Jibek Joly туристік пойызы төртінші сапарына аттанады.
Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан мен Өзбекстан қалаларына баратын пойыз жолға шығады
Фото: rail-news.kz
4,552
оқылды
 
30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Алматы-Түркістан-Бұхара-Самарқанд-Ташкент-Алматы бағыты бойынша Jibek Joly 4.0 халықаралық туристік туры ұйымдастырылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл бағдарлама Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан мен Өзбекстан қалаларын қамтиды. Бұл жолы сапардың бағдары кеңейтіліп, Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі – Бұхара тізімге енгізілді.
 
Сегіз күндік саяхатта туристер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар қалашығын, Бұхарадағы Арк бекінісі мен Ляби-Хауыз алаңын, Самарқандтағы Әмір Темір кесенесі мен Регистан алаңын, Ташкенттегі Төле би кесенесі мен Хазрет Имам мемориалдық кешенін, сондай-ақ Тараздағы Айша бибі мен Қарахан кесенелерін тамашалайды.
Пойыз жолаушыларға ыңғайлы саяхат жасау үшін барлық қажетті жағдайлармен жабдықталған: купе орындары, бағдарламаға сәйкес тамақтану, трансфер және кәсіби гидтердің қызметі қарастырылған.
Сондай-ақ барлық экскурсиялық нысанға кіру билеті тур бағасына кіреді. Jibek Joly жобасы іске қосылған сәттен бастап Қазақстан мен өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған танымал брендке айналды. Биылғы тур аясында бағдарлама жаңа нысандармен толықтырылып, экскурсиялар кеңейтілді, сондай-ақ интерактивті форматтар енгізілді.