Жиынды партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Махамбет Сұлтанғалиев жүргізді. Күн тәртібінде түнгі мезгілде қызмет көрсететін ойын-сауық орталықтарында құқықбұзушылықтың алдын алу туралы және түнгі уақытта алкоголь өнімдерінің сатылымын реттеу туралы мәселе қаралды.
Жиынға қатысқан комиссия мүшелері түнгі клубтар мен алкомаркеттер қоғамның тыныштығын бұзып отыр деген пікірді ортаға салды. Ал полиция өкілдері Орал қаласындағы The Bar түнгі клубының жұмысын тоқтатуды сұрады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары басқа түнгі клубтардың жұмысын түнгі 2:00-ге дейін қысқарту туралы ұсыныс айтты. Себебі соңғы жылдары түнгі клубтар қылмыстың ошағына айналып отыр деді тәртіп сақшылары.
БҚО ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернар Сұлтанғалиев түнгі клубтардағы жағдайдың мәз еместігін айтты.
– 2024 жыл басталғалы тек түнгі клубтардың өзінде 80 қылмыс тіркеліп, тергеу жүргізілді. Түнгі клубтарда ұрлық, бұзақылық жасау, мүлікке залал келтіру, адам денсаулығына қасақана зиян тигізу, тонау, алаяқтық, есірткіге қатысты қылмыстар тіркеледі. Атап айтқанда, Central karaoke, Monreal, The Bar, «Лас Вегас», «Чечел Паб» түнгі клубтары мен «Али», «Алғабас» кафелерінен полицияға шақырту өте көп түседі. Талдау нәтижелерінен байқағанымыз, қылмыстардың көбі түнгі 2:00-ден кейін болады. Түнгі уақытта клубтардың жұмыс істеуі қылмыс жасауға бейім азаматтардың жиналуына, олардың әртүрлі құқықбұзушылық жасауына жағдай туғызып отыр. Біз жоғарыдағы қылмыстарды есепке ала отырып, The Bar түнгі клубының жұмыс істеуін тоқтатуды сұраймыз. Себебі The Bar түнгі клубында 9 қылмыс тіркелді. Осы клуб полицияны 28 рет шақырды. Ал қалған түнгі клубтардың жұмысын түнгі 2:00-ге дейін шектеуді қарастыруды сұраймыз, – деп атап өтті БҚО ПД ЖПҚ бастығы Ернар Сұлтанғалиев.
Жергілікті Полиция басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиевтың бұл ұсынысын Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Акшауов жалғады.
– Қалада алкомаркеттерден көз сүрінеді. Әр бұрышта қаптап тұр. Олардың жұмыс уақыты да шектеулі емес. Алкомаркеттер негізі түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сата алмайды. Бірақ олар алкомаркет-бар деп ашып, соған лицензия алып, түнімен арақ-шарап сатады. Мен жеке өзім барып көрдім. Олардың іші бар дейтіндей барға келмейді. Өтірік 2-3 столды қойып қояды да алкомаркет-бар есебінде арақ-шарап саудасын жүргізіп отыр. Олар түнімен жеткізу қызметін ұйымдастырып, алкоголь өнімдерін сатуда. Бұл қызметті тек полиция реттей алмайды. Барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде Мемлекеттік кірістер департаменті осы мәселені реттеу керек деп есептеймін. Жастардың күндіз-түні арақ-шарапқа қол жеткізуі, оны тұтынуы қоғам үшін өте қауіпті. Қылмыстың бәрі арақ ішкеннен болатынын біз анық айта аламыз, – деді Болатбек Акшауов.
Комиссия отырысына қатысқан БҚО Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатқалиев жоғарыда аталған ұсыныстарды кәсіпкерлердің қолдамайтынын айтты.
– Түнгі клуб жетекшілерімен де, алкомаркет иелерімен де біз талай жиналыс өткіздік. Түнгі клубтарға қатысты шағым бұрыннан айтылып келеді. Иә, түнгі клубтарда қылмыстың түр-түрі болып жатыр. Біз бәрін түсінеміз. Бірақ түнгі клубтардың жұмысын қысқартуды клуб иелері қолдамайды. Оларға бұл ұсыныс талай айтылды, қарсы болды. Ал алкомаркеттерге келсек, негізі оларға түнгі уақытта арақ-шарап сатуға болмайды. Біз кәсіп иелеріне тиісті нұсқамаларды үнемі жіберіп отырамыз, – деп атап өтті БҚО Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатқалиев.
Алкомаркеттер Оралда қаптап кеткені рас. Қаланың әр бұрышында алкомаркет. Өкінішке қарай, бұлардың жұмысына бірден тосқауыл қоятын заң жоқ. Оларға заңмен рұқсат етілген белгілі уақыты бар. Бірақ кәсіпкерлер қулыққа барып, түнде де арақ-шарап сатады дейді отырыста сөйлегендер. Сондағы жасап отырған қулығы 2-3 орындық қойып, алкомаркет-бар деп ашып алады екен. Алкомаркеттерге түнде ішімдік өнімдерін сатуға болмайды, ал егер алкомаркет-бар болса тәулік бойына арақ-шарап сатуға рұқсат екен.
Комиссия мүшелері заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс тастайық деген келісімге келді.
Комиссия мүшесі Гүлнар Әлжанова түнгі клубтар мен алкомаркеттердің жастардың тәрбиесіне кері әсер етіп отырғанын алға тартты.
– Біз сауда дейміз, кәсіпкерлік дейміз. Бірақ жастардың болашағын да ойлауымыз керек қой. Жастар арақ ішіп еліріп, түнгі клуб жағалап жүрсе, болашағымыз не болады? Жатақханада жататын жастардың тәрбиесі де алаңдатады. Көбіне колледждерде жатақхананың есігін жауып қоя салады. Оның ішіндегі тәрбиемен ешкімнің шаруасы жоқ. Ал жастар білгенін істейді, – деген пікір білдірді «AMANAT» партиясының БҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Г.Әлжанова.
Комиссия мүшелері айтылған ұсыныстарды жинап, арнайы хат дайындап жоғары өкілетті органдарға жолдау қажет деп сөз сөйледі.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының БҚОФ атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев түнгі клубтар мен алкомаркеттердің жұмысын қоғам болып шешу керектігін айтты.
– Бұл проблеманы біз қоғам болып шешуге міндеттіміз. Сіздер айтып жатқан ұсыныстар жерде қалмайды. Біз бұл ұсыныстарды өкілетті органдарға жолдаймыз. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін мүмкін кейбір заңдарға өзгеріс қажет шығар. Біз жан-жақты талдап, зерттеу жүргізетін боламыз. Біздің кәсіпкерлікке қарсы шығатын ойымыз жоқ. Иә, біз кәсіпкерлерді қолдаймыз. Бірақ заң аясында жұмыс істеуін талап етуіміз керек. Біздің қоғам, әсіресе жастар жаман әдеттердің болмауға тиіс, – деді Азамат Сафималиев.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы