Ахмет Жұбановтың қазақ музыка тарихы мен теориясына қосқан еңбегі зор.
Ахмет Жұбановтың «Музыка әліпбиі» оқулығы жайлы білесіз бе?
Фото: Рүстем Нүркеновтің жеке архивінен
3,271
оқылды

Бүгінде  Ахмет Жұбанов десек оның «Ғасырлар пернесі» мен «Замана бұлбұлдары» атты еңбегі еске түседі. Құрманғазы мен Біржан сал секілді қазақ музыкасының алыптары жайлы жұмысы музыка зерттеушінің жеке кітапханасының төрінен орын алады. Қайта-қайта үңіліп, керегін алып отырады. Десе де Ахаңның алғашқы еңбегі аты аталған кітаптар емес екен. Бұл жазбағымыз сол жайлы болады.

Жұбановтың естеліктерін оқып отырып, ауылдан қалаға кеше ғана келген дала музыканттарына нота сауатын үйрету оның алғашқы мақсаты екенін көреміз. Ол түсінікті, оркестрде отырған өнерпаз нотамен емес, өз пайымымен шығарма тартса оңай болмас. Сондықтан «әу» дегеннен бастап, Ахаңның алғашқы қолға алғаны осы еді. Десе де тек кәсіби музыканттар бар, мектеп оқушылары бар, мектеп ұстаздары бар, бәріне де нота сауатын үйретпек ниетпен «Музыка әліпбиі» оқулығын жазып шықты.

Оқулық 1933 жылы баспадан жарық көрді. (Бүгінгі Құрманғазы оркестрінің алғышарттары да осы жылы құрылып, 1934 жылы ресми ұжым ретінде таныстырылды). Оқулық бетінде «Музыка әліпбиі» деп жазылған. «Бастауыш мектеп мұғалімдеріне қолдануға арналған» деп жазылған қосымшасы бар. Оқулық сол жылдағы қазақ тілінің латын қарпінде жазылған.

Кіріспе сөзінде жалпы музыка жайлы және дала халқының өміріндегі музыканың орны жайлы жазады. Қарапайым мысалдар келтіріп, музыка мен адамның ара қатынасына өз ойын білдіреді. Кейін адамзат мәдениеті деп, өзге халықтардың өнерлеріне тоқталады. Бұл жерде Чайковскийдің «Пиковая дама» мен «Евгений Онегин» және Мусоргскийдің «Борис Годунов» атты опералары жайлы жазып кетеді. 

Кіріспе сөзінен кейін негізі бөлім басталады. Бұл жерде дыбыс жайлы сөз қозғалады. Автор «дыбыс деген не, қайдан пайда болады?» деген сұрақтарға жауап іздейді.

Әр бөлімнің соңында тақырыпқа қатысты сұрақтар жазып, білім алушының  ойлануына мұрсат беретінін ерекше атап өтуіміз керек.

Келесі бөлімдер тәжірибеге арналған. Бұл бөлімдер нота атаулары, дыбыс ұзақтығы мен жазылу түрлеріне арналған.

Бір ғана «нота ұзақтығы» қысқаша тоқталып өтейік. Музыка мектебіне барған адамның алғашқы көретіні және еститіні осы сөз. Ол не? Қарапайымдап түсіндірсек, бұл жылдамдық. Әр әннің, кез келген күйдің өзінің орындалу ережесі болады. «Мына жерде жылдамдат, мына жерде баяулат» дегендей. 

Бұл «нота ұзақтығын» автокөлік жылдамдығымен салыстыруға болады. Көлік жылдамдығы сағатына 10 км болса – «бүтін нота» дейміз, екі есе жылдам – жартылық нота, одан екі есе жылдам – ширек нота дейміз. Осылайша, кете береді.

Соңғы бөлім ноталық мысалдарға арналған. Ондаған әннің нотасын ұсынып, оқулықтың қорытындысын берген.

Құрметті оқырман, біз бүгін Ахмет Жұбановтың алғашқы еңбегі жайлы сөз қозғадық. Сөз басында айтылған Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» мен «Замана бұлбұлдары» кітаптары бірнеше рет басылғанымен, «Музыка әліпбиі» сол алғашқы басылымнан кейін қайта жарық көрмеген. Бүгінгі көзқараспен өте жұқа кітап (60 бет) ретінде есептелсе де, бір ғасыр бұрын бұл көлемді еңбек болғаны айтпаса да түсінікті. Қазақтың музыкатану ғылымының алғашқы қарымды қадамдары деп айтсақ қателеспеспіз.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі