«AMANAT» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысында партиялықтар Ақтөбе облысында соңғы үш жылда жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты тексеру нәтижелерін талқылады.
«AMANAT»-тың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесі Ақтөбе облысындағы жүйелі проблемалардың бетін ашты
394
оқылды

«AMANAT» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысында партиялықтар Ақтөбе облысында соңғы үш жылда жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты тексеру нәтижелерін талқылады. Оның барысында жергілікті атқарушы органдардың жұмысында жүйелі бұзушылықтар анықталды. Кейбір саладағы айқын даму көрсеткішіне қарамастан, Кеңес мүшелері аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялардың жұмысындағы формализм мен кемшіліктерге назар аударды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нақты шаралар мен жүйелі кемшіліктерді адал талдауды талап ететінін атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық – бұл біздің қоғамдық құрылымдарымызға әсер ететін қатерлі ісік. Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке шенеуніктің проблемасы ғана емес, бұл түп-тамырымен жоюды қажет ететін жүйелі зұлымдық. Біз есеп беру мәселесін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Патриот болу үшін лауазымды қызмет атқарудың қажеті жоқ. Мәселен, Францияда революция кезінде патриотизм өз халқына қызмет етуге дайын болумен байланысты болды. Егер біз Қазақстанды ұлы қоғам ретінде көргіміз келсе, оны құру жұмысын бүгіннен бастау керек», – деді ол.

Бүгінгі отырыс алдымызда бірқатар сын-қатер тұрғанын және жергілікті жерлерде жұмыс істеу тәсілдеріне тиісті өзгеріс енгізу қажет екенін көрсетеді, – деп есептейді партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.

«Біз бірқатар аудандық комиссиялардағы ресми әдіс-тәсілдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға деген сенімге нұқсан келтіріп қана қоймай, бұзушылықтарға жол ашатынын мойындауымыз керек. Сыбайлас жемқорлық әлі де жүйелі проблема болып отыр. Ол әсіресе, елеулі кемшіліктер анықталған бюджеттік қаржыландырумен және мемлекеттік сатып алулармен байланысты салаларда анық байқалады. Біздің міндетіміз айқын: жария есеп беру мен ашықтықты жолға қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық бастаманы жүйелі жүзеге асыру қажет. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасын іске асыру және әкімшілік органдардың жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін жергілікті жерлердегі әр басшының есеп беруін талап етеміз», – деді ол.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз ынтымақтастықта жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық комиссияның 42 отырысында 108 мәселе қаралды, 350 тапсырманың 250-і орындалды, ал қалғандары іске асыру сатысында.

Асхат Шахаров биыл тоғыз айда профилактикалық іс-шаралар шеңберінде бірнеше негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғанын, оларды жоюға бағытталған 300-ден астам іс-шара өткізілгенін атап өтті. Ішкі аудит қызметінің тексеру жұмысына ерекше назар аударылып, бұл нақты бұзушылықтарды анықтауға және төрт материалды құқық қорғау органдарына жолдауға мүмкіндік берді. Тексеру қорытындысы бойынша, лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

«2024 жылы қайта даярлау бағдарламасы аясында 27 мемлекеттік қызметші оқытылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға арналған 7 250-ден астам іс-шара өткізілді. Бағдарламаның Жол картасына сәйкес, алдағы жылы өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті күшейтуге бағытталған 122 іс-шара өткізу жоспарланған», – деді әкім.

Сонымен қатар  Кеңестің жұмыс тобы ұсынған есепке сәйкес, өңірде халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға деген сеніміне нұқсан келтіретін көптеген бұзушылық  тіркелді. Мәселен, Мәртөк аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы 2022 және 2023 жылдары бірде-бір құжат ұсынбаған, сондай-ақ комиссияның осы жылғы жұмысы туралы ешқандай мәлімет жарияланған жоқ. Шалқар ауданы әкімдігінің жанындағы осындай комиссия жұмысында формализм байқалады. Атап айтқанда, 2022 жылғы жұмыс хаттамалары соншалық ұқсас, тіпті тек күндер ғана өзгеріп отырады. Бұл ретте, Шалқар ауданында 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылықтарға, оның ішінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілгені анықталды. Ал Ырғыз ауданының әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия жұмысы бойынша бірде-бір құжатты ұсына алмады. Былтыр лауазымды тұлғаларға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды. Ал әкімдік ішкі талдау жүргізумен шектеліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын елемейді.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, 2022 жылдан бастап облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар бойынша 180 қылмыстық іс тіркелді. Биыл жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар саны азайғанына қарамастан, ішкі істер органдарында бұл көрсеткіш артып барады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар қызметтік жағдайды асыра пайдаланумен, әкімшілік және қылмыстық істердің жолын кесу үшін пара алумен байланысты. Биыл 9 айда Полиция департаментінің Жеке қауіпсіздік басқармасы полиция қызметкерлеріне қарсы 45 қызметтік тергеу бастады. Оның 33-і аяқталып, нәтижесінде 73 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 44-і – басшылық құрамның өкілдері», – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес мүшелері Ақтөбе облысының бірқатар лауазымды тұлғасын партиялық жауапкершілікке тарту жөнінде қаулы етті. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарға жол бергені және профилактикалық жұмыста әрекетсіздігі үшін Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановқа, Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновке және облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырға «сөгіс» жарияланды.

Бұдан бөлек, өңір әкіміне облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевті сыбайлас жемқорлыққа қарсы і шараларды тиімсіз жүргізгені және ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне формальді түрде ғана қарағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.