Мәжіліс депутаттары Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Жалпы отырыста Жоғары аудиторлық палатаның «Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы» есебін тыңдады.
Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды
253
оқылды

Сонымен қатар бірінші оқылымда құрылыс саласы мен тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу мәселелерін жетілдіруге қатысты түзетулер мақұлданды. Екінші оқылымда кейбір заңнамалық актілерді Конституция талаптарына сәйкестендіруге қатысты заң қабылданды.

Мемлекет басшысының Конституциялық реформасы аясында Мәжіліс жыл сайын екі рет Жоғары аудиторлық палата төрағасының атқарған жұмыс­тары туралы есебін тыңдайды. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың биылғы есебі ауыл шаруашылығына бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігіне арналды. 

Депутаттар алдында баяндама жасаған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке ауыл шаруашылығын тиімділігі жоғары сала деңгейіне шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы тапсырма бергенін айтып, бұл ретте аграрлық сектордағы мемлекеттік реттеудің тиімділігі айтарлықтай маңызды рөл атқаратынын атап өтті. 

– Мәжілістің тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата тиісті аудит жүргізді. 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінді. Алайда бірқатар жүйелі проблема олардың әсерін шектеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған, – деді Әлихан Смайылов.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы атап өткендей, субсидиялау жүйесі де кемшіліктерден арыла алмай отыр, соңғы 5 жылда оған 70-тен астам өзгеріс енгізілген. Сонымен қатар субсидиялау көлемі артқанмен, айқын басымдықтар жоқ. Жүйелі проблемалар қатарында фермерлердің қарсы міндеттемелерінің жоқтығы, бюджет қаражаттарының экономикалық тиімділігінің формальды түрде бағалануы, Gosagro.kz ақпараттық жүйесіндегі кемшіліктер және басқа да мәселелер айтылды. 

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев өзінің қосымша баяндамасында қолданыстағы субсидиялау жүйесінің кемшіліктеріне қарамастан, комитеттің Жоғары аудиторлық палата қорытындыларының кейбірімен келіспейтінін атап өтті. 

– Мысалы, ірі ауылшаруашылық құрылымдарымен салыстырғанда шағын ауылшаруашылық құрылымдары мен жеке шаруашылықтардағы жоғары егін өнімділігі мен мал шаруашылығы өнімінің тиімділігі туралы тұжырым дұрыс емес деп ойлаймыз. Статистикалық деректерді қалыптастыруға цифрлық технологияларға негізделген жаңа тәсілдер қажет. Немесе шағын және орта шаруашылықтарды қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулі болуы. Субсидиялар шығындардың өтемі ретінде беріледі. Талап-ереже барлық шаруашылық үшін бірдей. Бірақ объективтілік үшін айта кету керек, шағын және орта ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізу мәселелерінде негізгі мәселе жеткілікті кепілдіктің болмауы, – деді Серік Егізбаев. 

Талқылау барысында депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасына, Ауыл шаруашылығы минис­тріне және басқа да жауапты органдар басшыларына сұрақтар қойды. Оның ішінде мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуы, субсидиялау тәсілдерін өзгерту, экспорт әлеуеті, агроөнеркәсіп кешеніндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес және басқа да мәселелер қамтылды. Нәтижесінде, Мәжіліс Жоғары аудиторлық палата есебін қабылдап, Үкіметке және Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыным берді.

Қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл Конституциялық реформа қабылданғаннан бері Жоғарғы есеп палатасының депутаттар алдындағы төртінші есебі екенін атап өтті.  

– Мұнда қоғамдағы ең өзекті, ең түйткілді мәселелер талқыланады. Осыған дейін су, жылу және көлік саласындағы маңызды проблемаларды қарадық. Қазір осы бағыттарда оң өзгерістерді байқап жатырмыз. Агроөнеркәсіп кешені экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Оған біздің әлеуетіміз де, ресурсымыз да жеткілікті. Мемлекеттен бөлініп жатқан субсидиялар Президенттің барлық тапсырмасын іске асыруға жұмыс істеуі қажет. Бұл ретте, субсидия жүйесі барынша қарапайым, ашық, түсінікті әрі тұрақты болуы шарт. Депутаттар өз тарапынан көмек көрсетуге, соның ішінде заңнаманы одан әрі жақсарту мәселелерін зерделеуге дайын, – деді Ерлан Қошанов. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары бастамашы­лық еткен кейбір заңнамалық актілерге құрылыс секторын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев өзінің баяндамасында ұсынылған түзетулер тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталғанын айтты. Жобада құрылыс компанияларының тәжірибесіне қатысты талаптар жеңілдетіліп, қаржылық есептілікті ақпараттық жүйелер арқылы ұсыну міндетті болады. Осы ретте, инжинирингтік компанияларға ай сайын ақпараттық жүйелер арқылы жергiлiктi атқарушы органға үлестiк тұрғын үй құрылысының барысы мониторингiнiң нәтижелерi туралы есеп беру мiндетi белгiленедi.

– Жұмыс тобы барысында депутаттар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның қолданылу аясын кеңейтуге және осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейтуге бағытталған бірқатар түзетуге бастамашы болды. Үлескерлердің құқығын қорғау мақсатымен заң жобасының басты түзетулерінің бірі, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес, алдын ала шарттар, инвестициялау, брондау және тағы басқа шарттар жасасуға тыйым салу,  құрылысы жүріп жатқан нысанды әкімдіктің рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға және екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеуге тыйым салу, салынып жатқан тұрғын үйдің тапсыру мерзімдерін ұзартуды қысқарту, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұлды 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту ұсынылды,  –  деді Самат Мұсабаев.

Түзетулер қатарында электронды түрде үлестік қатысу келісімдерін жасау мүмкіндігі және басқа да шаралар қарастырылған. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы келісімдерді біртұтас ақпараттық жүйеде тіркеу міндеті жүктеледі.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар екінші оқылымнан өтті. Ол туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежана Имашева баяндады. Ол Конституциялық соттың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңын мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде Конституцияға сәйкес емес деп танығанын атап өтті. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, сондай-ақ қылмыс­тық топтың құрамында қылмыс жасаған адамдарға мерзімсіз шектеу сақталады.

Дәлелсіз себеппен  қатарынан үш және одан да көп сағат бойы қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен босатылған адамдардың әскери және құқық қорғау қызметіне кіруіне мерзімсіз тыйым салу алынып тасталады.  

Сонымен қатар Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулерімен келісті.

Н.ОРАЗҒАЛИ