. Олар тек қазақ тілі мен мәдениетін ғана емес, Қазақстанның ғылымы мен экологиясын дамытуға атсалысуды көздеді. Алдияр үшін бұл үлкен миссия еді. Ол достарына қарап:

— Біз Қазақстанды дамыған мемлекеттердің қатарында көру үшін бар күшімізді салуымыз керек. Тек армандап қана қоймай, нақты әрекеттер жасауымыз қажет, — деді.

— Дұрыс айтасың, Алдияр, — деп Асылбек қосты. — Біз болашақта ғалымдар болсақ, елімізді әлемдік аренада танытатын үлкен жобалар жасай аламыз.

Осылайша, балалар болашаққа деген үлкен үмітпен өмір сүруде. Алдиярдың бала күнінен бері арманы — Қазақстанды әлемге таныту болды. Ғарышқа ұшу арманымен басталған бұл жол оны қазақ тілін, ғылым мен экологияны дамытуға дейін жетеледі. Енді олардың алдында үлкен мүмкіндіктер тұрды.

Алдияр көкжиекке қарап:

— Болашақ — біздің қолымызда. Біз өз елімізді, тілімізді, табиғатымызды сақтау үшін бірге жұмыс істейік. Бізде бәрі бар: тіл, білім, ынта. Енді тек алға ұмтылу ғана қалды! — деп, достарын болашаққа сеніммен жетеледі.