Aikyn.kz тәуелсіздікке қолы жеткен елдердің тарихы мен бұл мерекені тойлау дәстүрлеріне шолу жасайды.
1991 жылы 10 желтоқсанда еліміз Қазақстан Республикасы деп аталды. Коллаж library.okmpu.kz сайтынан алынды
1991 жыл – Қазақстанның жаңа дәуірдегі тарихын өзгерткен маңызды саяси шешімдер қабылданған жыл болды.
1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық сайлауда Қазақстан Президенті сайланды.
1991 жылы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» заң қабылдап, еліміз Қазақстан Республикасы деп аталды.
1991 жылы 16 желтоқсанда республика Жоғарғы Кеңесінің VII сессиясының кешкі отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды.
Тәуелсіздік күні мемлекеттер тарихындағы шешуші сәттерді – бостандық үшін күресті, жеңістер мен мемлекеттің тәуелсіз қалыптасуына әкелген оқиғаларды еске алумен байланысты. Кейбір мемлекеттер үшін Тәуелсіздік мейрамы отаршылдықтан азат етілген күн немесе революциядан, соғыстардан және басқа да тарихи оқиғалардан кейін тәуелсіздік жарияланған күн болуы мүмкін.
Бұндай мерекелер тәуелсіз елдің халықаралық деңгейде мойындалуы мен аумақтық тұтастығының маңыздылығын атап өтеді. Мемлекеттің халықаралық қатынастарда өз тәуелсіздігін бекітетін және оның саяси жүйесі мен құрылымын анықтайды. Тәуелсіздік күні демократияның, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың құндылығын, елдегі тәуелсіздік пен тұрақтылықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады.
Тәуелсіздік күні ұлттық бірегейлік пен патриотизмді қалыптастыруда маңызды рөлге ие бола алады. Фото ehistory.kz сайтынан алынды. Авторлығы: Sarsenbek
Әлемде 150 мемлекет өзінің тәуелсіздігін ұлттық мереке түрінде жылда атап өтеді. Тәуелсіздік мерекесі – егемендікке, саяси және экономикалық тәуелсіздікке ие болуды білдіретін мемлекет өміріндегі маңызды оқиға. Мұндай мерекенің тарихи-мәдени, саяси-әлеуметтік мағынасы ерекше.
Тәуелсіздік күні ұлттық бірегейлік пен патриотизмді қалыптастыруда маңызды рөлге ие бола алады. Ол азаматтардың ортақ тарихы, мәдениеті, дәстүрлері мен Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты мемлекеттің рәміздерін ұлықтайтын мереке. Халық өз тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсетіп, өз еліне мақтаныш сезімін білдіретін күн.
Тәуелсіздік күнін тойлаған мемлекеттерде мерекелер, шерулер мен мәдени іс-шаралары өткізіліп, ел азаматтары өздерінің туған жерге деген адалдығы мен сүйіспеншілігін көрсетеді. Бұл мереке ұлттық бірлікті, азаматтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақты нығайтуға көмектеседі.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік күні – тарихтағы маңызды кезеңді еске алу ғана емес, әрбір азамат мемлекетке, оның жетістіктеріне, болашағына қатысты екенін де сезінетін күн. Осындай тарихи күнді әлем елдері қалай тойлайды? Біздің топтамада Тәуелсіздік мерекесін тойлаудың әрбір мемлекетке тән ерекшеліктері айтылады.
26 қаңтар – Тәуелсіздік емес, Аустралия күні деп аталады. Бүкіл ел болып тойлап, ойын-сауық бағдарламалары мен отбасымен табиғатқа шығып демалуға көп көңіл бөледі. Фото nationaltoday.com сайтынан алынды
Аустралия, 26 қаңтар
Бұл күнді аустралиялықтар Тәуелсіздік емес, Аустралия күні деп атап өтеді. Бірақ олар бұл датаны өте ауқымда атап өтеді. Бүкіл ел болып тойлап, ойын-сауық бағдарламалары мен отбасымен табиғатқа шығып демалуға көп көңіл бөледі. Әр қаланың Аустралия күніне арналған ерекшеліктері бар. Мысалы, Сиднейде қайық жарыстары, Мельбурнде аустралиялықтардың алуан түрлілігін көрсету үшін «Халық маршы» өтеді, ал Пертте керемет отшашу атылады. Басқа қаланың тұрғындары үшін де мерекелік концерттер, шерулер мен кештер өткізіледі.
Израиль, сәуір-мамыр айлары
Израильдің Тәуелсіздік күні (Yom Ha'atzmaut) – қаза тапқан израильдік сарбаздар мен террор құрбандарын еске алу күнінен (Йом ХаЗикарон) кейін бірден атап өтілетін елдің басты мейрамы. Мерекеге дайындық күн батқаннан кейін басталады. Жыл сайын Иерусалимдегі Герцль тауында күн батқанда Кнессет спикерінің қатысуымен 12 алау жағу рәсімі өтеді (еврей халқын құраған тайпалардың құрметіне). Рәсім барысында Израиль туы көтеріледі. Осыдан кейін мереке ресми түрде ашық деп саналады.
Тәуелсіздік күні Израильде болған адам не істеуі керек? Міндетті түрде әскери базалардың біріне экскурсияға барыңыз. Олардың көпшілігі бұл күні ашық есік шарасын өткізеді. Әуе және теңіз шерулерін тамашалаңыз, көшеде мерекелеушілер шашатын жасанды қардың астына түсіңіз. Сондай-ақ Израилдің амандығы туралы Галел дұғасын тыңдау үшін синагогаларға баруға болады.
Американың Тәуелсіздік күні – әлемдегі ең үлкен және ең танымал мерекелердің бірі. Фото penstudents.com сайтынан алынды
АҚШ, 4 шілде
Американың Тәуелсіздік күні – әлемдегі ең үлкен және ең танымал мерекелердің бірі. 1776 жылы 4 шілдеде Америка Құрама Штаттары Ұлыбританиядан тәуелсіздігін жариялаған Декларация қабылдады.
Алғашында бұл дата өте қарапайым тойланса, бүгінде мейрам эпикалық ауқымға ие болды. Ел бойынша шерулер өтеді, саябақтар мен аулаларда демалыс орындары ұйымдастырылады, қалалар түрлі түсті ленталармен, шарлармен және мемлекеттік тулармен безендіріледі. Мерекенің міндетті элементі – отшашу өткізіледі. Халық ең әдемі отшашуды көру үшін Нью-Йорк, Чикаго, Сан-Франциско немесе Вашингтонға бару керек.
4 шілде күні дәстүр бойынша, түсте барлық америкалық әскери базаларда «бірлік сәлемі» өтеді. Осы мақсатта негізгі зеңбіректер салтанатты салют атылады. АҚШ-тың Тәуелсіздік күні отбасылық мереке саналады. Отбасылар табиғат аясында дастархан жайып, кәуап (барбекю) дайындайды, туыстарымен және достарымен кездесулер өткізіледі. Тағы бір маңызды дәстүр – үйлер мен қала көшелерін безендіру. Мерекелік безендіру әдетте қызыл, ақ және көк, америкалық тудың түстеріне сәйкестендіріледі.
Франция, 14 шілде
Көптеген елдер басқа елдерден тәуелсіздік алғанын тойласа, Франция өз патшасының озбырлығынан азат етілгенін тойлайды. 1789 жылы 14 шілдеде француз революциясы кезінде Бастилия түрмесі басып алынды, бұл көтерілістің ең басты оқиғасы ретінде тарихқа кірді. Оқиғаның маңыздылығына қарамастан, ол көптеген ондаған жылдар бойы ерекше атап өтілмеді.
Жағдай XIX ғасырдың аяғында ғана өзгеріп, бұл күні шерулер мен фестивальдер өткізіле бастады. Заманауи мереке Елисей даласындағы әскери шеруден басталып, музыкалық фестивальдермен, кештер мен балл ұйымдастырумен жалғасады. Әскери парад Этуа алаңынан басталып, Елисей алаңы бойымен Луврға қарай жылжиды, оны Франция президенті қабылдайды. Ал сағат 23:00-де Париждегі Эйфель мұнарасында от шашу, жарық пен дыбыс шоуы өтеді.
Бұл күні Париж көшелерінде түрлі тәттілер қойылған көптеген орындар жұмыс істейді. Осылайша кез келген француз және турист өздерін үлкен мерекенің бір бөлігі ретінде сезіне алады.
«Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның» қабылданған күні «Ресей күні» деген атаумен тойланады. Иллюстрация vecteezy.com сайтынан алынды
Ресей
Ресейде «Тәуелсіздік күні» деп аталатын ресми мереке жоқ. Ресей күні 12 маусымда атап өтіледі. Ал 12 маусым 1992 жылдан бері «РСФСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» қабылданған күні ретінде «Ресей күні» деген атаумен тойланады.
Си Цзиньпин 2024 жылдың 30 қыркүйегінде Қытай Халық Республикасының 75 жылдығына арналған салтанатты шарада. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Adek Berry
Қытай Халық Республикасы
Қытай Халық Республикасының құрылған күні – Қытайдағы басты мемлекеттік мереке. Ол жыл сайын 1 қазанда тойланады. Қытай Халық Республикасының құрылғанын 1949 жылы 1 қазанда Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Мао Цзэдун жарияласа, 2 желтоқсанда үкімет 1 қазанды ұлттық мереке деп жариялау туралы жарлық шығарды.
Бұл күні Қытайда «Алтын апта» басталады, мемлекеттік деңгейде мереке 1-3 қазанда аптаның демалыс күндерімен біріктіріліп апта бойы тойланады. 1999 жылдан бері осылайша ішкі туризмді ынталандыру мақсатында Қытай халқы 1 апта демалады. Туризм қытайлықтар арасында дәстүрге айналған. Мереке күндері қала көшелері балғын гүлдердің композицияларымен безендіріледі, алаңдарда халықтық фестивальдар өткізіліп, отшашулар атылады. Қытай тұтастай қызыл түске боялғандай көрінеді.
1947 жылы 15 тамызда Үндістан британдық биліктің аяқталғанын, отаршылдықтың жойылғанын жариялады. Фото aninews.in сайтынан алынды
Үндістан, 15 тамыз
1947 жылы 15 тамызда Үндістан британдық биліктің аяқталғанын, отаршылдықтың жойылғанын жариялады. Содан кейін жыл сайын бұл күні миллиардтаған үндістер үйлерін, кеңселерін және мектептерін мемлекеттік тудың түстерімен безендіру арқылы мерекені тойлайды. Мереке құрметіне өткізілетін салтанатты рәсімдерде таңертең мемлекеттік әнұран орындалады, бүкіл халық Нью-Делиден тудың көтерілуін тікелей эфирде тамашалайды.
Батпырауықтар Үндістанда бостандық символы болып саналады, сондықтан Тәуелсіздік күні мыңдаған батпырауықтар көкке ұшырылады. Бұл дәстүрге кез келген адам қосыла алады – әр қалада олар сатылатын дүңгіршекті оңай табуға болады.
Перу, 28 – 29 шілде
Перуліктер өздерінің тәуелсіздігін тойлауға бір күн емес, екі күнін арнайды. 28 шілдеде генерал Хосе де Сан Мартин Перудің тәуелсіздігін жариялаған күн. Ал 29 шілде Ұлттық полиция мен қарулы күштердің күні. Мерекенің басталуы таңертең мемлекеттік туды көтерумен және артиллериялық салютпен белгіленеді. Содан кейін ел Президентінің Парламентте халқына дәстүрлі мерекелік үндеуі жасалады. Мерекелік құттықтаумен қатар, сөздің негізгі бөлігін президент халыққа жағымды жаңалықтар жеткізеді.
Мерекенің келесі бөлігі – әскери шеру. Парадқа азаматтық және әскери делегациялар – әскери-әуе күштері, армия, әскери-теңіз флоты, мектептер, қоғамдық ұйымдар және мыңдаған бейбіт тұрғындар қатысады. Бұдан кейін мерекелік іс-шаралар қала көшелеріне тарайды. Мерекенің ажырамас бөлігі – әртүрлі жәрмеңкелер, перуліктер жақсы көретін көрмелер, бишілер, әншілер мен музыканттардың қатысуымен өтетін көше фестивальдерімен жалғасады.
Мерекенің екінші күні – 29 шілде – демалыс күні. Отбасылар осы демалыс күндерін сүйікті істерімен, ойын-думанмен өткізеді, көпшілік халық қысқы сапарларға шығады.
1918 жылдың 11 қарашасында Германияда монархия құлатылып, сол кезде неміс әскерлері орналасқан Польша Корольдігінде билік генерал Йозеф Пилсудскийге өтті. Фото hello.uni.opole.pl сайтынан алынды
Польша
1795 жылы поляк-литва достастығы жойылып, оның жерлері Австрия, Пруссия және Ресей империясы арасында бөлінді. Польшаның тәуелсіздігін қалпына келтіруге жүз жылдан астам уақыт қажет болды. XX ғасырдың басына дейін поляк жерлерінің көпшілігі Ресейдің құрамында болды. 1917 жылы 14 наурызда Ресей самодержавиесі құлатылғаннан кейін Петроград жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесі «Польша мемлекеттік және халықаралық тұрғыдан тәуелсіз болуға құқылы» екенін жариялады.
1918 жылдың 11 қарашасында Германияда монархия құлатылып, сол кезде неміс әскерлері орналасқан Польша Корольдігінде билік генерал Йозеф Пилсудскийге өтті. Немістер Польшадан кете бастады. Бірқатар тарихшылардың пікірінше, дәл осы күні поляк халқы тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірақ бұл күнге ресми мереке мәртебесі 1937 жылы сәуірде ғана берілді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін ол тек екі рет тойланды. Соғыстан кейін Польша социалистік лагерьде болғандықтан Тәуелсіздік мерекесі тек 1989 жылы ғана қалпына келтірілді.
Польшаның Тәуелсіздік күні – жаппай мерекелеумен, ту көтерумен, ел президентінің сөз сөйлеуімен және Варшава орталығындағы әскери парадпен атап өтіледі. Бұл күн мемлекеттік мереке және демалыс күні болып саналады.
Латвия Тәуелсіздікті қалпына келтіру күнінде әскери шеру де өткізіледі. Фото saeima.lv сайтынан алынды. Авторлығы: Ernests Dinka
Латвия
Латвия Республикасының тарихы 1918 жылы 18 қарашада жергілікті халық кеңесі елдің тәуелсіздігін жариялаған кезден басталады. 1940 жылдың жазында Латвия да Литва сияқты Кеңес Одағының құрамын кірді. 1990 жылы 4 мамырда Латвия КСР Жоғарғы Кеңесі Латвия Республикасының тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы Декларация қабылдап, нақты тәуелсіздікке жету үшін өтпелі кезеңді белгіледі. Осы оқиғаның құрметіне 4 мамыр Латвия Республикасының Тәуелсіздігін қалпына келтіру декларациясының жарияланған күні деп аталатын ұмытылмас күн болып саналады.
2011 жылы президент Валдис Затлерс бұл күнді «Латвия Республикасының Тәуелсіздікті қалпына келтіру күні» деп атау туралы түзетулерге қол қойды. Латвия Тәуелсіздікті қалпына келтіру күніне арналған мерекелік іс-шаралар таңертең басталады. Ұлттық киімдер шеруі, оркестр маршы, сондай-ақ балалар фольклорлық ұжымдарының көп сағаттық концерті ұйымдастырылады.
Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, Азаттық монументінің алдына таңертең Латвияның сұлбасы мен картадағы елдің контуры гүл шоқтарымен өрнектеледі.
1991 жылдан бастап 11 наурыз Литвада Тәуелсіздікті қалпына келтіру күні – мемлекеттік мереке және демалыс күні ретінде тойланады. Фото adventures.com сайтынан алынды
Литва
Литва мемлекеттілігінің тарихы ғасырларға созылады және Беларусь мемлекетімен тығыз байланысты. Бес ғасыр бойы бүгінгі белорустар мен литвалықтардың ата-бабалары бір державада – Литва Ұлы Герцогтігінде өмір сүріп, литвиндер деп аталды.
Литва Республикасы қазіргі күйінде 1918 жылы 16 ақпанда «Литваның тәуелсіздігі туралы актінің» қабылдануымен құрылды. 1940 жылы 15 маусымда Литва Кеңес Одағына қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Литва республикасы неміс басқыншылығына ұшырады. 1944 жылы оның аумағы фашистерден тазартылып, КСРО-ға қайтарылды. Бірақ литвалықтар тәуелсіздікті қалпына келтіруді армандауын тоқтатпады.
1990 жылы 11 наурызда ЛСР Жоғарғы Кеңесі «Литваның тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы актіні» қабылдады. 124 депутат қолдап, 6 депутат қалыс қалды, қарсы дауыс болған жоқ. Жоғарғы Кеңес Литва КСР мен КСРО Конституцияларының ел аумағындағы күшін жойды.
1991 жылдан бастап 11 наурыз Литвада Тәуелсіздікті қалпына келтіру күні – мемлекеттік мереке және демалыс күні ретінде тойланады. Бұл күні 1990 жылдың наурыз айында тарихи актіге қол қойылған күннің құрметіне бүкіл ел бойынша мерекелік шаралар өткізіледі.
1938 жылғы 24 ақпанда Эстония Конституциясының «Эстония тәуелсіз мемлекет» деп жазылған тармақтары қабылданды. Фото studyinestonia.ee сайтынан алынды
Беларусь
Алғаш рет Беларусь мемлекеттілігі туралы 1918 жылы 25 наурызда айтыла бастады. Бұл күні Беларусь Халық Республикасының Радасы елдің тәуелсіздігін жариялайтын Жарғыны қабылдады. Бірақ бұл талпыныс сәтті болмады. Келесі жолы Тәуелсіздік мәселесі 1990 жылы 27 шілдеде БССР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаған кезде көтерілді. 1991 жылы 25 тамызда оған конституциялық заң мәртебесі берілді.
Алғашында Тәуелсіздік күні 27 шілдеде тойланды. 1996 жылы 24 қарашада өткен республикалық референдумда сайлаушылардың 88%-ы Тәуелсіздік күнін 27 шілдеде емес, 1944 жылдың жазында Қызыл Армия Минскіні азат еткен күні 3 шілдеде тойлауды қолдады. Бүгінгі посткеңестік елдерінде Беларусь тәуелсіздік мерекесі КСРО немесе Ресей империясынан бөлінумен байланысты емес жалғыз ел болып қалды.
Эстония
Солтүстік соғыс 1721 жылы аяқталған кейін Эстония жерлері Ресей империясының құрамында болды. 1918 жылы 24 ақпанда Ревел қаласында, қазіргі Таллинде «Эстонияның барлық халықтарына манифест» жарияланды.
1920 жылы 2 ақпанда қысқа соғыстан кейін Эстония Республикасы мен Кеңестік Ресей арасында Тарту бейбітшілік келісіміне қол қойылды, Мәскеу Эстонияның тәуелсіздігін мойындады. 1940 жылы шілдеде Эстония Латвия мен Литва сияқты Кеңестер Одағына қосылды.
1990 жылы 8 мамырда ЭСР Жоғарғы Кеңесі «Эстон рәміздері туралы» заң қабылдады, республиканың мемлекеттік түстері көк, қара және ақ болып белгіленді. Сондай-ақ 1938 жылғы Эстония Конституциясының «Эстония тәуелсіз мемлекет» деп жазылған тармақтары қабылданды. 24 ақпан Эстонияның Тәуелсіздік күні болып бекітілді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.