Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» 6,5 млн-ға жуық адамның қызығушылығын тудырды. Бұл мәлімет экологиялық акцияны іске асыру барысында қаралған Үкімет отырысында айтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Акцияны өткізу кезеңінде ауқымды жобаға қатысушылар 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жинады, шамамен 1,6 млн жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар өңірлерде аумақтар мен аулаларды жинау бойынша ірі науқан өткізілді, тарихи-мәдени ескерткіштер ретке келтіріліп, ардагерлерге ауласын абаттандыру және жинау бойынша көмек көрсетілді, өзендер мен су айдындары қоқыстан тазартылды.
Азаматтарды елді мекендер мен экология мәселелерін шешуге тарту мақсатында ыңғайлы @TazaQazBot Telegram чат-боты арқылы өтінім беру қызметі іске қосылды. Бүгінде 10 мыңнан астам өтінім келіп түсіп, 9,7 мыңға жуық өтініш орындалды. Көбінесе азаматтардан аумақтарды жинау, көшелерді абаттандыру, қоқыстарды шығару және жолдарды жөндеу бойынша өтініштер келіп түсті.
Соңғы 8 ай бойы «AMANAT» партиясының белсенділері мен жақтастары да апта сайын Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеді.
Өткен жылдың 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен скверлерді, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартып келеді.
Бүгінде республика бойынша 90 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 50 мың адам қатысты. Сонымен қатар белсенділер 100-ден астам өзен, көл мен су қоймасын тазалады. Жұмысты тиімді жүргізу үшін ластанған аумақтардың карталары әзірленіп, әрбір учаске мәслихат депутаттары, белсенділер және партияның бастауыш ұйымдарының жетекшілері бекітілді. Олар өздеріне бекітілген аумақтардағы тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешуде.