Кімнің айтқаны есімізде жоқ, бұрынғы уақыттағы біреу: «Домбыра деген бір қу ағаш пен екі жіп қой», – деген еді. Әрине, домбыра – қазақтың бүкіл болмысы, мәдениеті, тарихы мен тағдырының үнсіз шежіресі. Осы күнге дейін кереғар пікірді жоққа шығарып, түрлі мақалалар жазылып, іс-әрекеттер жасалып жүр. Түсінетін адам баяғыда көзі жетті, қабылдауға зауқы жоқтардың айтар уәжі көп. Уақытты құр өткізіп кетерсіз. Десе де керітартпа адамдардан бөлек, домбыраның жақтастары да білмейтін, ажырата алмайтын бір маңызды мәселе бар.
Домбыра тартқан адамды көрсеңіз, сол қолы арлы-берлі жылжып, ал оң қолы бір қалыпта жоғары-төмен сілтеп отырғанын байқайсыз. Бұл «қағыс» деп аталады. Көпшілік тек төмен мен жоғары ғана қағып отырады деп ойлайды. Ал бұл кәдімгідей ғасырлар бойы қалыптасқан, әр өңірге тән ерекшелігі бар әдіс-амал екенін білесіз бе? Бүгінгі әңгіме осы жайлы болмақ.
Әуелі Ахмет Жұбановтың еңбегіне зер салайық. Ол жерде бес түрлі қағыс түрін жазып кетеді.
«Тентек қағыс» – бұл Құрманғазы дәстүрі әрі кейін оның шәкірті Дина дамытқан кең шеңберлі қағыс.
Бұдан кейін А. Жұбанов «Төре қағыс» жайлы айтады. Бұл қағыс түрі төреден шыққан күйшілерге тән. «Төре күйлеріндегі ішектің екі жағынан аса алыс кетпейтін қағыс» деп анықтама береді.
«Сүйретпе қағыс» – Абылдан келе жатқан бұл қағыс күйлердің динамикалық жақтарын аса жандандырады. Әсіресе, ол шартты бөлуден жұпты бөлінген дыбыстарға ауысқанда, соңғылардың үлкен айырмасын көрсетеді.
Сонымен қатар, тағы «Шұбыртпа қағыс» бар дейді. Бұл бес саусақты кезегімен жоғары-төмен сілтеген қағыс десе, «Сипай қағыс» – саусақтың ұшымен жанап өтетін қағыс деп анықтама берген.
Сонымен қатар, қағыс түрлерін жинап, ұмытылмауға үлесін қосқан Болат Сарыбаевтың бір жазғаны бар. 1981 жылы «Күй нотаға толық түссін» атты мақаласында Мұрат Өскінбаев, Бақтияр Құбайжанов, Садуақас Балмағамбетов сынды күйшілер жазып алдық деп атайды. Бірнешеуіне тоқталып өтейік. Кейде қағыс атауы күйдің атауы да болып кететін жайттар кездесетінін ескерте кетейік.
Сұқпа күй – ортаңғы және сұқ саусақтармен қатар шерту әдісі.
Ілме күй – ішекті сұқ саусақпен жоғары қарай іліп шерту қағысы.
Жап та қымта күй – бұл күй тек сол қолмен орындалады – ашық ішектердің үні шығарылған соң перне басылады.
Саулама қағыс – мұнда ішектер төрт саусақпен төмен қағылады да, бес саусақпен жоғары қағылады.
Шәлдіріш қағыс – төрт саусақпен екі рет төмен, бас бармақпен және сұқ саусақпен жоғары қағу.
Иілме қағыс – бүкіл қолды домбыраның шанағы мен мойны үстінен үйіре қағу.
Тырнама қағыс – төрт саусақпен домбыраның бетінен тырнағандай етіп күштеп қағу.
Шашырама қағыс – төрт саусақты ішектерге тиер тимес етіп жеңіл қағу.
Тіреп қағыс – ішектерді қағып қалып, оң қолымен баса қалу.
Біркелкі қағыс – ішектің бір тұсынан ғана қағу.
Орама қағыс – бір рет төмен және бірнеше рет жоғары қағу.
Алма-кезек қағыс – жоғары-төмен кезекпен қағу.
Толқындама қағыс – бас бармақпен бірнеше рет жоғары қағу.
Жаза берсе өте көп. Халық күйшілері терминологиясын зерттеген адамға табылар дерек жеткілікті. Бір ғана «Күй тәңірдің күбірі» (А. Тоқтаған. Алматы, 1996) кітабында осындай жүз шақты атауды таба аласыз. Біз де сол еңбекке сүйеніп бүгінде кәсіби күйшілердің арасында қолданып жүрген бірнеше қағыс түріне тоқталып өтейік. Мысалы, «Орама қағысты» алайық. Бұл – бір төмен, екі жоғары. Құрманғазының «Балқаймақ» күйінен көруге болады.
Осы әдіске ұқсас «Ілме қағыс» бар. Айырмашылығы екінші жоғарғы қағысты сұқ саусақпен алып кетеді.
Адай қағыс – төрт қағыстан тұрады. Жоғарыда жазылған ілме қағысқа тағы төмен қағыс қосылады. «Күй тәңірдің күбірі» кітабында «бұл қағыс көбінесе Атыраудың «Ақжелең» аттас күйлерінде және Маңғыстау өңірінің күйлерінде қолданылады» дейді. Қағыс та осыған орай аталып кетсе керек деп топшылаймыз. Мысалы, мына «Ақжелең» атты күйінде аталмыш қағысты анық көруге болады.
Біз жоғарыда жазған қағыстар әр күйде жеке-жеке немесе бір күйде қатарынан кездесе береді. Мысалға, Құрманғазының «Төремұрат» күйі түрлі қағыстан құралған.
Құрметті оқырман, қазақ күйіндегі бір ғана оң қолдың түрленуі осындай. Домбырадағы қағыс түрлері – қазақ күй өнерінің маңызды қырларының бірі. Әрбір күйші өзіне тән қағысты қалыптастырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған.
Бір қарағанда оң қолдың қозғалысы қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда бұл – ғасырлар бойы сұрыпталған ерекше орындаушылық дәстүр. Ұстазымыз Таласбек Әсемқұлов айтып кеткендей: «Домбыра қағысы – күйдің тілі». Сондықтан қағыстар тек техникалық тәсіл емес, олар күйдің мәнін, рухын, көркемдік бояуын айқындайды. Егер қағысты ажыратып, түсінетін болсақ, күйді тек әуен ретінде емес, тұтас бір көркем туынды, сыр шерткен әңгіме ретінде қабылдай аламыз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі