Айтуынша, Целиноград училищесін бітіріп, кейіннен Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде білім алған.
– Осы жылдар аралығында қолыма қаншама бала келді. Әрқайсысының мінезі де, тағдыры да әртүрлі. Талай қызық басымыздан өтті. Сол балаларды 2-3 күн көрмесең, кәдімгідей сағынасың. Әсіресе, кішкентайлар балабақшадан келгенде «мама, мама» деп алдыңнан жүгіріп шығып, құшақтағанда бәрін ұмытып, көңілің жадырап-жайнап шыға келеді. Бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз сонша, менің қызымды өздерінің әпкесіндей көреді, – дейді Бәтеш Есилбаева.
Қазір Бәтеш тәрбиешінің бір қызы, екі жиені бар. Қызының балалық шағы да осы балалар үйінде өткен. Анасы бүкіл уақытын балалармен өткізгендіктен қызы да бірге еріп жүрген. Бір үйдің баласындай болып кеткен. Тіпті, Бәтеш апамыздың 60 жылдық мерейтойына барлық тәрбиеленушісі келіп, бір дастарқан басында бас қосқан. Айтуынша, үлгі тұтып, мақтан ететін балалары көп.
– Ең біріншісі – Владислав Горизанов, қазір Қарағандыда жұмыс істейді. Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне өзім апарып оқуға түсірдім. Емтихан тапсырғанда қасында болдым. Үйленіп, отбасын құрды. Келініміз – Қарқаралының қызы, ұлты – қазақ. Әке-шешесінің алдынан өтіп, құдаласуға бардық. Тағы бір тәрбиеленушім – Гүлшат Газиева. Кәмелеттік жасқа толып, оқуын бітірген соң өзімізде қалды. Балалар үйінің балабақшасында жұмыс істейді. Ол қызымызды да тұрмысқа беріп, тойлап, шілдеханасына қатыстым. Әзірге бала күтімі бойынша демалыста жүр. Ал Әлішер деген балам – № 71 мектепте шаруашылыққа жауап беретін маман. Айта берсем, бетке ұстар балаларым көп. Мүмкін біреулерге бұл көрсеткіш боп көрінбеуі мүмкін. Алайда әр баланың теріс жолға түспей, жұрт қатарлы өмір сүруі – үлкен жетістік. Біздің қуанышымыз да осы, – деді тәрбиеші.
Бұрын әр тәрбиеші 15 балаға жауапты болатын. Сәбилер үйінен келіп түскен нәресте мектеп бітіріп, оқуға түскенге дейін тіпті, кейбірі отбасын құрғанға дейін қасында болған. Қазір ол істеп жатқан коттеджде 13 бала бар. Олар – тұрақты топтың балалары. Бәрінің ата-анасы бар, ішінде жетім бала жоқ. Әрқайсысы әртүрлі жаста. Үлкені №16 мектепте оқиды. Оның үстіне, ағайындыларды бөліп-жармайды.
– Мысалы, Ивановтар әулетінің 6 баласы менде. Арасында әжесі мен әкесі келіп тұрады. Негізі әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылған. Одан Болдоревтар әулетінен төрт қыз. Тағдырдың жазғаны болар, кім біледі?! Ондай отбасында өмірге келгеніне олар кінәлі емес қой. Бізге келмес бұрын балалар алдымен уақытша топқа түседі. Бүкіл ауыртпалықты көретін солар. Бізге келгенде мекеменің ішкі тәртібіне үйреніп қалады. Сондықтан оларды еркін ұстаймыз. Ересектері мектепке өзі барады. Одан кішкентайларын сабағына өзіміз апарып, алып келеміз. Арасында мұғалімдерге тапсырып, күтіп аламыз. Кішкентайларын балабақшаға апарамыз, – дейді Бәтеш апа.
Айтуынша, балалардың арасында тентектік жасағаны да жеткілікті. «Бұрын 11-сыныптың екі қызы қашып кеткен жағдайы болды. Жазды күні еді. Сабақтан кейін екеуі қыдырып кеткен. Кешкісін туыстарының үйіне қонып, «Бәтеш апай бізді іздей ме, жоқ па, соны білгісі келген. Сөйтіп, ертеңінде қайтып келгені бар. Оған енді не істейсің, кешіресің. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, арасында «мен неге олаймын?» деп шыққандар да болды. Балалардың мекемеге қайтып келгені де бар. Мысалы, Женя ағасы екеуінің оралғанда психикасы қатты өзгеріп келді. Оларды қалыпты өмірге қайтару үшін психологпен ұзақ жұмыс істеді. Соңында ағайындылар есейіп, SOS ауылына жіберілді», – деп Бәтеш Есилбаева өткен күнді еске алды.
Тәрбиешінің сөзінше, олар балаларды киноға, циркке апарып, қыдыртады. Мекеме ішінде де түрлі үйірмелер бар. Соның бірі – қолөнер үйірмесі. Оның негізін салған – Бәтеш Есилбаева.
– Бұл үйірмені ашқанымызға 4 жыл болды. Негізі ешкімді міндеттеп, күштемейміз. «Мені шақырыңызшы, бәрін істеймін» деп құлшынып тұрғандарды баулимыз. Соның өзінде көпшілігі қолына қайшы ұстай алмайды. Тоқыма тоқып, кестелеуді ғана емес, үй тірлігіне араласуды да үйренеді. Жұма сайын жеті шелпек пісіріп, сенбі-жексенбі күндері бауырсақ, тоқаш пісіреді. Зейнетке шықсам да, балаларды әлі қимаймын. Бастықтарға айтып, осы жерде тағы қалғым келеді. Мүмкіндік болса, күш-қуатымының барында балалардың игілігі үшін жұмыс істесем, – деген тәрбиеші балалар үйінің тәрбиеленушілері бәрі бірдей қылмыскер атанып, далада қалып, ішімдікке салынып кетіп жатпағанын айтты.
– «Әрине, арасында ақша табудың жеңіл жолына түсіп кететіндері бар. Оның басым бөлігі өзгенің айтқанына еріп кетеді. Ондайға бүкіл жастар бейім. Алла сақтасын, үйден шықпаған баланың өзі теріс жолға түсуі мүмкін. Әр баланың өзіне байланысты, – дейді тәжірибелі тәрбиеші Бәтеш Есилбаева.