Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінгі Мәжіліс отырысынан соң журналистер ІІМ орынбасарынан тергеудің мән-жайын сұрады.
– Талғардағы кісі өлімі бойынша қылмыстық іс жыл соңына дейін аяқталады. Қылмыстық іс материалдары қылмыстық процеске қатысушыларға танысу үшін ұсынылады. Тергеу аяқталу сатысында. Жыл соңына дейін барлық сараптаманы алып, тергеуді аяқтаймыз, – деп жауап берді Санжар Әділов.
Сонымен қатар ол жақын арада күдіктілерге айып тағылатынын жеткізді.
– Осы қылмыстық істің 11 қатысушысы қамауда. Барлығы жауапқа тартылады. Прокурордың келісімі бойынша түпкілікті айып тағылады, – деді ол.
Еске сала кетейік, 9 желтоқсан күні Талғар маңынан Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды. Полицияның мәліметінше, Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне-өзі қол жұмсаған.
Ал кеше Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты жүргізілген сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы жарияланды.
Сондай-ақ бүгін Қаржаубай Нұрымов пен оның қарындасы 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.