Президенттің инаугурациялық қорына ірі банктер мен технологиялық компаниялар миллиондаған қаржысын аударған. Олар кімнен және неден қорқып ақша берген?
Президенттің инаугурациясын өткізуге бизнесмендер 150 миллион доллар жинап берген
Инаугурация қорына 150 миллион долларға жуық қаражат түскені белгілі болды. Фото shedevrum.ai сайтынан алынды
496
оқылды

Aikyn.kz  жақын екі аптадан кейін өтетін инаугурацияға жиналған қаржылардың кімдерден түскенін Quartz сайтына сілтеме жасап талдайды.

Дональд Трамп тағы бір рекорд жаңартты: президентті ұлықтау комитеті Америка тарихында ең көп ақша жинады. Фото kget.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Alex Brandon

Президенттің инаугурациясы өткізу қашанда қымбат іс-шара болып саналады. Бұл жолы да Дональд Трамптың инаугурация қорына 150 миллион долларға жуық қаражат түскені белгілі болды. Арнайы қорға қаржы аударғандардың көпшілігі технологиялық алпауыттар мен Wall Street көшбасшылары. Олардың арасында Трамппен саяси мәселелер бойынша қарсылас болып, соқтығысқандар да бар.

Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп тағы бір рекордты жаңартты: президентті ұлықтау комитеті Америка тарихында ең көп ақша жинаған.

Трамп-Вэнстің инаугурациялық комитеті жинаған қаражат өте көп ақша. Жиналған қаржының мөлшері Трамптың 2017 жылғы инаугурациялық комитеті мен президент Джо Байденнің 2021 жылғы комитеті жинаған сомамен салыстырғанда бірнеше есе артық. Aikyn.kz  өзінің «Марк Цукерберг жаңадан сайланған президенттің инаугурациясына 1 миллион доллар берді» атты материалында инаугурация қорына жиналған қаржының басым бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалатынын жазған болатын.

Федералдық сайлау комиссиясына тапсырылған құжаттарға сәйкес, Байденнің компаниясы PIC 2021, Inc. 61,8 миллион АҚШ долларын жинаған. Оның ішінде Pfizer және Qualcomm сияқты компаниялар бар бизнес құрылымдар әрқайсысы 1 миллион доллардан берсе, бұл жолғы мырза компаниялардың саны тым көп сияқты. Трамптың бірінші президенттік инаугурация комитеті (58-ші президенттік инаугурация комитеті) донорлардан 106,8 миллион доллар жинады, олардың ішінде Байденнің инаугурациясына ақша берген Boeing және Lockheed Martin де болған. Яғни, үлкен бизнес – үлкен саясатпен санасады.

Төменде Дональд Трамптың ант беру рәсімі үшін әрқайсысы 1 млн доллардан берген ірі компаниялар мен инвесторлардың қысқа тізімін ұсынамыз.

Сэм Альтман Трамптың Американы көшбасшы жасауға бағытталған күш-жігерін қолдауға дайын. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Mike Coppola

OpenAI және Сэм Альтман

OpenAI бас директоры Сэм Альтман президент Трамптың инаугурациялық комитетіне 1 миллион доллар көлемінде жеке қайырымдылық жасауды жоспарлап отыр.

Альтман: «Президент Трамп біздің елді жасанды интеллект дәуіріне апарады және мен оның Американы алда ұстауға бағытталған күш-жігерін қолдауға дайынмын», – дейді.

Ол бұған дейін Трамптың алдағы әкімшілігіне біршама оптимистік көзқарасын білдіріп, Трамп Қытаймен бәсекеде ЖИ инфрақұрылымында көшбасшы болу үшін АҚШ пен оның одақтастарын «өте жақсы» қолдайтынына сенетінін айтқан. Желтоқсан айының басында Альтман өзінің бұрынғы әріптесі және бәсекелесі Илон Масктың екеуінің арасындағы жалғасып жатқан құқықтық таластарға қарамастан, өз әріптесінің Ақ үйдегі күшейген ықпалына алаңдамайтынын мәлімдеген.

Джефф Безос әріптесі Илон Маскпен бірге Трамптың Флорида штатындағы резиденциясында кездесті. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторлығы: Eugene Gologursky

Amazon және Джефф Безос

13 желтоқсанда Amazon инаугурация қорына 2 миллион долларлық қайырымдылық жасаған екінші жария компания болды, бұл оның бұрынғы қайырымдылықтарынан да асып түскен. Компания 2025 жылдың 20 қаңтарында Amazon Video сайтында оқиғаны трансляциялау арқылы инаугурациялық қорға 1 миллион долларлық тегін қызмет көрсетіп, 1 миллион долларды нақтылай ақшамен беруді жоспарлап отыр.

Бұл компания Трамптың 2017 жылы ұлықтау рәсіміне қосқан 58 000 доллардан 30 есе көп. 2021 жылы Amazon Байден қорына 276 509 доллар, ал Amazon Web Services еншілес ұйымы 50 000 доллар аударған болатын.

Қомақты қаржылай аударым Amazon-ның негізін қалаушы және атқарушы төрағасы Джефф Безостың Трамппен арадағы бұрынғы түсініспеушілікті түзету жоспарының бір бөлігі болып саналады. Қазан айында ол өзіне тиесілі The Washington Post газетінің Трамптың Демократиялық партиядан шыққан қарсыласын қолдау жоспарын тоқтатып тастаған еді.

Өткен айда Безос Tesla бас директоры Илон Маскпен бірге Трамптың Флорида штатындағы Палм-Бичтегі Мар-а-Лаго резиденциясында кешкі аста кездесті. Трамп келесі күні таңертең өзінің Truth Social парақшасында «Бәрі менің досым болғысы келеді!!!» деген жазба қалдырған. Бұл да көп нәрсені білдіреді.

Трамп егер Meta-ның бас директоры Цукерберг оған қастандық жасаса, «өмірінің қалған бөлігін түрмеде өткізетінін» жазған. Фото mashable.com сайтынан алынды

Meta мен Марк Цукерберг

Meta бас директоры Марк Цукерберг анда-санда «қайықты теңселткенді» ұнатады. Желтоқсан айының басында ол және оның компаниясы сайланған президенттің инаугурациялық комитетіне 1 миллион доллар беретінін басқалардан бірінші болып жариялады.

Технологиялық алпауыт Трамптың 2017 жылы немесе Джо Байденнің 2021 жылы ұлықтау қорына қайырымдылық жасаған жоқ. Бірақ бұл жолы Цукербергтің Трамп пен оның күшін дұрыс бағалайтыны, мүмкін қорқынышы да бар болуы мүмкін.

Жас миллиардер биыл Трампқа жағымды бірнеше әрекет жасады: тамыз айында ол федералды шенеуніктердің Facebook пен Instagram-нан COVID-19-ға қатысты жазбаларды жою туралы өтініштерін орындамағанына өкінетінін жазды; Трампқа жасалған қастандықтан кейін оны «мықты» деп атады. Бірақ президенттік сайлауда ешқандай үміткерді қолдамайтынын да мәлімдеді.

Цукерберг қараша айында Флоридада Трамптың Mar-a-Lago резиденциясына да барды. Кездесуден кейін Meta мәлімдеме жасап, онда компания Цукербергтің бұл «шақыруға ризашылығын білдіретінін» және америкалық инновацияның болашағы үшін маңызды уақыт басталғанын жазды. Желтоқсан айында Meta-ның жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Ник Клегг Цукербергтің «Американың технологиядағы көшбасшылығын сақтау туралы пікірталастарға кез келген әкімшілік кезінде белсенді қатысуға» үміттенетінін жеткізген.

2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылдан кейін, Facebook сол кездегі президенттің аккаунтын уақытша тоқтатқаннан кейін миллиардер мен Трамптың қарым-қатынасы бұзыла бастаған еді.

Маусым айындағы мәлімдемесінде Трамп: «Келесі жолы мен Ақ үйде болғанда оның өтініші бойынша Марк Цукербергпен және оның әйелімен бірге түскі ас болмайды. Қарым-қатынастар тек іскерлік мазмұнда болады!» деп айтып қалды. Қыркүйек айында жарияланған кітабында Трамп егер Meta-ның бас директоры оған қарсы қастандық жасаса, «өмірінің қалған бөлігін түрмеде өткізетінін» жазған.

Қомақты қайырымдылық аударым Uber-дің жаңа президент әкімшілігімен байланысын жақсартуға көмектеседі. Фото ft.com сайтынан алынды

Uber және оның бас директоры

Қараша айында Uber және оның бас директоры Трамптың инаугурация қорына 1 миллион доллар қайырымдылық жасады. Uber 2021 жылы Байденнің инаугурациясына 1 миллион доллар берді, бірақ 2017 жылы Трамптың инаугурациясына қайырымдылық жасаудан бас тартты. Дара Хосровшахи (Dara Khosrowshahi) 2021 жылы жеке өз атынан қаржы аудармаған және оның Трамптың инаугурациясына жасаған аударымы оның саяси кандидатқа немесе инаугурация қорына берген ең үлкен сыйлығы болды.

Мұндай қомақты қайырымдылық көмек Uber жаңа президент әкімшілігімен байланысын жақсартуға ұмтылған кезде болып отыр. Себебі оның әлеуетті бәсекелесі Tesla үлкен саяси ықпалға ие бола бастады. Маск 2025 жылы Tesla компаниясының такси қызметін іске қосуды көздеп отыр, оны Техас немесе Калифорнияда бастау жоспарланған.

Robinhood Markets

Robinhood Markets бөлшек сауда платформасы Трамптың инаугурация қорына 2 миллион доллар берді, бұл оның президент әкімшілігінің криптовалюта мәселелеріне деген жұмсақ ұстанымын қолдайтынын көрсетеді.

«Robinhood еркін нарықтарға, инвесторларға қол жеткізуге және тұтынушылардың таңдауына ықпал ететін америкалық инновациялар мен саналы реттеудің жаңа дәуірін қуана қолдайды. Біз президент Трамппен және жаңа әкімшілікпен нарықтардағы оң өзгерістерді қамтамасыз ету, тұтынушылардың белсенді дауысы болу және барлық адамдар үшін қаржыны демократияландыру миссиясын жалғастыру үшін жұмыс істеуді асыға күтеміз», – деді Робинходтың үкімет және сыртқы істер бөлімінің басшысы Мэри Элизабет Тейлор өз мәлімдемесінде.

Robinhood соңғы айларда криптовалютаға көп көңіл бөле бастады, шілдеде АҚШ пен Еуропада крипто-фьючерстерді іске қосып, бірнеше күннен кейін Bitstamp биржасын сатып алды. Компания сонымен қатар Solana, Pepe, Cardano, XRP және dogwifhat-ты өз платформасында саудаға қолжетімді етті. Robinhood 2021 жылы өз қолданбасында Dogecoin саудасына рұқсат берген алғашқы платформа болды және сол жылы криптовалюта әмиянын іске қосты.

Мамыр айында компания Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияның (SEC) оған қарсы мәжбүрлеу шараларын қолдану ниеті туралы ресми хабарлама алды. Компания реттеушінің криптовалюталарды бағалы қағаздарға жатқызуын жоққа шығарды.

Трамптың SEC басшылығына ұсынған кандидаты Пол Аткинс Байден әкімшілігіне қарағанда криптовалютаның мүдделері үшін әлдеқайда қолайлы саясат ұстанады деп күтілуде. Себебі ол 2017 жылдан бері Цифрлық палатаның Token Alliance бастамасын басқарған.

Bank of America – Байденге де, Трампқа да ақша аударған ірі банк донорларының бірі. Фото bankingdive.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Justin Sullivan

Bank of America және Goldman Sach

Bank of America көрсетілген қайырымдылықтың көлемін құпия ұстағанымен, инаугурациялық қорға қайырымдылық жасауды жоспарлап отырғанын растады. Нормативтік құжаттарға сәйкес, банк Трамптың 2017 жылғы инаугурациялық комитеті мен Байденнің 2017 жылғы инаугурациялық комитетіне әрқайсысына 1 млн доллардан аударған. Bank of America – екі инаугурациялық комитетке де ақша аударған ірі банк донорларының бірі.

Bank of America бас директоры Брайан Мойнихан желтоқсан айында банктердің басты ұсыныстарын қорыта келе, Трамптың саясаты бірігу мен жұтылу процестеріне қолайлы жағдай жасайтынын айтқан. 2017-2019 жылдары Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде банк нарығында бұндай ірі 78 мәміле жасалса, 2023-2024 жылдардағы Байден әкімшілігінде 42 ғана мәміле жасалғаны белгілі.

Тағы бір ірі банк Goldman Sach Reuters агенттігіне Трамптың инаугурациялық комитетіне аударым жасауды жоспарлап отырғанын айтқан. 2016 жылы Goldman Sach муниципалды облигациялар мен зейнетақы ережелеріне қарсы болмау үшін серіктестеріне Трамп науқанына қайырымдылық жасауға тыйым салған жалғыз ірі банк болған белгілі. Қазір бұл банк те Трамптың командасымен жақындағысы келеді.

Кен Гриффин

Citadel компаниясының бас директоры, миллиардер, Citadel Securities компаниясының негізін қалаушы және 44,6 миллион долларлық Stegosaurus иесі Кен Гриффин 16 желтоқсанда сайлау науқанына қаржылық көмек көрсетпесе де, Трамптың инаугурация қорына 1 миллион доллар беретінін жариялады.

«Мені инаугурациялық тізімде тағы көретініңізге сенімдімін», – деді ол Майами-Дэйд Сити лигасының іс-шарасына жиналғандарға.

2021 жылы ол Байденнің ант беру рәсіміне 500 000 доллар берсе, одан төрт жыл бұрын Трамптың алғашқы инаугурациялық комитетіне 1 миллион доллар аударған.

Трампқа дауыс бергенін айтқан Гриффин жалпы оны қолдап, сайланған президент әкімшілігімен жұмыс істегісі келетінін айтқан. Соған қарамастан, Гриффин Трамптың салықтық, тарифтік саясатына бірнеше рет күмән келтірген: «Мен жалпы тарифтерге қарсымын және оны жасырмаймын. Бұл оның (Трамптың – авт.) экономикалық күн тәртібінің бір бөлігі және біз оның қайда апаратынын алдағы уақыттарда көреміз», – дейді ол. 

Ripple криптовалюта компаниясының бас директоры Брэд Гарлингхаус Трамптың инаугурациясына XRP цифрлық валютасымен 5 миллион доллар бермекші. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Stephen McCarthy

Ripple криптовалюта компаниясы

Ripple криптовалюта компаниясының бас директоры Брэд Гарлингхаус жақында The New York Times басылымына Трамптың қорына компанияның цифрлық валютасы XRP-мен есептегенде 5 миллион доллар қайырымдылыққа беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Крипто-индустрияның көпшілік өкілдерімен салыстырғанда Гарлингхаус вице-президент Камала Харристің президенттік науқанына көмектескен болатын. Ripple негізін қалаушы Крис Ларсен де Харристің науқанына 11 миллион долларлық XRP-ді сыйға тартқан. Харристің немесе Трамптың жеңісі крипто-индустриясына көмектесетінін айтқан Гарлингхаус Ларсеннің Харриске көмегін қолдағанымен, Байден әкімшілігінің криптовалюталарға қатысты саясатын сынға алған болатын.

«Мен Кристің (және барлығының!) Америка Құрама Штаттарының ең жақсы көшбасшысы деп санайтын адамды таңдау құқығын құрметтеймін. Ripple сайлаудың соңғы күндерінде (және сайлаудан кейін) криптовалютаны қолдайтын саясатты ілгерілету үшін демократтармен де, республикашылармен де қарым-қатынас жасауды жалғастырады», – деген еді Гарлингхаус қазан айында.

Perplexity-дің қайырымдылығы басқа технологиялық компаниялар сияқты бұзылған қарым-қатынастарды қалпына келтіру үшін емес, жаңаша әрі ортақ мақсатта бірлесіп жұмыс істеуге арналған. Фото techcrunch.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Kimberly White

Perplexity

2022 жылы іске қосылған жасанды интеллект стартапы Perplexity өзінің кейбір ірі технологиялық саладағы әріптестерімен бірдей сомада қайырымдылық жасады: 1 миллион доллар. Жаңа ғана қаржыландыру раундын 9 миллиард долларлық бағалаумен аяқтаған стартап Alphabet-тің Google-імен бәсекелесуде. Наурызда Perplexity оның белсенді пайдаланушыларының саны екі айда 10 миллионнан 15 миллионға өскенін хабарлады.

«ЖИ кеңістігіндегі жаңа, бірақ өсіп келе жатқан ойыншы ретінде біз жаңа әкімшілікпен қарым-қатынас орнатуды асыға күтеміз. Біз инновациялар мен Little Tech үшін ойын алаңын теңестіру жөніндегі міндеттемені қабылдаймыз және бұны сөз бостандығын, ашық интернетті және ЖИ кеңістігінде реттеуді басып алуды болдырмаудың маңызды сәті ретінде қарастырамыз», – дейді Perplexity компаниясының бас директоры Дмитрий Шевеленко мәлімдемесінде.

Инаугурациялық қорға жақында қайырымдылық жасаған басқа технологиялық компаниялардан Perplexity-дің айырмашылығы – Трамптың алғашқы президенттік кезеңде бұл компания болмаған еді. Сондықтан Perplexity-дің алғашқы қайырымдылығы басқалардай бұзылған қарым-қатынастарды қалпына келтіру үшін емес, жаңаша әрі ортақ мақсатта бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі екенін айтқан дұрыс.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.