Музыка археологиясы – көне музыкалық аспаптарды зерттеп, зерделейтін ғылым.
Көне музыкалық аспаптар: ең алғашқы музыка шапалақ па?
Коллаж: автордыкі
1,827
оқылды

Музыка  адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ғалымдар арасында «алғашқы музыка адамның шапалағы» деген тұжырым бар. Ол түсінікті. Дегенмен алғашқы музыкалық аспап қашан пайда болды? Ол қандай аспап еді? Музыка археологиясы – осы сұрақтарға жауап іздейтін ғылым саласы. Бұл бағыт археологиялық қазбалардан табылған музыкалық аспаптарды, ежелгі бейнелеу өнеріндегі музыкаға қатысы бар-ау деген суреттерді және музыканы жазуға арналған алғашқы белгілерді зерттеу арқылы өткеннің дыбысын қалпына келтіруге тырысады. Міне, бүгінгі мақаламыз осы жайлы болмақ. Ескерте кетейік, «Бүкіл әлемдік дәстүрлі музыка және би кеңесі» (ICTMD) шығаратын ғылыми журналдың 2022 жылғы санындағы «Музыка археологиясы» тобының жариялаған мақаласы негізінде дайындалды.

Алғашқы музыкалық аспап. Зерттеулерге сүйенсек, алғашқы дыбыстық әрекеттер адамзаттың алғашқы кезеңдерінде-ақ пайда болуы мүмкін. Африкадағы алғашқы адамдар (Homo habilis, Homo erectus) 2,5-1,5 миллион жыл бұрын тастан құрал жасаған кезде белгілі бір ырғақ пайда болған. Алайда олардың саналы түрде музыкалық аспап жасағаны немесе әуен шығарғаны туралы дәлелдер жоқ.

Алғашқы анық музыкалық аспаптар шамамен 60 000-40 000 жыл бұрын пайда болған. Бұл кезеңге жататын сүйектен жасалған флейталар Германиядағы Швабия үңгірлерінде табылған. 

Сыбызғы ақбас құмай аталатын құстың сүйегінен ойылып жасалған. Ұзындығы – 22 см, диаметр – 8 мм. Сыбызғыда 5 дыбыс ойығы бар (суретте тек төртеуі ғана көрінеді, бесіншісі сыбызғының артқы жағында). Бір түбінде үрлеу үшін арнайы v-тектес ойығы бар. Бұл суреттегі сол жақтағы музыкалық аспап.

Қалған екі сыбызғы зілдің азуынан ойылған. Бір қызығы, жәдігерлерді зерттеген ғалымдардың айтуынша, алдыменен сүйекті дайындап алады. Сосын оны тура екі жартыға бөліп, қажетінше өңдейді екен. Тек соңында ғана екі жартыны жапсырып, бір бүтін етіп сыбызғы дайындапты.

Музыкалық аспаптардың дамуы. Тарихи деректерге сүйенсек, музыкалық аспаптар эволюциясы бірнеше кезеңнен өткен:

Палеолит (30 000-20 000 жыл бұрын): литофондар (тастан жасалған аспаптар), сылдырмақтар, үрмелі аспаптар пайда болды.

Неолит (8 000 жыл бұрын): қыштан жасалған музыкалық аспаптар (ысқырықтар, флейталар, сылдырмақтар) қолданысқа енді.

Қола дәуірі (4 500 жыл бұрын): металл аспаптар және алғашқы ішекті аспаптар жасала бастады.

Әңгіменің орайы келген соң айта кетсек, шумер өркениетіне жататын 3 400 жылдық балшық тақтайшаларда музыкалық нотацияның ең алғашқы үлгілері сақталған екен. Бұл тақтайшада бүгінгі тілмен айтсақ, белгілі бір ноталар жазылған дейді. Және ол қарапайым емес, кәдімгі кәсіби тұрғыдан күрделі музыкалық жүйелерге жатқызады. 

Зерттеу әдістері. Ғылым бар. Табылған мұра бар. Оны қалай зерттемек? Ғалымдар музыка археологиясы түрлі ғылыми әдістерді қолданады дейді. Мысалы:

Археоакустика: табылған музыкалық аспаптардың дыбыстық ерекшеліктерін зерттеу;

Реконструкция: ежелгі аспаптарды қайта жасау және олардың дыбысын қалпына келтіру;

Психоакустика: дыбыстың адам миына әсерін зерттеу;

Тарихи көздер мен жазбалар: ежелгі өркениеттердің музыкалық жазбаларын зерттеу.

Музыка археологиясы дегенде тек шетел ғылымымен емес, өзіміздің де мұраларымыз жайлы жазып өтпесек болмас. Ойымызға үшеуі оралып тұр. Әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.

Алғашқысы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы тапқан көне домбыра. Әрине, ол жайлы көп жазылды. Десе де, оны айналып өте алмаймыз.

2008 жылы Моңғолияның Қобда аймағындағы Жарғалант-Қайырқан тауының «Өмнөхөн аман» (Алдыңғы сай) деп аталатын жерінде орналасқан Нүхэн-хад (Үңгір тас) үңгірінен ерекше археологиялық олжа табылды. Жергілікті шопан бұл үңгірді байқап, ішінен мойны қисайған музыкалық аспапты және басқа да заттарды көріп, ауыл мұғаліміне хабарлайды. Ол бұл ақпаратты Ұлан-Батордағы Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтына жеткізіп, атақты бір археолог бастаған топ 2008 жылдың 25 маусымынан бастап қазба жұмыстарын жүргізеді.

Үңгірдің ішінен табылған жәдігерлердің арасында ағаштан жасалған, екі ішекті, тоғыз пернелі музыкалық аспап ерекше назар аудартады. Аспаптың шанағында бұғы мен бұланның бейнелері ойылып салынған екен. Аспаптың мойнында көне түркі бітік жазуымен «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деген жазу бар. Кейінгі тәпсіршілер «бұл сол заманда күй өнерінің болғанын дәлелдейді» деп жүр. Ғалымдар бұл аспапты біздің заманымыздың V-VI ғасырларына жатқызып,  әлемдегі ең көне шертпелі аспаптардың бірі дейді. 

Сыр бойында табылған домбыра. Осы мақаланы дайындау барысында  «Бидайық-асар қалашығынан табылған музыкалық  аспап тарихы (біздің дәуіріміздің II-IV ғасырлары)» айтты ғылыми мақаланы таптық. 2024 жылы Turkic Studies Journal атты журналда шыққан. Авторлары – Ә. Тәжекеев, З. Жәкішева.  

1973 жылы орыс ғалымдары Шығыс Арал маңындағы Жетіасар мәдениетіне жататын Бидайық-асар қалашығынан ағаштан жасалған ішекті аспаптың қалдықтары табылған. Бұл уақыт II-IV ғасыр болса керек. 

Бірақ сол уақытта зерттеу жүргізілмей, Мәскеуге алып кетеді. Кейін 1996 жылы Л.М.Левин өзінің «Этнокультурная история Восточного Приаралья» атты еңбегінде бұл артефакт туралы алғаш рет мәлімет жариялаған.

Тағы біраз жылдар өткен соң, 2018 жылы қайта зерттеу барысында аспаптың музыкалық құрал екені анықталып, оның «Қос мойынды домбыра» немесе «Қоссаз» болуы мүмкін деген болжам жасалады.

 

Мақалада келтірілген дерекке сәйкес, оның пішіні ұзынша, шанағы жалпақ болып келген, ал мойны мен пернелері анық белгіленген. Осы сипаттамалар қазіргі қазақ домбырасымен ұқсастықтар көрсетеді дейді.

Шығыс Қазақстан облысынан табылған домбыра. Ол Қатонқарағай ауданында орналасқан Қарақоба қорымынан табылды. Бұл шамамен VIII-IX ғасырлар кезеңі болса керек. 

Ол жерде үш домбыра табылған. Осы домбыралар  жайлы біз арнайы жазған болатынбыз. 

Музыка археологиясы – ежелгі музыка мәдениетінің құпияларын зерттейтін маңызды ғылым саласы. Ол археология, музыкология, акустика және өнертану ғылымдарының тоғысында дамып, адамзаттың музыкалық өткенін тереңірек түсінуге көмектеседі. Қазіргі таңда археологиялық табылған музыкалық аспаптарды зерттеу және қалпына келтіру арқылы өткеннің әуенін қайта жаңғыртуға мүмкіндік бар. Болашақта бұл сала жаңа технологиялар арқылы одан әрі кеңейе түсетіні анық. Сонымен қатар музыка археологиясы болашақта адамзат тарихының беймәлім қырларын ашуға да көмектесуі мүмкін деген сенімдеміз.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі