Бүгін Астанада өтіп жатқан Central Asian Postal Summit Қазақстанның пошта мен логистика саласындағы өңірлік көшбасшылық амбициясын айқындайтын елеулі стратегиялық алаңға айналды. Орталық Азия тарихындағы алғашқы пошта саммиті халықаралық әріптестікті тереңдетуге, электронды коммерциямен үйлескен логистикалық тізбектерді интеграциялауға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың айғағы болды,– деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өңірлік кездесу – жаһандық хабқа апарар жол
Саммитке 10-нан астам елдің ұлттық пошта операторлары, әлемдік логистика және электрондық сауда саласының көшбасшылары (JD.com, Wildberries, Aliexpress, Taobao) қатысты. Бұл Орталық Азиядағы пошталық және цифрлық логистикаға халықаралық мүдденің артқанын көрсетеді. Қазақстанның географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы басты торап ретіндегі маңызын жыл сайын арттырып келеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Орталық Азия елдеріндегі пошта және логистика нарығының жетекші ойыншылары арасындағы әріптестік байланыстарды күшейту, инновациялар мен инвестицияларды тарту арқылы логистикалық операциялардың тиімділігін арттыру, Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі танымалдылығын көтеру.
Пошта мен логистиканың экожүйесін замануи етуге деген ұмтылыс
Ауқымды кездесудің басты баяндамашыларының бірі, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова келген қонақтарға алғыс айтып, саммиттің шымылдығын ашып берді.
– Құрметті әріптестер, серіктестер, Саммит қонақтары! Ең алдымен, сіздерді «Қазпошта» акционерлік қоғамының атынан шын жүректен құттықтап, Еуразия жүрегі Астана қаласында өтіп жатқан Орталық Азиядағы алғашқы Пошталық саммитке қатысып отырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіруге рұқсат етіңіздер. Бүгін бұл залда әртүрлі елден келген мамандардың бас қосқанына ерекше қуаныштымыз. Бұл бір нәрсені анық көрсетеді. Шекара мен қашықтыққа қарамастан, бізді ортақ мақсат, яғни, пошта мен логистика экожүйесін тиімді, заманауи әрі келешекке бағытталған етуге деген ұмтылыс біріктіреді. Бүгінгі іс-шара – жай ғана форум емес. Бұл – өте маңызды кезең. Аймақта алғаш рет бір алаңда пошта мен логистика операторларының, электрондық коммерция көшбасшыларының, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін бірлесіп айқындауға мүмкіндік алып отыр. Біздің өңір Еуразияның ең маңызды көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан. Соңғы жылдары Қазақстан сенімді түрде транзиттік хабқа айналу жолында батыл қадамдар жасап келеді. Ал «Қазпошта» бұл үдерістегі өз жауапкершілігін толық түсінеді, – дейді ол.
Бұған қоса Әсел Жанасова Саммиттің табысты өтуіне атсалысқан серіктестерге, әсіресе стратегиялық серіктес – YTO Express компаниясына ерекше ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен логистикалық хабтар құруы халықаралық пошта және тауар айналымының жаңа сапалық деңгейге шығуына жол ашады.
– Ең алдымен, бізге тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан акционеріміз – «Самұрық-Қазына» қорына және қор Басқармасының Төрағасы Нұрлан Жақыпов мырзаға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Қор тарапынан стратегиялық миссиямызды жүзеге асыруға деген жауапкершілікті біз күн сайын сезініп отырмыз. Сіздің қолдауыңыздың арқасында біз инфрақұрылымды дамытып, жобаларымызды ауқымды етіп, Қазақстанның транзиттік және логистикалық орталық ретіндегі рөлін күшейте аламыз. Сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Қасенұлы Мәдиевке алғысымызды білдіреміз. Министрлік «Қазпоштаның» салалық қадағалаушысы ретінде цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу мен азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытындағы бастамаларымызды белсенді түрде қолдап келеді. Біз елдің цифрлық трансформациясының бір бөлшегі екенімізді мақтан тұтамыз. Біз, әсіресе халықаралық қонақтарымызды – Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Түркия, Моңғолия, ТМД елдері мен Еуропадан келген ұлттық пошта қызметтерінің өкілдерін қуана қарсы аламыз. Сіздердің Саммит жұмысына белсенді қатысуларыңыз бен ерекше ықыласпен келгендеріңіз үшін зор алғыс білдіреміз. Бұл кездесу жаңа, берік қатынастар мен бірлескен жобалардың бастауы болады деп сенеміз. Сондай-ақ өңірлік күн тәртібіне көңіл бөліп, қолдау білдіріп отырған Дүниежүзілік пошта одағына ризашылығымызды білдіреміз. Осы іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан, сондай-ақ Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды дамыту жолындағы ортақ күш-жігеріміз үшін стратегиялық серіктесіміз YTO Express компаниясына ерекше алғысымызды білдіреміз. Бірлесіп жүзеге асырып жатқан логистикалық хабтар құратын жобамыз үлкен жолдың бастауы екеніне сенімдімін, – дейді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жұбанышқызы.
«Қазақстан – тиімді ұсынысқа ашық ел»
Сонымен қатар Басқарма төрағасы Қазақстанның тиімді ұсынысқа ашық ел екенін баса айтты.
«Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының айтатыны бар: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Бұл сөз – ортақ игілікке ұмтылу, мәдени алуандықты құрметтеу мен қолдау көрсетудің маңызын еске салады. Біз тиімділік пен сенімділікке ғана емес, сонымен қатар өз жұмысымыз арқылы дүниетанымды кеңейтіп, түсіністік пен әртүрлі халық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тырысамыз. Әрине, мен дәл осы залда туындайтын идеялар көп ұзамай нақты бірлескен жобаларға, келісімдер мен инновацияларға айналып, пошта және логистика қызметтерінің сапасын жақсартып, елдер арасындағы сауда байланысын күшейтеді деп сенемін. Қазақстан – жақсы ұсыныстарды қабылдай білетін ашық ел. Сондықтан біз Азия мен Еуропа арасындағы сенімді көпір болуға дайынбыз. Барша қатысушыларға шалқар шабыт, сүбелі пікірталастар мен берік серіктестік тілеймін. Саммиттегі еңбектеріңіз табысты болып, жаңа идеялар мен болашақ жетістіктерге бастайтын тұрақты ынтымақтастықтың негізін қаласын! – дейді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жұбанышқызы.
Әсел Жанасова: «Біз адамдарды ғана емес, тұтас мәдениеттерді байланыстырамыз»
Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жұбанышқызы бұл кездесуді – «жай ғана форум емес, аймақтағы маңызды кезең» деп бағалады:
– Қазір әлем өзгеріп жатыр. Электронды сауданың қарқынды өсуі, цифрлық шешімдердің енуі, тұрақты логистикалық бағыттарға деген сұраныс – мұның бәрі осы саланың бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл бізден бейімделуді, өзара үйлестіруді және ашық диалогты талап етеді. Сондықтан осы форумның басты мақсаттарының бірі – ең озық тәжірибе алмасу, сын-қатерлерді талқылау мен бірлескен шешімдер әзірлеу. Негізі біздің күнделікті жұмысымызда өте маңызды құндылықтар жатыр. Біз тек сәлемдеме жеткізумен шектелмейміз, біз адамдарды ғана емес, тіл мен мәдениеттерді, тұтас ұлттарды байланыстырамыз. Әр жеткізу қызметі махаббаттың, достықтың, түсіністіктің белгісіне айналатын маңызды символға айналады, – дейді ол.
Жаслан Мәдиев: «Жасанды интеллект логистиканың тиімділігін арттырады»
Ал саммитте сөз сөйлеген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пошта саласының цифрлық трансформациясын ұлттық деңгейдегі стратегиялық басымдық ретінде атап өтті:
«Қазақстан осы көлік саласы мен инфрақұрылымдарға байланысты ұлттық жасанды интеллект стратегиясын әзірлеп жатыр. Жасанды интеллект қазіргі кезде тиімділікті арттырып, дұрыс шешім қабылдауға да өз үлесін қосады. Қазіргі кезде Қазақстан осындай аса маңызды халықаралық пікірталасқа қатысып, оны ұйымдастырып жатқанына өте қуаныштымыз. Пошта мен логистика секторлары елдер арасындағы ынтымақтастыққа аса мұқтаж. Яғни, экономикалық даму мен цифрлық трансформация үшін де бұл аса маңызды. Біздің еліміз цифрлық әлеуетін неғұрлым дұрыс қолданып, осы логистикалық құрылымдарды дамыту түсуі қажет. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара осы алаңда түрлі тараптар арасында тиімді жолдарды табуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – деді министр Жаслан Мәдиев.
Министр атап өткендей, Қазақстан заманауи технологиялар арқылы логистиканың тиімділігін арттырып қана қоймай, оны ортақ экономикалық кеңістік құрудың діңгегіне айналдыруға мүдделі.
Юй Вэйцзяо: «20 жылда 26,5 миллиард жөнелтілім жасадық»
Саммитке Қытайдан келген ресми өкіл Қазақстанның транзиттік хаб ретінде әлеуетіне жоғары баға берді. YTO Express төрағасы Юй Вэйцзяо Астанада әлемнің әр қиырынан келген сарапшылармен бас қосқанына мүмкіндік берген Қазақстан Республикасының Үкіметіне өз алғысын айтты. Оның айтуынша, компания бір күнде 9 млн пошталық жеткізуді жүзеге асырады. Қытайдың логистика алыбы – YTO Express компаниясының төрағасы Юй Вэйцзяо Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде бағалап, екіжақты ынтымақтастықтың терең әлеуетін атап өтті:
«Орталық Азия мен Қытайдың өзара тәжірибе алмасуының тарихы тереңде жатыр. Оның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастығы қатты дамып келеді. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азия мен Қытайдың қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарды. Екі аймақ та бір-бірімен аса тығыз байланыста. «Бір белдеу – бір жол» аясында да ынтымақтастық нығайып отыр. 20 жылда біздің компания технология, әуе арқылы жеткізу қызметі, электронды сауданы жүйелі іске асырып жатыр. Біздің кәсіпорынның қазір нақты бес бағыты бар. Сондықтан 20 жылда YTO 26,5 млрд курьерлік жеткізуді оңайлықпен еңсереді. Оған қоса компанияның табысы 20 миллиард юаньға жетті», – деді Юй Вэйцзяо.
Юй мырза айтып отырған көрсеткіш Қытайдың электрондық коммерция және логистикалық қызметінің даму деңгейін айқындайды. Сол себепті Қазақстанмен әріптестік осы тәжірибені Орталық Азия кеңістігінде тиімді пайдалануға жол ашады.
Жалпы YTO Express Co. Компаниясы – Қытайдағы ең ірі логистикалық және экспресс-жеткізу компанияларының бірі. 2000 жылы негізі қаланған компания Қытайдың барлық ірі қаласында және халықаралық деңгейде қызмет көрсетеді. Штаб-пәтері Шанхай қаласында орналасқан. Компанияның негізін қалаушы және басқарма төрағасы Юй Вэйцзяо (Yu Weijiao) – Қытайдың логистика саласында танымал тұлға. Ол көптеген маңызды қоғамдық лауазымдарды атқарып, Қытайдың логистикалық индустриясын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Қазақстанның цифрлық және транзиттік хаб ретіндегі рөлі
Саммитке қатысқан «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры Азамат Кескінбаев өз сөзінде пошта қызметін жетілдіру жолындағы нақты әрекеттерге тоқталды:
– Бүгін, әрине, өте маңызды күн, маңызды оқиға болып жатыр. Орталық Азиядағы пошталық операторлардың бірінші саммиті «Қазпоштаның» ұйымдастыруымен өтіп отыр. Мұндағы негізгі тақырып та белгілі. Қазір жалпы әлемде электронды коммерция қатты қарқын алып жатыр. Сондықтан бұл жерге де өте ірі халықаралық инвестициялық компаниялар келген. Біз сол логистикалық компаниялармен бәсекеге түсе алатындай дәреже жету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осы алаңда тәжірибе алмасып, қалай жұмысты одан әрі күшейтуге болады, «Қазпоштаның» мысалындағыдай колобарация жасаймыз ба немесе бизнесті бірге құрамыз ба деген сияқты тақырыптарды қамтып, саммиттің пленарлық отырысында талқыға саламыз. Былтыр «Қазпошта» Қытайдағы ең ірі екінші курьерлік YTO Express Co. кәсіпорын компаниясы кәсіпорын құрды. Ал біз сол 2024 жылы жалпы 20 миллионнан аса «жөнелтілім» жеткіздік. Соның ішінде жартысы халықаралық қауымдастыққа тиесілі болды. Біз биыл осы тәжірибені жалғастырып, нәтижелерді тағы да еселемек ойымыз бар. Менің ойымша, барлығы ойдағыдай болып жатыр, – дейді «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры Азамат Кескінбаев.
А. Кескінбаевтың сөзінше, «Қазпоштаның» стратегиялық бағыты – халықаралық интеграция, цифрлық бизнес-модельдерді енгізу, және жаһандық логистикалық ойыншылармен терезесі тең әріптестікке ұмтылу екені байқалады.
Бір сөзбен айтқанда, Central Asian Postal Summit тек пошта саласының жай-күйін емес, бүкіл өңірлік экономиканың логистикалық әлеуетін қайта қарауға мүмкіндік берген кең форматтағы стратегиялық пікірталас алаңы болды. Сондықтан біздіңше, саммиттен туындаған идеялар мен әріптестік бастамалар – Қазақстанды цифрлық және транзиттік хаб ретінде күшейтіп, Орталық Азияның логистикасын жаңа деңгейге шығарады деп сенеміз.