Жиырмасыншы ғасырдың басы – орыс қоғамында саяси-әлеуметтік тұрғыдан айтарлық өзгеріске толы уақыт. Тек орыс қоғамы емес, оның «салқыны» біздің қазақ қоғамына да тимей қоймады.
«Шие бағы» жасырған құпия
1,146
оқылды

Жақында ғана Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық театрында А.Чеховтың «Шие бағы» пьесасы қойылды. Премьерасы алғаш 2016 жылы қойылған пьесаның режиссері – Саха Республикасының (Якутия)  еңбек сіңірген өнер қайраткері Сергей Потапов. Жанры комедия, бірақ көтерген жүгі, мазмұны, айтар ойы трагедияға толы қойылымның қазақ топырағында сахналанып келе жатқанына ендігі жылы 10 жыл толмақ. Биыл 9 жыл. Осы уақыт аралығында театр сыншылары, әдебиетшілер, көрермендер тарапынан түрлі пікір айтылған «Шие бағын» әркім өзінше көре білді, көріп те келе жатыр десек, қателеспегеніміз болар...

Ендеше аталмыш мақалада жақында ғана өзіміздің Қ. Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық театрының кіші залында қойылған пьесаны көрмеген оқырманға да жазғанымыз түсінікті болсын деген ниетпен әуелі шығарманың мазмұнына тоқталамыз.

Жалпы пьесадағы негізгі кейіпкерлер мен орындаушылар – 11 адам.

Олар: ШИЕ ХАНЫМ (Раневская) – Ақмарал Танабаева, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты; АЛМА (Аня) – Инабат Әбенова, БАНУ (Варя) – Айшолпан Жаңабергенова; ҒАЙЫП (Гаев) – Қуандық Қыстықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; БАЛТАШ (Лопахин) – Нұркен Өтеуіл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; ПӘТӨНӘЙ (Трофимов) – Дастан Әлімов, «Мәдениет саласының үздігі»; ШАРЛОТТА – Айман Аймағамбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; ЕСКЕН (Семен) Пантелеевич – Сырым Қашқабаев; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; ДӘРИЯ (Дуняша) – Алтынгүл Серкебаева, ҚР «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты; ШАЛ (Фирс) – Кеңесбай Нұрланов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; ЖАРАС (Яша) – Шах-Мұрат Ордабаев, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты.

Антон Павлович Чеховтың «Шие бағы» (Вишневый сад) пьесасы әлемдік драматургия саласында баға жетпес еңбек саналады. Ең алғаш рет бұл тақырыпта пьеса жазу туралы ой А. Чеховқа 1901 жылы келгенімен, автор оны 1903 жылы толық жазып бітірген. Айта кеткен жөн, бұл – оның соңғы еңбегі...

Комедия емес, трагикомедия

1904 жылы орыс қоғамында сахналанған шығармада Ресейдегі әлеуметтік өзгерістер, ескі дворяндық өмір салтының құлдырауы, жаңа әлеуметтік таптың яки топтың пайда болуы суреттеледі. Төрт қана акттен тұратын пьеса комедия жанрында жазылғанымен, сыншылар мұны трагикомедияға жатқызады.

Бірінші акт

Шығармадағы оқиға Любовь Андреевна Раневскаяның, яғни ШИЕ ханымның Парижден өзінің мұраға қалған шие бағына оралуынан басталады. Бірақ өкінішке қарай, бақ иесі өз жеріне қайтып келсе, тап сол жер мүлігі қарызға белшесінен батып, оны аукционда сату қаупі төнген. Қойылымның өн бойында осы ШИЕ ханымның жылдар бойы өз бағы мен жерін тастап кетсе де, символдық мәнге ие «Шие бағы» бала кезінде қалған бұлыңғыр естеліктерді есіне түсіреді. Пьесадағы ең ұрымтал конфликт сол бір бақтың болашағына қатысты алаңдаушылықтан туындайды. Енді не істейміз? «Шие бағының» тағдыры не болмақ? Осы сұрақтар басты кейіпкердің мазасын қашырады. Сол сәтте БАЛТАШ (Ермолай Лопахин) есімді шаруалардың арасынан шыққан көпес, бақты кесіп, оның орнына саяжайда тұратындарға жалға беруді сұрайды. Бұл шешім ШИЕ ханымның отбасы үшін ауыр тиеді, сондықтан олар бұл ұсынысты қабылдай алмайды.

Екінші акт

Мұнда кейіпкерлер бақ ішінде болашақ пен өткен өмірдің естеліктері туралы сөйлесе кетеді. ШИЕ ханым мен оның ағасы ҒАЙЫП (Гаев) мүлікті сақтап қалуға тырысатынын айтып бағады. Бірақ ол үшін не істеу керек? Бақты сақтап қалайын десе, олардың әлеуметтік-экономикалық мәселесі күн өткен сайын ушығып барады. Бұл актте БАЛТАШ пен ШИЕ ханымның отбасы арасындағы әлеуметтік-таптық айырмашылық анық сезіле кетеді. БАЛТАШ жуықта орнауы мүмкін болашақтың бейнесі іспеттес болса, ШИЕ ханым өткен уақыттың, жаңа түсініктерден қалыс қалған уақыттың бейнесі іспеттес...

Үшінші акт

Көптен күткен, кейіпкерлер ұзақ күткен бақтың «тағдыры» шешіледі. Оны БАЛТАШ сатып алады. Бұл жайт ШИЕ ханымның отбасы үшін үлкен трагедия ретінде қабылданады. БАЛТАШТЫҢ негізгі түп тамыры ақсүйек емес, ол жай ғана шаруадан шыққан көпес қой. Пьесадағы осы бір тұс, яғни БАЛТАШТЫҢ жеңісі шаруалардың жаңа әлеуметтік тап ретінде көтерілуін, ал ШИЕ ханым отбасының жеңілісі аристократиялық дәуірдің аяқталуын бейнелегендей ой қалдырады...

Төртінші акт

Финалдық көріністе БАЛТАШ мүлікті сатып алғаннан кейін, әр кейіпкердің болашағына қатысты дүниелер анықталады. ШИЕ ханымның үлкен қызы БАНУ (Варя) жұмыссыз қалады, ал кіші қызы АЛМА (Аня) келешегіне үмітпен қарап, алайда өткенін жоғалтқанын түсінбей дал болады. Ал ПӘТӨНӘЙ (Трофимов) өз санасында қалыптастырып алған идеалы иллюзияға айналады.

ҒАЙЫП (Гаев) пен ШИЕ ханым өмірден ұтылғанын ұғады. Десе де «неге қателесті, неден қателесті?» деген сауалдар санасында шешімі жоқ жұмбақ күйінде қала береді. Пьеса соңында шие ағашын кескен балтаның дыбысы мен үзілген ішек үні естіледі. Бұл құдды бір сол кездегі Ресейдегі өзгерістердің символы сияқты еді. Ескі орыс қоғамының жойылып, оның орнына жаңа дәуір келгенін бейнелегендей. Қош, сонымен 100 минутқа созылған пьесаның ұзын-ырғасы осындай.

«Шие бағы» аллегориясы

Пьеса жайлы сөз қозғар кезде, әрине, автордың өмір сүрген уақытын, көзқарасын ескермеуге болмайды. «Шие бағының» авторы Антон Чехов қандай жазушы болғанын тіпті әдебиеттен аз-кем хабары бар жұртшылықтың өзі жақсы біледі. Ол жай ғана қарапайым әрекет арқылы, ұсақ детальдар арқылы, шағын әңгімелерімен-ақ оқырманға көп әсер қалдырады, көп ой тастайды. Мәселен, оның кейіпкерлерінің кейбір тұстағы әрекетсіздігі немесе үнсіздігі дейікші, үлкен бір сұрақтың жауабын табуға шақырады. Айталық, А. Чеховтың пьесаны жазған уақыты – жиырмасыншы ғасыр. Ал жиырмасыншы ғасырдың басы – орыс қоғамында саяси-әлеуметтік тұрғыдан айтарлық өзгеріс орын алған уақыт. Тек орыс қоғамы емес, оның «салқыны» біздің қазақ қоғамына да тимей қоймады. Сондықтан болар, Чехов бұл пьесада Ресейдегі әлеуметтік құрылымдардың өзгеріп жатқанын бейнелейді. Себебі сол кездегі шаруалар мен буржуазиялық таптың көтерілуі бұрынғы аристократиялық құндылықтардың құлдырауына алып келді. БАЛТАШТЫҢ шие бағын сатып алуы да сол бір әлеуметтік әділеттің қалпына келуін білдіретіндей қылаң береді.

Бұған қатысты «Шие бағын» қазақшаға тәржімалаған жазушы, белгілі сыншы Айгүл Кемелбаева былай дейді:

- Антон Чехов несімен мықты? Ол – орыс театрында және әлемдік театрларда драматург ретінде ең көп қойылатын жазушы. Кішкентай ғана, елеусіздеу көрінетін детальдарға ерекше астар жасыруымен Чехов қой ол... Байқасаңыз, осы бір ғасыр бұрын болып өткен оқиға әлі де қайталанып жатыр. Өйткені қоғам ауысқан сайын құндылықтарға балта шабылады. Мұндағы «Шие бағы» орыс әлемі еді. Соны Чехов жан жүрегінен өткізіп тұспалдайды. Бұрынғы ақсүйек қоғамның орнына буржуазия келіп жатыр ғой, ал буржуазияның негізгі ұстанымы – қалай да пайда табу еді. Драматург осылайша қоғамдық дағдарыстан туған күйікті – Шие бағы аллегориясы арқылы береді, – дейді жазушы А. Кемелбаева.

Жалпы Чехов драматургиясының ерекшелігі сол, кейіпкерлердің ішкі әлемін шебер суреттейді. Олардың әрбір әрекеті, кейіпкерлер арасындағы диалог – мұның бәрі олардың жан дүниесін ашып көрсетеді. Бірақ дәл осы «Шие бағындағы» басты кейіпкерлердің «әрекетсіздігі» де бүтін бір тақырыпқа жүк болғандай. Мысалы, пьесадағы барлық кейіпкер экономикалық жағдайдың қиын екенін біледі. Әркім өз басындағы қиындықты айтады, сөйлеп жатады, сөйлеп жатады, бірақ оны шешуге әрекет етпейді. Қайта оның орнына кейде итше ырылдап, кейде орынсыз ыржыңдап кетеді немесе бірінің үстіне бірі мініп, «ат болып» ойнайды. Демек А.Чеховтың шығармаларында басты оқиғалар кейіпкерлердің әрекетінен емес, олардың әрекетсіздігінен де туындайды. «Шие бағы» сол кездегі орыс қоғамының тағдырынан сыр шерткенімен, былай қарасаңыз, қазақ қоғамының да құндылықтарына тасадан тұрып тас лақтырғандай сезіледі. Біздіңше, бұлай болуы да заңды. Себебі бұл – кез келген өркениетті қоғам өтетін үдеріс.

Және қызығы, пьесада бір кейіпкер бір ғана образда емес. «Шие бағындағы» әр кейіпкер бірде тым жағымды, бірде тым жағымсыз да бола алады. Керек десеңіз, кез келгенінің «хайуанша» түрленуге бейімі бар. Егер мұны көрнекті әдебиет теоретигі, әдебиеттанушы Михаил Бахтиннің «полифония» (яғни көп дауыстың болуы) ұғымына салсақ, «Шие бағындағы» кейіпкерлер –  таза полифониялық кейіпкерлер. Ал А. Чехов – полифонист.

«Чеховтың мықтылығы сонда – ол саналы адамның бейсаналы әрекеттеріне әбден ерік береді және бейберекет те жібермейді. Қалай? Оның бейсаналы әрекеттерін анау бір «соны істеуім керек» деген саналы ойларына көзге көрінбес жіңішке жіппен мықтап матап тастайды ғой. Міне, шынайы біздің (көбіміздің) өміріміз», – дейді жазушы, белгілі киносценарист Ұларбек Нұрғалымұлы.

Тарихи кезең мен революциялық көңіл күй

Енді мына бір тарихи деректерге зер салайық. Сөз арасында А. Чеховтың «Шие бағы» жазылған уақытта орыс қоғамында үлкен өзгерістер орын алып, ел жүдеп, әбден тозып жатқанын айтқан едік. Сол себепті Ресейдегі жұмысшылардың, шаруалардың және интеллигенцияның арасында революциялық көңіл күй арта түсті. 1900 жылдан бастап экономикалық дағдарыс басталды. Бұл дағдарыс өнеркәсіптің құлдырауына, жаппай жұмыссыздыққа және жалақының төмендеуіне алып келді. Осылайша жұмысшылар мен шаруалардың жағдайы күрт нашарлады. Ресей империясында Николай II билік құрған кезеңде қоғамда оның әлсіз басшы екені, биліктің сиқын кетіргені туралы пікірлер кеңінен тарады. Оның саясаты халық арасында қолдау таппай, жанындағы кейбір ақсүйектер мен зиялылардың да наразылығын тудырды. 1902 жылы Социалистік-революциялық партия (эсерлер) құрылды. Бұл партия шаруаларға жер беру және монархияны жою мақсатында халық арасында насихат жүргізді. Сөйтіп, осы тарихи оқиғалардың бәрі жинала келе, 1905-1907 жылдардағы Бірінші орыс революциясының алғышарттарын қалыптастырды. Міне, «Шие бағы» пьесасы осы бір тарихи кезеңді көркем бейнелеуімен, шығармашыл көзқарасты көрсете алуымен-ақ құнды!

«Шие бағы» мен «Шие дәмі»

«Шие бағы» пьесасын көріп болғаннан кейін көкейімізде мынадай сұрақ туды: Антон Чехов неге басқа жемісті емес, дәл осы шиені таңдап алды? Осы ойдың жетегінде жүріп, есімізге бірден ирандық режиссер Аббас Киорастамидің «Шие дәмі» фильмі түсе кетті. 1997 жылы жарық көрген фильмде Иранның провинциялық аймағында өмір сүретін Бади есімді орта жастағы адамның әрекеті баяндалады. Бади – қызық кейіпкер. Көркем туындыдағы басты мотив: кейіпкер өзіне алдын ала мола қазып қойып, өзін жерлеуге көмектесетін бір адамды іздейді. Әрине, оны жерлеуге ешкімнің көнгісі жоқ. Бірақ Бади жер-жаһанды кезіп жүріп, бір егде тартқан, мосқалдау ер адаммен әрең дегенде келіседі. Сөйтіп, тапқан адамы кезінде ол да өз-өзіне қол жұмсамақ болып, шие ағашына асылғанын айтады. Бірақ кенеттен шиенің бір-екі түйірі ауызына түсіп, өмірдің қандай тәтті екенін ұғынып, райынан қайтыпты-мыс. Осылайша фильм Бадидің өзіне арнап қазған молада өзін өлтіретін сұйықтық ішкенімен немесе шиені жеп жатқан көрініспен белгісіз аяқталады. 

(А. Киаростами, «Шие дәмі» фильмі)

Біздіңше, осы А. Чеховтың «Шие бағы» мен А. Киорастамидің «Шие дәмінің» ортақ ұқсастығы бар. Себебі екеуі де бір нәрсені анық аңғартады. Ол – жоғалған, бірақ бағалы дүниені аңсау, дәлірек айтсақ, жоғалған дәуірді яки жоғалған уақытты аңсау... Ал сол жоғалтқаныңды еске түсіретін бір зат болса, ол – шие. Біреу («Шие бағы») өткен өмірін, тәтті естелігін шие бағын сатып жатқанда есіне алса, ал екіншісі («Шие дәмі») өмірінің сондай тәтті болғанын аузына бірер түйір шие түскенде ғана есіне алады.

Енді бұған діни аңыз арқылы келейік. Қазір кейбір пікірлерде тек алманы емес, шиені де «жұмақтық» жемістің қатарына жатқызады. Егер бұл көзқарасты әрі қарай қуаттай түссек, шие символы бір кезде жұмақта балқып-шалқып жүрген, кейіннен тыйым салынған жемісті жеп, қуылған Адам ата мен Хауа ана туралы діни мифті аңдатады. «Шие бағындағы» философиялық мағына «Бір кезде дүркіреген, еркін болған, ақсүйек едің, ал қазір ше? Барыңды бағаламағанның кесірінен барлығынан айырылдың!» дейтіндей болады. Міне, сол себепті де пьесаны көріп болған соң, «Бәлкім, А. Чеховтың шиені таңдауының себебі сол болар?», «Шие бағы жасырған құпия осы шығар?» деп қаласыз...

Біздіңше, Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасы – тек сол уақыттағы орыс қоғамында болған әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің көрінісі ғана емес, оған қоса адам болмысының сан түрлі қабатына терең үңілу, тану дер едік. Сондықтан аталған қойылым – сөзсіз, мәңгілік туынды. Өйткені А. Чеховтың жазған шығармасы әрдайым бізден кейінгі уақыттан да тыс өмір сүреді.