Үш ішекті домбыра – қазақтың дәстүрлі музыкалық аспабы, еліміздің рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Үш ішекті домбыра жайлы жазылған алғашқы ғылыми мақала туралы білесіз бе?
Фото: автордыкі
1,622
оқылды

Домбыраның тарихы тереңде жатыр, ал оның үш ішекті нұсқасы ерекше мәнге ие. Бұл аспаптың дыбысы, құрылымы және ойнау техникасы қазақ халқының музыкалық мәдениетін, рухын, салт-дәстүрін білдіреді. Үш ішекті домбыраның өзге музыкалық аспаптардан айырмашылығы, оның қарапайым әрі терең дыбыстары арқылы тыңдаушының ішкі сезімін қозғап, тарихи, философиялық ойларға жетелейді. 

Енді осы аспап жайлы кімдер жазған екен? Әрине, Болат Сарыбаевтың дерегі, Еркеғали Рахмадиевтің естелігі және Жарқын Шәкәрімнің мақала, кітаптары есімізге түседі. Алайда оларға дейін де жазылған үш ішекті домбыра жайлы жазылған мақала болған екен.

1967 жылы баспадан «Народная музыка в Казахстана» мақалалар жинағы жарық көреді. Ішінде сол кездегі мен деген барлық ғалымдардың зерттеулері енгізілген. Бізге қажетті мақаланың авторы Л. Тарасова есімді азаматша. Тегі сол жылдары консерваторияның музыкатану мамандығы бойынша ұстазы болса керек.  Жазған мақаласының атауы «Казахские трехголосные кюи», яғни «Үш дауысты қазақ күйлері» деп аталады.

Мақалада 1965 жылы консерваторияның фольклор кабинетінің ғылыми қызметкері Асқан Серікбаева қазіргі Абай облысы Абай ауданына іссапарға аттанғаны баяндалады. Мақсаты – қазақтың ән мен күйін жинап, жазып келу. Жазып алып келген дүниелер ішінде қызметкерлерді таңғалдырған бір жазба болған екен. Ол жерде жеті күй үш ішекті домбырада жазылған. 

«Осы күнге дейін барлығының пікірі бойынша қазақта тек екі ішекті домбыра бар деп жүрді. Ал үш дауысты күйлер қырғыздарға тән болған. Бірақ үш ішекті күйлерді тыңдаған соң, таңғалдық. Оны шертіп берген М. Әуезов атындағы совхоз тұрғыны М. Әзімханов. Күйлерді өзі ағаштан шауып алған үш ішекті домбырамен тартып берді», – деп жазады автор.

Осы жерде нақтылап кететін жайт бар. Өкінішке қарай, күйшінің тегін қателесіп жазып кеткен. Осы қателік Б. Сарыбаевтың еңбегіне де еніп, ғылыми ортада жаңсақ пікір қалыптастырды. Күйшінің есімі – Мұсахан, ал тегі – Әзілханов. Осы күнге дейін ӘзіМханов деп қателесіп жазылып келген. Себебін білмейміз. Мүмкін қағазға түсіргенде қателесіп кетті ме, әлде өзге себеп болды ма?.. Мұсахан Әзілханов жайлы «Шыңғыстау өңірінің шертпелері» атты жинақта оқып-білуге болады. (Т. Ибрагимов, С. Малаев. Алматы, 2016).

Мақала авторы күй атауларын тізіп шығады. Олар «Қалмақтың би күйі», «Панкратов», «Қазақтың би күйі», «Сары өзен», «Ағашаяқтың екі күйі» және «Сылқылдақ». Зерттеуші «Сылқылдақ» күйін талдамақ болдық деп жазады.

«Алайда күйді тыңдап отырып, бұл күй Тәттімбеттің аттас күйімен ешқандай ұқсастығы жоқ екенін көрдік. Тіпті Тәттімбеттің басқа күйі «Былқылдақпен» ұқсастығы көбірек екен», – дейді.

Ары қарай күйдің музыкалық талдауын жасайды. Ол сол кезге тән құрылымдық талдау әдісімен жасалып, әр бөлімді, әр нотаны жеке-жеке қарайды. Әсіресе күйдегі еркіндік жайлы ерекше назар аударады. «50 такт ішінде 28 рет метрлік өлшем атауы» бар деп таңғалады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл күйлер Еуропа музыкасына тән қалыптасқан құрылымда емес. (Және бұл қазақтың көптеген көне күйлерінде кездеседі).

Мақала 4 беттен тұрады. Оның үш беті музыкалық талдау. 

Мақала соңында автор: «Үш дауысты күйлер қазақ фольклорының жаңа ашылған байлығы, бұл халық мұрасы әлі де зерттелмегенінің көрсеткіші» деп баға береді.

Бұл мақала үш ішекті домбыраның ғылыми айналымға түсіп, жазылған алғашқы дүние ретінде құнды. Болат Сарыбаев та 1981 жылы жарыққа шыққан «Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабында осы кішігірім зерттеуді атап өтеді. Сондықтан бүгінгі зерттеушілер де үш ішекті домбыраның алғаш ғылыми дерегін біліп жүрсе дейміз.

Домбырамен күй шерткендегі қағыс түрлері туралы жазған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі