Трамптың жеңісі көптеген америкалық үшін ауыр болған сыңайлы. Олар басқа елдерге көшіп кету жолдарын іздеуде.
Дональд Трамптың жеңісінен көңілі қалған америкалықтар 4 жыл бойы Villa Vie Odyssey круиздік лайнерінде саяхаттай алады
Трамптың жеңісі ауыр тиген америкалықтар басқа елдерге көшіп кету жолдарын іздеуде. Фото shipsatsea.de сайтынан алынды
1,240
оқылды

Aikyn.kz америкалық қоғамдағы көңіл күйлерді Reuters агенттігі жариялаған мақалаға сүйеніп талдайды.

Дональд Трамптың жеңісі жариялана бастағанда, көптеген америкалықтар шетелге көшу туралы ойлана бастаған. Фото abcnews.go.com сайтынан алынды

АҚШ сайлауында экзит-пол нәтижелері Дональд Трамптың жеңісін жариялай бастағанда, көптеген америкалық шетелге көшу туралы ақпаратты Google-дан сұрай бастаған. Сейсенбіде (5 қараша) АҚШ-тың шығыс жағалауда соңғы сайлау учаскелері жабылғаннан кейін 24 сағат ішінде Google-да «Канадаға көшу» іздеулері 1270%-ға өскен. Жаңа Зеландияға көшу үшін сұраулар 2000%, ал Аустралияны іздеу 820% өскен.

Осылайша, сәрсенбі күні (6 қараша) Америка Құрама Штаттарының шығыс жағалауында Google-дың эмиграция туралы іздеулері үш ел бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен. Бұл туралы Google өкілі мәлімдеген.

Бір ғана Жаңа Зеландияның иммиграция департаментінің веб-сайтына 7 қарашада 25 000 жаңа пайдаланушы АҚШ-тан кіргенін көрсеткен. Ал өткен жылдың дәл сол күні 1500 адам ғана болған екен.

Көптеген америкалықтар Трамптың екінші президенттігі нәсіл, жыныс, балаларға нені және қалай оқыту, репродуктивті құқықтар сияқты мәселелер бойынша қоғамда терең қарама-қайшылықтар туғызуы мүмкін деп алаңдайды. Бұндай көңіл күйдің триггері Дональд Трамптың ұстанымы болғаны анық, бірақ бұны жаңа әлеуметтік құбылыс деп бағалаған дұрыс. Америкалықтардың басым көпшілігі Трампқа дауыс берді. Дегенмен кейбір адамдар мұндай қоғамда өздерін жайлы сезінбейтінін көрсетті.

Дональд Трамптың президенттігінен қашқан америкалықтар 4 жыл бойы осы Villa Vie Odyssey круиздік лайнерінде саяхаттай алады. Фото ladbible.com сайтынан алынды

 

Ал Villa Vie Residences компаниясы Villa Vie Odyssey круиздік лайнерінде Skip Forward атты 4 жылдық жер шарын айналып жүзу саяхатын ұсынуда. Сайлау нәтижелеріне ренжіген және қомақты қаражаты бар америкалық круиздік кемеге мініп, АҚШ-тан басқа кез келген жерге төрт жылдық сапарға шыға алады.

Villa Vie Residences бейсенбіде (7 қараша) Villa Vie Odyssey-де төрт жылға арналған жер шарын айналып шығу пакеттерін жариялады. Компания төрт жылдық Skip Forward (Алға өткізіп жіберу) пакетін, үш жылдық Everywhere but Home (Үйден басқа барлық жерде) пакетін, екі жылдық Mid-Term Selection (Орта мерзімді таңдау) пакетін және бір жылдық Escape from Reality (Шынайылықтан қашу) пакетін ұсынады.

Пакеттер 40 000 доллардан басталады, бірақ төрт жылға арналған жеке кабина бір адам үшін 256 000 доллар және төрт жылға арналған екі кісілік каютада бір адамға 160 000 доллар тұрады. Бұл бағаға толық тамақ кіреді (түскі және кешкі ас кезінде сыра мен шарап тегін) және СПА, фитнес-орталықтары сияқты бірқатар ыңғайлы жағдайлар бар.

Круизде саяхатшылар барлық жеті құрлыққа барып, әлемнің «13 кереметін» және 100-ден астам тропикалық аралдарды көреді. Фото villavieresidences.com сайтынан алынды

Villa Vie Odyssey круиздік лайнерімен саяхаттаушылар 140 елдегі 425 портқа кіре алатынын мәлімдейді. 600 жолаушыны қабылдайтын круиздік биыл маусымда қолданысқа берілген. Ол өзінің қонақтарын барлық жеті құрлыққа апарып, әлемнің «13 кереметін» және 100-ден астам тропикалық аралдарды көрсетеді. Компания өкілі бұндай ұсыныстың ешқандай саяси астары жоқ екенін, бірақ сайлау нәтижелерінен көңілі қалған адамдарға ғажайып саяхаттың арқасында шынайы өмірден қашуға арналғанын айтуда.

Villa Vie компаниясының әлемдік круизі «әлем мәдениетін, ерекше саяхаттың атмосферасын асықпай сезінуге бірегей мүмкіндік ұсынатынын мәлімдеуде: «Сіздің вилла – жатын бөлмеңіз, ал кеме сізді бүкіл әлем бойынша шексіз көкжиектерге апаратын үйіңіз».

Уақыты мен қаражаты жеткілікті америкалық азаматтарға таңдау тізімі кең. Ұнамаған президентінің билігін көргісі келмесе басқа елге көшіп кетеді немесе 4 жыл бойы кемеге мініп, саяхатқа шығады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.