BBC News жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz Американың жаңа сыртқы саясатын талдайды.
Дональд Трамп: «Шетелге жұмсалған әрбір доллар үш сұраққа жауап беруі керек. Бұл Американы қауіпсіз ете ме? Бұл Американы күшті ете ме? Бұл Американы гүлдендіре ме?». Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP
АҚШ-тың федералды органдары мен шетелдегі елшіліктеріне жіберілген ішкі меморандумға сәйкес, Мемлекеттік департамент барлық сыртқы көмекті тоқтатып тастады. Бірнеше сағат бұрын жарияланған хабарлама президент Дональд Трамптың дүйсенбідегі сыртқы даму көмегін оның тиімділігі мен сыртқы саясатқа сәйкестігі тексерілгенге дейін 90 күнге кідірту туралы бұйрығынан кейін жасалды.
Америка Құрама Штаттары ресми деректер бойынша, 2023 жылы шетелдерге 68 миллиард доллар жұмсайтын халықаралық көмектің әлемдегі ең ірі доноры болған. Мемлекеттік департамент тоқтатқан қаржы әскери саладан бастап барлық гуманитарлық даму бағыттарын қамтиды. Тек Израиль мен Мысырға төтенше азық-түлік көмегі мен әскери қаржыландыру ғана бұл тыйымға кірмейді.
«Ұсынылған әрбір жаңа көмек түрі немесе бұрынғы көмек түрлерін ұзарту қайтадан сарапталып, бекітілмейінше, жаңа қаражат бөлуге болмайды», – делінген қызметкерлерге арналған жазбада.
Құжатта көмектің президент Трамптың сыртқы саясаттағы мақсаттарына сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін 85 күн ішінде барлық шетелдік көмекті жан-жақты тексеру тапсырылған. АҚШ-тың бас дипломаты, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бұған дейін АҚШ-тың шетелдегі барлық шығындары Американы «күшті», «қауіпсіз» немесе «гүлдендіретін» болса ғана жасалуы керек деп айтқан.
Вице-президент Джеймс Дэвид Вэнс жаңадан тағайындалған Марко Рубиодан ант қабылдауда. Фото usembassy.gov сайтынан алынды
Мемлекеттік департаменттің бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі BBC News-ке бұл ескерту АҚШ қаржыландыратын сыртқы көмек бағдарламаларына «үлкен» әсер етуі мүмкін деген.
«Мысалы, бүкіл әлем бойынша гуманитарлық миналарды жою бағдарламалары кенеттен жұмысын тоқтатуға бұйрық берді деп елестетуге болады. Бұл өте маңызды мәселе», – дейді Мемлекеттік департаментте 2023 жылдың соңына дейін қару-жарақ сату бойынша Конгреспен байланысты басқарған Джош Пол.
АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) Таяу Шығыстағы миссиясының бұрынғы директоры Дэйв Харден BBC News-ке бұл қадамның «өте маңызды» екенін айтады және тексеру барысында АҚШ-тың гуманитарлық және даму бағдарламаларының дереу тоқтатылатынын жоққа шығармайды. Шетелдерге берілетін көмек ауызсу, канализация және тұрғын үйді қоса алғанда, маңызды даму жобаларының кең ауқымына әсер етуі мүмкін.
«Орындаушы серіктестің немесе [үкіметтік емес ұйымның] қызметкерлеріне жалақы төлеу керек, бірақ менің ойымша, нақты көмекті тоқтату керек. Мен Батыс жағы мен Газадағы миссияның директоры болған кезімде [көмек көрсетуді тоқтатумен] көп рет айналыстым. Бұл жолы көмек жаһандық деңгейде тоқтатылады», – дейді Харден мырза.
Көмекті тоқтату туралы шешім Газа секторына гуманитарлық көмектің артуы, Суданда аштыққа байланысты дағдарыстар жағдайында қабылданды. Фото brookings.edu сайтынан алынды
Франс пресс агенттігінің хабарлауынша, қаржыландырудың тоқтатылуы Трамптың алдындағы Джо Байден кезінде миллиардтаған доллар қару алған Украинаға да әсер етуі мүмкін. Шетелдік көмекті тоқтату туралы меморандумда жаңа әкімшілік «шетелдік көмек көрсету бойынша қолданыстағы міндеттемелер қайталанатынын, тиімді екенін немесе президент Трамптың сыртқы саясатына сәйкес келетінін» бірден бағалай алмайтыны айтылған. Бұл жұмысты сапалы орындау үшін 85 күндік мерзім берілген.
Мемлекеттік департаменттің шешімі Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату келісімі басталғаннан кейін Газа секторына гуманитарлық көмектің күрт артуы, сондай-ақ әлемде, соның ішінде Суданда аштыққа байланысты бірқатар басқа дағдарыстар жағдайында қабылданды.
Меморандумда Марко Рубио әзірге Израиль мен Мысырға әскери қаржыландыруға рұқсат беріп, әкімшілік шығыстарды, соның ішінде шетелдік әскери қаржыландыруды басқаруға қажетті жалақыны салықтан босатуды мақұлдағаны айтылған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.