Aikyn.kz бүгін халқының алдында ант беріп, президенттік қызметіне кірісетін Дональд Трамптың климаты қатал аралға деген қызығушылығының саяси, экономикалық және әскери себептерін талдайды.
Дональд Трамп Гренландияны сатып алғысы келген АҚШ-тың жалғыз саясаткері емес. Фото snob.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Unsplash
Гренландия – Дания Корольдігінің құрамындағы автономиялық-әкімшілік бірлік.
Жер бетіндегі ең ірі саналатын аралдың аумағы – 2,2 млн шаршы метр. Халқының саны – 56 828 адам. Аралдың негізгі халқын гренланд эскимостары (калааллит) құрайды (жалпы халықтың 90%-ы), қалған 10%-ы – даниялықтар мен басқа еуропалықтар. Гренландияның ірі қалалары аралдың оңтүстік-батыс жағалауында шоғырланған: Нуук (Годтхаб) – аралдың астанасында 19 604 адам тұрады. Какорток, Сисимиут және Маниицок сияқты қалашықтарда 3-4 мың адам тұрады. Халықтың негізгі кәсібі – аңшылық пен балық аулау. Гренландияның негізгі тілі – гренланд тілі. Дат тілі де кең таралған.
Дональд Трамп Гренландияны сатып алуды ұсынған АҚШ-тың жалғыз саясаткері емес. XIX-шы ғасырда Мемлекеттік хатшы Уильям Генри Сьюард 1867 жылы Гренландияны сатып алу мүмкіндігін зерттеген, бірақ АҚШ Конгресіндегі қарсыластары оның жобасын қабылдамай тастаған.
XX ғасырда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Құрама Штаттары Гренландияға геосаяси қызығушылық танытып, 1946 жылы Даниядан аралды 100 миллион долларға сатып алуды ұсынды, бірақ Дания аралды сатудан бас тартты. Гренландияның табиғи байлығы мен геосаясаттағы маңызының өскенін ескеріп, 2019 жылдың тамызында АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны сатып алуды қайтадан ұсынды.
Бұған Гренландияның сол кездегі премьер-министрі Ким Кильсен: «Гренландия сатылмайды және сатылуы мүмкін емес. Бірақ Гренландия Америка Құрама Штаттарымен сауда мен ынтымақтастықты нығайту үшін әскери және экономикалық қатынастарды күшейтуге ашық», – деп жауап берген.
2024 жылдың желтоқсанында Трамп Гренландияны сатып алу туралы ұсынысын қайталады. Гренландияның жаңа премьер-министрі Муте Эгеде де «арал сатылмайды» деген жауап берді. Бұндай жауаптар АҚШ-тың 47-ші президентінің саяси екпінін азайта алмаған сияқты.
Гренландия референдум өткізіп, өзінің тәуелсіздігін кез келген уақытта жариялай алады. Сурет bbc.com сайтынан алынды
Гренландияның Тәуелсіздік үшін күресі
Гренландияның тәуелсіздігі идеясы 1979 жылы «ішкі автономия» туралы заң қабылданған кезде пайда болды. Аралда аймақтық парламент құрылып, арал билігі салық жинауда, мәдениет, білім, аңшылық және балық аулау мәселелерінде Даниядан айтарлықтай еркіндік алды.
2003 жылы аралдықтар «Гхингит’уак-53» қозғалысын құрды, оның мақсаты 1953 жылы мамырда күштеп қоныс аударылған адамдарды өз жерлеріне қайтару және оларға келтірілген азап үшін Даниядан өтемақы алу болды.
2008 жылы аралда жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң бойынша референдум өтті. Тәуелсіздікті кез келген уақытта жариялау мүмкіндігіне халықтың 75%-ы дауыс берді. Тәуелсіздікті жариялау үшін Гренландияда аралдың тәуелсіздігі туралы референдум өткізіліп, онда ұсыныс көпшілік дауысқа ие болуы керек. Парламент референдум туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады. Дания «Өзін-өзі басқару туралы» заңды мойындады, яғни Корольдік тәуелсіздік жариялауға қарсы болмады.
Дания мен Гренландия арасындағы келіспеушіліктер 2017 жылдың соңында ушыға түсті. Аралдың бұрынғы Еңбек министрі Виитус Куяукицок БҰҰ-ға Дания үкіметінің үстінен шағым түсірді. Оған себеп – америкалық әскери күштердің аралды ластау мәселесін шешуде Копенгагеннің әрекет етуден бас тартуы болды. Аралда салынған, бірақ кейіннен иесіз қалған Camp Century базасы жергілікті биліктің алаңдаушылығын тудырды. Онда әлі де америкалық армия тастап кеткен радиоактивті қалдықтар бар.
2025 жылы Гренландияның премьер-министрі Муте Эгеде Трамптың аралды сатып алу туралы ұсыныстарына байланысты Даниядан тәуелсіздік алу мәселесін қайтадан көтерді.
АҚШ Данияны аралды сатуға көндіру үшін әскери күш қолдануға дейін барады. Фото absatz.media сайтынан алынды. Авторлығы: North Atlantic Treaty Organization
Трампқа Гренландия не үшін қажет?
Дания Корольдігін осы аралды өзіне беруге мәжбүрлеу үшін Құрама Штаттар әскери немесе экономикалық күш қолдануды жоққа шығармайды. Гренландияның стратегиялық орны мен табиғи ресурстары АҚШ үшін мол пайда әкелуі мүмкін. Арал Еуропадан Солтүстік Америкаға дейінгі ең қысқа жолда орналасқан, бұл оның АҚШ-тың баллистикалық зымырандарды ескерту жүйесі үшін маңызын өсіреді. АҚШ бұл жерде өзінің әскери күштерін кеңейтіп, ресейлік әскери кемелер мен атом сүңгуір қайықтарды бақылау радарларын орналастырғысы келеді.
Аралдың орталығы Нуук қаласы Данияның астанасы Копенгагеннен гөрі Нью-Йоркке жақын орналасқан. Гренландияда мол қазба байлығы, мұнай мен табиғи газ бар, оны игеруге көп инвестиция қажет. Әзірше, Гренландия экспортының 95%-ы балық шаруашылығына тиесілі және мемлекеттік бюджеттің жартысын Дания береді.
Дания Гренландияға жылына 1 миллиард доллар немесе оның 56 828 тұрғынының әрқайсысына 17 500 доллар жұмсайды.
2023 жылы жүргізілген зерттеу бойынша Еуропалық комиссия «өте қажет шикізат» деп санайтын 34 минералдың 25-і Гренландияда бар екені анықталған. Олардың ішінде графит және литий сияқты аккумуляторларда қолданылатын материалдар, сондай-ақ электр көліктері мен жел турбиналарында қолданылатын сирек кездесетін материалдар бар.
Гренландия АҚШ-тың алдында соншалықты қорғансыз ба? Фото profile.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Jacob Gronholt-Pedersen
Гренландия мен АҚШ қарым-қатынастары
АҚШ пен Дания арасындағы 1951 жылғы келісім бойынша Құрама Штаттары Дания мен Гренландияны хабардар етіп, аралда еркін қозғалуға және әскери базалар салуға толық құқылы.
АҚШ әскері бүгінде Гренландияның солтүстік-батысындағы Питуффик әуе базасында тұрақты орналасқан. Копенгагеннің Гренландияны қорғауға мүмкіндігі болмағандықтан және АҚШ Данияға НАТО альянсы арқылы қауіпсіздік кепілдігін бергендіктен, Дания АҚШ-тың мүддесімен санасуға мәжбүр. Данияның бұрынғы колониясы болған арал 1953 жылы Скандинавия патшалығының ресми аумағына айналды және Дания конституциясына бағынады. Аралдың құқықтық мәртебесін өзгерту Дания Конституциясын түзету қажет.
Гренландия тұрғындары тәуелсіздікті қолдайды, бірақ олардың пікірі тәуелсіздікті жариялау уақыты мен тәуелсіздіктің өмір сүру деңгейіне қалай әсер ететініне байланысты екіге бөлінген. Сондықтан тәуелсіздік үшін күресіп келген Гренландияның премьер-министрі Муте Эгеде аралдың болашағын тек оның халқы шешуі керек екенін баса айтуда.
Егер Гренландия тәуелсіздігін жарияласа, онда арал АҚШ территориясы болмай, АҚШ-пен стратегиялық Одақ құру туралы шешім қабылдауы мүмкін. Арал Құрама Штаттармен «еркін қауымдастық» құра алады. Мысалы, Маршалл аралдары, Микронезия және Палау сияқты Гренландия да әскери құқықтарды АҚШ-қа беріп, оның орнына қаржылай қолдау алуы мүмкін. Дегенмен сарапшылар Гренландияда Даниядан тәуелсіз болуға ұмтылғанымен, гренландиялықтар жаңа отаршыл қожайынға қызығушылық таныта қоймайды. Гренландия тұрғындарына тәуелсіздіктен бұрын өздерінің болашақ әл-ауқаты маңызды сияқты.
Трамптың аралды сатып алу туралы ұсыныстарын Дания түбегейлі қабылдамады. Корольдіктің премьер-министрі Метте Фредериксен 2019 жылғы ұсынысты «абсурд» деп атаған. Ал биыл қаңтарда Данияның бұл мәселе бойынша АҚШ-пен тығыз жұмыс істеуі керектігін, бірақ Гренландия өзінің болашағын өзі анықтайтынын айтып, бұрынғы көзқарасының едәуір жұмсарғанын көрсетті.
Премьер-министр: «Гренландия сатылмайды және сатылуы мүмкін емес». Фото profile.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Lucas Jackson
Трамптың Гренландияны сатып алу жоспарын Конгресс қолдады
АҚШ-тың Өкілдер палатасындағы Республикалық партия өкілдері Дональд Трамптың Гренландияны сатып алу туралы келіссөздерге рұқсат беретін заң жобасын жасап, оын Конгресс қарауына ұсынбақшы.
Заң жобасы «Гренландияны қайтадан ұлы ету актісі» (Make Greenland Great Again Act) деп аталады», – дейді заң жобасына бастамашы болған Республикалық партияның өкілдері Энди Оглес пен Дайан Харшбаргер. Заң жобасының атауы Дональд Трамптың басты саяси ұраны «Американы қайтадан ұлы жасаймыз!» (Make America Great Again) деген ұранына ұқсайды.
Дональд Трамп Гренландияны АҚШ-тың бір бөлігі еткісі келетінін және Данияны оны беруге көндіру үшін әскери немесе экономикалық күш қолдануға дейін баратынын жариялаған еді. 5 қарашада өткен сайлауда республикашылдар Өкілдер палатасы мен Сенатта басым дауысқа ие болды. Заң жобасы қабылданса президент Даниямен келіссөздерді бастай алады.
«Конгресс осы арқылы Президентке 2025 жылдың 20 қаңтарында шығыс белдеу уақыты бойынша 12:01-ден бастап Гренландияны Америка Құрама Штаттарының иеленуін қамтамасыз ету үшін Дания Корольдігімен келіссөздер жүргізуге рұқсат береді. Дания Корольдігімен Гренландияны Америка Құрама Штаттарының иемденуі туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей, Президент тиісті конгресс комитеттеріне келісімді, оның ішінде барлық қосымша материалдар мен қосымшаларды жібереді», – деп нақтыланған заң жобасында.
Гренландияның құны 12,5 мен 77 миллиард доллар аралығында болуы мүмкін. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Ida Marie Odgaard
АҚШ Гренландияны сатып алу құнын есептеді
Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің бұрынғы экономисі Дэвид Баркер The New York Times газетіне Гренландияны сатып алу құны 12,5 мен 77 миллиард доллар аралығында болатынын мәлімдеді.
Сарапшы өз есептеулерін АҚШ-тың 1917 жылы Даниядан Виргин аралдарын сатып алу құны негізінде жасаған. Ол кезде Вашингтон аралдарды сатып алуға 25 миллион доллар жұмсаса, бұл бүгінгі бағалармен есептегенде 657 миллион доллар болады екен. Гренландияны сатып алу құны қазіргі АҚШ пен Данияның ЖІӨ көлемін және оның 1917 жылмен салыстырғанда өзгеруін қамтиды.
«Үлкен экономика көбірек төлеуге қабілетті, бірақ кішірек экономика жоғары бағаға сатқысы келеді», – дейді Дэвид Баркер.
Соңғы 100 жылда Данияның ЖІӨ 500 есе өскен, сондықтан Гренландияның бастапқы құны 12,5 миллиард долларға бағалануы мүмкін. АҚШ Ресейден 1867 жылы 7,2 миллион долларға сатып алған Алясканың құнына қатысты да түзету ескерілген. Сол уақыттан бергі АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің өсуін ескерсек, Алясканың бүгінгі құны 77 миллиард долларға жететін еді.
Дональд Трамп Америкаға Гренландияны қосу идеясын іске асыруға Кен Ховериді таңдады. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Patrick McMullan
Бүгін президенттік қызметіне кірісетін Дональд Трамп Америкаға Гренландияны қосу идеясын іске асыруға бұрын онлайн төлемдер қосымшасының қаржы директоры қызметін атқарған Кен Ховериді таңдаған. Ховеридің технологиялық миллиардерлер Илон Маск пен Питер Тильмен бұрыннан таныс екені белгілі.
Кен Ховери 2019-2021 жылдар аралығында Трамптың бірінші әкімшілігінде АҚШ-тың Швециядағы елшісі қызметін атқарған. Енді оны Дональд Трамп АҚШ-тың Даниядағы елшісі қызметіне тағайындады. Жаңа елшінің кандидатурасын Сенат қолдауы керек. Республикалық партияның Сенатта басым дауысқа ие екенін ескерсек, Трампқа бұл кандидатураға келісім алу қиын болмауы тиіс.
Конгресс мүшелері Гренландияның АҚШ үшін геостратегиялық маңызы зор екенімен келіседі. Қырғи қабақ соғыс кезінде АҚШ Кеңес Одағына қарсы «екінші соққы» беру үшін Гренландияда ядролық зымырандарды ұшыру алаңдарының желісін құруға әрекет жасады. Бұл әрекеттер өте құпия болды және АҚШ тіпті Дания үкіметіне бұл туралы айтпаған. Өйткені, 1951 жылғы келісім бойынша Құрама Штаттары Дания мен Гренландияны тек хабардар етіп, аралда кез келген әскери нысандар салуға толық құқылы.
Дональд Трамптың Гренландияны сатып алу жобасын іске асыруға барлық жағдай оңтайлы сияқты. Ресейдің өз мүддесін қорғау мақсатында Украинада жүргізіп жатқан соғысымен салыстырғанда, Трамптың іс-әрекеттері бизнес-жоспарға көбірек ұқсайды. Іске асыру стратегиясы әртүрлі болғанымен, екі оқиғаның да мақсаты бір – ұлттық мүддені қорғау. Үлкен саясатта кіші халықтың жағдайы екінші кезекке оңай ысырылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.