BBC News таратқан хабарламаға сүйеген Aikyn.kz ұтыстың саяси маңызын түсіндіреді.
Дональд Трамп пен Илон Маск осы сайлауда консерватор үміткер – Уокеша округінің судьясы Брэд Шимелді қолдауда. Фото nbcbayarea.com сайтынан алынды. Авторлығы: Scott Budman
Илон Маск бұл сыйақыны сейсенбі күні өтетін (1 сәуір) тартысты сайлау қарсаңында жариялаған болатын. Висконсин штатының Бас прокуроры, демократ Джош Каул миллиардердің бұл әрекетін тоқтату үшін сотқа жүгінді. Оның пікірінше, Илон Маск штат заңын бұзуда, өйткені заң сайлау үшін сыйлық немесе марапат беруге тыйым салады.
Бұл сайлауда Жоғарғы соттағы бақылау республикалық партияның қолына өтуі мүмкін. Сондықтан бұл жарыс АҚШ тарихындағы ең қымбат және саяси тұрғыдан маңызды сот сайлауына айналды.
«Біз тек судьялардың шынайы судья болуын қалаймыз», – деді Маск жексенбі күні (30 наурыз) өткен митингте. Осы митинг кезінде сот белсенділігіне қарсы петицияға қол қойған екі сайлаушыға 1 млн долларлық чектерді табыстады.
Джош Каул болса бұл әрекетті заңсыз, яғни «дауыс сатып алу» деп бағалады. Ал Масктың адвокаттары болса, бұл жағдай Бірінші түзету (Конституцияға – авт.) бойынша Масктың саяси пікір білдіру құқығын шектеу екенін айтқан. Олардың айтуынша, бұл төлемдер нақты бір кандидатқа қолдау білдіру емес, «белсенді судьяларға» қарсы қоғамдық қозғалыс құру мақсатын көздеген.
Масктың пайдасына шешім шығарған екі төменгі соттан кейін Джош Каул Жоғарғы сотқа шағымданды, алайда ол да бұл істі қараудан бірауыздан бас тартты.
Илон Маск пен Дональд Трамп осы сайлауда консерватор үміткер – Уокеша округінің судьясы Брэд Шимелді қолдауда. Ол штаттың Жоғарғы сотының либералды судьялары қолдау көрсеткен Дейн округінің судьясы Сьюзан Кроуфордпен жарысуда.
Масктың адвокаттары бұл сайлауда Кроуфордты қолдаған Жоғарғы сот судьялары осы мәселеден шеттетілуі керек деп санайды. Себебі бұл бейтараптылыққа қауіп төндіреді.
Миллиардердің сайлаушылар арасында ақшалай ұтыс жариялауы бірінші рет емес. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Vincent Alban
Саяси сарапшылар бұл сайлауды Трамптың екінші мерзіміне референдум ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар, бұл сот аборт құқығы, конгресс округтерін қайта бөлу және дауыс беру ережелері секілді маңызды істерді қарамақ, бұл 2026 жылғы аралық сайлауға әсер етуі мүмкін.
Масктың айтуынша, бұл сайлау демократтарға Конгресте басымдық беретін сайлау округтерін қайта бөлуді тоқтату мүмкіндігі ретінде қарастырылуы керек. Ол Шимелдің кампаниясына 14 миллион доллар қаржы құйды. Жалпы бұл сайлауға жұмсалған қаражат 81 миллион долларды құрап, АҚШ тарихындағы ең қымбат сот сайлауына айналды.
Соған қарамастан, судья Шимел соңғы күндері Масктан алшақтай бастағандай. Ол жұма күні Milwaukee Journal Sentinel басылымына:
«Ол не істеп жатқанын мен білмеймін. Бұл митингтің не екенін де білмеймін», – деп жауап берген.
Айта кетейік, Масктың сайлаушыларға ақшалай марапат жариялауы бірінші рет емес. Өткен жылы да ол Висконсин мен тағы алты шешуші штаттың сайлаушыларына Бірінші және Екінші түзетулерді (Конституцияға – авт.) қолдайтын петицияға қол қойса, әр күн сайын 1 млн доллар сыйақы беретінін мәлімдеген болатын.
Кейін Пенсильвания штатының судьясы бұл әрекетті заңды деп таныды, өйткені прокурорлар оның заңсыз лотерея екенін дәлелдей алмаған.
Илон Маскті қатты алаңдатып отырғаны – сайлау округтерін қайта бөлу мүмкіндігі. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: The New York Times / Jim Vondruska
Трамп пен Маск неге бұл сайлауды маңызды деп санайды?
Сот аборт құқығы, еңбек құқықтары және келесі жылы өтетін Конгресс сайлауы алдындағы сайлау ережелері, соның ішінде округтерді қайта бөлу мәселелерін қарауға жауапты. Маскты қатты алаңдатып отырғаны – сайлау округтерін қайта бөлу мүмкіндігі.
«Егер Висконсиннің Жоғарғы соты округтерді қайта бөлсе, олар республикалықтар жағындағы екі округті алып тастайды. Содан кейін олар біздің, америкалықтар үшін жасап жатқан барлық үкіметтік реформаларымызды тоқтатуға тырысады. Менің ойымша, бұл өркениет болашағы үшін маңызды. Бұл – өте маңызды», – деп мәлімдеді Маск жексенбі күні Грин-Бэй қаласындағы митингте.
Айта кетейік, 2024 жылғы президенттік сайлауда Висконсин штатында жеңіске Дональд Трамп жеткен болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.