Бүгінде домбыра мен қобызды білмейтін қазақ жоқ шығар. Біреуі аспаптарда ойнай алады, кейбірі қолына ұстап көрген, тіпті болмаса түрін көріп, үнін естігені анық.
Ұрмалы музыкалық аспаптарды қазақтар қандай мақсатта қолданды?
Фото: автордыкі
3,117
оқылды

Алайда қазақ музыкалық аспаптары осыменен шектеліп қалмайды. Әлемдік музыка мәдениетінде қандай аспаптар болса, біздің де халқымызда солардың баламасы болған. Көбі ұмытылған немесе әдейі ұмыттырылған. Тек өткен ғасырдың бел ортасы ауған уақытта ғана атақты ғалым Болат Сарыбаевтың ерен еңбегінің арқасында көп аспаптар қайта оралды.

Осы қайта жаңғырған аспаптардың ішінде қазіргі таңда көп айтылмай жүрген, бірақ өте көп қолданып жүргендері бар. Бір қарағанда атқарар жұмысы көп емес сияқты болса да, заманымыздың бірқатар өнер ұжымдарын оларсыз елестету қиын. 

Болат Сарыбаев қазақ музыка аспаптарын қалайда кеңінен зерттейміз деп еңбек еткенін бұған дейін жазған болатынбыз. Біршама реконстукция болды, сан түрлі тәжірибелер өткізді. Түптеп келгенде бүгінде қолымызда бар байлығымызды қалдырып кетті. Осы байлықтың арасында ұрмалы аспаптардың орны ерекше.

«Ұрмалы аспаптар» деп қолдың немесе басқа көмекші құралдың көмегімен алдында тұрған құралға ұру (соғу) арқылы үн шығаратын музыкалық аспаптар тобын айтады. Бүгінгі мақаламыз осы қазақ халқының ұрмалы аспаптарына арналады. Ал негізгі дереккөз ретінде Болат Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» еңбегін қолданамыз.

Ұрмалы аспаптардың аса көп таралуы қазақтармен қатар өзбектер, ұйғырлар, азербайжандар, қалмақтар және моңғолдар сияқты халықтарға да тән құбылыс. Әрбір аспаптың өзіндік ерекшеліктері бар және олардың қолданылу аясы кең болған. Олар аңшылық, әскери жорықтар, діни жоралғылар және халықтық жиындарда пайдаланылған. Болат Сарыбаев өз еңбектерінде қазақ халқының ұрмалы аспаптарының мәдени-тарихи рөлін ерекше атап өткен.

Дабыл – жауынгерлердің серігі

Дабыл – қазақ халқының көне ұрмалы аспаптарының бірі. Бұл аспап әскери мақсатта қолданылып, жауынгерлердің рухын көтеруге, шабуылға шақыру немесе керісінше соғысты тоқтату белгісі ретінде пайдаланылған. Дабылдың қазақ фольклорында, атап айтқанда жырларда кездесуі оның маңыздылығын көрсетеді. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларында дабылдың әскери қолданысын айқын көрініс табады деп есептейді Б.Шамғалиұлы.

Тарихи деректерді қарап отырсақ, дабылдың қазақ халқының әскери және тұрмыстық өміріндегі маңызы өте жоғары болған. Ол соғыстарда  арнайы қолданылса, сонымен қатар елге бір қауіпті хабарлауда, аңшылықта, тіпті халық жиналыстарында белгі беру құралы ретінде пайдаланылған. Байырғы қазақтың тұрмысында дабылдың даусы шалғай қашықтыққа таралып, белгілі бір оқиғаның басталғанын хабарлап отырған.

Дабылдың өзін қазақ халқы ұмыта бастағанымен, оның атауы тілде сақталған. Болат Сарыбаев атап өткендей, «дабыл қағу» деген тіркес әлі күнге дейін қолданыста бар. Мұндай аспаптар басқа халықтарда да кездеседі: қырғыздарда – дообул, татарларда – дабул, өзбектерде – даул деген атаулармен белгілі.

Даңғыра мен кепшік – діни және тұрмыстық аспаптар

Даңғыра – беті терімен қапталған ұрмалы аспаптардың бірі. Оның ерекшелігі – ішкі қуысына әртүрлі металл сақиналар мен пластинкалар ілінеді. Бұл аспапты бақсылар кеңінен қолданған деседі. Болат Сарыбаевтың жазуынша, даңғыраның дыбысы транс жағдайына енуге көмектесетін ерекше акустикалық әсерге ие болған.

Даңғыра тек діни жоралғыларда ғана емес, сонымен бірге халықтық мерекелерде, ойын-сауықтарда да пайдаланылған. Оның дыбысы өте ашық және қатты болғандықтан, ерекше көңіл күй тудырып, адамдарды еріксіз билеткен екен. Түркі халықтарының арасында да кең таралған: ұйғырларда – дап, өзбектерде – дойра деген атаулармен кездеседі.

Кепшік – даңғыраға ұқсас аспап, бірақ металл сылдырмақтар жоқ. Түркі халықтарының арасында кеңінен таралған. Оның дыбысы жеңіл әрі ашық, сондықтан би сүйемелдеуге жиі қолданылған.

Кепшіктің ерекшелігі – оның салмағы жеңіл және ұстауға ыңғайлы. Ол көбіне ансамбльдерде сүйемелдеуші аспап ретінде ойналған. Қазақтың халық билерінде бұл аспап ырғақты ұстап тұру үшін қолданылған. 

Дауылпаз және шыңдауыл – аңшылық пен әскери аспаптар

Дауылпаз – қазақ халқының көне соқпалы аспаптарының бірі. Ол ағаштан жасалып, беті терімен қапталған. Дауылпаз тек музыкалық аспап емес, сонымен қатар аңшылық пен әскери мақсатта пайдаланылған. Аң аулау кезінде дауылпаздың қатты даусы құстар мен аңдарды үркітіп, оларды дұрыс бағытқа айдауға көмектескен.

Ақын Мұрат Мөңкейұлының (1843–1906) дастанында дауылпаз туралы мынадай шумақ бар:

Дауылпаз соқса астынан,

Желбегей күрең атпенен,

Бауыры шұбар, сырты көк,

Қаршыға құсқа жарасар.

«Дауылпаз 1934 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің құрамында қайта жаңғыртылды» деп жазған Болат Сарыбаев.

Бүгінде дауылпаздың екі түрі қолданылады. Оркестрлерге лайықталған нұсқасында тұяқтары бар және орындаушы арнайы таяқпен ұрады. Ал ансамбльдер негізінен иық арқылы асып алатын дауылпаздарды қолданады. Ол жерде дыбыс алақанның соғуымен пайда болады.

Шыңдауыл – дауылпазға ұқсас, бірақ шанағы металдан жасалған аспап. Оның салтанатты шараларда қолданылуы жиі кездескен. Қазақ халқының тұрмысында бұл аспап әскери шерулерде, үлкен жиындарда және аңшылықта пайдаланылған.

Ленинградтағы мемлекеттік этнография музейінде шыңдауылдың 1902 жылы Түркістаннан әкелінген данасы сақтаулы. Оның металдан жасалған шанағы әдемілеп ою-өрнекпен безендірілген. Әлікей Марғұлан өз еңбектерінде шыңдауыл жайлы сипаттап кеткен.

Құрметті оқырман, бұл мақаламыздың басты мақсаты – ұлттық байлығымызды көрсету және сол байлықты зерттеген ғалымның сөзімен түсіндіру. Сөзсіз, бүгінгі таңда біз жазып кеткен ұрмалы аспаптар фольклор ансамбльдерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, «Тұран», «ХасСақ», «Жошы» секілді көптеген ансамбль құрамынан көруге болады.  Өз елімізде, алыс-жақын шетелде таныстырып, қазақтың музыкалық байлығының бір ұшын насихаттап жүргендер бар.

Бұған дейін  Қырғыз, өзбек, түрікменнің домбыра тектес музыкалық аспабының шығу тарихы туралы жазған болатынбыз. 

Рүстем Нүркенов, өнер зерттеушісі