Aikyn.kz қоғамда қызу талқыға түскен мемлекет басшысы мен экс-президенттің арасындағы коммуникацияның бұзылғанын The Telegraph хабарламасына сүйеніп талдайды.
Дональд Трамп Байденнің қауіпсіздік құжаттармен танысу құқығын шектеп, оған барлау брифингтерін беруге тыйым салды. Фото abc7ny.com сайтынан алынды
Экс-президенттің құпия құжаттармен жұмыс істеу рұқсатнамасын алып тастайтынын және оған күнделікті барлау брифингтерін беруді тоқтататынын америкалық президент өзінің Truth Social әлеуметтік платформасындағы жазбасында жариялады. Жазба бүгін (8 ақпан) Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4.21-де жарияланған. Бұл кезде Вашингтонда 7 ақпан кешкі сағат 18.21 болған.
Дональд Трамп Ақ үйден кеткен 82 жастағы бұрынғы президентке «есте сақтау қабілеті нашар» болғандықтан, құпия ақпаратпен жұмыс істеу рұқсаты қайтарылып алынатынын айтқан. Дәл осындай шешімді 2021 жылы Джо Байден Трампқа қарсы қабылдаған еді. Байден де «мінез-құлқы тұрақсыз» деген сылтаумен Трампты құпия құжаттармен танысу құқығын шектеген болатын. Енді кезек республикашыл президентке келген сияқты.
«Джо Байденге құпия ақпаратқа қол жеткізуді жалғастырудың қажеті жоқ. Сондықтан біз Джо Байденнің қауіпсіздік рұқсатын дереу алып тастап, оның күнделікті барлау брифингтерін тоқтатамыз», – деп жазды Трамп мырза өзінің Truth Social платформасында.
Дональд Трамп өткен жылы Әділет министрлігінің арнайы кеңесшісі Роберт Хурдың (Robert Hur) баяндамасында Байден мырзаның «есте сақтау қабілеті нашар» деп мәлімдегенін атап өтті.
«Тіпті, «ең жақсы жылдарында» [оған] құпия ақпаратқа сену мүмкін емес еді. Мен әрқашан ұлттық қауіпсіздігімізді қорғайтын боламын. Джо, сен (қызметтен – авт.) босатылдың», – деп АҚШ президенті өз сөзін түйіндеген.
Дональд Трамптың Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясының шағын бал залы. Құпия құжаттар салынған қораптар осы залда да сақталған. Фото maralagoclub.com сайтынан алынды
Әділет министрлігі жариялаған құпия құжаттар салынған қораптар. Флорида, Мар-а-Лаго резиденциясы. Фото abcnews.go.com сайтынан алынды. Авторлығы: DOJ via US Southern District of Florida
Трамп мырза шілде айында (2024 жылы) Республикалық партиядан президенттікке үміткер ретінде тіркелгеннен кейін барлау брифингтерін (құпия құжаттарды – авт.) алуға құқылы болды. Бірақ ол құпия ақпаратты жариялады деген әдейі ұйымдастырылған айыптаулардың алдын алу үшін олардан бас тартқан болатын.
Істің мән-жайын білетін шенеуніктер америкалық бұқаралық коммуникация құралдарына (БКҚ) Дональд Трамптың қараша айында өткен президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін ғана брифингтерді ала бастағанын айтуда.
Құрама Штаттардың заңдары бойынша президенттер қызметтен кеткеннен кейін де кейбір барлау брифингтерімен танысып отырады. Дональд Трамп 2023 жылы «Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында мемлекеттік құпияларды дұрыс сақтамады» деген прокурорлық мәлімдемеден кейін құпия ақпаратты дұрыс пайдаланбағаны үшін айыпталған жалғыз АҚШ президенті. Республикашыл президент өзінің бірінші мерзімінде Ақ үйден құпия құжаттар салынған ондаған қораптарды Мар-а-Лаго резиденциясының «бал залы, жуынатын бөлме мен душ, кеңсе бөлмесі, жеке жатын бөлмесі және қойма бөлмесінде» сақтағаны анықталған. Әділет министрлігі бұл істі Трамп мырза Ақ үйге оралған соң ғана тоқтатқанын хабарлады.
2021 жылы Джозеф Байден қызметіне кірісе салып, Дональд Трамп өзінің «тұрақсыз мінез-құлқы мен басқалармен құпия ақпаратты бөлісуі мүмкін» деп алаңдайтынын, оған барлау қызметінің брифингтері берілмеуі тиіс екенін айтқан. Сол кезде Байден:
«Оған барлау туралы брифинг берудің мәні қандай? Байқамай бірдеңе айтқаннан басқа қандай әсері бар?», – деген еді.
Truth Social әлеуметтік платформасындағы Дональд Трамптың жазбасы:
«Джо Байденге құпия ақпаратқа қол жеткізуді жалғастырудың қажеті жоқ. Сондықтан біз Джо Байденнің қауіпсіздік рұқсатын дереу алып тастап, оның күнделікті барлау брифингтерін тоқтатамыз. Ол бұл прецедентті 2021 жылы Америка Құрама Штаттарының 45-президентін (MEНІ!) ұлттық қауіпсіздікке байланысты ақпаратпен таныстырмау үшін Барлау қауымдастығына (IC) нұсқау берген кезде бастады. Бұл бұрынғы президенттердің бәріне берілген әдептілік. Hur-дың есебінде Байденнің «жадының нашарлығы» және тіпті «ең жақсы жылдарында» оған құпия ақпаратты сеніп тапсыруға болмайтыны көрсетілген. Мен әрқашан ұлттық қауіпсіздігімізді қорғайтын боламын – ДЖО, СЕН БОСАТЫЛДЫҢ. АМЕРИКАНЫ ҚАЙТАДАН ҰЛЫ ЖАСА!».
Міне, бүгін Америка медиасында ең жиі талқыланып жатқан мәселе – осы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.