Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Алтын сақа
219
оқылды

Бүркеншік аты: Офицер

Алтын сақа

Жаңа оқу жылының бірінші аптасының соңы. Мектеп іші у да шу. Бірін бірі қуалаған оқушылар сыныптарынан жүгірісіп шығуда. Дәліз бойы ерсілі-қарсылы жүгірген оқушылар. Көтеріңкі дауыстардан шат-шадыман көңіл-күй байқалады.  Біраз уақыт өткенде шулаған балалар легі шағын аулаға шықты. Бастауыш сынып бүлдіршіндерінің күлкісі мен саңқылдаған дауыстары дуылдай шуылдайды. Азан-қазан болған мектепте үлкен қоңыраудың басталғанын байқауға болады. Арқаны кеңге салған оқушылар қызу ойынға кірісті.   

Көңілді әлемнің ішінде көңілсіз бір жан ғана бар еді. Ол – Дәурен. Жаңа ғана дене тәрбиесі сабағынан шыққан еді. Сыныптастарымен бірге спорт киімін ауыстыру үшін шкафына асықты. Қалтасына қолын сала бергенде құлпы сынған есік өзі-ақ жаймен ашылды. Күртесінің қалтасына қолын салған Дәурен таңырқаған күйі орнында қатып қалды. Үшінші сабақ басталар алдында есікті өз қолымен жауып, кілттеп кеткен болатын. Не болса да, бөгде жанның шкаф есігін сындырып ашқаны көрініп тұр. Есіне бірден алтын сақасы түсті. Тездетіп, сөмке қалталарын тексеруге кірісті. Ашық қалған есікті көргенде: «Асығым қолды болды-ау», - деген күдік көңіліне бірден ұялаған. Сөмкесінің барлық қалтасына қолын салды. Түбінен қолға ілігер ештеңе таппады. Асығы ұшты-күйлі жоқ. Апыл-ғұпыл киініп жатқан балаларға қарады. Кімнен көреді? Кімді ұры деп ойлайды?.. Әрине, басып айту мүмкін емес. Ұрының сыныптастар арасынан шыққанына да кепілдік бере алмайды. Ыңғайсыз жағдайға тап болған Дәурен енді өзін-өзі кінәлай бастады. Бүгінгі сабаққа келген кезден басталған өмірін көз алдынан өткізе бастады.

...Алғашқы математика пәні сабағына Дәурен күнделікті уақытынан кешігіп келді. Оған оның ешқандай кінәсі жоқ еді. Күнделікті мектепке қатынайтын автобусы кешігіп келген болатын. Көлік жүргізушісінің біреуге телефон арқылы жолда моторынан ақау шығып, жарты сағаттай тұрып қалғанын айтып жатқанын құлағы шалған еді. Дәурен ағындатып келіп тоқтаған автобустан түскен бойда жолдың екінші бетіне өтіп, мектепке қарай аяңдады. Сабағынан кешіктім деп те ойлаған. Көшеде мектепке асыққан бірен-саран оқушыдан өзге ешкім көрінбеді. Сары жапырақтарын жел құлатқан теректер жаймен ырғалады. Таңда жауған жаңбырдан қалған қақтың мөлдір бетінен өзіңді көресің. Адам ізіне құйылған кейбір шалшық судың бетінен аспанда жүзген аппақ бұлттардың сұлбасы анық көрінеді. Құдды бір жерде жатқан айнаның сынығы дерсің. Жалт-жұлт етеді. Айнала дүниенің таң-тамаша қызығына тоймаған Дәурен мектебіне жетті.   

 Абырой болғанда қоңырау соғылуына әлі бес минуттай уақыт бар екен. Екпіндетіп екінші қабатқа көтерілді. Қанық түсті баспалдақтан жақында жағылған сырдың иісі шығып тұр. Айнала ыдысқа егілген гүлдердің бойы үш ай жазда әжептәуір өсіп қалыпты. Дәурен мұның бәрін бірінші апта аяқталар шақта ғана байқағанына таң қалды. Артына көз салып еді, соңына ілесе келе жатқан Айнаш апайын байқады. Жүгіре басып, пән мұғалімінен бұрын сыныпқа кіруге асықты. Тездетіп оқу құралдарын шығарып, партасына отыра қалды. Қоңырау соғылып, сабақ та басталып кетті.

Қас-қабағын қара бояумен әдемілеп бояп, ернін шиедей әрлеп жүретін математика апайы әуелгі әдеті бойынша жұмысына кірісті. Үй тапсырмасын орындап келген оқушылар бір-бірінен қалыспастан қолдарын көтерді. Ішінде Дәурен де бар. Бала психологиясын жақсы танып алған тәжірибелі ұстаз да қулыққа салды. Ең бірінші қол көтермей, үнсіз отырғандарды тақтаға шығарды. Сабағына ат-үсті қараған оқушыларға үй тапсырмасын сынып алдында орындауға тура келді. Қалғандары кеткен қателіктерді түзетіп жіберуге ғана апайдың рұқсатымен қатысып отырды.

Ендігі кезекте жаңа сабақтың тақырыбы түсіндірілді. Кітапта берілген пысықтау тапсырмалары орындалды. Есептер шығарылды. Дәурен тағы да тақтаға шығуға тырысты. Қолын қалай көтерсе де, апайының көзіне түспей-ақ қойды. Іштей: «Бүгін менің күнім емес екен», - деп шешті. Дегенмен, оның көңілі басқа бір нәрсеге алып-ұшып тұрған болатын.

Дәурен бірінші үзілісті іштей асыға күтті. Бар арманы үйден әкелген алтын сақаны достарына көрсету. Кешке кешкісін үйіне Жантас көкесі әкесінің туған күнімен құттықтап келген болатын. Су жаңа шетелдік көліктен түскен көкесі әкесімен төс қағыстырып амандасты. Мәшиненің екінші жағынан жолдасы мен екі ұлы түсті. Бергі есігінен секіріп түскен Әсемді әкесі айналып-толғанып көтеріп алды.

Жантас көкесі көтеріңкі көңілмен:  

Әділ ағам, туған күніңіз құты болсын! Әдейілеп құттықтап шығуды жөн көрдік. Бір қалада тұрған соң, көзбе-көз құттықтамаған ұят сияқты. Бұрын сіз ауылда тұрдыңыз. Мен қалада. Құдайға шүкір, қаладан жақсы үй бұйырып  көшіп келдіңіз.  Өзіңіздей ағам барда мен бақыттымын! Әкемнің орнына әке бола білдіңіз. Қолыңыздан келгенше қолдау көрсетіп келесіз.  Өзіңізге арнайы алған сыйлығым бар, - деді. Кері бұрылып, мәшинеден кішкентай қорапшаны алып шықты. Ашып еді, ішінен алтын жалатылған сақа шықты. Бір жағында Асылхан деген жазуы бар екен. «Әрқашан асығыңыз алшысынан түссін ағам!», - деп қолын қысты.

Інісінің шын жүректен көрсеткен сый-сияпатына риза болған әкесі:

Өзіңе де бар жақсылықты тілеймін! Ғұмырлы, бақытты бол, айналайын! – деді, ризашылық сезіммен.

Ағалы-інілі бауырлардың жас аралығы он бір жыл. Сосын да шығар, сыйластықтары да ерекше. Бір-бірін үнемі сыйлап жүреді. Қолдарынан келгенше көмекке дайын. Осы кезде үйдегілер де тысқа шығып, көліктің қасына барлығы үймелесіп қалған еді.

Арада біраз уақыт өткенде төргі бөлмеге ақ дастарқан жайылды. Екі жанұяның адамдары бала-шағаларымен үстел басына айнала отырды. Ортаға сүрленген жылқының еті келді. Шай құйылды. Үлкендер жағы ақ тілектерін айтты. Шайларын ішіп алған балалар жағы екінші бөлмеге жиналып, теледидардан мультфильм көрді.   

Түн ауа қонақтар үйлеріне тарасты. Дәурен ұйықтар алдында төрде жиналып тұрған қорапшадан алтын сақаны шығарды. Шынымен де көздің жауын алатындай дүние екен. Қайта орнына қоя алмай ұзақ қарады. Аяқ астынан оған бір ой келді. Асықты ертең сабаққа апарса қайтеді? Достарына көрсетіп, мақтанып қайтар еді. Сыныптастарының мұндай байлықты қолдарына ұстап көрмегеніне бек сенімді. Барлық оқушының өзін ортаға қоршап алып, алтын сақаға таңданып қарап тұрған мезеті көз алдына келе берді. Сиқыршының аса таяғын ұстап тұрғандай күшке ие болған сәтін ойша  елестетті. Мектепке бір күнге апарып келсем деген ойды жүзеге асыруға бел буды. «Кешкісін сабақтан келген бойда, ешкімге білдірмей орнына қоя салсам, ештеңе бола қоймас», - деп шешті. Сөйтті де, сап-сары сақаны қалтасына сүңгітті.

Бірінші сабақтың аяқталғанын дегбірі қашып күтіп отырғаны да содан еді. Сынып терезесінен қарама-қарсы тұрған күлгін түсті ғимараттың қабырғасындағы үлкен сағатқа қарады. Қоңырауға әлі бес минут бар. Ғасырдай көрінген сабақтың көбі артта қалыпты. Көңілі орнына түскендей болды. Шыдауға болатын сияқты...

Бір кезде көптен күткен қоңыраудың даусы естілді. Дәурен сөмкеден алтын сақаны шығарып алып, алдымен парталас көршісі Ержанға көрсетті. Жарқыраған алтынды көргенде көрішісінің көзі шарасынан шығып кетердей таң қалды. Қолына ұстаған күйі жоғары көтеріп:

Қараңдар, Дәуренде алтын сақа бар. Таза алтын! Мұндай сом алтынды тек мұражайдан ғана көруге болатын шығар! Ғажап, - деп айқайлады.

Алдыңғы партада отырған Шынар лезде Ержанның қолынан сақаны жұлып алды. Аударып-төңкеріп қарады. Бүкіл сыныптың оқушылары жиналып қалды. Шынар болса, староста екенін пайдаланып, өзгелерге ақыл айта өктем сөйледі:

Кезекпе-кезек тәртіп сақтап, шуламай қарайық! Әтпесе, қолымыздан түсіріп алуымыз мүмкін. Сындырып алармыз! Айтқан тілімді алмасаңдар, сақаны Дәуреннің сөмкесіне қайта салып қоямын. Ешбірің көрмейтін боласыңдар! Әсет, Сұңғат, кезекке тұрыңдар, -  деді, екпіндетіп.

Кезек Сұлтанға келген кезде қолындағы асықты жоғары көтеріп, ешкімге берместен ұзағырақ қарады. Ол сыныптастарына қарағанда бойы ұзын, әрі денелі. Сондықтан да қолындағы алтынды тартып алуға ешкімнің дәті бармады. Бір жағынан қолдары да жетпейді.  Сұлтан қайта-қайта: «Тамаша, тамаша» деп таңданды. Алшы жағында жазылып тұрған «Асылхан» деген жазуды да асықпай буынға бөліп оқыды. Сосын Дәуренге қарап:

Аяқ астынан біреу-міреу қолды қылатын болса, «Тайға таңба басқандай» етіп, әкеңнің есімін жазып қойыпты ғой. Қай жерде жоғалса да, шатастырып алмайтындай екен! Бір қарасаң, алақанға сыйып кеткенмен, бағасы өте қымбат сыйлық! Біздің үйде де осындай сом алтын тұрса ғой, шіркін! – деп, көзілдірігін көтеріп қойды.

Сыныптың бір бұрышында тәттіге құмар Алмас қана даурыққан топқа қосылмады. Көзілдірігін көтеріп қойып, өзінің сүйікті кәмпитін қылғытып отыр. Ол да Сұлтан сияқты көзілдірік тағатын. Босаған «Шырын» кәмпитінің қабықтарын әдетінше қалтасына салады. Кәмпит қабықтарына толы екі қалтасы күні бойы томпайып жүреді.        

Сақаны қызықтаушылардың кезегі Сұлтанмен аяқталды. Қолына ұстап, қызықтай алмай қалған балалар арманда қалды. Себебі, осы кезде екінші сабақтың басталғанына белгі берген қоңыраудың дауысы шыққан еді. Пән мұғалімі – Меруерт апай сыныпқа кіргенде оқушылар орындарынын жамырай түрегеліп амандасты. Ағылшын тілі пәні басталды. Ойлаған жоспары орындалған Дәурен тыныш қана отырып, сабаққа қатысты. Іштей өзіне риза. Себебі, алтын жалатылған асығы барлық сыныпқа қатты үнады. Тамсанған сыныптастарының бұрын мұндай байлықты көрмегендері дәлелденді. Оның да армандағаны осы еді.

Бірінші сабақтан бері қарай болған оқиғаларды басынан аяғына дейін ой елегінен өткізіп тұрған Дәуреннің қасына досы Балғабек келген бойда:

Досым, үнжорғаң түсіп кетіпті ғой. Не болды?.. Айтпақшы, жаңағы алтын сақаны көрейінші. Кезекте тұрып, қолға бір ұстап көруді армандап қалғандардың бірімін. Маған да ұстауға рұқсат берші, - деді.

Көңіл қошы болмай тұрған Дәурен болса, құлпы сынған есікті көрсетіп:

Жаңа дене шынықтыру сабағына кеткен кезде алтын сақамды сөмкеге салып, шкафқа қойып кеткенмін. Көрмейсің бе, құлпына не болғанын? Біреу біздің спорт залға кеткенімізді пайдаланыпты. Есік құлпын сындырған. Алтын сақамды қорапшасына салынып тұрған күйінде ұрлап әкетіпті. Енді кімнен көремін? Ата-анама не айтамын? Өзіме де сол керек... Алтын сақаны мектепке алып келмеуім керек еді. Міне, енді көрмейсің бе? Асығым қолды болды, - деп жыламсырады.

Мән-жайды енді түсінген Балғабек досына не айтарын білмей, желкесін қасыды. Жан-жаққа қарап еді, сыныптастары киімдерін ауыстырып болып қалыпты. Көбісі келесі сабақ өтетін сыныпқа кетіп те үлгеріпті. Жан-жағына барлап қараған Балғабек ашық тұрған есіктен дәліздің үстінде төменге төніп тұрған бейнекамераны байқады. Алтын сақаны табудың жолын тапқандай қуанып кетті. Жалма-жан Дәуреннің қолынан тартып, «Жүр кезекші апайға барып, камераны тексертейік. Қарашы, дәлізде осы бөлмеге кірген барлық жанды түсіріп тұрған бейнекамера орналасыпты. Соны тексертейік. Сабақ кезінде осы бөлмеге кім кірді екен? – деді қуана. Дәуреннің жанарында үміт оты пайда болды. Досына ілесе бөлмеден жүгіріп шықты.

Өздері құрпылас оқушылардың жүгіргені шамына тиген кезекші апай бір топ оқушыға:

Шулмаңдар! Жүгірмеңдер! Жайлап жүруге болмай ма, сендерге? Қайда асығасыңдар? Бәріне де үлгересіңдер, - деп ренжіп жатыр.

Жақындап келген екеуін көріп:

Сыныптарың қайда? Адасып жүргеннен саусыңдар ма? Барыңдар сыныптарыңа! Қазір үш минуттан кейін қоңырау соғылады, -  деді. 

Балғабек апайдың қасына жақындап:

Апай,  сізге бір өтінішіміз бар, - деп бастап еді, үнемі ашулы жүретін апай ештеңенің мән-жайына бармастан:

- Тақта сүртуге арналған сүрткіш те, жазуға арналған бор да жоқ! Осылар қайтеді, ей. Бір нәрсе іздесе болғаны маған жетіп келеді. Таңертең бәрі болған. Өздерің сияқты оқушылар келіп, сұрап алды. Үлгермей қалдыңдар, -  деп дүрсе қоя берді.

Балғабек болса, апайдың сөйлеп болғанын күтті. Артынша:

- Апай, кешіріңіз.  Біздің өтінішіміз мүлдем басқа. Дәуреннің бағалы заты киім ауыстыратын бөлмеде қолды болды. Соны табу үшін камераны тексеру керек болып тұр. Сіздің компьтеріңізде сақталған жазбаны қарап шықсақ деп едік. Соңғы сағатта аталған бөлмеге кімдердің кіргенін анықтау керек болып тұр, - деді жалынышты үнмен.  

Балғынбектің өтінішін соңына дейін әрең тыңдаған кезекші апай бастырмалата жөнелді:

- Бағалы зат дейді ғой. Есі дұрыс адам қымбат тұратын нәрсені көпшілік жерге әкеле ме? Қызыққан адам, аңдып жүріп ұрлап алған шығар? Енді оны табу да оңайға соқпас. Мектепке күрделі жөндеу жұмысы жасалғаннан бері кейбір камералар әлі іске қосылған жоқ. Соның қатарында сен айтып тұрған камера да бар. Қандай кеңес берерімді де білмеймін. Бұйырған нәрсе болса, табылып қалар. Барыңдар, сабақтарыңа барыңдар! – деді. Қоңырау соғуға даярланып жатып.

Еңселері түскен екі дос екінші қабатқа көтерілді. Ұзын дәлізбен жүріп келе жатып, Дәурен:      

- Мен үлкен қателік жібердім. Ата-анамның рұқсатынсыз алтын сақаны мектепке әкелдім. Барлығыңа көрсетіп, бекер мақтандым. Қызыққан біреудің жымқырып кеткені анық. Мен енді оны қалай анықтаймын. Із кесушілік қабілетім жоқ, - деді даусы дірілдеп.

Осы кезде Балғынбек:

- Маған бір ой келді. Жаңа біз кезекші апайдан киім ауыстыруға арналған бөлмеге кімдер кірді деп неге сұрамадық? Бөлмеміз кезекші отыратын жерден алыста емес қой. Мүмкін кірген жандарды байқаған шығар. Орыс тілі апайы – Юля Михайловна жақсы апай ғой. Екеуміз жоғалған сақаны іздеп, сабағына қатыспасақ ренжімейді деп ойлаймын. Артынан түсіндіріп айтып берерміз. Ол өте мейірімді жан, - деді. Дәурен бірден келісті.

Екеуі тездете басып, кезекші апайға қайта келді. Сабақ басталғанан кейін дәліздегі шулаған оқушылардың дауыстары да сап тыйылған. Апайдың да қабағы ашылыпты. Орындығында үнсіз ғана ойға батып отыр. Арасында күрең шайды мәмпәсимен сораптап қояды.

Дәурен:

 Апай, сізге үлкен үміт артып қайта келдік. Жаңағы айтқан бағалы затты іздеп жүрміз. Сіздің бір көмегіңіз керек еді. Есіңізге түсіріп, айтып жібересіз бе? Бізге дене шынықтыру сабағы болған кезде, киіну бөлмесіне біреу-міреу кірді ме? Мүмкін өтіп бара жатқанын байқаған шығарсыз? – деді.

Кезекші апай сәл үнсіздіктен кейін:

- Иә, есіме түсті. Қара сөмке арқалаған бір бала жүгіріп барып киіну бөлмесіне кірді. Жүрісі суыт болатын. Арада он минуттай уақыт өткен кезде тездетіп шықты да жоқ болды. Спорт залға қарай жүгіріп кеткен. Иә, иә... алтыншы «Ә» сыныбының балаларының бірі еді. Дегенмен, кім екенін дәл тауып айта алмаймын, - деп сөзін жалғастыра беріп еді, ту сыртынан шыққан «Апай» деген сөзден іркіліп қалды. Жоғары сыныпта оқитын оқушылардың бірі келіп, сыныбының кілтін тапсырып тұр екен. Тазалық жұмыстарын жасаған болуы керек. Қолында шелегі мен сүрткіші бар. Кезекші апай, көзін сығырайта қарап, кілтті ұяшықтардың біріне іле салды.

Осы кезде Балғынбек сұрақты қайта жалғады:

Есіңізге түсіріп жібересіз бе? Түрі қандай еді? Үстіне не киген? Есіңізге түсіріңізші? Өтініш...

Кезекші апай сөзін жалғастырды:

- Жүрісі шапшаң болатын. Ол шығып бара жатқан кезде мен журнал толтырып отырған едім. Қазір есіме түсірейін. Қандай ерекше белгісі бар еді?.. Ә, енді есіме түсті! Оның көзілдірігі болатын! Иә, көзілдірікті бала!  

Үлкен кісінің берген сипатынан Дәуреннің күдігі Сұлтанға ауды. Сыныптастарының ішінде алтын сақаны қолына ұстап, ұзақ тамашалаған да сол болатын.

Дәурен:

- Балғынбек, менше ұрлық жасаған Сұлтан сияқты. Есіңде ме, ол сақаны ұстап алып,  «Тамаша, тамаша», - деп ұзақ тамсанып еді ғой. Артынша, «Аяқ астынан біреу-міреу қолды қылатын болса, «Тайға таңба басқандай» етіп, әкеңнің есімін жазып қойыпты ғой. Қай жерде жоғалса да, шатастырып алмайтындай екен!», - деп айтқан сөзі есіңде ме? Көрдің бе? Сол кезде-ақ ол қара ниетін іске асырғысы келген сияқты, - деді.

Сол кезде Балғынбек:

- Дұрыс айтсың! Оның үстіне Сұлтан  дене тәрбиесінде біз футбол ойнап жүрген кезде шөлдегенін сылтауратып, ағайдан сыныпқа барып келуге сұранып еді ғой. Көрдің бе?! Сұлтан, су ішуге кеткен сыңай танытып, арам ойын іске асырған болуы керек. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып тұр.  Не да болса, ұрлық жасаған сол сияқты...

Дәурен:

- Біздің қателесуіміз де мүмкін. Сол сабақтағы әр минутты дұрыстап еске алайықшы. Ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Айтпақшы, су ішуге сұранғанда ол жалғыз болған жоқ. Қасында тағы біреу болатын. Иә, сыныпқа Мақсат екеуі бірге кеткен еді ғой. Арада он-он бес минут уақыт өткен кезде екеуі бірге жүгіріп келіп, футбол ойнына қайта араласқаны есімде.

Жүрші, Балғынбек, киім ауыстыруға арналған бөлмеге барып, айналаны тағы бір асықпай қарап шығайықшы. Сол қолапайсыз Сұлтан асығып жүргенде сол жерге бір нәрсесін ұмытып кетуі де мүмкін ғой. Мүмкін, бір затын сол жерге түсіріп алған шығар? Егер ойлағанымыздай заттай дәлел тауып алсақ, алтын сақаны Сұлтанның  ұрлағанын бұлтартпай сендірер едік.

Балғынбек бөлмеге кірген бойда, электр шамын шақты. Екеуі жақын арада ұрлықшының ізін ашар бір дәлелді зат тауып алардай айнала шолып жүр. Көптен бері қозғалмаған кейбір шкафтарды да орнынан қозғады. Дәлелді ештеңе табылар емес. Дәурен бұрышта тұрған үстелдің де тартпаларын суырып қарады. Орындықтардың астыңғы жақтарын да еңкейіп қарап шықты. Іс-әрекеттерінің барлығы құр талпынысқа айналғандай көрінді. Жаңа ғана ұрлықшының ізіне түсер бір ұшықтың шығатынына сенім артқан үміттері өше бастады.

Амалы таусылған Балғынбек Дәуреннің шкафына қайта айналып келді. Сынық құлпына зер сала қарап тұрды да есігін ашты. Ішкі жағына үңіліп, асықпай тексере бастады. Бір уақытта аяқ киім салып қоятын тартпасын суырды. Ілік боларлық ештеңе табылмады. Тағы бір дұрыстап қарауға бел буған ол аяқ киім суырмасының арғы жағынан кішкентай «Шырын» кәмпитінің орамасын тауып алды. Қолына алып бір қарады да, жақын жерге лақтыра салды. Сөйтті де, «Шырын» кәмпитін сыныптасы Алмастың жақсы көретіні есіне сап ете түсті. Ал дәл сол кәмпит орамасының Дәуреннің шкафынан табылғанына таң қалды.

- Дәурен, - деді Балғынбек. Сенің алтын сақаңды кім ұрлағанын мен тапқан сияқтымын. Оны жасаған Сұлтан емес. Біз шатасыппыз, досым. Мұндай әдепсіз әрекетке барған – Алмас! Міне, оның ұрлыққа барғанына  оның жақсы көріп жейтін Шырын кәмпитінің қағазы дәлел! Алмас та көзілдірік тағады ғой. Оның үстіне оның футбол кезінде  ағайдан сұранып, көзілдіріктің  сүрткішін алып келу үшін сыныпқа кеткені есіме түсті. Жүр, сыныпқа барып, өзгелердің көзінше оның масқарасын шығарайық. Теріс әрекетін әшкерлейік! – деді ашуға булығып.

Күтпеген жаңалыққа таң қалған Дәурен біразға дейін үн-түнсіз қалды. Сосын барып шешімін айтты:

Ойың, жүз пайыз шындыққа жанасып тұр. Кәмпиттің орамасы Алмастың теріс әрекетіне дәлел. Қалай болғанда да сыныптасымды жамандыққа қия алмай тұрмын. Десек те айғақтың барлығы, кәмпитттің орамасы, дене шынықтыру сабағы кезінде сұранған деректерінің барлығы алтын сақаны ұрлаған жанның Алмас екенін дәледеп тұр.  Балғынбек, дей тұрғанмен біз әбестік жасамайық. Ұрлап алған затын сөмкесіне салып қойған шығар. Қайда апарып тастады дейсің?! Сабақ біткенше ештеңе білмеген жандай болып жүре берейік. Үйге қайтқан кезде, бір өзін оңашаға шығарып алып, сөйлессек те болар. Қалай ойлайсың? – деді.

Балғынбек:

Жақсы сенің ойың да дұрыс шығар. Қолды болған алтын сенікі? Шешімді өзің қабылда, - деп бірден келісті.

Соңғы сабақ та аяқталды. Қоңырау соғылысымен оқушылар сабақ-құралдарын жинап, үйлеріне кетуге дайындалды.  Дәурен мен Балғынбектің  екі көзі Алмаста. Қалай да оны оңашалап алу. Балғынбек көп ойланбады. Өзге оқушылармен бірге сыныптан шығып бара жатқан Алмасты арқалаған сөмкесінен ұстап алып, кері тартты.  Сол сәтте Дәурен де жандарына жетіп келді. Екі сыныптасының сұсты жанарынан қаймыққан Алмас үндеместен ырықтарына көніп, сыныпқа қайта кірді.  

Салы суға кеткен Алмас тұнжыраған күйі сыныптастарына кезек-кезек қарайды. Сыныпта үшеуі ғана. Қалған балалар сыныптан шығып үлгерген еді.

Алмас бұлардың өзін не үшін топтан бөліп алғанын бірден түсінді. Сот алдында тұрған адамдай даусы дірілдеп, ешқандай сұрақ қоймастан сөйлей бастады:

-       Дәурен, кешір! Бұрын-соңды осындай алтын сақаны көрмеп едім. Қызығып кеттім. Бір күн болса да, ұстап көрмекші едім. Шын айтамын! Егер сенен бір күнге сұрасам, бермейтінің белгілі ғой. Сосын уақытша ұрлап ала тұруды жөн көрдім. Ертеңгі дене шынықтыру сабағында құлпы сынып, ашық тұрған шкафтағы сөмкеңе сала қоямын деп ойладым. Менде одан басқа бөтен ой болған жоқ! Менің ұрлығым туралы ешкімге тіс жарып айтпаңыздаршы, өтініш! Қателік жасағанымды түсініп тұрмын, - деп жалынды. Сөмкесінің артқы бөлігінен қорапқа салынған алтын сақаны алып, үстелдің үстіне қойды.  

- Міне, сақаң осында, ешқайда беріп жіберген жоқпын. Сынған құлыпты ертең өзім жасап беремін, - деді.

Осы сәтте, Дәуреннің ойына әдебиет сабағында өткен «Алтын көрсе, періште  жолдан таяды» деген мақал орала берді. Себебі, ол да ата-анасының рұқсатынсыз алтын сақаны мектепке алып келген еді. Алмас та алтынның жылтырағына қызығып, бір күнге үйге алып кетпекші болыпты.

Бір шешімге келген Дәурен Алмастың қолын алып:

- Кешірдім! Мен де сен сияқты ұяттан аттап, ата-анамның рұқсатынсыз алтын сақаны мектепке әкелген едім. Мен бұдан былай үлкендердің рұқсатынсыз бағалы затты ешқайда апаруға болмайтынын білсем, сен бұдан былай біреудің қолындағы бағалы затқа қызығуға болмайтынын түсіндің! Екеуміздің бұл қылығымыз жұрттың алдында жария болатын болса, екеуміз де ұяттан жерге кіріп кетер жағдайдамыз. Абырой болғанда, алтын сақа табылды. Кешке апарып, орнына салып қоямын, - деді, салмақты оймен.

Өзара күліскен үш дос сыныптан көтеріңкі көңіл-күймен шықты.