Артынан қалған мол мұрасы әлі күнге дейін зерттеліп, зерделеніп келеді. Түрлі еңбектер жазылып, көпшілік қауымға түрлі форматта туындылар ұсынылуда. Қарап отырсақ, «Оян, қазақ» деп жырлаған ақынның қоғамдық жұмысын айтпағанда, ән мен күйге де құштар болған екен. Тіпті өз жанынан шығарған әндері де бар. Бүгін сол екі әнге тоқталмақпыз.
Біздің әрдайым оқыған дүниелерді түсініп, мазмұндап, халыққа ұсынып отыратын әдетіміз бар. Бүгінгі тақырыпқа да пайдаланылған еңбек бар. Кітаптың авторы атақты композитор Ілия Жақанов. Қолымызда оның 2001 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Үзілген ән» кітабы бар. Аталған кітаптың Міржақыпқа арналған бөлімін осы жазарымыздың негізгі дереккөзіне пайдаландық. Оқырманға түсінікті болуы үшін әу бастан бір жайтты ескертіп кетейік. Ілия Жақанов та өзі жинаған деректермен қатар, Міржақыптың қызы Гүлнәр апамыздың және сол кездегі өзі «жас ғалым» (І. Жақановтың сөзі) деп жазған, бүгінде С. Сейфуллин атындағы мұражай директоры Марат Әбсеметовтің ұсынған деректеріне сүйенеді.
«Алаш маршы»
Бұл әннің бірнеше атауы бар. Кейде «Зар заман» дейді, кейде «Заман-ай» дейді, «Кер заман» деп жазылғаны да бар. Әуелі әннің тарихына әрі таралуына тоқталайық.
Алаш әскері құрылған уақытта бұл ән де дүниеге (шамамен 1918-1919 жылдар) келсе керек. Бұл ән жайлы дерек жеткізген – Сейілбек Ысмайылбекұлы. Оның айтуынша, Торғай даласында қазақ әскері құрылып, сарбаздар жинайды. Сол сарбаздар қатарында ауылдасы Бейсембек Мұхаметжанов есімді жігіт те болған. Бейсембек әскер қатарында біраз уақыт жүріп, кейін үйіне қайтып келеді.
«Осы жолы ауылға «Зар заман» (Алаш маршы) әнін жайды. Әнді әуелі туған ағам Жәмбек шырқатты… Осы әнді Жәмбектің өз аузынан үйрендім. Жұрттың бәрі айтты. Келе-келе әннің әйдік орындаушылары бізге жиен Қосымжан, Сейітжан Бабақовтар болды. Әл әлгі Бейсембек 1932 жылы ашаршылықта өлді», – деп Сейілбек Ысмайылбекұлы естелік айтқан.
Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асырып, міндік атқа.
Заман-ай!
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.
Заман-ай!
Азаматы алаштың
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды.
Қиын қыстау заманында, көп ән мәтіндері өзгертіліп, тек әуені (сарыны) ғана сақталғаны белгілі. Бұл осы әннің басынан да өтті.
«... Міржақыптың есімін атау қиямет, «Алаш» деген сөз, тіпті жат, қатерлі. Отызыншы жылдардың орта тұсында Міржақыптың баяғы… баяғы «Алаш маршы» – «Заман-ай», «Кер заман» болып өзгертіліп, Иса жазған сөзбен «Қызыл флот» әні боп «шырқалды».
Теңбіл аспан төгіліп дарияға,
Сәуле шашып көк жібек қонды ұяға.
Заман-ай!
Көк теңіздің көсілген қиыры жоқ,
Жатыр шалқып көз жетпес бір қияда.
Заман-ай!
Кемелері советтің,
Сол теңізде күзетте,
Қызыл ері флоттың
Жуытпайды бұл бетке”
«Алаш ұраны» («Ғаскер өлеңі»)
Бұл әннің сөзін жазған Жүсіпбек Аймауытов. 1918 жылы «Абай» журналында жарыққа шыққан. Бұл әнді де берген Сейілбек ақсақал. Дегенмен бұл әннің тағы бір информаторы болған екен. Есімі – Ғұмар Ғабділхәкімұлы. Әнді үйренгені жайлы келесідей баяндайды: «...дүрліккен Торғайдың бір тыңшыққан кезі. Торғайда – әскер, оның басшысы – Міржақып. Әскердің аттары өңкей сұлу арғымақ, бәрі құндыз жылтырайды. Ер-тұрмандары да өзгеше, былғарыдан істелген. Сарбаздардың қолдарында мылтық, найза. Міржақып әскерлерді бірде атпен, бірге жаяу жүргізіп, шеру тартқызып, даланы жаңғыртып, «Алаш маршын», «Алаш ұранын» айтқызады. Біз болсақ, өңшең жас бала (1910 жылы туған) әскерлердің соңынан кеп жүгіреміз. Осы екі маршты сол күндері үйренгенмін. Міржақып ағаны күнде көрсем де, бұл марштарды өзіне жеке айтып берген кезім болған жоқ. Мен көп баланың бірімін… үй бетін көрмей, өзен жағалап суға түсеміз. Бар бала қосылып, екі маршты айтып, үйге қайтамыз. Сондай бір сәттерде Міржақып ағай есік пен төрдей қарагер жорға атын жетектеп, бізді тыңдап, соңымыздан жымиып қана еріп келе жатады», – деп еске алған Ғұмар ақсақал.
Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Ат мінсек, жел болып,
Суылдап шабамыз.
«Лап!» десек ерленіп,
Дуылдап жанамыз.
Алаштың ақ туын
Қолға алып, ақырып,
«Алаш!» деп шапқанда,
Жауға ойран саламыз!
Енді бұл екі әннің алғашқы орындаушысы жайлы бірер сөз. Гүлнар Міржақыпқызы былай деген екен: «Әкемнің адал досы, сенімді серігі Ғаббас Нұрымов (1903-1937) жайында шешем көп әңгіме айтатын… Домбыра мен мандолинді бірдей тартып, әуелете, әсемдете ән шырқаған. Әкем оны ұйып тыңдайды екен. Біздің ауылда 1918-1919 жылдары әкем шығарған «Алаш марштарын» бірінші айтқан осы Ғаббас көрінеді».
Құрметті оқырман, біз Міржақыптың екі маршы жайлы дерегін тек бір жақты ұсындық. Мақсатымыз жан-жақты саралау емес, тек таныстыру. Ғаламтордан қазақ тілінде басқа да деректерді таба аласыз. Біз болсақ, Ілия Жақановтың «Үзілген ән» (Алматы, 2001) кітабында жазылған мәліметке ғана сүйенгенімізді ескерте кетейік.
Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі