Бұл миллиардер адалдық пен интеллекті сыйлайды және қаржысын өте ойланып жұмсайды. Бай болғысы келетіндер одан үлгі алуына болады.
Миллиардер пиццаны iPhone-нан қымбат деп санайды. 1 миллиард  долларға сатылған пиццаны ол ұмытпаған сияқты
10 000 биткоинға бағаланған екі пицца. Фото pizzarini.info сайтынан алынды
1,399
оқылды

Миллиардер пицца компаниясындағы үлесін көбейтіп, технологиялық алпауыттағы үлесін азайтқаны туралы Quartz сайты хабарлады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz 94 жастағы миллиардердің таңдауын талдайды.

Berkshire Hathaway компаниясы Domino's Pizza-ның 1,3 миллион акциясын 549 миллион долларға сатып алды. Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Paul Morigi

Berkshire Hathaway компаниясы Apple-дегі үлесін азайтып, Domino's Pizza-ның 1,3 миллион акциясын сатып алды. Уоррен Баффеттің үшінші тоқсандағы бұл шешімін іскерлік орта қызу талқылауда.

Бейсенбі күні (14 қараша) жарияланған Бағалы қағаздар және биржа комиссиясының есебіне сәйкес, 30 қыркүйекте аяқталған үшінші тоқсанда Berkshire танымал пицца желісінің 549 миллион доллар тұратын 1,3 миллион акциясын сатып алған.

Компания бұл қаржылық операцияға қажет қолма-қол ақша көлемін ұлғайту үшін Apple мен Bank of America-дағы үлесін азайтқан. Осы хабар нарықта жұма күні жарияланған соң Dominos акциялары бірден 6%-ға көтерілген.

Штаб-пәтері Небраска штатының Омаха қаласында орналасқан Berkshire Hathaway конгломераты өткен тоқсанда жалпы сомасы 36,1 миллиард доллар болатын акцияларды, соның ішінде ұзақмерзімді инвестицияларының біраз бөлігін сату арқылы өзінің нақты ақша қаражатын 325,2 миллиард долларға дейін ұлғайтты.

Конгломерат Apple-дегі үлесінің төрттен бірін сатып, iPhone өндірушісіне салған инвестициясын 69,9 миллиард доллар деңгейінде қалдырды. Жыл басында Уоррен Баффеттің компаниясының Apple-дегі үлесі 174,3 миллиард доллар болған еді. Бірақ компания үш тоқсан бойы Apple-дегі үлесін қысқартып келеді.

Berkshire Hathaway компаниясы Apple-дегі үлесін азайтып, Domino's Pizza-ның 1,3 миллион акциясын сатып алды. Фото forbes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / AFP

Бірақ Уоррен Баффет Apple-дегі үлесінен толығымен бас тартуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Мамыр айында Berkshire Hathaway-дің жыл сайынғы акционерлерінің конференциясында 94 жастағы миллиардер Apple компаниясының акциялар пакетінің ауқымды көлемін тосын жағдайлар болмаса сақтап қалатынын айтты. 

Баффеттің компаниясы шілде айының ортасында басталған бірқатар сатылымдарда Bank of America-дағы пакетінің 10 миллиард долларға жуығын сатып жіберген.

Bank of America бас директоры Брайан Мойнихан қыркүйектегі іс-шарада Баффет банктің «ұлы» инвесторы аталғанымен, оның банктегі өз үлесінен неліктен бас тартатынын білмейтінін айтқан.

Баффеттің компаниясы шілде айының ортасында Bank of America-дағы пакетінің 10 миллиард долларға жуығын сатып жіберген. Фото nypost.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / John Smith

Berkshire сонымен қатар биылғы жылдың екінші тоқсанында косметикалық тауарлар сататын Ulta Beauty-дегі өз үлесінің көп бөлігін де сатып жіберген. Сонымен қатар  Berkshire бассейндік жабдық сатушы Pool Corp. компаниясының 400 000-нан астам акциясын сатып алған. Бұл жаңалықтан кейін компания акциялары жұма күні (15 қараша) таңертең нарық ашылғанға дейін 6%-ға өскен.

Қаржы нарығының мамандары өте мұқият инвестордың бұл шешімдерінің астарын іздеуде. Тек өзі білетін, жақсы түсінетін технологиялық процестерге ғана қаржы салатын Уоррен Баффеттің соңғы тоқсандардағы сауда операциялары америкалық саяси биліктің ауысуымен, болашақтаға экономикалық стратегиямен байланысты деп ойлаймыз.

Уоррен Баффет таңғы асқа балмұздақ, түскі асқа картоп-фри жегенді ұнатады, күніне кем дегенде бес банка кока-кола ішеді. Фото kommersant.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

30  тамызда 94-ке толған әлемдегі ең ірі инвестор Уоррен Баффет өзінің егде жасына қарамастан, өмір бойы қалыптасқан дағдыларына тастамай келеді. Мысалы, миллиардер таңғы асқа балмұздақ, түскі асқа картоп-фри жегенді ұнатады, күніне кем дегенде бес банка кока-кола ішеді. 146-9 млрд байлығы бар Баффет ақсақал өте жиі түскі асқа 3,17 доллар жұмсайды.

1 млрд долларға жуық бағаланған пицца. Фото pizzarini.info сайтынан алынды

Пиццаға байланысты қызықты оқиға

2010 жылы Bitcoin туралы форумға laszlo атты никпен кірген адам челлендж ұйымдастыратынын хабарлайды. Ол өзіне екі қарапайым пиццаға тапсырыс беруге келіскен пайдаланушыға 10 000 биткоин аударуға уәде берді. Ол кезде 10 000 биткоиннің құны небәрі 40 доллар болатын. Бір күннен кейін jercos атты пайдаланушы laszlo-ға екі пицца жібереді. Laszlo челлендж жеңімпазының есепшотына уәде еткен 10 000 биткоинды аударады.

Егер jercos сол биткоиндарын бүгінге дейін сақтаса оның байлығы 913 370 000 (Тоғыз жүз он үш миллион үш жүз жетпіс мың) доллар болар еді. Бұл криптовалюта тарихындағы ең қымбатқа бағаланған екі пицца деп санауға болады. Мүмкін миллиардер Уоррен Баффет те осы оқиғаны ұмытпаған шығар.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.