Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Түсімде кісенейді сәйгүліктер
172
оқылды

Бүркеншік аты: Айқабақ

ТҮСІМДЕ КІСЕНЕЙДІ СӘЙГҮЛІКТЕР

(топтама өлеңдер)

 

Жылқы жыры

 

О, Жез тұяқтар!

Сенсің қанымда дүбірлеген,

Сенсің құлағыма күбірлеген.

Менің аппақ арым,

Менің тәтті жаным.

Сенің жүрегіңде үлбіреген.

 

О,  Сәйгүліктер!

Сен ояттың даламды,

Сен сақтадың данамды.

Менің қанымда тулап,

Менің жанымда шулап.

Еске саласың бабамды.

 

О, Пырақтар!

Тұяғынан от лаулаған,

Көзімен күнді жаулаған.

Мен жауды күйреттім,

Сен әлемді билеттің.

Қасиетің бөлек баураған.

 

О, Арғымақтар!

Қалдырып жалтаң жағаны,

Ғарышқа орғи шабады.

Бура бір бұлттан бұлқынып,

Ай бетіне ұмтылып.

Сеңдей жөңгіліп барады.

 

О, Дүлдүлдер!

Жусан исі бар деміңде,

Азттық исі бар теріңде.

Өзіңе ғашықпын бұрыннан,

Жырымды өрем қылыңнан.

Біз егізбіз тегінде.

 

О, Қылқұйрықтылар!

Алтын жалды, елік мүсін,

Жыр боп ұшты жерік құсым.

Мен өзіңе қасқа құлын,

Жоқ менде басқа ұғым.

Эх, тұлпарлар, көріктісің!

 

Бәйге

 

Жиналған дұйым жұрт,

Құлаққа жетеді дүбірі.

Сәйгүліктер құйын қып,

Даланы оятар дүбірі.

 

Әне,  жаңғырды тау, далам,

Өзендер ағады есіріп,

Қанатты пырақтан аумаған,

Жүйріктер шабады көсіліп.

 

Ғажайып бір күш баураған,

Бойымды тулатып барады.

Өңкей дүлдүл  зулаған,

Сеңдей жөңкіліп ағады.

 

Атылған оқтан аумаған,

Недеген әсерлі айбаты.

Қап-қара тері саулаған,

Долданып тасыр қайраты.

 

Әнеки, төрт болып көздері,

Халық шулайды төбеде.

"Дүп" келер ме сөздері,

Айтылған болжамға көне ме?

 

Додаға түсіп қайнаған,

Бәйгеге шапса баласы.

Жүрегі жылып жайнаған,

Тақымын қысып анасы.

 

Ақ үміт ұшқын қаулаған,

Жүйрігін бала қамшылар.

Бар іңкәрлықты жаулаған,

Сыр айтады тамшылар.

 

Бәйгеден тауып жарасым,

Көңілде күдік басылар.

Үкілеп халық дарасын,

Шашулар енді шашылар.

 

Айтылар сосын ән дастан,

Ұлтымның осал қай десі.

Ата-бабамыздан жалғасқан,

Қазақтың бітпес бәйгесі.

 

Көкпар

 

Көкпар деген ойында,

Серке тартып сынасар.

Күші тасып бойында,

Алып- қашып қыр асар.

 

Жерде жатқан серкені,

Кім алады көтеріп.

Ел мақтаған еркені,

Билеп алар от ерлік.

 

Іліп алар ептісі,

Қара жерге еңкейіп.

Жігіттің сол тектісі,

Жұрты қалар көркейіп.

 

Кең жаурын иықты,

Денесі зор не деген.

Балуан бәрі сүйікті,

Рухын асыл жебеген.

 

Тамсандырып даланы,

Шаттық етер шабысын.

Көзінде от жанады,

Бермеу үшін намысын.

 

Серке кейде қалады,

Ат тұяғында жаншылып.

Шіркін, қолдар талады,

Қара терге малшынып.

 

Бойда тасып қайраты,

Көкпар десе қозатын.

Асып ердің айбаты,

Менің елім озатын.

 

Аударспақ

 

Басталды әне ортада,

Екеу ара жекпе- жек.

Бір-бірінен қорқа ма?

Жүлде алмас тектек-тек.

 

Ат үстінде сайысар,

Есе бермес кіл мықты.

Аттың белі майысар,

Болар екен кім мықты?

 

Балуан дойыр арысым,

Арыстандай ұмтылар.

Бермеу үшін намысын,

Көзіне от  нұр тұнар.

 

Бұқадайын тіресер,

Аюдай боп ақырып.

Ел тілеуін тілесер,

Әулие пірін шақырып.

 

Бурадайын шайнасар,

Айбат рухын өсіріп.

Бір қазанда қайнасар,

Жүрегінің  сесін ұқ.

 

Аттан ауып қалғаны,

Жеңілді деп саналар.

Жігіттің сол арманы,

Берілмеу керек шама бар.

 

Теңге ілу

 

Кезегін күтіп жігіттер,

Алаңға қарай шабады.

Жанып тұрған үміттер,

Жерден теңге алады.

 

Шүперекке түйілген,

Сыйлықты кім біледі?

Қас қырандай шүйілген,

Ептілер ғана іледі.

 

Батырларша сыналған,

Бұл қызықты қарашы.

Жетелейді бір арман,

Жүз қадамдай арасы.

 

Қаз-қатар боп тізілген,

Теңгені кім алады?

Үміттері үзілген,

Құр алақан қалады.

 

Кім босатса тақымын,

Қара жерге құлайды.

Асырған айла ақылын,

Жігіттер елге ұнайды.

 

Істің табар бір ебін,

Жігіттер бар келісті.

Жолбарыс етер жүрегін,

Жігіттер көп жеңісті.

 

Жамбы ату

 

Менің бабам мерген ет,

Құралай көздеп ататын.

Ақ батасын берген ет,

Аңшы бол деп жататын.

 

Қылаң етіп қашқаны,

Алдымыздан құтылмас.

Бағындырар басқаны,

Баһадүр ек ұтылмас.

 

Батыр, сұсты, ұстамды,

Күшіміз бар телегей.

Қарсыласқан дұспанды,

Түйреп өттік жебедей.

 

Жебем менің боздаса,

Нысанаға дүп тиетін.

Рухым менің қоздаса,

Тізесін жау иетін.

 

Мұң кешкенде еліміз,

Қойған тыныш жатуды.

Кетпесін деп кегіміз,

Үйренген садақ атуды.

 

Ат үстінде ойнайтын,

Түрлі амалға үйретіп.

Алысқанын қоймайтын,

Рухын жаудың күйретіп.

 

Жамбы атамыз бұл күнде,

Сағынып баба ерлігін.

Соқ жүрегім бүлкілде,

Көтер жұртым елдігін.

 

Мерген, епті баланың,

Тасып тұрар қаны бар.

Мынау дарқан даланың,

Дүбір сүйер жаны бар.

 

Ау, мергендер, мергендер!

Оғың жерге түспесін.

Артымыздан ерген бар,

Арта бергей мыс- десім.

 

Қызқуар

 

Келді, міне, ғажап күн,

Ел арасы дыр-думан.

Тойы бітпес қазақтың,

Сан ақындар жыр қылған.

 

Басталды, әне, қарашы,

Қызқуар, көкпар, аламан.

Көңілдің болмас аласы,

Қуаныш есер санадан.

 

Қаз-қатар үй тігіліп,

Көтеріп қазан асылған.

Жомарттығы білініп,

Ақ шашулар шашылған.

 

Қонақ мұрты майланып,

Жегені болды бағылан.

Атам төріне жайланып,

Ақтарылды ағынан.

 

Апай төс балуан күресіп,

Тойдың келер мәні де.

Көшкен бұлтқа ілесіп,

Қалықтап кетем әлі де.

 

Үміт пен күдік күресіп,

Жеңіске бәрі талсар.

Маңдайының нұры есіп,

Қане,кімнің бағы асар?!

 

Тойдың көркін қыздырып,

Қызқуар енді басталмақ.

Алаңға шықты қыз-жігіт,

Іңкәрлік сезім аспандап.

 

Таңдап мініп жүйрігін,

Қыз бен жігіт жарысар.

Шаншып шапса құйрығын,

Тізгінге қол қарысар.

 

Бірін-бірі қуады,

Кім жетеді бұл қалай?

Не бір қызық туады,

Болама жұрт шуламай.

 

Қуып жетсе серілер,

Қыз бетінен сүйетін.

Жетпей қалса желінер,

Қамшы астында күйетін.

 

Қызығып бұлттар көктегі,

Мастандырат ән қымыз.

Іңкәрліктің  от лебі,

Сері-жігіт, арлы-қыз.

 

Ер қанаты-ат

 

Сайра, қане,  сайгүліктей жыр тілі,

Ер қанаты дейді бабам-жылқыны.

Төрт- түліктің төресі деп қазағым,

Жылқы мінсе,  мұтар қайғы-азабын.

 

Қамбар деуші ек жылқы пірін киелі,

Исі қазақ кіл жүйрігін сүйеді.

Әз аналар "Құлыным" дер баласын,

Жылқыменен тапқан талай жарасым.

 

Ат жақсысын ерден артық бағалап,

Бар түліктен баққан бабам алалап.

Судың тұнық,  шөптің беріп сонысын,

Қаракермен қайырлы еткен қонысын.

 

Жылқыларым жон-арқамда шұрқыра,

Қылқұйрықтың исі бізден бұрқыра.

Басылар ма?  саған деген сағыныш,

Айқасқалар айға мені алып ұш.

 

Арғымақтар, асыр салып дүркіре,

Менің мынау кеудеме кеп бір түне.

Басылар ма? саған деген жерігім,

Қубас атым, Құлагерім- серігім!

 

Түсімде кісенейді сайгүліктер

 

Жанымды жараласа жай күдіктер,

Сарғаяды саяздап сай үміттер.

Көздерімді бір ұйқы тонағанда,

Түсімде кісенейді сайгүліктер.

 

Оянам пырақтардың  дүбірінен,

Оянам қурайлардың күбірінен.

Қанымда тұлпар шабыс тулап сосын,

Жүректен жарық етеді үлбір өлең.

 

Көңіл кейде құлазып жетім көлдей,

Сезімніңде ернеуі кетілгендей.

Алас ұрып аптығып қиналғанда,

Келем әйтеу өлеңнің өтінде өлмей.

 

Өтті күндер күреңнің желісіндей,

Тарылып кетпес енді өрісім кей.

Ажал қақпан аяқтан шала көрме,

Жортып келем жон таудың бөрісіндей.

 

Табылар шын өміріме тиек тегі,

Көңілімнің гүл болғай жиектері.

Түсімде кісенейді, сайгүліктер,

Бабамның аунап түсер сүйектері.

 

Түсімде кісенейді, Тортөбел!

 

Торытөбел жүйрік еді сылаң қаққан,

Әкем марқұм, тай кезінен сылап баққан.

Аламанға үкілеп сан әкелгенде,

Батыраштар оқты көзбен сынап атқан.

 

Жануарым тұрқың бөлек , елік мүсін,

Жыр боп ұшты өзіңе жерік құсым.

Басылар ма?  саған деген сағыныш,

Жал-құйрығың күлтелі  көріктісің.

 

Сүзе тарта ауыздығын қарш шайнаған,

Бөкен қабақ, бота көзі  жайнаған.

Топты көрсе тұяқ түбі дүбірлеп,

Қиқу салса, намыс оты қайнаған.

 

Қабылан бас, қаз мойын, жібек жалым,

Құйғытамын құба жонда желмен сағым.

Өтті дәурен, қамшының сабындай-ақ,

Орала ма енді қайтып сол бір шағым?!

 

Шаршамайтын сен туралы ел аңыздан,

Айналдым қанатым бар жел қабыздан.

Қаз омырау, қасқыр төс қайран тұлпар,

Шаршы топта тебінгіден тер ағызған.

 

Баптағанбыз таң асырып күтіп ерен,

Ал анамыз ақ байлап үкілеген.

Тортөбелім төсін сызып көсілгенде,

Көзін сүртем әкемнің шытыменен.

 

Сағағы кең, салпы ерін,талыс танау,

Қара үзіп көрінуші ек алыстан-ау.

Күн салып, дүйім жұртым қарап тұрса,

Торы келед, томардай ұл жабысқан-ау.

 

Жез тұяғым, қара жер шаңын қаққан,

Көмбе бұзып көңілдің шамын жаққан.

Алдына қара салмас пырағым-ай,

Жанарыңнан сыр ұғам жалын атқан.

 

PS:

Туған жерде кіндіктен тамған қаным,

Туған жерде Тортөбелмен жанған бағым.

Пай-пай дәурен, өтті ғой оралмастан,

Мына өмірдің кеш сездім жалған барын.

 

Бас сүйек тұр басында өскен талдың,

Қабыры жатыр қасында көшкен шалдың.

...Қу тіземді құшақтап жылап алып,

Жырмен жағам жарығын өшкен шамның!!!

 

МАНАТТОРЫ

I

Ертеде біздің ауылға,

Көшіп келді бір аға.

Таныс болып қауымға,

Жақындай түсті күн ара.

 

Күндемейтін ешкімді,

Жұпыны боп тұратын.

Мәнді етем деп бес күнді,

Өз тірлігін құратын.

 

Қоңыр қазақ кескіні,

Мінезі жұмсақ тамаша.

Жамап киіп ескіні,

Күн көретін шамаша.

 

Әйелі жүрер орана,

Жаны бірақ қайғылы.

Көре алмады шарана,

Бала емес пе? байлығы.

 

Жүрек дертін ұғар кім?

Көңілдің кетік кесесі.

Өтіп жатыр мұнар күн,

Бүгін айдың нешесі?

 

Арбаға шегіп торысын,

Қалаға отын сататын.

Бітіріп солай ел ісін,

Күнді өткеріп жататын.

 

Жанарынан жас парлап,

Үзбейтін ет үмітін.

Түсінде кейде аспандап,

Сыр айтатын ұлы түн.

 

II

Бір күндері көршісі,

Торыны келіп сұрады.

Көршісі еді өр кісі,

Алланың шығар сынағы.

 

Мінейін бүгін торыңды,

Табынды жайып келейін.

Босатып демал қолыңды,

Ақыңды кешке берейін.

 

Қорадан қашты жылқылар,

Жарылқа көршім жаяуды.

Жаймасам жұртым қылқынар,

Білер ме дерсің аяуды?

 

Көрші еді деп үйіміз,

Манат берді торысын.

Бұзылмасын деп сыйымыз,

Құп көреді ол ісін.

 

Өмір жақсы сыйласпақ,

Бар ырздық тасып кір.

Жанымызға күй бастап,

Бір бақытты нәсіп қыл.

 

III

Торыны мінген бұл пақыр,

Көңілі кетті жайланып.

Ойлап тапты бір ақыл,

Айтпақ болды сайланып.

 

Өз-өзіне мәз болды,

Жерден алтын тапқандай.

Көңіліне қаз қонды,

Марқайып шын жатқандай.

 

Манатқа жетті еліріп,

Торысын оның мақтаған.

Ойларға кетті беріліп,

Жөн болар деді баптаған.

 

Айтар болсам ертек қып,

Әдемі екен тұрысы.

Арбадан босап  шер төктік,

Елпек екен жүрісі.

 

Алыстан жылқы көрінсе,

Ауыздығын шайнайды-ау.

Құйрық-жалы өрілсе,

Құлпырып көзі жайнайды-ау.

 

Омырау тұсы төбедей,

Құлағы қамыс қарашы.

Толқын жарар кемедей,

Ешкімнің болмас таласы.

 

Жел тараса кекілін,

Шабар деймін алысқа,

Өзің айтшы бекімін,

Қосайық бір жарысқа.

 

Не демесін жұрт өзге,

Жетсе болды дәрменім.

Мақұл болып бұл сөзге,

Алға ұстадым ар лебін.

 

IV

Күн артынан күн өтті,

Шашыңды көр ағарған.

Ай артынан ай өтті,

Бәйге алса жоқ арман.

 

Бабы келді торының,

Дүлдүл тектес мүсіні.

Төрден болсын орының,

Қызықтырар кісіні.

 

Үш жүзге сауын тараған,

Аламан болмақ қазақта.

Аузына ел қараған,

Не бір жүйрік аз- ақ па?

 

Тұпарларын жұлқындырып,

Кез қанша ой ақтарған.

Кер даланы сілкіндіріп,

Бәйге болса таяп қалған.

 

V

Шаңын қағып даланың,

Алдына қара салмаған.

Қамбардайын бабаның,

Пырағы дерсің самғаған.

 

Торы келді бәйгеден,

Марқайды Манат көк тіреп.

Жаралды дерсің, әй, неден?

Езілді шіркін от жүрек.

 

Шамы жанды үміттің,

Басылды күйік іштегі.

Қанаты ат жігіттің,

Тасып барат күш демі.

 

Торының сыйпап шоқтығын,

Еңкілдеп әке жылады.

Баланың мұтып жоқтығын,

Өмірге сол сәт шыдады.

 

Ел таңырқап қарасты,

Бағасын берді халық нақ.

Манаттыңда бағы асты,

Атағы кетті қалықтап.

 

Бір үйір жылқы жүлдесі,

Кедейлік енді мұтылар.

Өмірдің бұл бүлдесі,

Торының, шіркін, бағы бар.

 

СОҢЫ:

Зар боп еді сәбиге,

Талды қанша  қанаты.

Пендеге толы пәниде,

Сол торымен қалды аты.