Президенттік сайлау нәтижелері елдің экономикасына оң әсер ете бастады. Акциялардың құны өсіп, қаржы әлеміндегі проблемалар шешіледі деген үміт күшейді.
Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейін банкирлер билеп жатыр
«Уолл-стрит қасқыры» да Дональд Трампқа риза болатын еді. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Thewolfofwallstreet.com
973
оқылды

Quartz сайты жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz, америкалық іскерлік ортадағы жақсы көңіл күйдің себептерін талдайды.

JPMorgan Chase-дің бас директоры Джейми Даймонның айтуынша, Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейін банкирлер «көшеде билеп жатыр». Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Ludovic Marin

Уолл-стрит банкирлері сайланған президент Дональд Трамп Ақ үйге оралған соң, қаржылық саланы реттеу жеңілдейді деп сенеді. Ал JPMorgan Chase-дің бас директоры Джейми Даймон бұндай жағдайда банкирлердің бақытты болмауы мүмкін емес екенін айтады.

Оның айтуынша, Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейін банкирлер «көшеде билеп жатыр». Өйткені бүкіл Уолл-стрит Трамптың президенттігінен түсіністік пен либералды шешімдер күтуде.

Бейсенбіде (14 қараша) Лимадағы (Перу) APEC (Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы, Asia-Pacific Economic Cooperation) көшбасшыларының саммитінде Джейми Даймон: «Кімге дауыс бергеніне қарамастан, көп банкирлер көшеде билейтін сияқты. Олар бірнеше жылдар бойы несие беруге кедергі келтіретін реттеуді бастан кешірді. Қазір банктерге бірдей кепілдік беріп, оларды көбірек несие беруге мәжбүрлеуге болады», – деді.

Бұрын америкалық банктер несиеге берген әрбір 100 доллары үшін 100 доллар депозит ұстаған, қазір депозитке қабылданған әрбір 100 доллар үшін тек $65 кредит берілуі тиіс. Фото jpmorganchase.com сайтынан алынды

Активтері бойынша АҚШ-тың ең ірі банкін басқаратын Джейми Даймон проблемалық мәселе ретінде баланстан тыс несиенің депозитке қатынасын атап өтті: бұрын банктер несиеге берген әрбір 100 доллар үшін 100 доллар депозит ұстаған, бірақ қазір банктердің қызметін реттеу ережелері қатайып, депозитке қабылданған әрбір 100 доллар үшін тек $65 кредит берілуі тиіс.

Wells Fargo сарапшысы Майк Майо өткен аптада жүргізген зерттеу жазбасында Трамптың жеңісі банк секторы үшін «реттеушілік бұрылыс нүктесі» болатынын айтты. Оның ойынша, Трамптың жаңа әкімшілігі «нарықта көбірек еркіндік беріп, бақылауды жұмсарту» қағидасын ұстануы мүмкін. Бұл қадам реттеу тәуекелін азайтуды білдіреді.

Трамп тұсында неғұрлым либералды және бизнеске қолайлы орта жасалып, бірігу және жұтылу сияқты инвестициялық және басқа да банктік қызметтер жанданады деп күтілуде.

Трамп өзінің бірінші президенттік мерзімінде (2017-2021) банк секторындағы ережелерді жеңілдетті. 2018 жылы ол қаржылық жүйе үшін тым маңызды деп саналатын банктердің банкроттығын қабылдау кезінде қойылатын маңызды талап – ондай банктердің активтерінің төменгі шекті мөлшерін 50 миллиард доллардан 250 миллиард долларға көтерді. Осылайша, шағын және орта қаржылық мекемелерге бұрынғыдай стресс-тесттерден өту міндеттемесі немесе банкроттықты, басқа да сәтсіздіктерді қалай жеңетінін сипаттайтын төтенше жағдайлар жоспарларын тапсыру қажеттігі жойылды.

Трамп JPMorgan Chase-дің бас директоры Джейми Даймонды құрметтейтінін, алайда 68 жастағы қаржыгерді өз әкімшілігіне шақырмайды. Фото theglobeandmail.com

АҚШ-тағы шамадан тыс реттеуді қаржыгерлер «масқара қате» деп бағалап, «үкіметті тиімді жасаймын» деген кез келген пікірге қол соғатын болды. Трамп Tesla және SpaceX бас директоры Илон Маск пен Вивек Рамасвамиді мемлекеттік шығындар мен бюрократияны қысқартуға бағытталған үкіметтік емес жұмыс тобын басқаруға шақырды. Бұл құрылымды «Үкіметтің тиімділігі департаменті» (DOGE) деп атады.

Бейсенбіде (14 қараша) Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік медиа платформасындағы жазбасында JPMorgan Chase-дің бас директоры Джейми Даймонды құрметтейтінін, алайда 68 жастағы қаржыгерді өз әкімшілігіне шақырмайтынын жазды.

Ал Даймон 20 жыл өмірін арнаған жұмысын тастағысы келмейтінін бірнеше рет айтып, сайланған президентке бұндай жолдауы үшін алғыс айтты:

«Мен президентке амандық тілеймін және бұл өте жылы жазба деп ойлаймын. Бірақ президентке менің 25 жыл бойы бастығым болмағанын және бұны өзгертуге дайын емес екенімді айтқым келеді», – делінген жауап жазбасында.

Бұл да америкалық қаржылық жүйенің саяси биліктен тәуелсіздігін, «президенттер келеді, кетеді, ал нарық әрқашанда жұмыс істейді» деген принципті анық көрсетеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.