Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Асықтарым
218
оқылды

Бүркеншік аты: BB

 

Асықтарым

 

Қолымдағы ала қоржын,

Әжем тіккен бала қоржын.

Ішіндегі көп асыққа,

Жанарымды қадап үздім.

 

Оңқай асық жолға сын,

Солақайы жолдасым.

Құлжасы бар арқардың,

Атам құйған қорғасын.

 

Сақам сойқан ең ірі,

Шүкімайтым жеңілі.

Жабайт – елік  асығы,

Алыс ұшпас өмірі.

 

Топайымды елейді ер,

Қолқар беріп жебейді ел.

Биқасап пен жабайым,

Көп қызыққа бөлей бер.

Көктабаным көк сүңгі,

Үштабанда мерей бер.

Әрбіреуі жеке ноян,

Қалғандары кенейлер.

 

Бүк түскені қаршығам,

Шік жатқаны қаңсыған.

Оңқы, шоңқы тигені,

Ауыр болар қамшыдан.

 

Сақа-ірі асық

Шүкімайт-қозы мен лақтың асығы

Жабайт — еліктің асығы

Топай – сиыр асығы

Қолқар – арқардың асығы

Биқасап – жылқының асығы

Жабай – ірі асық

Көктабан – қорғасын құйылған ауыр асық

Үштабан – асық ойыны

Кеней – көпшілік ойнауға арналған асық

 

Жеті қазына

Ер жігіт – елдің қорғаны,

Сұлу ару зор бағы.

Өрбіген ұрпақ тәлімді,

Халқының болған орманы.

 

Ілім-білім бағамды,

Өсіреді бағаңды.

Біліммен ғана танисың,

Он сегіз мың ғаламды.

 

Жүйрік ат – ердің қанаты,

Салтанаты, санаты.

Құмай тазы – серігі,

Жанының асыл жанаты.

 

Берен мылтық қолында,

Қыран бүркіт жолында,

Олжадан құр қалдырмас,

Ұпайы түгел тобында.

 

Бес қару

Ойлап ел мен от қамын,

Бабам кірген топқа мың.

Қорамсаққа  мол салған,

Қозыжаурын оқтарын.

Бес қаруды сайланып,

Өшірген жаудың оттарын.

 

Найзамен жауын түйреген,

Шоқпары тисе күйреген.

Садақтан ұшып жебесі,

Дұшпандары сиреген.

Айбалтасы айбыны,

Сәті жоқ дөп тимеген.

Қыннан шықса қылышы,

Жауы жоқ басын имеген.

Бес қарумен бабамыз,

Жердің жүзін билеген.

 

Төрт түліктің бабасы

Шопан ата – отардағы,

Қойды баққан қотандағы.

 

Сиыр атасы – Зеңгі баба,

Табынында теңбіл қара.

 

Жылқы атасын - Қамбар деген,

Төрт түлікте заңғар берен.

 

Түйе атасы – Ойсыл қара,

Төрт түлікте бойшыл дара.

Әр түліктің бабасы бар,

Шығарма естен ойшыл бала.

 

Санамақ

Бір дегенім – білім,

Білімсіз жоқ күнің.

 

Екі дегенім – елім,

Туып-өскен белім.

 

Үш дегенім – ұлтым,

Салт-дәстүр мен ғұрпым.

 

Төрт дегенім – таулар,

Баурайы бақ, баулар.

 

Бес дегенім – бауыр,

Атамекен ауыл.

 

Алты дегенім – көлдер,

Қырат, белес, белдер.

 

Жеті дегенім –жерім,

Қазба байлық кенім.

 

Сегіз дегенім – салтым,

Қара ормандай халқым.

 

Тоғыз дегенім – туым,

Елдің нәрі суым.

 

Он дегенім – Отан,

Есіңде ұста ботам.

 

Қамшы

Дырау қамшы, жол қамшы,

Ықшамдау келген қол қамшы.

Үрейін алып үркітіп,

Шайтанды қуған сол қамшы.

 

Сүндет қамшы, соп қамшы,

Үйір қамшы, топ қамшы.

Теріңе тисе «күйдіріп»,

Қуыратын шоқ қамшы.

 

Бүлдіргелі дойырым,

Сабына салған мойылын.

Өгізді естен тандырар,

Өзегі қатты «сойылым».

 

Бөріктей соққан бөріні,

Жыланбауыр өрімі.

Бұзаутістен келіпті,

Талай жаудың өлімі.

 

Таңдап күрең,  қоңыр-ды,

Сайлаған сапқа тобылғы,

Сілтенгені сес болып,

Тарқатқан тентек тобырды.

 

Анықтап беріп жол басын,

Жүйткіткен жүрдек жорғасын.

Жауыңды жайпап кетеді,

Басына құйған қорғасын.

 

Жанының болған дәруі,

Қамшылы елдің әр руы.

Қадымнан жүрген қатарлас,

Қазақтың қамшы қаруы.

 

Жылқының жасы

Мектептен келіп бір күні,

Доғарып ойын-күлкіні.

Зерттеймін деп бекінді,

Желдей жүйрік жылқыны.

 

Атасы айтқан өлеңдер,

Оқыса ойы тереңдер.

Жылқы баққан атасы,

Көп білетін кемеңгер.

 

Атаға тілі өтімді,

Қайтармайды бетіңді.

Жылқы жайлы деректі,

Білмекке содан бекінді.

 

Жауабы жоқ сұрағы,

Көкейде сайрап тұрады.

– Жылқы жасын сатылап,

Айтыңызшы, – деп сұрады.

 

Сонда ақсақал ойланбай,

Төбесін ұстап толғанбай,

– Асылзада түлікті,

Білмегенің, бұл қалай?!

 

Жылқы – малдың төресі,

Бәрінен биік өресі.

Жүйрік мінсе шаттанып,

Биіктер ердің белесі.

 

Жылқы болса талабың,

Қуандым саған, жарадың.

Биенің төлін алты айдай,

Құлын дейді қарағым.

 

Алты айдан соң жабағы,

Ойқастап, мөңкіп шабады.

Екі жылда тай болып,

Мінуге де жарады.

 

Құнан дейді үш жаста,

Өзгерер өңі, түс басқа.

Тұяғы тастай бекиді,

Ойқастай шауып мұз, таста.

 

Төрт жасқа толған дөненін,

Баптап мінер өренім.

Бестіге шығар бес жаста,

Белі мықты беренім.

Айтқанымды қабыл қыл,

 

Бәр нәрсені ұғып ал,

Жылқы баққанның жаны жыр.

Жылқы менен қазақтың,

Рухы менен жаны бір.

 

Он екі ай

Суға толған жылғасы,

Гүл-бәйшешек сырласы.

Күн менен түн теңелген,

Наурыз - көктем жыл басы.

 

Ұзынсары сәуірі,

Айлардың ең тәуірі.

Қысқы жүктен құтылған,

Төрт түліктің жауыры.

 

Құстар келіп сағынған,

Су бетінен табылған.

Мамырда жер гүл жайнап,

Жасыл кілем жамылған.

 

Маусым айы шуақты,

Арттырған күш-қуатты.

Дайындайды ата-әжем,

Құрт-майы мен шұбатты.

 

Шілде айы болғанда,

Аптап ыстық бар маңда.

Жидек теріп қайтамыз,

Анамызбен орманда.

 

Тамыз еңбек маусымы,

Қалыңдаған таң шығы.

Сабасына түседі,

Көлдер түгіл тау суы.

 

Қыркүйекте шарқ ұрып,

Қымыз іштім сапырып.

Қоңырауы мектептің,

Сыңғырлайды шақырып.

 

Құстар қайтар қазанда,

Оңтүстікті ап назарға.

Үй ауласын жинаймыз,

Тұрып алып азанда.

 

Қарашадан қысты ойлап,

Отын-көмір қамдаймыз.

Қанша суық болса да,

Сабақтардан қалмаймыз.

 

Айналаны қар басты,

Із қалдырып аң қашты.

Желі өткір желтоқсан,

Қыстың айы алғашқы.

 

Сайлататын шананы,

Қаңтар айы бағалы.

Ұлпа қардың үстінде,

Сырғанаймыз шамалы.

 

Қырау қатқан жалтырап,

Ағаштар да қалтырап.

Аязы бар ақпанның,

Ауасы да салқын-ақ.

 

Өзіндік бар сырлары,

Күйі менен жырлары.

Баласындай бір үйдің,

Он екі ай жылдағы.

 

Жылқышы ата

Елестетіп ескіні,

Үйір  деп өткен бес күні.

Көз алдымнан кетпейді,

Жылқышы атам кескіні.

 

Астындағы айғыры,

Арқыраған айбыны. 

Танауынан бу бүрккен,

Сенімді серік, байлығы.

 

Төрт сай тымақ басында,

Тазы иті қасында.

Ат үстінде ұйықтайтын,

Қарамай боран, жасынға.

 

Қырау басқан тұлыбы,

Даланың дара «ұлығы».

Қанжығада жүретін,

Байлаулы торсық, құрығы.

 

Беліне белдік буынған,

Қынынан кездік суырған.

Аяғында саптама,

Қонышы терге жуылған.

 

Ұйыған оған бар кісі,

Тулаған бойда әл-күші.

Білезігінен түспейді,

Бүлдіргелі қамшысы.

 

Асауменен алысқан,

Құлақта қолы қарысқан.

Қысырақтың жалына,

Сілеусіндей жабысқан.

 

Қолына түссе қыл арқан,

Құрығын сайлап, қылар қам.

Көрген сайын атамды,

Жылқышы болуға құмартам.

 

Наурызкөже 

Жаныңа жақын жалпыңның,

Бағасы жетпес алтынның.

Наурыз көже, бауырсақ,

Төл асы қазақ халқымның.

 

Наурыз көже – ән-дастан,

Тең келмес шырын бал қосқан.

Береке, тоқтық белгісі,

Бабадан бізге жалғасқан.

 

Жирен тай

Жирен тайым бағалым,

Жем-су беріп бағамын.

Желдей ескен жүйрігім,

Мініп алып шабамын.

 

Тауларға да барамын,

Бауларға да барамын.

Жалын күзеп, тараймын,

Қолдай түспей тарағым.

 

Жирен қасқа жабағым,

Мүшелері салалы.

Бәйге алдын бермейтін,

Ұшқыр тұлпар болады.

 

Көктем

Көктем келіп ауылға,

Қыр мен тоғай жайнады.

Шаттық сыйлап қауымға,

Бақта бұл-бұл сайрады.

 

Ұшып-қонды жар салып,

Сары бауыр шымшығым.

Күн нұрына тамсанып,

Талдар жарды бүршігін.

 

Түлеп, жаңа өң кірді,

Тұрқы бөлек тайдың да.

Мұз ойылып, сең жүрді,

Қыста қатқан айдында.

 

Қыс

Тоңдырған даланы,

Тоңдырған қаланы,

Бар оның ызғарлы,

Ақтүтек бораны.

 

Мұз қатқан мұртына,

Қар толған ұртына,

Сурет сап кетеді.

Терезе сыртына.

 

Аязы үскірік,

Жел соқса ысқырып.

Тауды да тоңдырған,

Бұл неткен күштілік.

 

Боранда әй, бала,

Шанаңды сайлама.

Тілін ал анаңның,

Далада ойнама.

 

Болмасын соғыс

Болмасын соғыс, болмасын,

Бейбіт күн елге орнасын.

Әлемнің барлық ұл-қызы,

Тыныштық әнін толғасын.

 

Болмасын соғыс, болмасын,

Әулеттер тапсын жалғасын.

Жетім қалып балалар,

Жанары жасқа толмасын.

 

Ақ күшік

Шапқылаған ақ күшік,

Еркелеуін қоймайды.

Таңнан тұрып сақ күшік,

Допты қуып ойнайды.

 

Достарымды біледі,

Бөтендерге үреді,

Аяғыма оралып,

Бірге еріп жүреді.

 

Әжем

Еркешім деп мақтайды,

Тәтті құртын сақтайды.

Айран ұйтып біз үшін,

Түнде кірпік қақпайды.

 

Пісіреді бауырсақ,

Дастарханға барын сап.

Сүт береді бал қосып,

Суық тиіп ауырсақ.

 

Аманатын ақтаймыз,

Шаруасын баптаймыз.

Әлемнің еш жерінен,

Мұндай әже таппаймыз.

 

Менің атам

Менің атам ауылда,

Жақсы таныс қауымға.

Каникулда барғанда,

Апарады қауынға.

 

Қамшыдағы өреді,

Дәмді дақыл егеді.

Шаршамайтын шалдығып,

Шаруаның шебері.

 

Домбыра да шертеді,

Ұзын жолға ертеді.

Ұйықтар кезде қызықты,

Айтып беред ертегі.

 

Бес саусақ

Бас бармағым – қолбасшым,

Балан үйрек – жолбасшым.

Ортан терек - батырым,

Шылдыр шүмек – ақыным.

Кішкене бөбек бәрінің,

Тыңдап өскен ақылын.

 

Бұл бесеуі жұмылса,

Сындырады жау сағын.

Ажырамас серіктр,

Қолдағы бес саусағым.


Ақ мамам

Асыл анам, ақ мамам,

Атыңды айтып мақтанам.

Ақылыңды тыңдаймын,

Бірге күліп шаттанам.

 

Ермексазды илеткен,

Қара жорға билеткен.

Асыл анам, ақ мамам,

Ән мен тақпақ үйреткен,

 

Ісінде бар береке,

Сөзінде жоқ келеке.

Бірге өткізген анаммен,

Әрбір күнім мереке.

 

Жеңіс

Болмасын соғыс,

Жайнасын қоныс.

Елім деп ерлер,

Өтесін борыш,

 

Көбейсін бақтар,

Тамаша шақтар.

Алмасын ана,

Қаралы хаттар.

 

Жасасын жеңіс,

Гүлдесін жеміс.

Әлемде бар ел,

Қуансын тегіс.

 

Ана

Анадан асқан жан бар ма?

Анадан туған хандар да.

Құс ұшып жете алмайтын,

Анадан төмен заңғар да.

 

Жаққан да сол шамыңды,

Ашқан да сол бағыңды.

Таңсәріден сұрайтын,

Түннен тұрған халіңді.

Бас имеген патшалар,

Анаға ғана табынды.