Financial Times басылымының материалына сүйенген Aikyn.kz ірі әлеуметтік желіге жасалған шабуылдың себептерін бағалайды.
Президент Трамп Илон Маскті қолдап, ертең жаңа Tesla электр көлігін сатып алатынын хабарлады. Миллиардер балаша қуанды. Фото news18.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP
Дүйсенбі күні (10 наурыз) Илон Маск өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіне жасалған кибер-шабуыл «Украина аумағындағы IP-адрестерден» ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Кибер-шабуыл X платформасының жұмысын бірнеше рет тоқтатып қойды. Шабуыл оның бизнесіне қауіп төндірген оқиғалар қатарында аталуда.
Украина үкіметінің және оның Ресеймен соғысының ашық сыншысына айналған миллиардер Fox Business арнасына берген сұхбатында өзінің мәлімдемесіне ешқандай дәлел келтірмеген. Шабуылдың артында мемлекеттік құрылымдар тұрғанын айта алмайтынын ескертті.
Миллиардер АҚШ пен басқа елдерде ауқымды істен шығарған сол күнгі шабуылға «не үлкен үйлестірілген топ, не мемлекет» жауапты екенін айтқан.
Twitter атауымен танымал болған әлеуметтік желі Илон Маск оны 2022 жылы сатып алғаннан бері бірнеше техникалық іркілістерді бастан кешірді. Содан бері қызметкерлердің 80%-ы жұмыстан босатылды, әлеуметтік желінің саясаты өзгерді. Бұл көп адамдарға ұнамады.
X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіне жасалған кибер-шабуыл «Украина аумағындағы IP-адрестерден» ұйымдастырылғаны хабарланды. Фото 3dnews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Х әлеуметтік желісі
Соңғы кезде президент Трамптың сеніміне кірген Илон Масктің бизнесінде қиындықтар көбейді. Tesla компаниясының акциялары дүйсенбі күні (10 наурыз) 15%-ға төмендеді, бұл АҚШ-тың жалпы қор нарығындағы құлдырауымен де байланысты болды. S&P 500 индексі бойынша сол күнгі ең әлсіз акциялардың бірі болды.
SpaceX компаниясының Starship зымыраны ұшқаннан кейін тоғыз минут өткен соң жарылып кетті. Starlink-тің бірнеше ірі келісімшарттары Масктың саяси ұстанымының салдарынан тоқтатылды.
Tesla компаниясының автосалондарында наразылық акциялары тіркелді. Наразылықтардың басты себебі – Илон Масктің Мемлекеттік басқарудың тиімділігі департаментін (Doge) басқаруы болған. Ол жүздеген мемлекеттік келісімшарттарды қысқартып, ондаған мың федералдық қызметкерді жұмыстан босатқан.
Fox Business арнасында Трамптың бұрынғы кеңесшісі Ларри Кудлоумен сөйлескен Маск үкіметтегі жұмыс оның басқа кәсіпорындарын басқаруын қиындатып отырғанын мойындаған. Ол жеке компаниясы банкрот болса да, мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте екенін жариялаған алғашқы америкалық миллиардер шығар.
Президент Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде миллиардер Маскті қолдап, мына мазмұнда жазба жариялады:
«Илон Маск біздің елімізге көмектесу үшін ҚАЖЕТ ЖҰМЫС істеп жатыр! Бірақ радикалды солшылдар Илонға шабуыл жасауда, Tesla-ға келісіп бойкот жариялауда. Мен ертең таңертең нағыз ұлы америкалық Илон Маскке сенім мен қолдау белгісі ретінде жаңа Tesla сатып алмақпын. Неліктен ол өзінің орасан зор тәжірибесін ҚАЙТА ЖАСАУҒА (Американы қайта Ұлы жасауға – авт.) көмектескені үшін жазалануы керек?».
Президент Трамптың Сопақша кабинетінде Илон Маск 4 жасар ұлы X Æ A-12 бірге. Фото reddit.com сайтынан алынды
«Мен тек Американың банкрот болғанын қаламаймын», – деді Маск, өзінің үкіметтегі рөлін жалғастыратынын білдіріп. Ол АҚШ-тың бюджет тапшылығын қысқарту үшін мемлекеттік шығындарды 1 триллион долларға азайту мақсатын тағы қайталады.
Doge құрылымындағы қызметінен бөлек, Илон Маск Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басында Украинаға Starlink интернет қызметін ұсынып көмектескен. Алайда кейіннен АҚШ-тың Украинаға көмегін сынға алып, оны «жемқорлықпен былғанған шексіз еттартқыш» деп атады.
Бұған дейін Илон Маск АҚШ сенаторы Марк Келлидің Украинада әскерилермен кездесуін айыптап, оны «опасыз» деп атаған. Сонымен бірге, АҚШ-тың НАТО-дан шығуын қолдаған.
Илон Маск өзін АҚШ-тың қаржылық тұрақтылығы мен ұлттық мүддесін қорғауға ұмтылған нағыз патриот ретінде көрсетеді. Ол мемлекеттік шығындарды қысқартуға және АҚШ-тың әскери-саяси стратегиясын қайта қарауға шақырып, елдің банкрот болуына жол бермеуді басты мақсатым деп мәлімдейді. Миллиардердің саяси көзқарастары мен нақты іс-әрекеттері кейбіреулер үшін нағыз патриотизмнің үлгісі болса, басқалар үшін өзінің жеке мүдделерін қорғаумен түсіндірілетін саяси қызмет ретінде қабылдануда. Уақыт – бәріне төреші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.