Сатира – адам бойындағы жағымсыз әдет пен қоғамдағы кекесін құбылыстарды әжуамен келістіріп жазатын жанр.
Мұхтар Шерім, сатирик: Күлкінің қымызын ішіп жүрміз...
416
оқылды

Осындай кемшіліктерден арылтуды көздейтін бағыттың маманы бүгінде аз. Соның бірі «Сатираның снайпері» атанып жүрген сатирик-жазушы Мұхтар Шеріммен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысы сатириктің туындылары мен қазақ сатирасының қазіргі жай-күйі жайында өрбіді.

– Аға, сұхбат басында Мұхтар Ше­рімді сатира тілімен таныстырып өтіңізші.

– Жұрт жадыраған жазда, күзде туып жатқандар аз ба? Желтоқсан айының 12-жұлдызы күні дүние есігін ашыппын, сегізінші кластан бері сатираға ғашық­пын. Күлкінің қымызын ішіп келемін. Өйткені қазақ ертегілері «Тоғыз тоңқыл­дақ, бір шіңкілдек», «Алдар көсе», «Ұр тоқпақ» сияқты ертегілерді есінеп оты­рып емес, етпетімнен жатып алып оқи­тын­мын. Күлдіргі оқиғаларын көңіліме тоқитынмын, «шоқитынын» шоқитын­мын. Содан «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгіме жазып, ол аудандық газетке жария­ланғанда көздерім от шашып, қуанғаннан алты қыр асып, қойшы ауылда жүрген мал дәрігер әкем Жұ­машқа газетті көрсетіп, мақтанған едім. Міне, содан бері сатираны жаным­нан тастамай келемін. Жұрт сияқты сатираны тастап, сазгерлікті бастамай келемін. Жұрт сияқты мектеп бітіріп, миымда талай әзіл пісіріп, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген жас жазушылардың «Жібек желі» ұжымдық жинағына бес-алты сатиралық әңгімем енгенде қуанышымда шек бо­л­мады. Бірақ сол кезде сыншы Бақыт Сарбалаев ағам «Қызыл алма» сын кіта­бында мені жерден алып, жерге салып, тұла бойы қызып, мені мыжып, мыж­ғылап, әзілдерімнің астын сызғылап, ой бір сынаған екен, тіпті «болашағы жоқ сатирик» деген баға берді. (Бәлкім, жас кезде тәжірибем аз болды ма?) Қуанға­ным-ай! «Мен кітапқа шықтым! Мен сы­налдым!» деп жұбанғаным-ай! Ақ­көңіл байғұс басым мақтанып, курс­тасым, марқұм Елгезек Әзбергеновке көрсеткенімде ол басымнан салып қалды. Сонда жігіт Мұхтар «талып» қалды. «Сені сынады ғой, несіне мәз боласың?» деп сұрады. Қызық екен сұрағы... Өйт­кені мен Сарбалаевқа іштей: «Көресің әлі, сатираның сайыпқыраны болмасам, Ратқұм Міреш болайын!» деген едім. (Мұхтар Шерімнің керісінше оқылымы. Сол кезде фәмілем Шерімов болса да, блокноттардағы жазбаларымның соңы­на Шерім деп қол қоятынмын).

«Құдайға шүкір, сатирик болмасам, бетіме түкір» дегендей, бүгінде «Құдағи құшақтай береді», «Талтайып тұрғым келеді», «Быт-шытыңды шығарам», «Ым­­бап­па» сияқты 8-9 кітаптың авторы­мын. Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­­ғы­ның лауреаты, Шона Смаханұлы атын­дағы сатира байқауының бас жүлде­гері, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты (1987 жыл),  «Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сыйлығының лауреаты» деп тізбе­леп кете беруге болады. Бірақ мен үшін ең керемет атақ бар. Ол – оқырманның табаға піскен нандай ыстық ықыласы. Сатираларымды иіскеп, іздеп жүріп оқитындардың көптігіне қуанамын. Бүгінде «Супер сүмелектер», «Мистер Лиам немесе 30 еркек», «Ұрының қаты­ны» романдар және «Біздің ағай тамаша» сатиралық повесімді аяқтадым. «Туу, мил­лионер болғанымда осы роман­дарым­ды кітап етіп шығарар едім» деп өзімді-өзім «таяқтадым». Жебеуші, де­меу­ші таба алмай жүргенім бар...

– «Араның» жабылғаны – қазақ сати­расының қара жамылғаны» деген екен Қал­тай Мұхамеджанов. Бүгінде сол шақ­қан жері «жара болатын» сатираның халі туралы не айтасыз?

– Кеңес дәуіріндегі «Араның» күндей күркіреп, атағы дүркіреп тұрған кезі бо­латын. Студент кезде «Арамен» тығыз бай­ланысып, әзілдерім жарияланып жүрді. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Ара» тай­ғанақтап барып, біраз жыл жабылып қалды, «Ара» қайда?» деген жұртымыз, кәдімгідей, сағынып қалды. Кейін белгілі сатирик Көпен Әмірбек «реанимацияда» жат­қан «Араны» тірілтіп, палатаға шыға­рып, «Айқын» газетінің қосымшасы ретін­де шығара бастады. Бөркімізді аспанға лақтырдық, «Ара» дегенде тік тұрдық. «Араның» тілшісі болып 2014 жылдан, Кө­пен көкем келместің кемесіне мініп кеткенге дейін фельетондарды бұрқыратып жаздық. Бүгінде «Араны» Көпекеңнің жұбайы қолға алып, сатира отын өшірмей жүргені көңілге шуақ әкеледі.

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінде сати­ралық «Қақпан» бөлімін басқардыңыз. Сол кезді еске түсіріп көріңізші? Қандай тақы­рыпты жаздыңыз? Өткен мен бүгін арасында қаламыңыз да «есейді» ме? Мысалы...

– Ол кезде облыстық газетке қызметке келу дегеніңіз –  қазіргі министр болумен бірдей еді. Жұмысқа тұмсығыңды кіргізе алмайсың. Университет бітірген жылдары «Оңтүстікке» келдім. Мархабат Байғұтты алға салдым. Бас редакторымыз «Обком шешеді. Әзірге орын жоқ» депті. Сағым сынып, шаруам тынып, кемсеңдеп кетіп бара жатып, Махаңа «Шақ-шұқ» деген сатирамды тастап кеткен едім. Ол кезде таксилерде есептегіш құрал болатын. Ауыл адамын қатырмақ, ақша құмарлығын пайдасына асырмақ болған жүргізуші «есептегіш бұзылып қалды, сондықтан «шақ-шұқ» деп отырамын. «Шақ» – бес тиын, «шұқ» он тиын» дейді. Ауыл адамы отырған сәттен жүргізуші «шақ-шұқты» жылдам айтып кетеді. Ауыл адамы «аузың аузыңа жұқпай кетті ғой?» деп сұрағанда «е, ақша көп түссін де» деген екен. Осы сатирам облыстық газетте басылып, бір күні Махаң, жаухатшы Байдулла Қоныс­беков бар, мені шырақ алып іздейді ғой. Ол кезде мен Алматыда, Дулат Исабеков ағамның қамқорлығымен қуыршақ теа­тры­­ның әдебиет бөлімінде «Менің атым Қожадағы» Нұрлан Сегізбаевтың қарама­ғында жұмыс істеп жатқанмын. Шым­кентке келе қалып, асханада тамақ­танып отырғанда Мақаң мен Байекең мені көре қалып, дырылдатып сүйреп әкеліп, бас редактордың алдынан бір-ақ шығар­ғаны. Сол жерде жұмысқа қабылдандым. Маған «Қақпан» сын-сықақ бөлімі тапсы­рылды. Апта сайын жарық көреді. Фелье­тон жанрына сол кезден төселе бастадым. Бірде аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты жөнінде «Шатақ шалбардан шықты» деген фельетон жаздым. Құ­дайым-ау, ол кезде әріптер, әсіресе тақы­рыптар қолмен терілетін заман ғой. «Ұлы сөзде ұят жоқ» дейміз бе, «Шатақ» сөзіндегі «ш» әрпінің орнына «т» әрпі түсіп, тіпті мың дана газет басылып жатқанда тоқта­тылды ғой! Жұмыстан шығып кете жазда­дым. Өйткені сол күні өзім кезекші едім. «Қақ­пан», «Мұхтар Шерім» дегенде, ау­дан­дық партия комитетінің бірінші хатшы­ларының өзі  дірілдейтін халге жетті. Түркістан қаласындағы балабақша меңге­рушісінің парақорлығы жайлы жазылған «Алақаны қыши береді» фельетоным үшін соттан бір-ақ шыққан едім. «Менің ала­қаным қышымайды, қайта мұздап тұрады, дәлелдеп берсін» деген апайдың айтқан­дарына ауызым ашылып қалған. «Апай, бұл сатирадағы гротеск» десем, «ондай адамды танымаймын» дейді ғой күйдіріп. Сол кездің өзінде майда-шүйде тақырып­тар төңірегін шиырламай, әлеуметтік мәсе­лелер, совхоз директорларының пара­қорлығы жайлы жазып, олар қызмет­терінен хош айтысып жататын. Бірақ директордан аса алмайтынбыз. Ол кезде цензура күшті еді.  Жұмысқа бір минут кешіксең, бітті Бәтима! Жаман, ескі «жигулиім» бұзылып, есік алдында айлап тұрып қалған. Қара күз еді. Соны жөндеп алып редакцияға таң азанымен жүйіткіп келе жатсам, жұрттың бәрі маған қарайды. Тіпті, озып кеткен көліктегілер басын шұлғиды. «Немене болып қалды екен?» деп таңданып келемін. Редакция ауласына кірсем, бас редактор Әмірсейіт Әлиев аулада жүр екен, мені көріп: «мынауың не?» деп сұрады. Иек қаққан соң «жигу­лиімнің» төбесіне қарасам, үш леген құрт тұр ғой! Сөйтсем, анам құртты көлігімнің үстіне жайып қойған, ал мен байқамастан асығып жүріп кеткенмін. Күзгі шықпен, түнімен түбі қатып, түсіп қалмаған екен. Анам телефон шалып, шарқ ұрып легенін іздегені есімнен кетпейді. Сол құртты әріптестерім кешке дейін сорумен жүрді. Өзім де сорып отырып, «Қақпанға» фелье­тон жазып тастадым. Ол кезде баспасөздің беделі бәйтеректен биік болатын. «Қақ­пан» дегенде МАИ инспекторларының өзі «дік» етіп, тоқтай қалатын. Бірде МАИ инспекторлары соңыма түсті. Қызылға өтіп кетіппін көлігіммен. Қуып жеткенде «Қақпанның» куәлігін көрсет­кенім сол, олар қалтырап кетті. Аккумуля­торы әлсіз еді, көлігім от алмай қойса болар ма?! Амал жоқ, МАИ инспекторлары тырбаңдап жүріп итеріп, от алдырды ғой. Сондай бір заман болған, фельетон да, сатира да дін аман болған...

– Күлкі – эмоция. Бірақ «1 сәуір күлкі күні» деп атап кеттік қой. Сіздіңше бұл күнді қалай атап өту керек?

– Өз басым 1 сәуір күлкі күнін ерекше құрметтеймін. Сондықтан болар, 1986 жылы Шымкентте «Күлкі жәрмеңкесін» ұйымдастырып, ол осы кезге дейін жыл сайын аталып келді. Облыстық Мәдениет басқармасымен бірлесіп облыс орталы­ғында «Күлкі жәрмеңкесі» тойланатын. Аудандардан келген өнерпаздар әртүрлі скетч, интермедияларын сахналап, жарыс­қа түсетін. Мәдениет басқармасына тегін жұмыс істеп, күлкі күні үшін зыр жүгіретін едім. Шәуілдірден Уәли мен Жүсіпті «Күлкі жәрмеңкесіне» шақырдым. Одан әрі оларды Алматыға апарып, ТТТ («Тама­ша теле театрында» менің интермедия­ларымды орындауына, танылуына мұрын­дық болдым. «Өз алдымызға театр құ­ра­йық» деп идеямды иіскеттім. Кейін бұл театрда менің «Үбән», «Алдараспанда» «Евромола» сатираларым сахналанды. Осының бәрін құдіреті күшті күлкі үшін істедім. Бұл еңбегімді Уәлиден гөрі Жүсіп ерекше бағалап, «Мұхаң болмағанда Шәуіл­дірдің топырағын басып, елеусіз жүре берер ме едік?»  деп сұхбат берді. Жүкең ақкөңіл жігіт қой, не болса да, шындықты айтады.

Меніңше, күлкі күнін есте қаларлық­тай, ерекше өткізген жөн. Наурыз мерекесі сияқты ел бойынша тойланатын болса дей­мін. Ақындар мүшәйрасы сияқты сати­рик ақындардың мүшәйрасын өткізуді қол­ға алатын мезгіл жетті. Сол күні сати­рик жазушылардың еңбегін бағалап, Үкі­мет тарапынан марапат жасалса нұр үстіне нұр болар еді.  Кім көрінген алып жүрген темір-терсекті сатириктерге де күлкі күні беріп жатса, неге құптамасқа?! Телеарна­ларда күлкі күні арнайы бағдарлама көр­сетіліп, оған белгілі сатириктер шақы­рылса, оның несі жаман?! Күлкі күніне бір ай қалғанда басылымдар сатираға бәйге жарияласа... Ақшасының керегі жоқ, жай, бірінші орын, екінші орын, ең соңғы орын дегендей... Жауқазын сатирик­тер со­ның өзіне қуанып қалар еді.

– Сатираның басқа жанрлардан айыр­ма­шылығы күлкілі болуында дегенге ке­лісесіз бе?

– Келіспеймін. Біріншіден, сатираның юмордан айырмашылығын ажырата біле­йік. Сатира кекесін, келемежден тұрады, күл­дірмей ащы сарказмды төгеді. Соны­сымен сатира. Ал сатираны әрі келе­меж­бен, сарказммен суарып, күлкімен көм­керсе, өте мықты сатира шығады. Юмор­­дың достық рәуіште, «адам болыңыз, абай болыңыз» деген пиғылда жазылатыны әрі жылы юмор болатыны белгілі, сатира болса мүлде жоққа шығарады.

– Қазір өндіріп жазып жүрген сатириктер кімдер? Қалжыңның қаймағын қайыратын жаңа буын қалыптасты ма?

– Бұрыннан келе жатқан, көз көрген сатириктер шаршады ма, зейнетке шығып алып, тыныш жатуды аңсады ма, белсен­ділік жоқ. Өз басым басылымдар мен әлеуметтік желіні «бомбалаумен» келемін. Арагідік болса да жастардың қазақы қал­жың­дарын көріп қаламын. Бірақ мағынасы мәнсіз, айтар ойы әлсіз, төсек пен өсектің маңайындағы жазбаларын көріп қарным ашады. Оқта-текте жазып, бір күлдіріп қоятын жас сатирик, ақын Пернебек Сапарға сәттілік тілеймін. Азамат Қапал­бай есімді жас жігіт жазып тұрушы еді, қазір мүлде қойды. Әр өңірден жазып тұра­­тын сатириктер баршылық, бірақ көбінде белсенділік, еңбек, тәжірибе же­тіс­пейді. Сатира «әйтеуір бірдеңе» жазу емес қой. Жазған соң сарказмды сорға­ла­тып, қаламыңды жорғалатып, әрін, мәнін келтіріп жазғанға не жетсін?!

– Бүгінгі сатириктер бір тақырыптан шыға алмай қалған жоқ па?

– Айналаға қарасаң, тақырып деген «менмұндалап» тұр ғой, шіркін. Тек кертіп ал да, төпелеп жаза бер! Күлкіге қалған шенеуніктер, махаббатшыл депутат, жымын білдірмейтін жемқор­лар, интер­нет алаяқтары дейсіз бе, тақырып көп. Қыз-қырқын, қатын-қа­лаш, табақ-аяқ төң­іре­гін ғана шиыр­лайтын сатирик­ті өз басым «сатирик еді» деп мойындай қой­маймын.

– Егер «сатира снайпері» сізге қаруын кездесе, қандай анекдотпен құтылар едіңіз?

– Бір жынды қабырғаға шеге қағып жатыр екен. Бірақ шегенің ұшын кері қаратып қағып жатыпты. Мұны көрген екінші бір жынды: «Жындысың ба? Ше­ге­нің ұшы мына қабырға жаққа қарап тұр ғой, осы қабырғаға қақсаңшы?» деп ақыл беріпті. Өмірде де, осындай әкім­дер бар. Президенттің тапсырмасын кері орындайтын, шеге қаға алмайтын...

– Қазір көрерменді күлкіге қарық қылатын «Жайдарман», «КТА», әзілқой­лар сайыстары бар ғой. Оларды сатираға жатқызуға бола ма?

– Оларды мүлде «сызып» тастауға болмас. Мұндай бағдарламалар, әсіресе жастар үшін керек. Бірақ бұл сайыстарда тым жеңіл диалог болса да, көрермен жастар дарақылана күліп жатады. Соған қайран қаламын. Несіне күліп жатқан­дарын өздері де білмейді ғой деймін. Олардың қойылымдарын толыққанды, нағыз сатира деп айта алмаймын. Тіпті, белгілі әзіл-сықақ театрларының өзі майда-шүйде тақырыптарды шиырлап жүр. Астарлап жеткізіп, мақтамен бауыз­дай алмайды. Дарақы, анайы анекдоттар­дың өңін айналдырып алады.

– «Мистер Мұхтар» театрының қазір­гі ахуалы қалай?

– Бұл театр шығармашылығым тоқ­тап қалмау үшін ұйымдастырылды. Өндір­тіп жаздым. Аудан, ауылдарды ара­ладық. Жас жігіттер интермедия­ларымды әл қадірінше орындап, көрерменді күлкіге көмді. Коронавирус келіп, театрымызды шайқап кетті. Мықты ойнайтын Мәди әртісімізден айырылып қалдық. Дегенмен жүйелі болмаса да, бас қосып, концерт ұйым­дас­тырып қоямыз. Биыл күлкі күні Түр­кістан қаласында «Мұхтар Шерім шы­ғар­машылығына 50 жыл» кешім өтті. Осы кеште «Мистер Мұхтар» жігіттері  күлкі болып шашылды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

ҚЫСҚА ДА НҰСҚА

– Сатира –  бұл...

– О, сатира, мен саған ғашықпын!

– Сатириктер үнемі позитив жүре ме?

– Өмір – кейде бықсыған көмір. Біздің де томсырайып, томпиып қалатын кездеріміз болады.

– Қандай жанрды оқисыз?

– Сатира жанрын. Кейде көркем про­заны. Оралхан Бөкейдің «Жылы­мығы» жаныма жақын.

– Эмоцияңызды ашық көрсетесіз бе?

– Жоқ. Іштен тынамын.

– Сіз үшін сөздің серті неде?

– Сатираға адалдық.

– Қуанатын нәрсе ше?

– Өмір сүріп жатқаным, оқырман­дарым.

– Сатирик кім, әзілкеш кім?

– Сатирик қоғамдағы келеңсіздікті ірейтін, тек сатираға ғана, ащы кекесін, ащы мысқылға ғана табан тірейтін жазу­шы. Ал әзілкеш жеңіл-желпі киініп ал­ған сүйкімді әйел сияқты. Ол да керек.