Financial Times басылымына сілтеме жасаған Aikyn.kz TikTok америкалық аудиториясын жоғалтса одан кім ұтатынын болжайды.TikTok 170 миллион АҚШ пайдаланушысына жаңа сайланған президент Дональд Трамптың инаугурациясынан бір күн бұрын «жабылатынын» ескертті. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Brendan Smialowski
Былтыр қабылданған заңға сәйкес жексенбіде (19 қаңтар) АҚШ-та TikTok қызметін тоқтатады. TikTok өзінің 170 миллион АҚШ пайдаланушысына жаңа сайланған президент Дональд Трамптың инаугурациясынан бір күн бұрын «жабылатынын» ескертті. Бұндай тыйымның пайдасын көретіндер Meta, YouTube, Snap және Илон Масктың X желісі. ByteDance-ке тиесілі әлеуметтік желіні қолданушы Gen Z буыны осы желілердің қызметіне жүгінетін болады деп күтілуде.
Сарапшылар тыйым күшіне енсе Meta және YouTube АҚШ-та «айқын бенефициарларға айналып, 15-20 миллиард долларға дейінгі қосымша кірістер» табады дейді. Бұл олардың өнімдерінің ұқсастығына байланысты.
Цифрлық медиа-бизнестің өкілі сэр Мартин Соррелл «TikTok-тың жарнамадан түсетін табысы болашақта Facebook, Instagram, Snap, X және YouTube арасында бөлінеді және шамамен 10 миллиард долларды құрайтынын» айтады. Бұл шамамен 700 миллиард долларды құрайтын жаһандық цифрлық жарнама нарығының бір бөлігі.
Вирустық қысқа видеолар қолданбасы соңғы бес жыл ішінде көптеген брендтердің маркетингтік стратегияларының негізгі бөлігіне айналды. Өйткені ол телевизия сияқты дәстүрлі құралдарды қарамайтын Z буыны арасында пандемия кезінде өте танымал болды. TikTok-қа 2023 жылы АҚШ-та рекордтық табыс жинады – 16 миллиард доллар.Дональд Трамп Ақ үйге кірген күні қолданбаны «сақтап қалуға» уәде берді. Фото YouTube платформасындағы Forbes Breaking News каналынан алынды
Заңға сәйкес, қолданбалар сататын Apple және Google дүкендері бұдан былай АҚШ пайдаланушыларына TikTok-ты ұсына алмайды, яғни пайдаланушылар қолданбаны жүктеп ала алмайды. Сондай-ақ, америкалық компанияларға видео қолданбасы үшін «интернет-хостинг қызметтерін ұсынуға» тыйым салынады.
TikTok осы аптада Жоғарғы сотқа заңға қарсылық білдіріп, шағым түсірді. Сонымен бірге Бейжіңдегі шенеуніктер Илон Маскты қолданбаның АҚШ-тағы TikTok желісін сатуда делдал ретінде пайдалануды талқылап жатыр. Жаңадан сайланған президент Трамп болса Ақ үйге кірген күні қолданбаны «сақтап қалуға» уәде берген.
Бәсекелес технологиялық платформалар TikTok-тың жас аудиториясын және үздік контент жасаушыларын, сондай-ақ оның жарнамалық бюджеттерін видео қолданба пішіміне жақындататын жаңа құралдар шығару арқылы өзіне қосуға дайындалуда.
ЖИ-ге барлық күш-жігерін жұмсап отырған Meta сияқты компаниялар пайдаланушыларды көбейтіп, олардың деректерін ЖИ үлгілерін үйрету үшін қолданбақшы.
Snap бұл мүмкіндікті әртүрлі командалар үшін бір жыл бойы жоспарлағанын айтуда. Қазан айында ол қолданбаны қысқа, TikTok стиліндегі видеолар жүктеуге ыңғайлы дизайнды іске қосты. Желтоқсан айында Meta пайдаланушыларға TikTok пішіміне ұқсас Reels видеоларын басқа адамдармен бөлісуге мүмкіндік беретін Trial Reels функциясын ұсынды. Meta TikTok блогының жабылуына байланысты өз трафигінің өсетінін болжап, инфрақұрылымын дайындауға күрделі шығындар жұмсайтынын жариялады.Америкалық жастар Қытайдың RedNote деп аталатын әлеуметтік желісіне ауыса бастаған. Фото ahoo.com сайтынан алынды
eMarketer талдау тобының есептеуінше, TikTok-тың АҚШ-тағы жарнамалық кірісінің 22,4%-ы Meta-ның Instagram-ынан және 17,1%-ы Facebook-тен, ал YouTube-тен 10,7% келеді. Осы уақытқа дейін күтпеген тағы бір бенефициар анықталды. Ол – Қытайдың RedNote деп аталатын Xiaohongshu әлеуметтік медиа стартапы. TikTok-ты пайдаланушылар АҚШ үкіметінің заңына байланысты оған баламаны қытайлық желіден тапқан.
RedNote қолданбасы АҚШ-тың iPhone жүктеп алу рейтингінде алдыңғы орынға көтерілді. Оның контентінің көпшілігі қытай тілінде және қолданбада АҚШ-тың жаңа пайдаланушыларына жазбаларды түсінуге мүмкіндік беретін аударма жасалмайды. Бірақ бұл уақытша ғана қиындық, аудиториясы ағылшын тіліндегі пайдаланушылармен көбейіп жатқан желі жақын күндері бұл кемшілікті түзетері анық.
Сонымен, REDnote қолданбасы дегеніміз не? REDnote (Xiaohongshu ретінде де белгілі), 2013 жылдан бері жұмыс істейтін қытайлық әлеуметтік медиа қолданбасы. Ол – TikTok-тың дәл көшірмесі. Бүкіл әлем бойынша 300 миллионнан астам пайдаланушысы бар.
Meta мен YouTube жаңа пайдаланушылардың келуін болжағанымен, оларды үлкен сынақ күтуде. TikTok-қа ұқсайтын инфрақұрылым жасау қиын емес, бірақ TikTok-тағы атмосфера мен оның өзіне тартатын магнетизмін қайталау мүмкін болмас.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.