Көптеген адам басқаларға өмір сыйлау үшін қан тапсырады. Еуропа мен Америка ғалымдары қан тапсырған донордың өзінің де ағзасы жылдам тазаратынын дәлелдеді.
Донорлық – қан жасушаларын жақсартып, зиянды жасушаларды жояды
Донор – басқа адамға өмір сыйлайды, өзінің денсаулығын жақсартады. Фото advinhealthcare.com сайтынан алынды
461
оқылды

BGR сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz донорлық қан тапсырудың неге пайдалы екенін түсіндіреді.

Әрбір қан тапсырған сайын донордың ағзасы ЭПО гормонын бөледі, қанның тазалығы мен қалпына келуі жақсарады. Фото fedhealth.co.za сайтынан алынды

Көптеген адам басқаларға көмектесу үшін қан тапсырады. Бірақ осындай тұрақты донорлардың қан жүйесі қалай өзгереді? Қан тапсыру ағзаға қалай әсер етеді?

Жаңа зерттеулер қан тапсыру қан айналым жүйесін нығайтып, тіпті қан рагының қаупін төмендетуі мүмкін екенін көрсетті. Әлемдегі ең беделді ғылыми басылымдардың бірі болып саналатын Америкалық гематология қоғамының (ASH) жетекші Blood ғылыми журналы кеше (11 наурыз) халықаралық ғалымдар тобы  зерттеуінің нәтижелерін жариялады. 

Зерттеу мақаласында неміс, британдық, америкалық, аустриялық және испандық ғалымдардың үлкен тобының (27 зерттеуші) қан тапсырудың пайдалы болуының нақты механизмін ашқаны жазылған.

Лондондағы Фрэнсис Крик институты  ғалымдарының бастамасымен 100 реттен астам қан тапсырған 217 ер адамның қан үлгілерін 10 реттен аз тапсырған 212 ер адамның қанымен салыстырған. Зерттеу нәтижесінде тұрақты донорларда DNMT3A генінің мутациясы байқалғаны анықталған. Бұл ген қан жасушаларының өндірісінде маңызды рөл атқарады. Көп жағдайда генетикалық мутациялар қауіпті болуы мүмкін, бірақ нақты бұл жағдайдағы өзгеріс пайдалы көрінеді. Әсіресе, қанның қалпына келуі мен адамның жалпы денсаулығының жақсаруы тұрғысынан алғанда пайдасы көп.

«Не берсең де, ол саған қайтып келеді. Бұл – ереже» деп жазылған мына постерде. Фото dadabhagwan.org сайтынан алынды

Ғалымдар адамның генетикалық модификацияланған қанның дің жасушаларын (стволовые клетки) зертханалық зерттеулерден өткізіп, тұрақты донорларда DNMT3A мутациясының неліктен жиі кездесетінін анықтағысы келеді. Олар бұл жасушаларды эритропоэтин (ЭПО) гормонымен өңдейді,  бұл – организм қан жоғалтқан кезде эритроциттердің (қанның қызыл жасушаларының) түзілуін ынталандыратын гормон.

Зерттеулер DNMT3A мутациясын тасымалдаушы жасушалардың ЭПО-ның әсерімен 50%-ға жылдам өскенін көрсеткен. 

Яғни, процесс былай жүреді. Әрбір қан тапсырған сайын донордың ағзасы ЭПО гормонын бөледі, бұл мутацияланған пайдалы жасушалардың өсуіне ықпал етеді, осылайша қанның тазалығы мен қалпына келуі жақсарады.

Донорлық қан жасушаларын жақсартып, зиянды жасушаларды жояды. Фото inovablood.org сайтынан алынды

Тағы бір тәжірибеде ғалымдар DNMT3A мутациясын тасымалдаушы жасушаларды лейкемияға бейім жасушалармен араластырады. Бұл жерде де ғалымдар қызық нәтижені байқайды. Жиі қан тапсыратын донордың жасушалары қатерлі жасушаларды басып тастаған. Осы жаңалықтың негізінде тұрақты қан тапсыру қан жасушаларын жақсартып, зиянды жасушаларды басып тастауы мүмкін деген болжам жасалуда.

Әрине, бұл құбылыстың барлық донорларға қатысты екенін нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет. Алайда бұл зерттеу қан жоғалту мен оның қалпына келуі адам ағзасындағы бейімделу механизмдерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Егер бұл теория дәлелденсе, қан рагы сияқты аурулармен күресудің ең тиімді жолдарының бірі – жиірек қан тапсыру болуы мүмкін.

Зерттеудің толық нұсқасы Blood ғылыми журналында жарияланған.

Бір рет қан тапсырған адам үш адамның өмірін құтқарады! Фото BGR сайтынан алынды. Авторлығы: Adobe / Filin174

Қан тапсырудың басқа да пайдалы жақтарын білесіз бе?

Әлемде әр үш секунд сайын біреуге қан құю қажет болады екен. Қан құюға мұқтаждардың 20%-ы – балалар, олардың көбі ауыр ауруларға шалдыққан, жол-көлік оқиғаларының құрбандары немесе отадан кейінгі науқастар.

Бір рет қан тапсырған адам үш адамның өмірін құтқарады! Донор болудың біреуге өмір сыйлаудан басқа өзіңіздің денсаулығыңызға да пайдасы мол. Жоғарыда донорлықтың сондай бір пайдасы туралы айтылды.

Қан тапсырудың сізге беретін артықшылықтары:

1. 15 минут уақытыңызды бөліп, тегін мини-медициналық тексеруден өтесіз. Дәрігерлер сізден қан алмас бұрын, темір (гемоглобин) деңгейі, артериялық қысым және пульсті тексереді. Бұл сізге жасырын симптомдарды ерте анықтауға көмектеседі.

2. Жүрек аурулары мен холестерин деңгейін төмендетеді. American Journal of Epidemiology журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, қан донорлары жүрек-қан тамыр ауруларына 33%-ға аз шалдығады және жүрек талмасына 88%-ға сирек ұшырайды. Бұл қандағы темір қорының азаюымен байланысты. Қан тапсыру арқылы сіз ағзаңыздан 225-250 мг темірді шығарасыз, бұл жүрек-қан тамыр аурулары мен басқа да асқынулардың алдын алады.

3. Қан тапсыру арқылы калорияны азайтасыз. Бір рет қан тапсыру 650 калорияны жағуға көмектеседі, себебі ағза жоғалған қан қорын қалпына келтіру үшін белсенді жұмыс істейді.

4. Басқа адамдарға өмір сыйлаудың керемет сезімі. Әр жолы қан тапсырған кезде сіз үш немесе төрт адамның өмірін сақтай аласыз. Өзіңізге ешқандай зияны болмайтын қан тапсыру арқылы өмір сыйлайсыз. 

Қазақстанда жыл сайын 400 мыңға жуық қан құю процедурасы жүргізіледі екен. 200 мыңнан астам адам қан тапсырады, олардың 18 мыңы үш рет немесе одан да көп рет донор болғандар. 100 азаматқа «Құрметті донор» атағы берілген, олар 40 реттен астам қан тапсырған.

Сіз де қан тапсырып, жаңа пайдалы әдет қалыптастырыңыз. Жергілікті қан орталығына барып, өзіңіз танымайтын сәбиге, балаға, анаға өмір сыйлаңыз!

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.