Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған президент жарлығының мазмұнын Aikyn.kz талдайды.
Apple, Nvidia және Microsoft баж салығынан босап, «жеңіл тыныстай» бастады. Фото marketwatch.com сайтынан алынды. Авторлығы: Microsoft Corp.
Apple, Nvidia және Microsoft Трамптың Қытайды баж салығынан босатуынан кейін «жеңіл тыныстай» бастады. Енді бұл елден келетін технологиялық тауарларға 125% емес, 10% ғана баж салығы салынады. Яғни, баж салығы 12,5 есе төмендетілді. Тарифтер төмендетілген тауарлардың тізімінде смартфондар, ноутбуктер, қатқыл дискілер, процессорлар, жад чиптері, мониторлар және АҚШ-та шығарылмайтын тұрмыстық электроника бар.
Қытайдан Америкаға әкелінетін осы тауарларға, Тайвань мен Мексикада шығарылатын чиптерге 2025 жылдың 9 шілдесіне дейін, тарифтер уақытша тоқтатылды. Президент Трамп бұндай өзгерістер туралы Жарлыққа 9 сәуірде қол қойып, оның толық нұсқасы Кеден және шекара қызметінің сайтында 11 сәуірде жарияланған.
АҚШ-тың Қытайдан келетін импортқа салған кедендік баж салығының бір мезетте еселеп артуы ірі технологиялық компанияларға ауыр соққы болғаны рас. Жұма күнгі (11 сәуір) кешке жарияланған өзгертулер технологиялық алпауыттар үшін өте жақсы жаңалық болды.
АҚШ-тың технологиялық индустриясы Ақ үйдің басшысына өзінің дауысын тыңдатқызды – Трамп шегініс жасады. Фото abc.net.au сайтынан алынды
АҚШ-тың Кеден және шекара қызметі жариялаған өзгерістер – Apple, Nvidia, Microsoft сияқты технологиялық алыптар мен жалпы технология саласы үшін үлкен жетістік саналады. Уолл-стриттегі бір аналитик мұны «технологиялық компанияларға инвестиция салушылар үшін ең жақсы жаңалық» деп атады.
Wedbush Securities компаниясының сарапшысы Дэн Айвс сенбі күнгі (12 сәуір) жазбасында:
«АҚШ-тың технологиялық индустриясы өзінің дауысын тыңдатып отыр. Ақ үйдегі бастапқы қарсылықтарға қарамастан, Вашингтон жағдайдың шынайылығын мойындады. Алдағы уақытта қытайлық келіссөздерге байланысты әлі де айқын белгісіздік пен тұрақсыздық болады. Бірақ Apple, Nvidia, Microsoft және жалпы технологиялық сектор осы демалыста дүйсенбіге дейін жеңіл тыныс ала алады», – деді.
Бұл ерекшеліктер Трамптың алғашқы президенттік мерзіміндегі үлгіге сәйкес келеді. Ол кезде Apple Трамп әкімшілігіне лобби жасап, сауда соғысына қатысудан босатуға қол жеткізген еді. Себебі iPhone сияқты өнімдерді АҚШ-та өндіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын. Айдың басында Wedbush қытайлық тарифтердің кесірінен Apple компаниясы «толық апатқа» ұшырауы мүмкін екенін ескерткен еді.
Бүкіл шығынды тек америкалықтардың мойнына салмау үшін Apple басқа елдерде сатылатын смартфондардың бағасын көтеруге дайын. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Justin Sullivan
Трамп әкімшілігінің шешімі сауда соғысы бірнеше күндік қаржылық нарық тұрақсыздығына, тұтынушылық сенімнің төмендеуіне және рецессия қаупінің артуына себеп болған кезде қабылданды.
Айвс бұл ерекшеліктерді былай деп сипаттады:
«Технологиялық компаниялар үшін бұл – үлкен ілгерілеу қадамы және осы демалыс күндері ести алатын ең жағымды жаңалық. Бұл ерекшеліктердің арқасында ірі технологиялық компаниялар қайтадан қауіпті жағдайдан құтылып отыр. Бұл шешім – бүкіл индустрия үшін қауіпті сценарийдің алдын алды. Енді технологиялық акциялар үшін жағдай түбегейлі өзгермек».
Интермеццо. Мына видеода «Бүгінгі жас отбасыларда смартфонсыз өмір бар ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап табасыз.
Бұл жаңалық технологиялық компаниялар ғана емес, қарапайым америкалық тұтынушылар үшін жағымды. Себебі бұған дейін сарапшылар электроника бағасының айтарлықтай қымбаттауы мүмкін екенін ескерткен болатын. Мәселен, АҚШ нарығында iPhone бағасы 3500 долларға дейін өсуі мүмкін екендігі туралы болжамдар айтылды. Әрине, ең алдымен бұл баж салығы америкалық тұтынушыға қатты әсер етер еді. Алайда бүкіл шығынды тек америкалықтардың мойнына салмау үшін Apple басқа елдерде сатылатын смартфондардың бағасын көтеруге дайын болды.
Дональд Трамп болашақта өзінің тарифтерді көтеру жарлықтарына жаңа өзгертулер енгізілуі мүмкін екенін меңзеген. Президент толық ақпаратты бүгін, дүйсенбі күні (14 сәуір) жариялауға уәде берді.
Ал Қазақстанда iPhone-ның бағасы ешқашан төмендемейді. Оның себебін Aikyn.kz «Сауатсыз экономика: жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да нәтиже біреу» атты мақалада түсіндірген болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.