Жаңа жылдың алғашқы күндері Құрама Штаттардың орталық бөлігіне қарлы боран, көктайғақ және аязды температура әкелді. Ауа райының тосын мінезі туралы 60 миллионға жуық адам ескерту алды.
Қарлы боран астанаға қарай жылжып келеді
Ауа-райы қызметі жақын күндері ауа-райы жақсаратынын айтып, тұрғындарды қуантуда. Фото usatoday.com сайтынан алынды. Авторлығы: Grace Smith
1,309
оқылды

Құрама Штаттардың орталық бөлігіндегі қарлы боран тұрғындарға ғана емес, Вашингтондағы саясаткерлерге де әсер еткенін Reuters агенттігінің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz түсіндіреді.

Канзас пен Миссуриде жолдарды қар басып, көктайғақ орын алған. Шенеуніктер бұл күні тұрғындарды жолға шықпауға шақыруда. Фото usatoday.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Matt Gentry 

Жексенбіде (5 қаңтар) Америка Құрама Штаттарының көп бөлігінде қысқы боран қар, көктайғақ және аязды температураны бірге әкелді. Канзастан Нью-Джерсиге дейінгі оннан астам штаттағы 60 миллионға жуық адам ауа райының өзгеретіні туралы ескертулер алды.

Боран бүгін дүйсенбіде (6 қаңтар) Вашингтонға қарай жылжып, Америка астанасына қалың қар мен қатты аяз алып барады деп күтілуде. Дәл бүгін АҚШ Конгресі жиналып, республикашыл Дональд Трамптың президенттікке сайлануын ресми түрде растауы керек еді.

Республикалық палатаның спикері Майк Джонсон жексенбіде (5 қаңтар) Fox News-ке ауа райы заң шығарушыларға өз міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Дегенмен Кадр саясаты басқармасы дүйсенбіде ел астанасындағы федералды кеңселер жабық болатынын хабарлаған.

Ұлттық ауа райы қызметінің таратқан ақпараты бойынша, Канзас пен Миссуридің солтүстік-батысының бөліктерінде қалың қар жауып тұр. Жолдарды қар басып, көктайғақ орын алған. Шенеуніктер бұл күні тұрғындарды жолға шықпауға шақыруда. Канзастың негізгі Interstate 70 магистралінің көп бөлігі жексенбі күні қалың қар мен көктайғақ салдарынан жабылған.

Миссури штатының полициясы штатаралық Interstate 29 жолының 50 мильден астам жабық бөлігінде боранда қалып қойған жүргізушілерді іздеуге кіріскен. Жексенбінің кешіндегі жағдай бойынша, сарбаздар 600-ге жуық жүргізушіге және 285 апатты жағдайда қалған жолаушыларға көмек көрсеткен.

Огайоның оңтүстігінен Вашингтонға дейінгі қардың жалпы мөлшері 15-30 см болады деп күтілуде. Индианаполис, Цинциннати, Вашингтон және Филадельфиядағы мемлекеттік мектептерді қоса алғанда, жүздеген мектептер боранға байланысты дүйсенбіде ашылмайтынын алдын ала хабарлады.

Арнайы қызметтер Кентуккидің солтүстігінде және Батыс Вирджинияның оңтүстігінде қар аралас жаңбыр «қауіпті мұздың жиналуына» әкелетінін хабарлауда. Сонымен қатар, Арканзас, Луизиана, Миссисипи және Алабамада боранның соңында торнадо тууы мүмкін екені ескертілді.

FlightAware авиациялық саяхатты бақылайтын веб-сайттың хабарлауынша, боран салдарынан жүздеген рейс, соның ішінде Канзас-Сити мен Сент-Луисте 275-тен астам рейс тоқтатылды. Канзас, Кентукки, Арканзас, Батыс Вирджиния және Вирджиния сияқты бірнеше штаттың губернаторлары төтенше жағдай жариялады.

«Боран дүйсенбі күні кешке жағалауға қарай жылжиды, бірақ арктикалық салқын ауамен жалғасады», – деп хабарлады АҚШ-тың метеорологиялық қызметі.

Дүйсенбі мен сейсенбіде Құрама штаттардың орталық аймақтарында күндізгі температура 6-12С нөлден төмен болады деп болжануда. Федералды ауа райы қызметі болса жақын күндері ауа райы жақсаратынын айтып, тұрғындарды қуантып қойды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.