Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Драматургия» номинациясы: Өмір вальсі
208
оқылды

Бүркеншік аты: Ай қызы

 

ӨМІР ВАЛЬСІ

жиырма көріністі пьеса

 

Қатысушылар:

БАСТЫ КЕЙІПКЕРЛЕР:

Қыз (Асыл)

Жігіт (Омар)

 

ҚОСАЛҚЫ КЕЙІПКЕРЛЕР:

Такси жүгізушісі - орта жастағы ер адам.

Сатушы - орта жастағы әйел адам.

Даяршылар – барда, кофейня жұмыс істейтін, жас жігіттер.

Жігіттер - бардың қонақтары, әртүрлі жастағы бір топ адам.

Жүргізуші - бардағы кештердің жүргізушісі, жас жігіт.

 

Бірінші көрініс

Қарапайым жатын бөлме. Ортасында төсек, қасында шағын тумба бар. Бөлме іші тыныш, жарық әлі толық түспеген. Қара шашты, ұзын бойлы, жас аққұба жігіт төсекте ұйықтап жатыр.

Жігіт көзін жаймен ашып, төсек қасында тұрған телефонын іздеп, қолын созады. Телефонды тауып алып, экранға қарайды.

Жігіт (күбірлеп). Алтыдан алты кетті…

Ол басын көтеріп, шағын тумбаның үстіндегі қалта блокнотты алып, ашады. Қаламды қолына алып, блокнотқа бірдеңе жаза бастайды.

Жігіт (жазып жатып, күбірлеп оқиды). "Бүгінгі түс: Кеш. Көпір үстінде тұрмын. Төменде көліктер ағылып жатыр. Темекі тұтаттым. Біреуді күтіп тұрғандаймын..."

Жігіт блокнотты жауып, орнынан асықпай тұрып, киімін киеді. Сосын терезені ашып, аспанға қарайды.

Жігіт (көзін көкжиекке қадап, төмен дауыспен). Тағы бір таң... 

Жігіт терезе алдында тұрған темекіні алып, біреуін тұтатады.

Жігіт (сәл кідіріп). Сосын көздер. Қап-қара, тұп-тұнық көздер...

 

Екінші көрініс

Такси іші. Артқы орындықта қара-қоңыр қысқа шашты, талдырмаш мүсінді қыз отыр. Радиода Лолитаның “На Титанике” әні қосулы. Жүргізуші әннің дауысын азайтып, қызға қарайды.

Такси жүргізушісі (басын сәл артқа бұрып). Көктем, ә? Қыдырып жүрсіз бе? 

Қыз (ойлана). Мхм. 

Такси жүргізушісі. Дұрыс. Қыдыратын күн ғой таза... Мұрат есімім. Сіз кім боласыз? 

Қыз (сәл кідіріп). Жамал. 

Такси жүргізушісі. Жасыңыз нешеде? 

Қыз. Он сегіз. 

Такси жүргізушісі. Студент шығарсыз, иә? Қайда оқисыз? 

Қыз. Казгу. Журфакқа түстім биыл. 

Такси жүргізушісі. Е, журналистпін деңіз... Темекі шексем, қарсы емессіз бе? Сіз шекпейтін шығарсыз. 

Қыз (салқын түрде). Мхм. 

Жігіт терезені ашып, темекісін тұтатады. Қыз терезеге телміреді. Жүзінде суықтық пен беймаралдық байқалады.

Үнсіздік. Қыз таксиден түсіп, дүкенге кіреді. Сауда сөресінің арғы жағында сатушы әйел тұр.

Қыз. Эссенің көгі. Капсуламен. 

Сатушы әйел. Жиырма бір бар ма? 

Қыз. Иә. 

Қыз сөмкесінен жеке куәлігін алып, сатушыға көрсетеді. Сатушы оны бір шолып шығып, темекіні береді.

 

Үшінші көрініс

Қыз үйге кіріп, төсекке жата кетеді. Сәлден соң қалтасынан қағаз шығарып, оқи бастайды.

Қыз. Мен әрқашан өзіме көп кішкентай өмірлер сүретін секілді көрінетінмін. Әртүрлі кішкентай өмірлер. Ол өмірлердің сыртқы әлеммен жанасатын тұсы – көбіне такси ішіндегі сәттерде еді. Таксисттің аты-жөніңді, жасыңды, оқу орныңды, отбасың мен саяси көзқарасыңды сұрайтын сәттерінде... 

Қыз орнынан тұрып, шкафқа жақындап, киімдерін ақтарып қарай бастайды.

Қыз. Мұндай кездерде мен әдетте кішкентай өмірлерімнің бірін таңдап, бір мезетте есімім Жамал немесе Дина болатын. Жасым он сегізде немесе жиырма бесте. 

Қыз гүлді көйлекті үстіне жақындатып, айнаға қарап тұрады.

Қыз. Бұл – Жамал. 

Ол көйлекті орнына іліп, сарғыш-қоңыр пиджакты алып шығып, киіп көреді.

Қыз. Бұл – Дина. 

Пиджакты шешіп, орнына іледі. Төсегіне қайта отырып, қағазын қолына алады.

Қыз. Казгудегі журналистика факультетіне биыл түскен Оралдың қызы немесе жақында ғана тұрмыс құрған жұмыссыз қыз... Қытайларға жеккөрінішпен қарайтын ұлтшыл немесе шала қазақша сөйлейтін орыстілді жасөспірім... Бұл рөлдерді ойнай алатыным сонша, кейде өзім де сеніп қалатынмын. Қысқасы, өз өтірігіме өзім алданатынмын таксиден түскенше... 

Қыз кідіріп, кішкентай үстелдегі стаканнан су ішеді.

Қыз. Мұның бәрін мамандығыммен байланыстыратынмын. Кейіпкер құрастыру – үйреншікті дүние. Ал оған дейін ше? Кішкентай кезімде анамның қуыршақтарына есім беріп, өмірлерін құрастыруды ұнататынмын. Достары мен жаулары, үйлері мен жұмыстары болатын олардың...

 

Төртінші көрініс

Іші күңгірт бар. Есік ақырын ашылып, ішке жігіт (Омар) кіреді. Сахнаның ортасындағы түкпір бұрышта сыра ішіп отырған топ жігіттің шуы естіледі. Жігіт екі кісілік үстелге жақындап, жайғасады. Даяршының келуімен ол мәзірден өзіне керек нәрсені нұсқайды. Даяршы үнсіз басын изейді.

Жігіт шулап отырған бір топ жігіттердің үстеліне қарайды. Үлкен үстел үстінде “Светлое Жигулевское” сырасы құйылған кружкалар, арғы жағындағы теледидарда футбол матчі қосулы тұр.

Жігіт жан-жағына қарап, қабырғаларға ілінген суреттерге көз тастайды. Қою қызғылт қабырғаларда ілінген бес суретке біртіндеп қарайды. Ол Бродский мен Боб Диланның портреттерін көріп, күлімсірей басын изейді. Үшінші суреттегі әйелге ұзақ қарап, есіне түсіре алмағандай қабағын түйеді. Соңғы екі суретте Эйфель мұнарасы мен көпір бейнеленген.

Даяршы жігіт келіп, үстелге бір стакан Jameson вискиін, 0,5 литрлік кола және мұз салынған кішкентай ыдыс қояды.

Даяршы. Ваш Jameson.

Жігіт ыдыстан екі түйір мұзды алып, стаканға салады. Үстіне кола құйып, жаймен ұрттайды.

Жігіттер отырған жақтан гуілдеген дауыстар шығады.

Жігіттер. Гооол! 

Сыра қағысқан дыбыстар естіледі. Жігіт вискиден тағы бір ұрттап, теледидардағы матчқа көз тастайды. Осы кезде фоннан “Just the Two of Us” әні естіле бастайды. Жігіт ән сөздерін ішінен күбірлеп, ернін жыбырлата қосылып отырады.

Ол көзімен бардың терезе түбіндегі үстелге жайғасқан қызды (Асыл) аңғарады. Қыз қара пальтосын шешіп, ілгішке іліп қояды. Үстінде қызыл жібек көйлек бар. Даяршы оған мәзір әкеледі.

Қыз иығына дейін жететін қара-қоңыр шашын қолымен тарап, мәзірді парақтай бастайды. Ол ыңғайланып, үнсіз мәзірдегі тағамды саусағымен нұсқайды. Жігіт асықпай оның әр қимылына назар аудара қарап отыр.

Көп ұзамай даяршы қызға бір бокал қызыл шарап әкеледі. Қыз бокалды қолына алып, жаймен ұрттайды. Жігіт стаканын қолына алып, вискиді бір деммен тауысады. Ол стаканды үстелге екпінмен қояды.

Жігіт (нық үнмен). Кешіріңіз! Счет. 

Даяршы есепті әкеліп, үстелге қояды. Жігіт төлем жасап, асықпай орнынан тұрады. Қыз отырған үстелге бір көз тастап, сәл бөгеледі де, сыртқа шығып кетеді.

Сахнаға қолына микрофон ұстаған Жүргізуші шығады.

Жүргізуші. Бүгінгі кешімізге келгендеріңізге рақмет! Бүгін көптен күткен поэзия кеші. Кез-келген жан ашық микрофонда өз өлеңін оқи алады. Өз шығармасын оқығысы келетіндер бар ма?

Қыз қолын көтереді.

Жүргізуші. Мархабат! 

Қыз сахнаға көтеріліп, микрофонды алады.

Қыз. Кеш жарық... Мен бір өлеңімді оқысам деймін. "Көздерге Ода" 

Есік ашылып, Жігіт қайта кіріп келеді. Сахнадағы қызды көріп, шеттегі орындыққа жайғасады.

Қыз (сәл кідіріп).

1.

алыста қара нүкте кетіп барады.

оның көздері тұнық еді.

көздерінде бүкіл әлем бар еді.

көздерінде жүз жылдық тыныштық жасырынғандай еді.

қап-қара тұңғиық қара нүктеге айналды.

оның көздері тұнық еді.

 

2.

ол бүгін тағы да

айнадағы көздерге алданды.

 

3.

ол өмірдің мәнін іздеді.

бірақ, өмірінің мәні - көздерінде екенін білмеді.

ешқашан білмейтін де шығар...

 

... Рақмет!

 

Ду қол шапалақ. Қыз орнына жайғасады. Артқы жақта отырған жігіт қайталай күбірлейді.

Жігіт (күбірлеп). Ешқашан білмейтін де шығар... Ешқашан білмейтін де шығар...

 

Бесінші көрініс

Қыз киімін алып, сыртқа шығады. Темекі тұтатып, шеге бастайды. Жігіт соңынан еріп шығып, жанына жақындайды.

Жігіт. Сахнаға алғаш шықтыңыз ба? 

Қыз. Иә. Жиі бола ма осындай кештер? 

Жігіт. Апта сайын. 

Қыз. Сіз де жазасыз ба? 

Жігіт (кідіріп). Көбіне тыңдаймын. Сосын бақылаймын. 

Жігіт қыздың білегіне көз салады. Қыз киімінің жеңін тартып түсіріп, темекісін сөндіреді. Сосын жігіттің көздеріне қадала қарайды. Екеуара қысқа үнсіздіктен соң, қыз басын изеп, ішке кіріп кетеді.

Сәлден соң сыртқа қайта шығады да, жігітке бір көз тастап, кетіп қалады. Жігіт үнсіз қарап тұрады.

Жігіт барға қайта кіріп, бұрыштағы үстелге барып жайғасты. Үстелде тұрған вискиін ұрттап, бір топ жігіт отырған жаққа қарайды. Бәрі сыра ішіп отыр. Жігіт тыңдауға кірісті.

Бірінші жігіт. Өмірдің мәні неде сен үшін?

Екінші жігіт. Сәттерде шығар...

Үшінші жігіт. Әй, бұл мәнін сұрап отыр ғой. Не дейді... Сәттер, өлесің дейді, қалады дейді...

Екінші жігіт. Еркіндікте.

Үшінші жігіт. Сосын? Еркіндігің де бітеді ғой дейді. Бәрі бітеді ғой. Сонда өмірдің мәні не дейді... Ауыр сұрақ, иә?

Бірінші жігіт. Ауыр сұрақ...

Төртінші жігіт. Өмірдің мәні – өмірде шығар...

Бесінші жігіт. Өмірде болады, сосын сол жерде қалып қояды.

Төртінші жігіт. Процессте...

Бірінші жігіт. Дін – Құдайға табынушылық етуде дей ме? Жай ғана табын, и всё. Өмірдің мәні сонда. Шын өмір – арғы дүниеде. Мейлі, солай-ақ болсын...

Бесінші жігіт. Деп сеніп жүрген кезде, арғы жақта ештеңе болмай қалса, не болады?

Бірінші жігіт. Арғы дүниеде қанша шарап ішсең де, мас болмайсың деген бар емес пе, иә? Бірақ, мас болмағаннан кейін шараптың не мағынасы бар?

Үшінші жігіт. Одан бөлек шығар, мүмкін. Мас болудан бөлек, одан асқан, оның шегінен жоғары бірдеңе бар шығар. Білмейсің ғой сен... Адамдық деңгейде ғана жүрсің...

Бірінші жігіт. Бірақ сенің Аллаға деген түсінігің бар емес пе... бәрі – адамдық деңгейде ғана. Сен Алланы өз биігіңде елестетесің. Алла – біз сияқты эгоист. «Сен маған табын, сол кезде мен саған жұмақтан орын берем»-дейді. Мысалы, сол – адамдық емес пе? Адамдық қой мынау! Егер Алла шынымен құдіретті болса, біздің түсінігімізден биік болса, ол ондай рассуждениеге бармайды. Ол бізден биік болса, ол бұлай ойламайтын еді.

Жігіт (Омар) вискиді тауысып, орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Қалтасынан темекісін алып, біреуін тұтатты. Басын көтеріп, жаңа туған айға қарады.

Жігіт (Омар). Ол өмірдің мәнін іздеді. Бірақ, өмірінің мәні - көздерінде екенін білмеді. Ешқашан білмейтін де шығар...

 

Алтыншы көрініс

Қыздың дауысымен өлең оқылады.

Қыз.

«Бұрын айна тұрған қабырғаға қарасам,

әлі де өзімді көретін секілденем...

Бұл әдет

айнаға шын мәнінде не болғанын жиі ұмыттыратынын байқадым.

Оның

сансыз көп сынықтарға ыдырағанына

немесе жай ғана

орны ауысқанына байланыссыз,

өзім жоқ жерден

өткеннің бөлшектерін іздейтінім де содан шығар...»

Қыз көпқабатты үйдің шатырында аспанға қарап тұр. Жеңіл үй киімінің үстінен кардиган жамылған. Ол шатырдың шетіне қарай жақындап, төмен қарайды да, бір аяғын көтеріп, тірейді де, қайта артқа шегінеді. Сосын кардиганның жеңін тартып, білегіндегі тыртыққа қарайды.

 

Жетінші көрініс

Сахна екіге бөлінген. Бір жағында үй киіміндегі қыз жүр. Ол шырпымен газды жағып, шәйнекті қойды. Орындыққа отырып, үстелге шынтақтарын тіреді де, алақандарымен басын ұстап, ауыр күрсінді. Орындық арқасында кардиганы ілініп тұр. Сахнаның екінші жағында Жігіт бардың есігіне жапсырылған афишаға қарап тұр. Жазу: "Поэзия кеші. Ашық микрофон."

Сахнадағы келесі әрекеттер екі жақта параллельді түрде өтеді.

Қыз төсекте көрпе қымтанған күйі бір нүктеге қадалып, қарап жатыр. Төсектің жанында, жерде су құйылған кружка тұр.

Бар есігіне адамдар ағылып кіріп жатады. Жігіт көзімен біреуді іздегендей елеңдеп тұр.

Қыз төсектен тұрды да, перделерді жылжытып, терезені ашты. Сосын төсекке қайта құлады. Жерде су құйылған кружка тұр. Қыз қолынан дәрілер түсіп, жерге шашылады.

Жігіт басын төмен салған күйі жаяулатып кете барады. Үстінде қара пальто мен қара шалбар. Қолдарын қалтасына салған.

 

Сегізінші көрініс

 

Бос сахна. Фонда «Autumn leaves» әні ойнап тұр.

Бұл жолы үстінде қысқа қара куртка, ақ кроссовка, жасыл свитер және қою көк джинс. Бардың алдына жақындағанда темекі шегіп тұрған қызды көрді. Үстінде жеңіл ақ көйлек пен қысқа күртеше. Жанына келіп еді, қыз жігітке қарап, басын изеді.

 

Жігіт. Бүгін оқылым жоқ еді ғой.

Қыз. Ішкім келді.

Жігіт. Өткенде келмедіңіз.

Қыз. Қолым бос болмады.

Қыз темекісін сөндіріп, ішке кіруге ыңғайланады.

Жігіт. Жалғыз келдіңіз бе?

Қыз. Иә.

Жігіт. Онда бірге ішуге қалай қарайсыз?

Қыз жігітке қарап, үндемейді.

Жігіт. Дұрыс түсініңіз, өткенде оқыған өлеңіңіз жайлы сөйлескім келген. Мазаңызды алсам, айтыңыз, бірден кетемін.

Қыз. Жақсы.

Екеуі бұрыштағы екі кісілік үстелге барып отырады. Даяршы келеді.

Қыз. Маған сыра. Сізге ше?

Жігіт. Маған да.

Қыз (даяршыға қарап). Бізге екі сыра. Рақмет.

Қыз жігітке қарады. Жігіт көзін төмен салып отыр.

Қыз. Мұнда жиі келесіз бе?

Жігіт. Иә. Бұрыннан.

Қыз. Айтпақшы, өлеңге қатысты не сұрайын деп едіңіз?

Жігіт. А, иә... Сол өлең ойымнан кетпей қойды... Жалпы бұрыннан жазасыз ба?

Қыз. Кішкентай кезімнен әртүрлі нәрселер жазып жүретінмін.

Жігіт. "ол өмірдің мәнін іздеді.

бірақ, өмірінің мәні - көздерінде екенін білмеді..." Неге көздерде?

Қыз. Көздер көп нәрсені айта алады. Сәйкесінше, жасырады да...

Жігіт. Жасырғаныңыз көп пе?

Қыз. Мүмкін.

Қыз күртешесінің жеңін тартады.

Жігіт. Не үшін жазасыз?

Қыз. Ай жазғызды.

Жігіт. Айдың арғы жағында не бар?

Қыз. Тағдыр.

Даяршы сыраларды алып келіп, үстелге қояды. Жігіт бір ұрттайды.

Жігіт. Тағдырыңызды жазасыз ғой демек. Ауыр емес пе?

Қыз. Жолдың жеңілі жоқ қой.

Жігіт. Бұл да жолдың ауырлығынан ба?

Қыз жігіттің жүзіне сұраулы жүзбен қарады.

Жігіт. Қолыңыздағы іздер...

Қыз. Көп сұрақ қойып кеттім деп ойламайсыз ба?

Жігіт. Сіз де қойсаңыз болады.

Қыз. Адамдарды зерттегеннен ләззат аласыз ба?

Жігіт. Адамдарда шаруам жоқ негізі.

Қыз. Мұнда сол үшін келіп жүрген жоқсыз ба?

Жігіт. Мұнда өзімді шаршату үшін келіп жүрмін. Адамдар, шулы әуен, ішімдік... Бәрі шаршатады.

Қыз. Демалу үшін келеді ғой адамдар әдетте... Сіздікі қызық екен.

Жігіт. Сонда тезірек ұйықтаймын.

Қыз. Өзімнен қашқым келгенде мен де көп ұйықтаймын.

Жігіт. Қашу емес... Өзімді табу үшін.

Жігіт жанқалтасынан блокнотын алып, қызға ұсынады. Қыз алғашқы бетін ашып, қарайды.

Жігіт. Түстерімді жазып жүремін. Өзім жайлы шындыққа жетелейтіндей.

Қыз. Қандай шындық?

Жігіт. Соны өзімнің де білгім келеді.

Қыз блокнотты жігітке ұсынып, сыраның кружкасын көтереді. Екеуі қағыстырады.

Жігіт. Ал сіз не үшін келіп жүрсіз мұнда?

Қыз. Өзіме бірдеңе істеп қоймас үшін.

Қыз білегін нұсқайды. Жігіт үндемейді.

Қыз. Сұрай беріңіз. Ақыры сырласа бастадық қой.

Жігіт. Өлімнен қашамысыз?

Қыз. Өлімді алдағым келеді.

Жігіт. Қалайша?

Қыз. Өлімге бірінші жетіп алғым келеді. Мені өзім дайын болмағанда тапқанын қаламаймын.

Жігіт. Демек қашу емес, өлімге ұмтылу ғой.

Қыз. Сұлу өлімді қалаймын.

Жігіт. Өлімнің сұлуы бола ма?

Қыз. Соны білгім келеді. Білекті тілуде сұлулық жоғын білем. Бірақ кейде өзімді тоқтата алмаймын.

Жігіт. Не дейін... Ойыңыздағыны табуыңызға тілектеспін.

Жігіт қағыстыруға ұмтылып, кружкасын көтереді.

Қыз. Мені аяп тұрған жоқпысыз?

Жігіт. Жоқ. Мен де өзіме беймәлім нәрсені іздеп жүрген адаммын ғой.

Қыз да кружкасын көтереді. Екеуі қағыстырады.

 

Тоғызыншы көрініс

 

Екеуі аллея бойында баяу жүріп барады. Қыз телефонына үңіліп келеді.

Қыз. Таптым.

Жігіт. Оқыңыз.

Қыз. Вальс.

"Бір күні өлетін шығармыз", - деді ол,

жапырақтар төселген асфальттың бойымен келе жатып...

Суық асфальт бетіне жылы жапырақтар қонады, теңселе барып...

Жел ұшырған сары жапырақтар ауада вальс билейді...

1... көктем...

2... жаз...

3... күз...

1... адамдар келеді...

2... сезімдер келеді...

3... адамдар кетеді...

1... бүршіктер...

2... жапырақтар...

3... үзіліп түседі...

1... 2... 3...

1... 2... 3...

1... 2... 3...

"Бір күні өлетін шығармыз", - деді ол,

жапырақтар төселген асфальттың бойымен келе жатып...

1...

ол, сірә, білмеді,

қыстың ең суық күнінде жоғалған жапырақтың жылуы барын...

2...

ол, сірә, білмеді,

қыстың ең суық күнінде жоғалған адамның жылуы барын...

3...

ол, сірә, білмеді...

үзілген жапырақтардың вальс билейтінін...

1... кітаптар қалады...

2... сезімдер қалады...

3... соңына дейін...

бәріміз де вальс билейтін секілдіміз...

"Бір күні өлетін шығармыз", - деді ол,

жапырақтар төселген асфальттың бойымен келе жатып...

Суық асфальттың бетіндегі жапырақтар әлі де жылы...

Біз жай ғана жапырақ болсақ қайтеді?..

Жігіт. Сұлу екен. Вальс билей аласыз ба?

Қыз (жымиып). Өліммен ғана.

Жігіт. Сізге өмірмен вальс билеуді үйретейін.

Жігіт қолын ұсынады. Қыз ұстайды.

Жігіт. Бір, екі, үш... Бір, екі, үш... Бір, екі, үш...

Екеуі үнсіз вальс билейді. Сол күйде қыз жігіттің құлағына сыбырлайды.

Қыз. Өмір... Сіздің есіміңізді сұрамаппын.

Жігіт жымиып, сыбырлайды.

Жігіт. Бізге есімдер маңызды болмаған секілді.

Қыз (сыбырлап). Иә.

Жігіт. Онда солай қалсын.

Екеуі тоқтайды. Қолдарынан ұстаған күйі бір-біріне қарап тұрады да, жібереді.

Қыз. Онда бейтаныс таныстар болайық.

Жігіт. Бейтаныс таныстар... Келістім.

Қыз. Келістік.

Екеуі көшені бойлап, жүріп кетеді.

Оныншы көрініс

 

Параллельді сахна. Бір жағында жігіт, екінші жағында қыз. Жігіт төсегінде отыр. Қолында блокнот пен қалам. Жазуды оқиды.

Жігіт (дауыстап). "Түсімде сәби көрдім. Құшағыма басып, жылдам басып келемін. Жан-жағым қараңғы. Сәбиден аппақ нұр шашырап тұрғандай. Біреуден қашып келе жатқандай, соңыма қарайлаймын. Ішімде бір үрей бар." 

Блокнот пен қаламды төсектің жанындағы аласа шкаф үстіне қойып, орнынан тұрып кетеді.

Қыз терезеге қарап тұр. Орнынан тұрып, жатын бөлмесінде жерде шашылып жатқан дәрілерді жинап алып, ас бөлмеге қайта келеді. Бәрін қоқыс жәшігіне тастайды.

Екеуі де шығып кетеді.

 

Он бірінші көрініс

 

Жігіт бар алдында темекі шегіп тұр. Жан-жағына қарайлайды. Темекісін сөндіреді. Қорабынан екіншісін алғалы жатқанда қыз келеді. Қайта салады.

Қыз. Темекіңізден бересіз бе?

Жігіт қызға темекі ұсынып, өзіне де біреуін алады. Сосын бірінші қызға, кейін өзіне тұтатады.

Жігіт. Сізді келмейді деп ойладым.

Қыз. Осында болатыныңызды білдім.

Үнсіздік. Екеуі де біресе төмен, біресе жан-жағына қарап тұр.

Қыз. Мүмкін кофе ішерміз?

Жігіт. Жақсы. Басқа жерге барайық.

Екеуі темекілерін сөндіріп, кетіп қалады.

 

Он екінші көрініс

 

Кофейня іші күңгірт. Үстелдер басында сарғыш шамдар жанып тұр. Екеуінен басқа қонақ жоқ.

Кофейняның бұрышында кішігірім кітап сөресі мен патефон тұр. Боб Диланның «Blowin' in the Wind» әні ойнап тұр.

Даяршы келеді.

Қыз. Латте, жаңғақ сиробымен.

Жігіт. Американо.

Қыз орнынан тұрып, сөреден бір кітапты алып келіп, орнына отырады.

Қыз (кітапты көрсетіп). Марина Цветаеваны білесіз бе?

Жігіт. Иә.

Қыз сүйрік саусақтарымен кітапты парақтап жатады.

Қыз. Қалай өлгенін білесіз бе?

Жігіт. Жоқ.

Қыз. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін Марина Татарстанға эвакуацияланған екен. Сонда Борис Пастернак оған жүктерін жинауға көмектесіпті. Ол чемоданды байлау үшін арқан әкеліпті де, "Асылып қалсаң да үзілмейтін арқан екен" деп қалжыңдапты. Кейін Цветаева дәл сол арқанға асылып өліпті.

Үнсіздік.

Қыз. Негізі... Шығармашылық адамдарының арасында өзіне қол салғандар көп екен.

Жігіт сәл кідіреді.

Жігіт. Сезімдерінің ауырлығына төзе алмай кететін шығар. Бірақ кім білсін...

Тағы да үнсіздік. Қыз бұрышта қосылып тұрған патефонға телміріп отыр. Жігіт үстелде тұрған кітапты алды.

Жігіт.  

Смерть — это нет,

Смерть — это нет,

Смерть — это нет.

Нет — матерям,

Нет — пекарям.

(Выпек — не съешь!)

Смерть — это так:

Недостроенный дом,

Недовзращенный сын,

Недовязанный сноп,

Недодышанный вздох,

Недокрикнутый крик.

Я — это да,

Да — навсегда,

Да — вопреки,

Да — через всё!

Даже тебе

Да кричу, Нет!

Стало быть — нет,

Стало быть — вздор,

Календарная ложь!

Жігіт кітапты қызға ұсынады. Қыз алып, парақтай бастайды.

Қыз. Уж сколько их упало в эту бездну,

Разверcтую вдали!

Настанет день, когда и я исчезну

С поверхности земли.

 

Застынет все, что пело и боролось,

Сияло и рвалось.

И зелень глаз моих, и нежный голос,

И золото волос.

 

И будет жизнь с ее насущным хлебом,

С забывчивостью дня.

И будет все — как будто бы под небом

И не было меня!

 

Изменчивой, как дети, в каждой мине,

И так недолго злой,

Любившей час, когда дрова в камине

Становятся золой.

 

Виолончель, и кавалькады в чаще,

И колокол в селе…

— Меня, такой живой и настоящей

На ласковой земле!

 

К вам всем — что мне, ни в чем не знавшей меры,

Чужие и свои?!-

Я обращаюсь с требованьем веры

И с просьбой о любви.

 

И день и ночь, и письменно и устно:

За правду да и нет,

За то, что мне так часто — слишком грустно

И только двадцать лет,

 

За то, что мне прямая неизбежность —

Прощение обид,

За всю мою безудержную нежность

И слишком гордый вид,

 

За быстроту стремительных событий,

За правду, за игру…

— Послушайте!- Еще меня любите

За то, что я умру.

Қыз кітап бетіне қарап, сәл кідіреді.

Жігіт. Өлім несімен арбады екен сізді?

Қыз. Мен жай ғана... өмірінен мән таппағандықтан сұлу өлімді іздеумен өзін алдап жүрген адам шығармын.

Жігіт. Тапқан соң не істейсіз?

Қыз. Білмеймін. Тапқым келеді тек.

Жігіт. Бір нәрсе сұрайыншы.

Қыз. Иә?

Жігіт. Бірге іздегіңіз келмей ме? Не болса да...

Қыз. Сіз неге...

Жігіт. Аяушылығым емес. Бірақ өзіңізге қастандық жасауды жалғастырғаныңызды қаламайтын сияқтымын.

Даяршы патефондағы пластинканы өшіріп, ауыстырып жатты.

 

Он үшінші көрініс

 

Жігіт лифттен шығып, дәлізді бойлап пәтеріне қарай бара жатады. Есігінің алдына жеткенде жерде ескі чемодан тұрғанын байқайды. Сыртына жапсырылған қағаздағы жазуға қарайды. "Саған" деп жазылып тұр.

Чемоданға қарап тұрады да, ішке алып кіреді.

 

Он төртінші көрініс

 

Қыз жатын бөлмесінде тұр. Телефонынан ән қосып, өзі жалғыз біресе вальске ұқсас би қимылдарын жасап, біресе еркін ырғалып жалғыз өзі билейді. Әнде Мархаба Сәбидің әнінің сөздері айтылып жатыр.

"Елестете де алмайсың... Елестете де алмайсың... Махаббат деген ұлы майданға ешқашан дайын болмайсың..."

 

Он бесінші көрініс

 

Жігіт чемоданды төсегінің жанына, жерге қойып, ашады. Ішінен ескі суреттер мен хаттар, ескі бейнетаспаларды алып шығып,  төсек үстіне шашыраңқы тастай береді.

 

Он алтыншы көрініс

 

Жігіт жүгіріп келіп, кофейняға кіреді. Қызды іздеп, таппайды. Кофейня іші бос. Даяршы келеді.

Даяршы. Кешіріңіз, біз жабылғалы жатырмыз.

Жігіт. Мұнда бір қыз отырмады ма? Қысқа бұйра шашты.

Даяршы. Ол кісі ұзақ күтіп, жақында ғана кетіп қалды.

Жігіт шығып кетеді.

 

Он жетінші көрініс

 

Қыз аллея бойында келе жатыр. Екеуі вальс билеген жерге келіп тоқтайды. Сол тұста шамның түбіндегі орындықта отырған жігітті байқайды. Жүгіріп барады.

Жігіт қызды көріп, орнынан тұрады да, құшақтап алады. Қыз сәл кідіріп тұрады да, ақырын құшақтайды.

Қыз. Мен сізді күттім.

Жігіт. Кешір.

Жігіт қызды құшағынан босатып, жүзіне қарайды.

Жігіт. Сені енді көрмеймін бе деп қорықтым.

Қыз. Ішкенсіз бе? Бірдеңе боп қалды ма?

Жігіт. "Сен" деші. Өтінем...

Қыз. Сен... Мас сияқтысың.

Жігіт. Жоға.

Жігіт сәл артқа шегініп жатып, құлап кете жаздайды. Қыз жігітті иығынан ұстап қалады.

Қыз. Орныңда тұра алмай тұрсың ғой. Тоқта. Такси шақырайын ба?

Жігіт. Жоқ, мен сені шығарып саламын.

Қыз. Мына түріңмен бе? Адресіңді айт, такси шақырамын. Сені жеткізіп салған соң қайтамын.

 

Он сегізінші көрініс

 

Қыз жігітті үйіне кіргізіп, төсегіне жатқызып жатыр. Қыздың көзі чемодан мен шашылып жатқан заттарға түседі.

Қыз. Тоқта. Абайла. Мына заттарды алып тастайын.

Жігіт. Осы үшін кешіктім. Кешірші.

Қыз заттарды жинап жатып, бет-әлпеті жігітке ұқсайтын ер адамның суретіне қарайды.

Жігіт. Бұл... әкемнің заттары екен. Өмірімде болмаған әкемнің... Кішкентай кезімнен... Жылдар бойы есіме түсіргім келген әкемнің...

Жігіттің дауысы бәсеңдеп, көзіне жасаурап, тұншыға сөйледі.

Қыздың да көңілі босап, көзіне жас тығылды. Ол жігітке жақындап келіп, қатты құшақтап алды.

Қыз. Тыныш... Бәрі жақсы.

Екеуі құшақтасқан күйі үнсіз отыр. Бір сәтте жігіт қыздың көзіне қарап, шаштарынан баяу тарай бастады. Қыздың демінен діріл сезіледі. Жігіт қыздың ернінен сүйді. Екеуі сүйісті.

Кенет қыз орнынан тұрып кетті.

Қыз. Мен қайтайын. Сен демал.

Қыз бұрылып, кетуге ыңғайланды.

Жігіт. Тоқташы...

Қыз. Ештеңе айтпашы. Бүгін кездесуіміз керек болған жерде күтемін ертең. Сол уақытта.

Жігіт. Омар... Есімім.

Қыз. Асыл.

Қыз бұрылып, кетуге ыңғайланады.

Жігіт ақырын барып, қыздың арқасынан құшақтайды. Қыз еш селк етпейді. Тек бүйіріне жігіттің қолы тиген кезде денесі әлсіз дір етеді.

Жігіт (сыбырлап). Кетпеші.

Жігіт қыздың аппақ мойнына ернін жақындатып, баппен тигізеді.

Қыз жігітке қарай денесімен бұрылып, қара-қоңыр көздерімен тіке қарайды. Жігіт қызды өзіне қарай тартып, құшақтай түсті. Қыздың кең (оверсайз) жемпірінің ішіндегі талдырмаш денесінің мүсіні байқалады. Жігіт қыздың иығына дейін жететін толқын шашын қолымен сипаған сайын, оның көздері жұмылады. Қыз жігіттің құшағына тығыла түседі. Екеуінің демдері жиілейді. Екеуі құшақтасқан күйі төсекке жақындап келеді. Жігіт қыздың денесін ақырын ұстап көтеріп, ақ төсек үстіне жатқызды. Екі қолын қыздың жемпірінің ішіне салып, арқасын нәзік сипалай бастады. Жемпірін шешпек болып, қолын төменірек сырғытты, қыз қолын ыңғайлап жоғары көтергендей болды. Қыздың екі анарының ұшы жігіттің кеудесіне жанасты. Ернін ерніне тигізді. Қыз сүйрік саусақтарымен жігіттің үстіндегі футболкасын қысып, ұстап алды. Жігіт қолын төмен қарай сырғытып, қыздың ақшыл көк джинсы шалбарының ілгегін ағытты да, ернін қыздың ернінен жұлып алып, өз футболкасын, сосын қара шалбарын шешіп жатқанында, джинсы да жерге лақтырылды. Жігіт асқан ептілікпен қыздың кеудесіне өз кеудесін тигізіп, қыздың ернінен бастап, төмен қарай сүйе бастады. Мойны, кеудесі, екі анары, кіндік тұсы… Төмендей бергенде қыз басын сәл шалқайтып, ақ төсекті қолымен мыжғылай бастады.Жігіт жанарын қыздың жанарына жақындатты. Қолымен қыздың толқын шаштарын әлсін-әлсін тарады.

Шам өшеді.

 

Он тоғызыншы көрініс

 

Екеуі үстел басында шай ішіп отыр. Қыздың үстінде жігіттің кең футболкасы. Жігіт шалбар ғана тиген.

Қыз. Есіңде ме, өткенде не болса да бірге іздейік деп едің ғой.

Жігіт. Иә.

Қыз. Ендеше... Чемодан жайлы айтып берші.

Жігіт. Мен осыған дейін өткеніммен өмір сүріп келдім. Нақтырақ айтқанда есімде жоқ өткенмен. Әкем жайлы ешкім айтпайтын. Ол кішкентай кезімде жоғалды, ал мен болсам, балалық шағымды ұмытқам. Санамды шырмап алған көп сұрақпен жүрдім. Сосын жауапты түстерімнен іздеуді ермек етіп алдым. Адамның бейсанасында естеліктер сақталады ғой. Бәлкім байланыс табылар дедім. Чемоданды кімнің тастап кеткенін білмесем де, өзім іштей қажет еткен бір жауапты тапқан сияқтымын. Сонша жыл бойы "Әкем мені тастап кетті" деген оймен өмір сүріп келіп, сосын бір күні оның жазған хаттарын, суреттерін, бейнетаспаларын көрдім де... мені жақсы көргенін сездім. Бұл қаншалықты ауыр болса, соншалықты жеңілдетеді екен. Солай...

Қыз. Демек... Енді іздегеніңді таптың ғой?

Жігіт. Иә. Енді сенің іздегеніңді табамыз.

Қыз. Өлім... Міндетті түрде тән өлімі емес екенін ұқтым. Өлім сәтте де болуы мүмкін. Сезімнің де, естеліктің де өлімі болады.

Жігіт. Сәтте де өлім болса, мен біздің сәтті өлімге қимас ем.

Қыз. Мен де...

Жігіт. Бәрі жақсы болады, Асылым.

Екеуі сүйіседі.

 

Жиырмасыншы көрініс

 

Бар іші. Екеуі бұрыштағы үстелде отыр. "Just the Two of Us" ("Екеуіміз ғана") әні ойнап тұр.

Қыздың үстінде қызыл жібек көйлек (алғашқы кездесуде киген). Жігіт костюм киген. Даяршы екі бокал қызыл шарап әкеледі. Екеуі бокал қағыстырады.

Қыз. Омар.

Жігіт. Ау?

Қыз. Мен үшін бұрын өмірдің мәні болмады. Сол үшін өлімнен мән іздедім. Сұлулық іздедім. Сол арқылы өзіме жұбаныш тапқандай болатынмын. Жанымда ешкімді елестетіп көрмеппін. Осыған дейін...

Жігіт қыздың қолынан ұстап, көздеріне мұқият қарап отыр.

Қыз. Енді тапқан сияқтымын. "Өмірмен вальс билеуді үйретейін" деген сәтіңнен бастап, сенімен өткен әр сәтте өзімді өмірге қайта келгендей сезінемін. Менің сұлу өлімім сен болдың, Омар.

Жігіт. Ал менің түсімде күткенім, іздегенім, қорғағым келген адамым сен болған шығарсың. Жаныңдамын, Асылым. Бірге өткереміз бәрін...

Қыз сөмкесінен қағаз алып шығып, оқи бастайды.

Қыз. Арылу.

қандай өмір сүруге кеңес бересіз?

қандай ауа жұтуға кеңес бересіз?

бейтаныс жолаушыға “сіз” деп айту қажет екенін

ұмытуға қалай қарайсыз?

ұмытайық.

сәттеріңнің азайып бара жатқанын сезгеннен соң

уақытың

өзегіңе солған гүлдің тамырындай жармасқанда

өкініштеріңнің топырағын күлмен былғағаныңды

өзіңе кешіре алармысың?

көзілдіріксіз әлемге қарай алмайтының,

әуендеріңді біртіндеп жоғалта бастағаның,

өзіңе оралу мен өзіңнен арылудың арасындағы баспалдақтарды

өз еркіңмен салғаның

кешірім сұрауды қажет ете ме?

дегенмен,

өзіңді кешіріммен байланыстыра алмағаныңды есіңе алған сайын

өкініш толы чемоданыңды алып,

кезекті сапарға шығып кететінсің.

өзіңе ғана аян шындығыңды

кездескен әр жолаушың өтірік аралас күйінде жұтатын.

жолаушыларыңның көптігін

сол шындығыңды бірге ішіп тауысқанда ғана байқайтын секілдісің.

бірақ, өкінішсіз…

шаршағаныңды ше?

иә, шындығың да сенен шаршады.

ендеше,

ұмытуға қалай қарайсыз?

ұмытайық.

 

Жылап қалған қызды жігіт құшақтап жұбатады.

Екеуі біріне бірі қарап, қуана жымияды.

 

Шымылдық.